Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Алашорда 3545 2 пікір 24 Шілде, 2024 сағат 13:48

«Иманым» – Шәкәрімнің соңғы жинағы

Сурет: kazgazeta.kz

Шәкәрімнің туғанына 166 жыл!

(ғұламаның әулиелігі жөнінде бірер сөз)

Төменде Шәкәрімнің «Иманым» атты соңғы жинағын сөз етпекпін. Онда 1927-1931 жылдары жазылған өлеңдері (отызға тарта өлең) топталған. Бәрі де әулиелік шығармалар –  ғайып (тылсым) арқылы алынғандар. 1931 жылдың қысында Саятқорадан Алматыдағы Сәбит Мұқановқа жолдаған хаты соңында Шәкәрім былай деп жазады: «Әттең, дүние, осыны құр қазақша ғана басып қоймай, орысшаға да жақсы переводпен (смыслен.) переводтап, ғылымды азаматтың бірі еңбек етіп, переводын өзіме көрсетер ме еді? Қазақшасы тез басылып шығар ма еді? Тірі күнімде не қарсы айтылған дәлелді сындарын, не білімді ойшылдардың қабыл алғанын біліп өлсем армансыз болар едім». Осы сөзінен-ақ «Иманым» топтамасын ғұлама өзінің ең қымбат мұрасының бірі санағанын аңдауға болатын сияқты.

Әулиелік жырларға шолу жасаудан бұрын ойшыл ақынға киелі мекен болған «Саятқораға» тоқтала кетейін. Қос өзен арасы (Бақанас, Байқошқар) егін шаруашылығын дамытуға аса қолайлы жер. Сол себепті 1923 жылы Шыңғыстау өңіріндегі алғашқы ұжым – «Бақанас» артелі шаңырақ көтерді. Шәкәрімнің әуелгі Саятқорасы тұрған аумақ осы артельдің меншігіне өтті. Сондықтан: «1925 жылы Шақпақтың күнгей бетінен, – деп жазады Ахат Шәкәрімұлы, – бұрынғы қорасынан он бес шақырымдай ары жайлаудан әкейге жаңа қора салып бердік. Тұратын үйі мен шошаласы, айналдыра салған пішен қорасы мен ат қорасы болды. Әкей дүниеден өткенше осы қоныста өмір сүрді». Қолына бүркітін қондырған Шәкәрімнің фотосуреті 1927 жылы осы жаңа Саятқорасы алдында түсірілген болатын.

Сөйтіп, кемеңгер жаңа қоғамның да дау-дамайы мен талас-тартысынан аулақтап, табиғат аясы Шақпақ тауының бұлағы бар етегінен  тыныштық табады. Оңашалану мақсатын:

Мен кеттім, сендер елде қойдың қалып,
Ешкімнің кеткенім жоқ малын алып.
Елу бес жыл жинаған қазынамды,
Оңашада қорытам ойға салып, – деп түсіндіреді. Шығармашылық бағытын айтқаны:

Жас алпыстан асқан соң,
Өлімге аяқ басқан соң,
Тіршіліктен оянып,
Көзімді анық ашқан соң.
Хақиқаттың қымызын
Ішіп, бүгін мас едім,
Тазалап жүрек ындызын,
Нәрестедей жас едім.

«Мастық», «арақ», «шарап» деген сөздер бұдан былайғы Шәкәрім өлеңдерінде жиі кездеседі. Неге? Бір жағынан, суфизм ілімі мен Шығыс шайырлары поэзиясы  ақын жанына жақын болды (мәселен, сопы Қожа Хафиздің өлеңдерін аударып, өзін ұстаз тұтады).  Екінші жағынан, сталиндік цензурадан сақтануы десек дұрыстық. Жаңағы «мастық», «арақ» дегенінде Құдайдың нұры, оны сіңірген жүрек деген астар бары анық. Сол сияқты Тәңіріні Жарға теңеп, Алла я Құдай демей, «Жан», кейде «Мән» сөзін қолдануға мәжбүр. Мәселен:

Көрем десең Жарымды,
Мас бол, жүрек тазала, – десе, келесі өлеңінде:

Жаралыс басы – қозғалыс,
Қозғауға керек қолғабыс.
Жан де мейлің, бір Мән де,
Сол қуатпен бол таныс,
Әлемді сол Мән жаратқан, – деп астарлап жеткізеді. Жар дегені, әрине, Құдай немесе Хақиқат ұғымы. Ал, «ар­ождан» терминін мұсылмандық «иман» ұғымына балама есебінде қолданған.

