Сенбі, 23 Қараша 2024
Дидар-ғайып 1503 2 пікір 29 Шілде, 2024 сағат 15:48

Далалық перзенттің қалалық кейіпке енбеген оғланы

Сурет: Ult.kz сайтынан алынды

Қаржекеңді көрсем болды көмейімде көп сұрақ бүлкілдейтін. Арғы жағы Түркі қағанаты, Бумын қаған кезеңі, одан бері керейт, найман мемлекеттері, қойшы әйтеуір, бүгінгі тарихқа жұмбақ болған талай сырдың бұршағын Қаржекеңнің құзіретіне көгендей қоятынмын. Іркілмейді, «Томсон... былай деп», «Көк таста былай деп»... бәрін ақтарады.

Түркі тастарын түгелдей меншіктеуден қалса, домбыра тарихын, сүндеттеу тарихын сол дәуірден бастайды. Көңілімнің бұрышында бұғып жатқан көп сауалға жауап тауып жадыраймын. Сұрақ туса жасырмаймын: «неге олай, неге бұлай?» деп Қажекеңнің кәрі құлағын қажай беремін. Ағам жалықпайды. Тіпті ат үстінде келе жатсақ та еркін көсіледі, ештеңесін бүкпейді. Ағыл-тегіл әңгіме көгілдір көлдерді кештіреді, асқар таулардан асырады, көк бұлттардың көбесін сөгіп, жеті қат аспанға көтереді...

Әсіресе, тастағы жазу, тарихты түркі дүниесі тұрғысынан саралауға келгенде шашасына шаң жұқпайды. Тізгін ірікпейді, көк тасқа көмкерілген көмескі тарихқа сүңги жөнеледі.

Соңғы рет Астанада бір бас қосудан шыға қалдық. «Машинаң болса үйге жеткізіп сал» деді. Мақұлдық білдіріп, көлікке міне салып тағы да көсілдік.

– Аға, денсаулыңыз қалай?

– Сол денсаулық құрғыры бір-екі жылдан бері сыр беріп жүргені...

– Қойыңыз, қартаймаңыз. Алдыңғы жылы бір әңгімеңізде «апайым жүзге таяды, әлі тың. Мен де көп жасаймын» деп едіңіз ғой, енді неғып қартая қалғансыз?! Әлде жеңгеміз дұрыс қарамай ма? Жеңгеміз қарамаса айтыңыз, басқа бір көмекші қарастырайық.

Ағамыз мұндайда кеңкілдеп күледі. Ешкімге ұқсамайтын қазақы күлкісі бар. Сүрі тастарша түрпіленген жүздері де оңай жадырайды.

– Жеңгең жақсы қарайды. Жеңгеңе еш өкпем жоқ. Өмір бойы мен үй шаруасына араласқан адам емеспін. Жұмыс, ала қағаз деп өз күйбең, әлегім өзімде. Жеңгең соның бәріне жағдай жасап, менің жазу-сызуыма мүмкіндік береді. Ол байқұсты қайтіп ғайбаттайын, – дейді сосын.

Мен жеңгемізді жақсы білсем де Қаржекеңнің бар ауыртпалығын көтеріп жүргенін білмейтінмін. Іштей разы болдым.

– Жә, Аға, «сынық арба көпке шыдайды» дейді. Сынбаңыз, жүре беріңіз. Десе де жазған, сызған дүниеңізді жинақтап жүрсіз бе?

– Қазір әр күні, күні-түні жұмыс істеймін. Шамамша реттеп жатырмын. Біразын балам Жантекеинге тапсырдым. Бір тәуірі оны осы салаға салдым. Ағылшын тілін де меңгеріп алды. Сол тілге аударсам деген талпынысы да бар. Үлкен жағынан біразы реттеліп қалды. Десе де, қолға алып аяқтай алмай жатқан тағы біраз дүнием тұр. Соларға күш салып жатырмын...

– Үстелде үнемі отырғанда шаршамайсыз ба?

– Біздікі бір жағы әдет болып кеткен нәрсе ғой. Шаршамаймын. Әр күні он неше сағат тапжылмай отырамын. Ара-тұра сыртқа шығып, темекімді тартып, сосын қайта жалғаймын. Жұмыс уақытының көбінде үйде емес, Еуразиядағы қызметтік кабинетімде болып, сонда жұмыс істеймін...

