Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 4008 0 пікір 16 Қаңтар, 2014 сағат 09:19

Мақсат Ілиясұлы: «Талғат Мұсабаев та бүгінгі жүйенің тұтқыны...»

Астана қаласында «Антигептил» қоғамдық қозғалысы мүшелері тағы да Протон зымыранының ұшырылуына қарсылық білдіріп, Ұлттық ғарыш агенттігі орналасқан ғимарат алдында жеке (одиночный) пикет ұйымдастыруда. Наразылықты алғашқы болып бастаған Мақсат Ілиясұлы 13 қаңтар күні сот шешімімен 20 АЕК(МРП), одан кейін 14 қаңтар күні Асхат Рахымжанов 25 АЕК (МРП) айыппұл арқалаған еді. Ал кеше, яғни 15 қаңтар күні қозғалыс белсендісі Болатбек Блялов Ұлттық ғарыш агенттігінің ғимаратына кіріп, агенттік басшысы Талғат Мұсабаевты жекпе-жекке шақырды. Антигептилшілердің бұл әрекеті әлеуметтік желілерде, әсіресе www.facebook.com мен www.twitter.com желісінде қызу талқыға түскен болатын. Осы шараны ұйымдастырудағы қозғалыс мүшелерінің мақсаты, алдағы  жоспары туралы Мақсат Ілиясұлының өзімен кездесіп, сұхбат алған едік.

 

- Мәке, сіздер ұйымдастырған одиночный пикеттеріңіз үлкен әңгімеге арқау болған сияқты. Бұл сіздердің, яғни Антигептил тобының бірінші шарасы емес қой. Жалпы топтың мақсаты мен жұмысы туралы қысқаша айтып өтсеңіз?

Астана қаласында «Антигептил» қоғамдық қозғалысы мүшелері тағы да Протон зымыранының ұшырылуына қарсылық білдіріп, Ұлттық ғарыш агенттігі орналасқан ғимарат алдында жеке (одиночный) пикет ұйымдастыруда. Наразылықты алғашқы болып бастаған Мақсат Ілиясұлы 13 қаңтар күні сот шешімімен 20 АЕК(МРП), одан кейін 14 қаңтар күні Асхат Рахымжанов 25 АЕК (МРП) айыппұл арқалаған еді. Ал кеше, яғни 15 қаңтар күні қозғалыс белсендісі Болатбек Блялов Ұлттық ғарыш агенттігінің ғимаратына кіріп, агенттік басшысы Талғат Мұсабаевты жекпе-жекке шақырды. Антигептилшілердің бұл әрекеті әлеуметтік желілерде, әсіресе www.facebook.com мен www.twitter.com желісінде қызу талқыға түскен болатын. Осы шараны ұйымдастырудағы қозғалыс мүшелерінің мақсаты, алдағы  жоспары туралы Мақсат Ілиясұлының өзімен кездесіп, сұхбат алған едік.

 

- Мәке, сіздер ұйымдастырған одиночный пикеттеріңіз үлкен әңгімеге арқау болған сияқты. Бұл сіздердің, яғни Антигептил тобының бірінші шарасы емес қой. Жалпы топтың мақсаты мен жұмысы туралы қысқаша айтып өтсеңіз?

- Иә, бұл бірінші шара емес, осыған дейін біз Протон зымыранын ұшыруды тоқтатуды талап етіп Ресей федерациясы елшілігінің алдына екі рет барып, наразылығымызды білдірдік. Одан кейін химиялық апат кезінде киетін арнайы киім мен газға қарсы (противогаз) құрылғы киіп Парламент Мәжілісіне бардық. Оған дейін бізге ешкім тиіспеген еді, сол Парламентке барған кезімізде бізді қамауға алып, он адамға түрлі айыппұл салып, ескертулер жасады. Одан кейін сол оқиғадан бір аптадан соң арнайы митинг өткіздік. Соның жалғасы ретінде енді жекелеген пикеттерге шығып жатырмыз.