Оңашалану шағында шапшаң дамып, тез жетілген Шәкәрім  1928-1931 жылдары руханият шыңы – әулиелік биікке көтерілді Оған дәлел – «Иманым» атты өлеңдер циклі екенін айттық. Шәкәрім:

Шыннан өзге Құдай жоқ,
Анық Құдай – шын Құдай, – дейді. Әулиенің миссиясы осы – шынды (Құдай бар, бақи – мәңгі, фәни – уақытша) жеткізу. Ал әулие кім дегенге:

Анық асық – әулие,
Кереметке сол ие.
Жаны құрбан Жарына,
Керексіз оған дүние, - деп жауап береді (кім тәнін жанына билетсе, сол кісіні қазақ «әулие» деген).

Әулиенің басты кереметі – еш жерден оқып білмей-ақ хабарды ғайыптан алады (мұны мұсылман ілімі «илхам» дейді).  Бір Алланың рақымымен нұрланған жүрегі арқылы ғайыптан хабар алған хәлін Шәкәрім:

Нұрыңмен жарық жүрегім,
Ғайыптан хабар білемін, – деп атап көрсетеді. Өзіне әулиелік қасиет қонғаны жайында бірде: «Әлемді түгел мен көріп, Ешкім мені білмесе» десе, «Шын асықтың әрбірі» өлеңінде:

Шын асықтың әрбірі
Өліп топырақ болды да,
Жаралыстың тағдыры
Жаратты мені орнына – деп сыр ашады. Сондай-ақ, Тәңірі дидарына жақындаған ғажайып сәтін «Асыл иман алған күн» және «Хақиқатқа нанған күн» деуімен жеткізеді.

Сөйтіп, әулиелік поэзиясы – Шәкәрім дүниенің көрінбейтін сырына қанық болғанының бұлтартпас куәсі. Ойшылдың әулиелік (көрегендік) қасиеті өмірде де байқалып отырғанына бірер мысал алайық.

Өз тұрғыластары ішінде Шәкәріммен силас, аралас-құралас адамның бірі көтібақ руының көсемі Жиренше бидің баласы Құлсүлеймен (1865-1927) еді. Осы кісі дүние салғанда,  жаназасын Шәкәрім қажының өзі шығарған. Жаназада: «Марқұм Құлсүлеймен мұсылманшылығы берік, озбырлыққа жол бермейтін әділ, шыншылдықтың адамы еді, – дей келіп, – бұлайша арулап пәниден бақиға жөнелтудің ақ өлімі біздерге бұйырмайтын сияқты. Ғаріп басымыз қай сайда қалар екен», – депті. Заман әзірге тыныш, сондықтан қажының бұл сөзіне жиылған жұрт аң-таң болған ғой. Екінші мысал. 1931 жылдың жазында Қазақстан Орталық атқару комитетінің төрағасы Елтай Ерназаров Шыңғыстау бөктеріне ат басын тіреп, Шәкәрім екеуі тілдескен-ді. Елтай отырған үйден шыққанда Шәкәрім: «Малдан айырылған елдің ашыға бастағанын айтып, тәуір-ақ сөйлестім. Көнбеді. Тәкәббар, мейірімсіз пақырды басшы қылған бағы қайтқан, сорлы ел екенбіз» деген екен. Айтқаны тұп-тура келді, небары жарты жыл өтер-өтпесте халық аштықтан қара шыбындай қырылды.

Тағы айтайық, 1920 жылдары жаңа дін – коммунистік идеология ауадай жайылып, қоғамдық сананы жаулап алды. Бүкіл қоғам бетін теріс жолға бұрды. Мұның арты жақсылыққа апармасын көре білген ғұлама:

Жар көрмеген надандар,
Жарың кім деп күледі.
Оқыған ойсыз адамдар,
Жансыз өмір сүреді.
Ойласам, олар – жанды өлік,
Меңіреу, мисыз бір көлік.
Осыдан жоқ өңгелік,
Адаммын деп жүреді, – дегені сияқты оқығандарды қатты сынап, оларға «дене сезіміне нанба!» деп сан рет ескертеді. «Сорлы бұлбұл Жарға асық боп» толғауында өз хәлін былайша ұқтырады:

Сорлы бұлбұл Жарға асық боп,
Нұрлы гүлге айтты зар.
Көбелек те шамды алам деп,
Отқа түсті боп құмар.
Жарға ғашық болғаныма
Таңданатын түк те жоқ.
Жер жаралмай тұрғанында
Менде асықтың нұры бар.
...Менде бар да, тіпті сізде
Жоқ емес бұл қасиет.
Оны өшіріп, бәріңіз де
Дедіңіздер: «жауды Жар».

