Израиль НАТО-ға балама альянс құруға шақырды
Конгресте баяндама жасаған Израиль премьері Нетаньяху Иранға қарсы топтасуға шақырды, бірақ ХАМАС-пен бітімгершілік туралы ештеңе айтпады. Енді оқырмандарымыз үшін тарқата сөз етер болсақ.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху сәрсенбі күні АҚШ Конгресінде сөз сөйлеп, Иранға қарсы жаһандық альянс құруға шақырды және Вашингтондағы Газадағы соғысқа қарсылық білдірген палестиналық белсенділерді сынға алды.
Нетаньяху бір сағаттан астам уақыт бойы сөйлеген сөзінде: «Біз Иранмен күресте АҚШ-тың ең радикалды және қантөгісті жауымен күресеміз. Біздің күресіміз - бұл сіздердің күресіңіз және біздің жеңісіміз сіздердің жеңісіңіз болады.
Израильмен татулықта жүрген барлық елдер және Израильмен татулықта болатын барлық елдер осы альянсқа қосылуға шақырылуы тиіс», - деді.
Израиль премьері Тегеранды АҚШ-тағы наразылықтарды қаржыландырды және көтермеледі деп айыптады. Оның келуіне орай дәл сол сәтте Капитолий дөңесінде наразылық білдірген Газадағы бейбітшілік қозғалысының белсенділерін «Иранның пайдалы ақымақтары» деп атады.
Нетаньяху Израильге қарата айтылған барша сынынан бас тартып, Газадағы соғысты АҚШ-тан әскери көмек көрсету процесін жеделдетуді талап етіп, оның елінің аман қалу үшін күресі деп атады.
Британдық премьер-министр Уинстон Черчиллдің Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Америка халқына үндеуінен үзінді келтіріп: «Бізге мүмкіндік беріңіз, сонда біз жұмысты аяқтаймыз», - деді Нетаньяху.
Нетаньяху АҚШ-та Байден, Харрис және Трамппен кездеседі. Бұл кездесулерден не күтуге болады?
Байден: Иран шабуыл жасаған жағдайда Израильге біздің қолдауымыз темірдей тегеуірінді болуы керек. Соғыс аяқталғаннан кейін Газадағы жағдай туралы өз көзқарасын баяндай отырып, ол израильдік әскерилердің бақылауындағы «демилитаризацияланған және дерадикализацияланған» анклав құруға шақырды.
«Газада Израильді жойғысы келмейтін палестиналықтар басқаратын азаматтық әкімшілік болуы тиіс. Бұл тым үлкен өтініш емес», - деді ол.
Израиль премьерінің сөйлеген сөзі кезінде бірнеше рет қол шапалақтау залда кем дегенде 39 заң шығарушы, барлығы дерлік демократтар болмағанын жасыра алмады.
Олардың арасында Өкілдер палатасының ықпалды бұрынғы спикері Нэнси Пелоси де бар, ол «Нетаньяху мырзаның сапары орынсыз» деп мәлімдеді.
«Израильді жақсы көретіндер бүгін 7 қазанда ХАМАС жасаған террорлық шабуыл мен ұрлықтан кейін отбасы зардап шеккен Израиль азаматтарын тыңдап, уақыт өткізді.
Бұл отбасылар тұтқындағы жақындарын үйлеріне қайтаратын оқ атуды тоқтату туралы келісім жасасуды талап етеді және біз премьер-министр осы мақсатқа жету үшін өз пайдалы уақытын жұмсайды деп үміттенеміз», - деді.
Иерусалимдегі Би-Би-Си тілшісі Пол Адамстың айтуынша, Нетаньяхудың сөзінде Газадағы тұтқындарды оқ атуды тоқтату орнына босату туралы келіссөздер айтылмаған. АҚШ Израиль Газадағы атысты тоқтату жоспарын ХАМАС-пен келіскен жағдайда қабылдайды деп күтеді.
АҚШ президенті Джо Байден Газадағы бейбітшілік келісіміне деген сенімін сақтап отыр, деп хабарлады Ақ үйдің баспасөз хатшысы Карин Жан-Пьер брифингте.
Reuters американдық жоғары лауазымды шенеунікке сілтеме жасай отырып, бұл мәміле туралы келіссөздер соңғы сатыда; бейсенбі күні Байден пен Нетаньяху «қалған кемшіліктерді талқылайды» деп күтілуде деп жазады .
