Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Ақмылтық 1773 7 пікір 30 Шілде, 2024 сағат 14:09

Өтемұратов арифметикасы - түк тындырмаған теннисшілер

Суреттер: informburo.kz / olympic.kz

Қазақстандық теннисшілер Олимпиададағы жарыстарын түгел аяқтады. Біздің командада кортқа шыққан Александр Бублик пен Александр Недовесов жұптық сында жеңіліп қалды.

Жұптық сындағы жеңілістен соң Бублик шығып бүйдеді: «Бұл нәтижемізге баға беру қиын. Әрине, мүмкіндік болды. Медальді айтпағанда, жеңіске жетудің өзі қолдан келмеді. Қазақстандықтардан бірнеше ойында жеңе алмағаным үшін кешірім сұраймын. Сашамен (Недовесов - ред.) соңғы рет 2022 жылы ойнадым. Жұптасып жаттығуға да мүмкіндік болмады. Бірге ойнайтын тәжірибеміз аз. Бірақ бұл да ақталу емес» (пікірді olympic.kz жариялады).

ТЕННИСШІ ЖІГІТТЕР ҮМІТТІ АҚТАМАДЫ!

Бублик жекелей сында алғашқы айналымда жеңіліс тапқан. Жекелей сындағы алғашқы айналымда ол рейтингте 11-орында тұрған америкалық Тэйлор Фрицпен кездесті. Екі сетке созылған матчта Бублик жеңіліс тапты.

Осының алдында теннисші Александр Шевченко Париждегі Олимпиада ойындарының бірінші айналымында ұтылған еді. Шевченко алғашқы айналымында чехиялық Якуб Меншикпен кездесті. Екі сетке созылған матчта 6:3, 6:4 есебімен жеңілген.

Бұл теннистен ерлер құрамасының ел намысы сыналар төрт жылдықтың басты бәсекесіндегі көрсеткіштері.

ТЕННИСШІ ҚЫЗДАР ЖАРЫСПАЙ ЖАТЫП ЖЕҢІЛДІ

Ал теннисші қыздар тіпті масқара қылды. Парижге ұшып барып, белсенді түрде жаттығуларын жасап жүрген Юлия Путинцева аяқ-асты Олимпиада жарыстарына қатыспайтынын мәлімдеді. Бұл хабарды ҚР теннис федерациясы жеткізді.

Путинцева дайындық кезінде тізесін ауыртып алыпты. Медициналық тексеруден өткен соң турнирден бас тарту туралы шешім қабылдаған екен.

Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев аталған жағдайға қатысты: «Париж Олимпиадасы біз үшін сынақпен басталуда. Алдымен Елена Рыбакина сырқатына байланысты бас тартса, Юлия Путинцева жарқатына байланысты жарысты тоқтатты. Екі спортшыға да үлкен үміт арқан едік, өкінішті», - деді Досқараев.

Ал Елена Рыбакинаның жағдайын осыған дейін егжей-тегжейлі жаздық. Олимпиадаға тура бір күн қалғанда, «денсаулық жағдайын» айтып, Олимпиадаға барудан бас тартқан. Дәрігерлер оған «кортқа шықпақ түгілі, ұшаққа мінуге тыйым салғанын» айтқан. Осыдан соң, Рыбакинаға Қазақстан қоғамы өкпесін білдірді. Халықаралық теннис федерациясының, Қазақстан теннис федерациясының һәм Рыбакинаның өзінің ақталу сөздерін – сылтау деп қабылдады.

Сөйтіп, Қазақстанның теннисшілері төрткүл дүние көз тіккен төрт жылдықтың басты бәсекесінде түк тындырмай қайтып барады.

Ел жүлде күткен қыздар жарысқа түспей жығылды. Рыбакина мүлде бармай қалса, барып тұрған Путинцева сайысқа түскен жоқ. Ал ерлер алғашқы айналымнан жеңіліп, жарысты тоқтатты. Бубликтің өзі айтпақшы, «медальді айтпағанда, жеңіске жетудің өзі қолдан келмеді».

ПАРИЖДЕГІ СӘТСІЗДІК – ӨТЕМҰРАТОВТЫҢ АРИФМЕТИКАСЫ МА?

Қазақстан теннис федерациясын ұзақ жылдардан бері олигарх Болат Өтемұратов басқарады. Әлгі жеме-жемде «бронхы» ауырып қалатын Рыбакинаны аттай қалап, Ресейден алдыртқан да осы Өтемұратовтың өзі еді. Рыбакинаның халықаралық жарыстарына Өтемұратовтың өзі барып, тамашалап жүрген суреттері де желілерге сан мәрте таралған еді.
Спортты монополиялап алған оллигарх шенеуніктердің аттай қалап шетелдік спортшыларды елге тартуын, Елена Рыбакинаның Ресейдегі бапкерінің сөзімен айтқанда «Дайын асқа тік қасық болуын» ұлт спортына болған жанашырлықтан туған әрекет деп бағалау орынсыз болар еді.

Қаңтар оқиғасынан кейін жасаған алғашқы жолдауында президент Тоқаев президент Назарбаевтың билігі кезінде елімізде әлемдік деңгейдегі ат төбеліндей оллигарх топтардың пайда болғанын тілге тиек етті. Назарбаев жақындары мен жақтастарына тәуелсіз елдің жер асты-үсті байлығын ғана емес, саяси, мәдени тетіктерді де басқаруға берді. Қазіргі Қазақстан теннис федарациясының президенті Болат Өтемұратов кезінде Назарбаевтың көмекшісі, іс жүргізушісі болғаны белгілі.

Қазақ спортына қожалық жасағандар бір Өтемұратов емес. Тимур Құлыбаев Ұлттық олимпиада комитетін тізгіндеген тұста Кәрім Мәсімов, Асқар Мамин, Даниал Ахметовтерге дейін бір-бір федерацияға иелік етті. Осыдан-ақ қазақ спортының 30 жыл нарықтық бәсекенің қазанында емес, биліктің назарында болғанын байқау қиын емес.

Өтемұратовтың «арифметикасы» туралы сөз Рыбакинаның Олимпиадаға бармайтыны туралы ақпараттан кейін тарай бастады. Себебі, Қазақстан қоғамы Рыбакинаның Түркия курортындағы суретіне қарап оның қазақтар төлейтін 250 мың долларды қомсынып, әрі жарақат алып қалудан сақтанғандық деп санайды. Ал ағылшын тілді «tennis.com» сайты: «25 жастағы теннисші соңғы рет «Уимблдон» турниріне қатысып, жартылай финалда ақырғы чемпион Барбора Крейчиковаға жеңіліп қалды. Енді Рыбакинаның назары Солтүстік Америкадағы хард турнирлеріне ауып отыр. Ол 6 тамызда Торонтода Роджерс ұсынған National Bank Open турнирінде бақ сынайды деп жоспарланған», - деп жазды.

Өтемұратов бірдеңе деп, түсініктеме берер деп отырмыз... Әйтпесе, өзгелерін айтпағанда, дәл Рыбакинаның Парижге бармай қалуы – Өтемұратовтың жеке арифметикасы деген пікірлер де әсте-әсте айтылып қап жатыр...

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052