«Антигептил» тобы, қозғалысы аты айтып тұрғандай өткен жылдың шілдесінің басында Байқоңыр ғарыш айлағында Протон зымыраны құлап, 600 тонна гептил жерімізге төгілген кезде сол оқиғаға байланысты құрылған болатын.

Мақсатымыз - гептил, амил отыны пайдаланылатын зымыранды ұшыруды тоқтату, Ресейдің әскери полигондарын жабу, елімізде атом электр станциясын салдырмау және атом қалдықтарының базасын Қазақстанда құрғызбау.

- Сіздер қалай әрекеттенсеңіздер де осы төрт мәселе де сіздер жоспарлағандай шешілмей тұр ғой?

- Оныңыз рас. Протон әлі ұшып жатыр. Осы жылдың өзінде Роскосмостың мәліметі бойынша 16  рет Протон зымыраны Байқоңырдан ұшырылуы мүмкін. Оның бірі келесі айдың 05 күніне жоспарлануда. Осыған байланысты біз сол келесі айдың басына дейін наразылық білдіріп, Протонның ұшырылмауын талап етіп жатырмыз.

- Жалпы гептилдің аса улы зат екенін елдің бәрі біледі ғой. Ол туралы кеңінен тоқталып қажет емес шығар?

- Ия, гептил туралы бүкіл дүниежүзі біледі. Әлемде өз азаматтарының денсаулығы  мен қоршаған ортаны қорғағысы келетін бір де бір мемлекет гептилді зымыран отыны ретінде пайдаланбайды. Себебі, гептил адам ағзасына зиянын тигізіп қана қоймай, туылатын нәрестелерді  мутацияға ұшырататын улы зат. Ол атының өзі үрей туғызатын цианидттен 6 есе, иприттен әлдеқайда улы зат.

Атақты Сергей Королев өмірінің соңына дейін сұйық отын ішінде гептилді,  қатты отын ішінде бериллийді  зымыран отыны ретінде  пайдалануға қарсы болған.

- Енді сол гептилді зиян екенін біліп отырып, біздің жерде пайдалануының себебі неде? Гептилді пайдаланбай да зымыран ұшырудың жолдары бар емес пе?

- Барлығы пайда табуға деген ашкөздіктен туындап отырған мәселе. Өйткені Протон зымыраны қоршаған ортаға өте зиянды болғанымен жүк тасу мүмкіндігіжоғары зымыран. Ол үлкен көлемді жүкті орбитаға шығара алады. Ал зияны аздау Зенит зымыраны ондай шамада жүк көтере алмайды. Бір сөзбен айтқанда Зениттің бірнеше рет ұшып таситын жүгін Протон бір ретте-ақ алып кете алады.

- Бұл мәселе түсінікті. Жалпы сіздердің осы наразылықтарыңызға Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаевтың көзқарасы қалай екен, біле алдыңыздар ма?

- Өзіне қарсы шыққанды кім жақсы көрсін... Талғат  Амангелдіұлы өткен жылдың 08 қарашасында бізбен кездесуге ниет білдірген еді. Бірақ артынан ол ойынан айнып қалды. Мүмкін, жоғары жақтан шектеу қойған шығар деп түйдік...

- Демек ол кісінің сіздерге деген көзқарасы дұрыс болып тұр ғой?

- Дұрыс деп те айта алмаймын. Мәселен, өткен жылы Ауылшаруашылық министрі Асылжан Мамытбков, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев қоғамдық ұйым өкілдерімен, блогерлермен кездесті. Олардың басын алған ешкім жоқ.  Керісінше ел арасында жағымды имиджі көтерілді. Ал Талғат Мұсабаев басында өзі кездесемін деп мәлімдеп, артынан айнып қалды. Бұл қаһарман адамға лайық әрекет емес.

Жалпы біздің елде қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік органдар арасында түсінушілік, қарым-қатынас деген нәрсе жоқ деуге болады. Мүмкін, «Қоғамдық бақылау туралы» заң қабылданған соң жағдай өзгерер ма екен деген үміт бар. Бірақ заң түгілі Конституция да орындалмай жатыр ғой қазір...