Оның айтуынша, қалған кедергілерді еңсеруге болады және келесі аптада Израиль мен ХАМАС арасында келісімге қол жеткізуге бағытталған жаңа кездесулер өтеді.
Бейсенбі күні Нетаньяху Джо Байден және Камала Харриспен кездеседі, ал жұма күні Дональд Трамппен кездесуге Флоридаға барады.
Бір сағаттан астам уақыт бойы Нетаньяху Израильдің сынушылықтан басын ала қашып, Газадағы соғысты оның елінің аман қалу үшін күресі деп санайтындығын сандуғашша сайраумен болды.
Бұл сөздерінің бәрі дерлік АҚШ-тың қолдауын сақтап қалу әрекеті болып саналатындығы да ешкімнен жасырын емес.
Қарым-қатынасы шиеленіскен президент Байден залда болған жоқ. Бірақ Нетаньяху оған көмектескені үшін алғыс айтты. Байден өзінің Демократиялық партиясындағы іштей ырыраушылыққа тап болды - ондаған заң шығарушылар Газада қаза тапқан палестиналықтардың санына ашуланып, сөз сөйлеуге бойкот жасады.
Олар сондай-ақ Нетаньяханы Израильдегі түскен беделін көтеру үшін АҚШ-ты дәтіне қуат етіп пайдалануда деп айыптады.
Нетаньяху қос мемлекеттің проблемасын шешу процесі туралы да, Байденнің көкейінде не барылығы жйаында да, оны алмастырушы вице-президент Камала Харристің не қалағандығы барлығы төңірегінде де жақ ашпады.
Бәлкім, Дональд Трамптың Ақ үйге қайтып оралуы мүмкін екенін сезінген Нетаньяху сондай-ақ Американың елшілігін Иерусалимге көшіргені үшін Трампқа алғысын білдірді.
Биньямин Нетаньяхудың сөзінің әпбісімілдәсі АҚШ-қа, Израильге және араб әлеміне қауіп төндіретін ирандық «құмырысқа террорлық илеуін» еске алудан басталды. «Біз жеңеміз», - деп толықтырды ол залдың қол соққан қошеметіне арқаланып.
Бұл Иранның Таяу Шығыстағы «қарсылықтағы құмырысқа террорлық илеуі», ХАМАС-ты ғана емес, Ливандағы «Хезболла» мен Йемендегі хуситтерді қамтитын альянс дегенді білдіретін ұғым деп бір көсілді. Бұл топтар Израильге жасалған көптеген шабуылдардың артында тұр және олар Газадағы палестиналықтармен ынтымақтасатынын айтады.
Кейінірек Нетаньяху Иранға қарата аузынан бір елі тастамайтын айта-айта жауыр болған сөздерді қайталап, бұл ел Таяу Шығыстағы «шын мәнінде барлық лаңкестіктің, тәртіпсіздіктің, хаостың және кісі өлтірудің артында тұр» деп орғыта сөйледі.
Содан кейін ол Израильдің күресін АҚШ-тың мүдделерімен байланыстыруға тырысты: Израиль ХАМАС-қа, Хезболлаға және хуситтерге қарсы әрекет еткенде, ол Иранмен күресіп, «өзін қорғап қана қоймай, әлемді де қорғады».
ХАМАС-тың Израильге шабуылынан кейін орын алған өңірлік қақтығыстан соң, атап айтқанда Ливан мен Израиль шекарасындағы шиеленіс тым күрделеніп, жұртшылықты үрей жайлады. Шын мәнісінде «Хезболланың» күнделікті шабуылдары мен Израильдің қарсы соққылары екі елде он мыңдаған адамның бас сауғалауына және тұрғындар арасындағы өлім-жітімге ұрындырды.
Израиль билігі өз елінің түкпір-түкпіріндегі нысаналарды атуға қабілетті дәлдігі жоғары зымырандары бар жақсы қаруланған «Хезболлаға» қарсы шаралар қабылдаудың қысымы мен талабына тап болды.
Дағдарысқа ұшыраған Ливанда көптеген адамдар «Хезболла» елді жаңа соғысқа тартады деп қорқады. Топтың тұрақты көшбасшысы Хасан Насралла «Хезболланың» Израильмен ауқымды соғысты қаламайтынын, бірақ оған дайын екенін бірнеше рет мәлімдеген болатын.
Сондықтан жауынгерлік әрекеттер әдейі немесе кездейсоқ едәуір әскери қақтығысқа басы бүтін айналуы мүмкін деген қауіптер жоқ емес.
Abai.kz