Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 952 0 пікір 18 Маусым, 2024 сағат 12:58

БАҚ туралы заң: Аккредитация – мәдениет, тәртіп, жауапкершілік!

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Тәуелсіз «Алтын Орда» газетінің атағы шығып, дүрілдеп тұрған кезі. Ақсу ауданы әкімінің есігін теуіп ашып бір дәу қара кіріп келеді. Кіріп келеді де, «Алтын Орда» апталығының Алматы облысы бойынша меншікті тілшісі әрі арнайы өкілімін. Саған қоятын бірнеше сұрағым бар», – дейді әкімге. Әлгі арада әкім қалбалақтап қалады, орынтағынан ұшып тұрып қолын созады, орын ұсынады. Дәу қара күжілдеп отырып алқымнан алатындай бірнеше сұрақ қояды. Әкім барынша ашылып әм ақталып жауап береді. Сонымен сұхбат тәмам болады.

– Менің ендігі сұрақтарым сенің орынбасарларыңа арналады, – дейді «Алтын Орданың» азулы «тілшісі».

– Ләппай, – дейді әкім, – қазір оларға ескертейін, сұрақтарыңызды бере беріңіз.

«Меншікті тілшіміз» әкімнен шығып, әкімнің екі орынбасарын алдына келтіріп, екеуінің аяғын бір етікке тығатындай сұрақтар қойып, әбден терлетеді. Басында сұрақ қойып отырып, соңынан ауданның кем-кетігін көзінен тізген «тілшіміз» қос орынбасарға бұйыра сөйлеп, түйткілді мәселелердің түйінін қалай тарқатуға болатын айтып кеңес беріп тастайды. Қысқасы, бұл екеуімен де сұхбат аяқталып, «Алтын Орданың» арыстан жалды «тілшісі» әкімшіліктегі ұсақ шенеуніктерді әкімдіктің Акт. залына жинап тағы да көпіреді. Сұрақ қояды, ол сұрағына өзі жауап беріп, насихат соғады. Қойшы, әйтеуір, таңертең ерте Ақсуға ат басын бұрған «тілшіміз» түс ауа Талдықорғанға қайтатын болады. Әрине, жақсылап отырып түстенеді. Алдына келген жылы-жұмсақтың бәрін түк қалдырмай сыпырып құлқынына құлатады. Әлгінің құлқыны тек тамаққа ғана арналған құлқын емес екен, емпеңдеп қасында жүрген екі орынбасарға қарап:

– Талдықорғаннан бері шығарда машинама бензинді аз құйып едім, – дейді ыңыранып.

– Бұл байқұс машинамның май жұтпағанына да көп болды, – дейді тойған қарнын сипап отырып.

– Айтпақшы, – дейді сосын, – багажнигі даңғырлап бос келді. Жөн білетін жігіттерге ұқсайсыңдар, соны бірдеңе қылыңдар!

Таң сәріден талақтай жабысқан пәледен аман құтылу үшін орынбасарлар не істемесін. Машинасына май жұтқызып, жанармайды аузы-мұрынан асыра құйып, багажнигіне бір қап ұн, бір қап картоп, екі қойдың етін салып жөнелтеді. Жансүгіров кентіне келе қалған мәртебелі мейманмен қимай қоштасудың рәсімін жасап, біздің «тілшіміздің» қанын «отты сумен» қыздырып та жібереді. Ішкізеді. Анау машинасының қорабын азыққа толтырып, өзі тамаққа да, араққа да тойып келген жолына түседі.

Арада апта өткен соң ба, әлде ай аунағаннан кейін бе, Ақсу ауданының әкімдігінен бір ағайыным Ақтөбе қаласына қоңырау шалып тұр.

– Дәурен, осы сендердің Алматы облысы бойынша (бұл 2000 жылдың басы, ол кезде Талдықорған облысы Алматы облысының құрамына енген еді) пәленбай деген меншікті тілшілерің бар ма? Аты – «Пәленбай», фамилиясы – «Түгіленбай».

– Қой, ондай тілшіміз жоқ. Жалпы Талдықорғанда сен айтқандай Пәленбай Түгіленбаев дейтін журналист жоқ.

– Ойбай-оу, ол сені танимын деді ғой?

