Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 4454 0 пікір 27 Қаңтар, 2014 сағат 06:54

Интернет-конференция: Ғалым Боқаш (2-жауап)

Конференция қонағы  - шығыстанушы, журналист Ғалым Боқаш оқырмандар қойған сауалдарға жауап беруін аяқтады.

Қазақстандағы діни мәселелерге орай қойылған сұраққа жауап бере келе, Ғалым мырза: «Сөйте тұра, бірі өздерін «ар ілімінің иелері» санаса, екіншілері «сәләф сахабалардың ізбасарлары», үшіншілері «дәстүрлі Исламның қорғаушылары» болып көрінгісі келеді. Мен үшін ең зор жұмбақ осыншама өшпенділік пен жеккөрінішті, кекшілдік пен кекесінді Құдайға деген махаббатпен бір жүрекке қалай сыйдыруға болады? Осы тараптар өздеріне ұнамай қалған адамдарды я «сопы», я «ваххабит», я «мафиози молда» деп атап, бір-бірінің ықпал ету аясы мен жақтастарының саны туралы конспирациялар мен мифтерді тым қатты қоюлатып жіберді ме деп ойлаймын. Ақырында ол әрекеттері өздеріне бумеранг болып тиіп жатқан сияқты. «Түбі елдің іргесін шайқайтын» нәрсе – осы діни төзімсіздік пен шала сауат шолақ белсенділер болып шығуы бек мүмкін» дейді.

 

- Амансыз ба Ғалеке! Сізге және сіздің жақындарыңызға амандық, саулық, бақ-береке, табыс тілеймін! Әрдайым жұлдызыңыз қазақ аспанында жарқырай берсін! Елге ерен еңбек ете беріңіз!

Конференция қонағы  - шығыстанушы, журналист Ғалым Боқаш оқырмандар қойған сауалдарға жауап беруін аяқтады.

Қазақстандағы діни мәселелерге орай қойылған сұраққа жауап бере келе, Ғалым мырза: «Сөйте тұра, бірі өздерін «ар ілімінің иелері» санаса, екіншілері «сәләф сахабалардың ізбасарлары», үшіншілері «дәстүрлі Исламның қорғаушылары» болып көрінгісі келеді. Мен үшін ең зор жұмбақ осыншама өшпенділік пен жеккөрінішті, кекшілдік пен кекесінді Құдайға деген махаббатпен бір жүрекке қалай сыйдыруға болады? Осы тараптар өздеріне ұнамай қалған адамдарды я «сопы», я «ваххабит», я «мафиози молда» деп атап, бір-бірінің ықпал ету аясы мен жақтастарының саны туралы конспирациялар мен мифтерді тым қатты қоюлатып жіберді ме деп ойлаймын. Ақырында ол әрекеттері өздеріне бумеранг болып тиіп жатқан сияқты. «Түбі елдің іргесін шайқайтын» нәрсе – осы діни төзімсіздік пен шала сауат шолақ белсенділер болып шығуы бек мүмкін» дейді.

 

- Амансыз ба Ғалеке! Сізге және сіздің жақындарыңызға амандық, саулық, бақ-береке, табыс тілеймін! Әрдайым жұлдызыңыз қазақ аспанында жарқырай берсін! Елге ерен еңбек ете беріңіз!

Құрметпен,

бауырларыңыздың бірі

Нұржан

- Құдай көңіліңізді көтерсін, игі тілектеріңізге көп рақмет, Нұржан!

- Құрметті Ғалым мырза, Алматы қаласы әкімінің орынбасары болып тұрған кезіңде ұлтың үшін қандай жақсылық істедің? Соны айтып берсеңіз.

- Бұл сұраққа жоғарыда жауап бердім.

- Жақында қабылданған Оралмандар жөніндегі заң көп айтылған тақырып болды. Осы заңға сіздің көзқарасыңыз? Нәтижесі келешекте қалай болады?