- Әлеуметтік желілердегі адамдардың ой-пікірлеріне көз жіберсек, досыңыз Болатбек Бляловтың Халық қаһарманы, генерал-лейтенант, ел мақтанышы Талғат Мұсабаевты жекпе-жекке шақырып, жұдырықтасуға шақырғанын сынға алып жатқандар баршылық екен. Осы жерде Болытбектің әрекетін асыра сілтеу деп бағаламайсыз ба? Сонымен бірге Талғат Мұсабаевтың қызметінен кетуін қалайсыз ба?

- Біз бір нәрсені ажыратып алуымыз керек. Жалпы Болатбектің Талғат Мұсабаевты жекпе-жекке шақыруы олардың арасындағы жеке мәселе емес. Өйткені ол екеуі қызға таласып немесе жерге таласып отырған жоқ. Ол Талғат Мұсабаевқа мінез көрсету арқылы билікті, Үкіметті, Парламентті жекпе-жекке шақырып отыр деп бағалау керек.

Талғат Мұсабаевқа жеке тұлға, Алланың бір пендесі ретінде қарайтын болсақ, ол жақсы адам. Мен ол кісімен бірнеше рет бірге болып, әңгімесін тыңдаған едім. Ол өз елінің үлкен патриоты. Бірақ ол қазіргі жүйенің құрбаны, тұтқыны болып отырған адам. Оның қолында тұрған ешнәрсе жоқ, ол бұйрықты орындаушы ғана. Мәселен, Ресеймен арадағы Байқоңырды жалға беру, оны тиімді пайдалану тағы басқа мәселелер бойынша екі ел арасындағы келісімдерге Президенттер қол қояды. Ол келісімдерді Парламент ратификациялайды. Ал Талғат Мұсабаевқа соны орындау ғана қалады. Ал біздің арнайы агенттіктің алдына шығуымызға Талғат Амангелді ұлының «Ресей Байқоңырда мәңгі қала берсін» деген сөзі қамшы болды.

Сондықтан, мен жеке өзім Мұсабаевтың қызметінен кеткенін қаламаймын. Себебі, біріншіден, ондай өз саласын, ісін жетік білетін мамандар бізде өте аз. Екіншіден, Мұхтар Жәкішевті ауыстырып, орнына Владимир Школьникті қойдық. Одан ешнәрсе жақсарған жоқ, керісінше Қазақстанның атом саласы Ресейдің қолына өтіп кетті. Ертең Мұсабаев кетсе, оның орнына кімнің келетіні белгісіз. Талғат Мұсабаев өз бауырым, өз қазағым. Сондықтан біз кез-келген мәселеге ұлттық мүдде тұрғысынан қарауымыз керек және бүгінгі қалыптасқан жүйені өзгертуіміз керек. Жүйе өзгерсе бүгінгі күрделі болып отырған барлық мәселе өзінен өзі шешіледі.

Ал Болатбектің әрекеті «қиналғанда шығады ашшы даусым» дегендей шарасыздықтан, күйінгеннен болған жағдай деп қараған жөн. Жоғарыда айтқанымдай осыған дейін талай-талай әрекеттер, шаралар жасалды, бірақ еш нәтиже жоқ. Сол ұшқан Протон әлі ұшып жатыр, жерді улап, елді ауру етіп жатыр. Бұл шындап келгенде биліктің өзі Конституцияны бұзып, орындамай отырғанын дәлелдейді.

- Осы жерді нақтырақ айтсаңыз. Протонның ұшырылуы Конституцияны қалай бұзып отыр?

- Конституцияның 31-бабында «Мемлекет адамның өмiр сүруi мен денсаулығына қолайлы айналадағы ортаны қорғауды мақсат етiп қояды» деп жазылған. Негізінде орыс тіліндегі мәтінге зер салып қарасаңыз қазақшаға дұрыс аударылмаған. Орысшасында «Государство ставит целью охрану окружающей среды, благоприятной для жизни и здоровья человека» деп тұр, дұрысында «Мемлекет адамдардың өмір сүруіне қолайлы қоршаған ортаны және адам денсаулығын сақтауды өзінің мақсаты етіп қояды» деп аударылуы тиіс. Енді осы бапты саралайтын болсақ, гептилдің төгілу арқылы қоршаған орта да ластанып, адамның өмір сүруіне қолайлы болып жатқан жоқ. Екіншіден, адамдардың денсаулығына да зиян келіп жатыр. Демек, Протонның ұшырылуына рұқсат беріп отырған Президент, Үкімет, Парламент Конституция талабын орындап отырған жоқ.