– Сырттай таныса, танитын болар, бірақ мен ондай адамды танымаймын.

– Ол ендеше сені танимын деп – бір, «Алтын Орданың» тілшісімін деп – екі, көзімізді бақырайтып қойып сыпырып кетті.

– Сыпырып кетсе, оны өздеріңнен көріңдер. Газет апта аралатып ауылға барып тұр. Газеттің соңғы бетінде редакцияның адресі, телефон нөмірлері анық жазылып тұр. Қара дәу қарадай басынып, қаһарын тігіп отырғанда, маған қоңырау шала қоймадың ба біреуің?

– Сол ойымызға келмепті.

Содан бері ширек ғасырға жуық уақыт өтіпті. Газет атын жамылған алаяқтың ісі есіме түссе әлі күнге қаным қараяды, сөйте тұра күлкім де келеді. Ол заманда ел іші ақтан қараны айыра алмайтындай аңқалау көрінетін. Қазіргі жұрттың көзі ашық, көкірегі ояу, ақпараттың парқын біледі, БАҚ өкілін түстеп танымаса да, алданып қалмайды деп ойлаймын. Сөйтсем, ол ойым бекер екен. Ел есейген сайын алаяқтар да амал-айланың түрін еселей түсіпті. Бопсалап ақша талап ететін кейбір БАҚ қызметкерлерінің қатары жалаңдаған блогерлермен толығыпты.

Қазақ билігін бопсалайтын шетелдік қуаяқ журналистер де өріп жүр. РФ БАҚ-тарына қызмет жасайтын Ресейдің Қазақстандағы кез келген тілшісі – рейдер. Қорқытады, үркітеді, қиямпұрыс сұрақтар қойып мемлекетаралық мәселе тудыруға құлшынады. Осы ретте мен аз күннен бері пікір талқысының «азығына» айналған аккредитацияның жайына тоқталмақпын.

Жуырда «Масс-медиа туралы» заң қабылданды. Заңда жалпы баспасөздің қызметін жетілдіре түсетін байыпты баптар бар. Ал енді аккредитация. Аккредитация дегеніміз не? Бұл барлық мемлекеттерде бар, белгілі бір БАҚ өкілінің ресми жиындарға, мекемелерге, үлкенді-кішілі іс-шараларға қатысуына рұқсат беретін тіркеу тәртібі. Бар жоғы осы ғана.

Аккредитация – мәдениет, тәртіп, жауапкершілік. Мәдениет және ақпарат министрлігі аккредитация мәселесінде үйлестіруші ғана. Аккредитация жөнінде министр Аида Балаева ханым ФБ-дағы парақшасында анық та қанық етіп жазыпты. Министрдің сөзінен ұққаным, аккредиттеу журналистрдің құқығын шектеу емес, керісінше пәрмен беру, журналисттерден кәсібилікті талап ету. Ал, бұл жаман ба?

2002 жылы қазақстандық бір топ журналист АҚШ-қа тәжірибе алмасуға бардық. АҚШ-тың бір қанша штатында, қалаларында болдық, әріптестерімізбен кездестік. Сол кездесулердің барысында маған сиэтлдік тәуелсіз журналисттердің әңгімесі қатты ұнады.

– АҚШ-та абсолютті сөз бостандығы жоқ. Бостанбыз, азатпыз, тәуелсізбіз деген газет не телеарна жарнама беруші алпауыттарға тәуелді. Журналисттерді АҚШ-та қатты алалайды. Когресстен бастап бәрі өздеріне ыңғайлы БАҚ-тың журналисттеріне ғана аккредитация береді. Мысалы, біз сондай шетқақпайды көп көретін тәуелсіз журналисттерміз, – деді олар.

Әне, шындық қайда жатыр? Ал, біз болсақ, «меншікті тілші» атын жамылған алаяққа алданып, сыртқы күштердің мүддесі үшін ойбайға аттан қосып жүргендердің сөзіне әлі күнге бас қатырумен келеміз.

Мемлекет біздікі, Заң біздікі. Біз мемлекетіміздің ақпараттық қауіпсіздігін қорғап, заң мен тәртіпті кімнен болса да талап етуге қақылымыз!

Дәурен Қасенұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5407