Ағамызбен арамыздағы әңгіме үзілмейді.

Ендігі жерде сөзді өзім білгім келген тарихи тақырыптарға бұрамын. Қаржекең қиын сұрақтардың да қисынын тауып, жауабын айтады. Түптеп келгенде байтақ дала, оның мұрасы, дала төсіндегі белгілер бәрі де түркінікі болып шығады.

Оның ойынша «Аспанда Тәңір, жерде Түркі» ұғымы бәрінен бағалы, маңызды, құнды. «Біз содан айрылмасақ, түпкі тегімізді барынша танысақ сонда ғана ұлт ретінде, ұлыс – мемлекет ретінде алаңсыз өмір сүреміз» деген ойын түйіндейді.

Шалқыған шалқар теңіз – тыңдаған сайын құлақ құрышын қандыратын далалық абыз. Сол дала тастарының адам бейнесіне еніп сөйлеп тұрған рухы.

Сөйткен, Қаржекең енді жоқ!

Көсіле шертетін көп әңгімеміз қайда, Қаржеке? Біздің мол, түгемес, бұрыш-бұлыңы, түйіншек-түйіні, жұмбақ күрмеуі, шешілмес шиесі бар сауалдарымызға енді кім жауап береді?!

Даланың тастары бізге тіл қата ма? Сіз де сол тастар қатарында қосылып, үнсіз ғана, жымия қараған кейіпте мәңгілік ескерткішке айналдыңыз ба?

Беу, далалық перзенттің қалалық кейіпке енбеген такаппар оғланы, неге асығыс кеттіңіз?!

Балбалдардың сізге иіген тас емшегін енді кім жібітеді, сізді көрсе бүйрегі бүлкілдеген қоңыр дала енді кімге мекіренеді, сізді көрсе бауыры езіліп, бағзыдан сыр қозғайтын қорымдар иесі енді қалай бас көтереді...?

Қысқа ғұмырда, атты-атсыз, бетті-бетсіз баһадүрлер бас-басына шапқылап жүріп, сізді елемей өтіп кетсе, көңіл көгіңіздегі көкшіл тұманды сыруға қолын соза алмаса, жалған күлкіге үйір тобыр мысқылмен қараған болса, Қаржеке, соның бәрін кештіңіз бе? Кештіңіз, пәнидің лас кірін бақиға арқалайтын сіз емессіз. Сізді пәнидің білместерінен арашалаған Елтеріс, Бумын, Күлтегін, Тоныкөк рухы шақырып әкетті. Тәңір шырағданын жағып, жарқыраған тас сарайлар, аспан астын өзінікі санайтын өр оғландар ортасында сіз шалқып, тасып, жаннаттық күйге ендіңіз. Енген емей немене, артыңызда қалған том-том еңбек сіздің рухыңызды әлде қайда тәңірінің сүйген құлы ретінде шырқау көкке  – адамзат өркениетінің алтын өресіне көтерді. Олардың тасқа таңбалаған дүниесі сіздің қаламыздың гауһарлы тұмсығы арқылы мәңгілік қағаздарға күміс жіптей ирек-ирек із салды. Сол із арыда түркі даласынан, көкжалдар мекенінен қазақ топырағына, әлем тарихнамасына құс жолындай тізбектелді.

Шаң, тұман, бұлт, жауын-дауыл көрген қоңыр дала дүр-дүр сілкініп, ежелгі рухтар ортасында тәуелсіз түркілер байрағын желбіретсе, соның астында алтын қаламын қолына ұстаған шат жүзді сіздің бейнеңіз бар.

Қаржеее-кее, сіз өлген жоқсыз. Бар болғаны топырақтан жаралып, мәрмар тасқа айналдыңыз! Анаңыздың жып-жылы құрсағынан шығып, салқын жерді, қыраулы кезеңді кезіп, тал бесіктен тас табытқа қайттыңыз.

Жұмақ төрінде шалқыңыз, жаннаттықтар ортасына да ескі әңгіме білетін есті ұл керек болған шығар. Бәріміз баратын сол мекен ешкімді жатырқамайды,  түгемес күйбеңнен «Түркілер қорымына» аттанған ақ сапарыңыз – адал қазаңыз Алланың назарында болғай!

Бақұл болыңыз, Аға!

Жәди Шәкенұлы,

Жазушы-тарихшы

28.07.2024.

Таңертең.

Алматы.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383