- Бұл туралы Президентке, Конституциялық кеңеске неге жазбайсыздар, айтпайсыздар?

- Президентке бірнеше хат жазылды, ал Конституциялық кеңеске ұсыныс жасауға, өтініш білдіруге Конституция бойынша Президент, Сенат Төрағасы, Мәжiлiс Төрағасы, Парламент депутаттары жалпы санының кемiнде бестен бiр бөлiгi және Премьер-Министр ғана құқылы. Сондықтан біз Конституциялық кеңеске өтініш бере алмаймыз, сонымен бірге Конституцияны бұзғаны, бұрмалағаны немесе орындамағаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесі Конституцияның өзінде де, Конституциялық заңдарда да, кодекстерде де қарастырылмаған. Конституцияны орындамағаны үшін ешкім қандай да бір жауапкершілікке тартылмайды. Жауапкершілік жоқ жерде тәртіп болмайды.  

- Сонымен бұл гептилден құтылудың бірден бір жолы жүйені өзгерту дейсіз ғой. Ал оны өзгертудің жолы қандай, оны кім және қалай өзгертуі керек?

- Өзіңіз білесіз, өткен жылы Халық өкілдерінің құрылтайын өткізіп, сол құрылтайда Ұлттық демократиялық мемлекет орнатудың тұжырымдамасын бекіткен болатынбыз. Сонда Конституциялық реформалар жүргізу көзделген. Түпкі мақсатымыз ұлттық мемлекетке айналу.

Қазір сол тұжырымдаманы жүзеге асырудың бағдарламасын дайындау үстіндеміз. Сол бағдарламаның жобасын дайындауда әлі күнге нақты шешімге, белгілі бір тұжырымға келе алмай жүрген бір жағдайым бар... Мәселен, Қазақстан екі алпауыт елдің ортасында орналасқан және үш державаның мүдделері тоғысқан мемлекет. Ресми түрде тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырға жуық уақыт болғанымен біз әлі экономикалық, саяси, рухани тәуелсіздікке қол жеткізе алмаған елміз.

Көптеген саясаттанушылар, белгілі азаматтар, сарапшылар осы жағдайды ескере отырып, қалай бұлқынсақ та бүгінгідей жаһандану дәуірінде үш державаның біріне арқа сүйемеске болмайды деп тұжырымдайды. Ал осы тұста кімнің ықпалына жығылу керек деген сұраққа менде әлі жауап жоқ. Себебі Ресей ықылым заманнан қазақ ұлтына озбырлық, әлімжеттілік жасап келе жатқан ел. Қазақ ұлтын қарумен де, аштықтан да қырған, қазақтың зиялы, бетке ұстар, бас көтерер, білімді азаматтарын атып, айдап көзін жойған да, жерінің біраз бөлігін астанасымен қоса тартып алған да Ресей империясы.

Ал көрші Қытай туралы данагөй бабаларымыздың «Қара қытай қаптаса сары орыс әкеңдей көрінер» деген нақыл сөзі бар. Осыдан кейін-ақ ол елге арқа сүйеудің қаншалықты қауіпті екенін бағалауға болады.

АҚШ бүкіл тарихын үндістердің қанымен жазып, қалаларын сол үндістердің сүйегінің үстіне салған, қай ғасырда да басқа шағын, әлжуаз мемлекеттерді, қара нәсілділерді қанаумен, жоюмен, пайдаланумен келе жатқан мемлекет. Ол елде тіпті ұлт, ұлттық құндылық деген де ұғым жоқ. Былайша айтқанда ұлттық тамырынан ада қалған, бар идеологиясы басқаны қанау арқылы өз қамыңды ойла деген ұғымға негізделген империя.