Бұл жерде бұлбұл мен көбелек – Шәкәрімнің өзі, ал гүл мен шам – Алла тағала. Махаббат – Алланың (Жардың) қуаты. Ол жоқ жерде, адамгершілік қасиет те жоқ. Ойшыл ғашықтығы жайында:  «Менде бар да, тіпті сізде жоқ емес бұл қасиет» дейді. Ғашықтық «Жер жаралмай  тұрғанында бар нәрсе», яғни әркімде бар мәңгілік қасиет. Олай болса, адамзаттың соғыстар мен қақтығыстардан көз ашпайтыны несі? Бұл қиын мәселенің шешуі: «Оны (ғашықтық қасиетті) өшіріп бәріңіз де, Дедіңіздер: жауды (тәнді) Жар».  Мінеки, Абай сияқты Шәкәрім де түпкі себепті жан мен тән күресіне тіреген.

Ескертпе: Шәкәрім жинақтарында бірінші жолдағы «Жарға асық боп» тіркесі «жазға асық боп» делініп қате басылған.

Жан мәңгілікті екенінің дәлелі осындай өлеңдер жалғаса береді.

Соңғы жылдары өмірде де, философияда да жалғыз қалғанын көріп-білгенде әулиенің айтқаны:

Бәрі мақсұтпен жаралған,
Есебі жоқ барша әлем.
Неге керек бос шатылған,
Тәңірі жоқ деп тантырап.

Иә, миллиондар қателесті, бос шатылып, тантырады, адаспаған, ақ жолдан айнымаған жалғыз Шәкәрім ғана! (Сол үшін Абай, Шәкәрімнің етегіне жармасу бүгінгі біздерге керек-ақ). Шәкәрім тек қазаққа ғана керек дегендерге айтарым, әулие ашқан әр хақиқат ортақ, оның бір ұлтқа ғана тиесілі емесі айдай ақиқат.

Түйер түйін: қилы заманның перзенті Шәкәрімнің  «Иманым» жинағы феномен құбылыс. Өйткені, әулие адам сирек, әулиелік поэзия онан бетер сирек нәрсе. «Құдай бар, оған қайтасыңдарды» үйрететін өзге поэзия жоқ.  Сондықтан оны зерттеп-зерделеу ұлттық философияны дамытуға және өзге халықтарға қазақтың ойшылдық деңгейін көрсетуге ауадай қажет ғылымдық жұмыс деген пікірдемін.

«Қилы заман» демекші, «Шәкәрімді кім атты?» дегенге соңғы нүктені қоятын кез келді. Өміртай Смағұлов деген куәгер былай деп жазады: «Бірде мал алып, Қытай аспақ болған «бандыларды» ұстауға жарлық болды. Командиріміз Абзал Қарасартов деген. Оның айтқаны заң, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс, жат десе жатамыз, ат десе атамыз.  Мезгіл қара күздің кезі. Суыт жүріп, талай жерді кезгенімізбен ештеңе байқалмайды. Жеті қараңғы түн болып кеткен соң бір ықтасындау жерге қона кеттік. Ұйықтап кетсек керек. Оқыс атылған мылтықтың дауысынан атып-атып тұрдық. Байқастасақ, мылтық атып жатқан күзетте тұрған Рахметолла Халитов екен. Бізге қарсы таудың беткейінде ат-матымен құлаған еңгезердей адамға көзім түсті. Әлгі адам атпаңдар дегендей оң қолын көтерген күйі шекелей тұра беріп еді. Соңғы атылған маузердің оғы (астын сызған – А.О.) оның түбіне жетті. Барып білсек, қансырап жатқан Шәкерім қажы екен».

Өміртайдың «маузер» дегені – немістің пистолеті, ол «революция символы» саналған. Өйткені, чекистердің негізгі қаруы болды. Маузер тек Қарасартовта ғана, өзгелерінде карабин мылтығытұғын. 1961 жылы әкесінің сүйегін құрқұдықтан қазып алған Ахат ақсақал: «Екінші атқан оқ төс сүйектің ортасынан өтіп, оң жақ омыртқаның қанатын сындырған», – дейді. Міне, осы жақын жерден атылған, әулиеге ажал әкелген екінші оқтың кімдікі екені айтпасақ та анық сияқты.

Асан Омаров

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053