Осы жағдайлардың бәрін ой елегінен өткізсек, кімді жау, кімді дос етукеректігін тамыршыдай тап басу қиынның қиыны.

Осы тұрғыда ат қосып, ту біріктірудіңбір жолытүбі бір, тамыры ортақ түркі елдерімен одақ болу деп білген жөн еді. Бірақ басқаны айтпағанның өзінде алты алаш баласының өзі бір-біріне қырын қарап отырған жағдайы тағы бар.

Алашорда көсемдерінің біразы кезінде Европа елдерімен достасуды мақсат тұтқан. Бірақ қазіргі Украинаға қарап, оның да тауы алыс сияқты көрінеді.

Осы орайда біз үлкен реформалар жасау алдында негізгі даму бағыт-бағдарымызды нақты айқындап алуымыз керек сияқты.

- Мәке сіз өте үлкен тақырыптың шетін шығарып отырсыз. Жалпы Қазақстанның алдағы сыртқы саясаты, бүгінгі Кедендік одақ, ертеңгі Евразиялық одақ туралы келесі жолы жалғастырсақ әңгімені. Ал қазір еліміздің ішкі мәселесін шешу үшін қандай нақты шаралар қолдану керек, қандай реформалар жүруі тиіс деп ойлайсыз?

- Ешкімге талас тудырмайтын бір нәрсе, қазіргі, яғни бірінші Президенттің қолына шоғырланған билік пен құзірет келесі Президенттің қолына өтпеуі тиіс. Қазіргі қалыптасқан күрделі жағдайлардың басым бөлігі бар биліктің бір адамның қолына шоғырланып, соның салдарынан билік тармақтары арасындағы өзара тежемелік және тепе-теңдік жүйесінің бұзылуынан болып отырған сияқты. 

Қысқаша айтар болсақ, сот билігінің қолында не бар, сот жүйесі тәуелсіз ба? «Ия» деп нық сеніммен айта алмаймыз. Оны тарқатып айтып, әңгімені көбейтпей-ақ қояйын.

Атқарушы билік- Үкіметтің қолында қандай билік бар? Премьер-министр өз бетінше не министрлерді, не әкімдерді тағайындап немесе қызметінен босата алмайды. Арғы жағы түсінікті...

Парламент –Конституция бойынша ең жоғары өкiлдi орган, бірақ тек заң шығарумен ғана шектеледі. Ол заңның орындалуын немесе бюджеттің игерілуін қадағалау да Парламенттің маңдайына бұйырмаған. Бір жағынан «заң шығарушы» деген дардай аты болғанымен заң жобасын Үкiметiнiң оң қорытындысы болғанда ғанақабылдай алады. Парламент депутаттарының Үкімет мүшелеріне сөзі өтпейтіні соншалық, министрлер мен әкімдер депутаттардың сауалына сапалы жауап беруге де ерінеді. Соның салдарынан депутаттар министрлерді сотқа беру туралы мәселе көтеруде. Ал соттың жағдайын тағы білеміз. Бір сөзбен айтқанда, аталған билік тармақтары Президент пен оның әкімшілігінің ықпалында қалып қойған сияқты.

Қорыта келгенде Президенттің қолындағы белгілі бір биліктері мен құзіреттерін Парламент пен Үкіметке беріп, сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз ететін, Конституциялық сотты қалпына келтіретін, билік тармақтарының өзара тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін қалыптастыратын Конституциялық реформалар жүргізілуі керек деп ойлаймын. Жүйе адамға емес, адам жүйеге тәуелді болатын жағдай қалыптасқаны ләзім. Ең негізгісі ол реформаларды Бірінші Президент- Елбасы өз қолымен жүргізгені жөн. Себебі мұндай күрделі реформа жасайтын басқа саяси күш немесе саяси институт жоқ.

- Мәке, әңгімеңізге рахмет. Біраз маңызды мәселелерді көтердік деп ойлаймын.

- Рахмет. Біздікі тек әрекет, берекеті Алладан. Елімізде тыныштық, отбасымызда амандық болсын.

- Айтқаныңыз келсін!

Abai.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5570