- Оралмандар мәселесіне үнемі назар салып отырамын. Соңғы заң мәтінін де оқып шықтым. Бір жағынан оралмандарға өзге мигранттардан артық әлеуметтік мәртебе беріп, баспаналы болуына, қызметке тұруына жағдай жасау жолдары қарастырылған сияқты. Екінші жағынан азаматтық алу мәселесіне қатысты тым ұзақ мерзім белгіленген деп ойлаймын. Тарихи отанына оралғасын сарылып төрт-бес жыл азаматтық мәртебе күту және сол аралықта рәсімделу машақатын бастан кешу оңай емес. Оның үстіне «азаматтық алуды бірнеше жыл күтсін, сол уақытта бәлкім өмір сүру жағдайы жақпай келген еліне қайтып та кетер» деген қисын оралмандардың басындағы күймен мүлдем үйлеспейді. Оралмандардың көпшілігі дамыған Батыс елдерінен көшіп кеп жатқан жоқ, соңғы малын сатып Қытай, Ресей, Өзбекстан мен Моңғолиядан келіп жатыр. Ол жақтан қопарыла көшкен қазақтар тарихи отанына біржола орнығып қалу ниетімен жетеді. Бүгінге дейін оралмандардың арасында кері көшкендер саны өте аз. Меніңше, азаматтық беру уақытын кем дегенде екі жылға түсіруге болар еді.

- Намаз оқисыз ба?

- Бұл – «әйеліңізбен қарым-қатынасыңыз қалай» немесе «бойыңызда қандай сырқат жерлеріңіз бар» деген сияқты тым интимдік мәселені қозғайтын сұрақ. Сол себепті зайырлы мемлекет азаматы ретінде көпшілік алдында жауап беруге міндетті емеспін. Діни ұстанымыма тым қатты әуесіңіз ауса, жеке поштама жазып жіберіңіз. Жауап берейін.

- Ғалым мырза қазақтың негізгі ауруы - ауызбіршілік және қорқақтықтан қалай құтыламыз? Қазақ қашан қазақ болып өзінің мүддесі үшін күреседі?

- Осыған ұқсас сауалға жоғарыда жауап бердім.

- Ассалаумағалейкум! Абай атамыз бір сөзінде «шығысым-батыс» болып кетті дейді. Батыстың ауасын жұтқалы сізде сондай бір ішкі дүниетанымыңызды төңкеріп тастаған өзгеріс бар ма?

Рухани кемелденуден ажырып қалған (өз ойым) европалық даму жолынан біз суырып алатындай нендей игіліктер бар?

Қазақ билігін «жаны» қазақ баласы басқара ала ма, өзіңізге таңдау түссе (шартты түрде солай болды десек) маңайыңызға қазіргі замандастарыңыздан кімдер жүретін еді?

Және білгім келгені сіз үшін көзін жұмып «шыңнан» секіріп кетер жан достарыңыз бар ма немесе сіз қай досыңыз үшін «отқа» түсе аласыз?

- Кейде әзілдеп шетте көп жүретін достарымды «неономад», яғни «жаңа көшпенді» деп атаймын. XXI ғасырда бірнеше құрлықта қатар өмір сүріп, қатар жұмыс істей беретін, көпмәдениетті ортаға үйренген «неономадтар» саны күрт көбейеді. Батыста тұрып жатқан соңғы он шақты жылда өз бойымнан байқаған ең басты өзгеріс – советтік конспирацияшыл санадан құтылдым.

«Рухани кемелденуден ажырап қалған Еуропадан суырып алған игіліктеріңіз» - астыңыздағы көлігіңіз, қалтаңыздағы телефоныңыз, жұмыс үстеліңіздегі компьютеріңіз, ауырғанда «сапалы» деп сатып алатын дәрі-дәрмегіңіз, бетке ұстар құрылыс нысанын салу үшін аттай қалап алдыратын архитекторларыңыз, бала-шағаңызды оқуға жіберетін білім орындары. Бір қайырғанда – осы.

Қазақстан ең әуелі «жаны таза» басшыға зәру. Қымыз ішіп, домбыра тартып, қазақша мақалдататын адамдар тегіс пара алмайтын, жемқорлыққа баспайтын болса, Қазақстанды тек «жаны қазақ» адамдар басқарсын деп жар салар ем. Егер «жаны қазақ» деп қазақ тілділердің әлеуметтік құқығы үшін күресетін адамды меңзесеңіз, ол – бөлек мәселе. Мұндай адам «мемлекеттік тілді дамыту» саясатының құрбанына, һәм мазағына айналған қазақ тілі мәселесін шынайы шешуді қолға алып, саяси-экономикалық өмірде унилингвалистік саясаттың сәтті жүзеге асуына кепіл болар ма еді. 

Мен үшін ешкімнің де қатерге басын байлағанын қаламас едім. Шын достықты ондай жолмен өлшеуге болмайтын сияқты. Ал өзім алдында өмір бойы қарыздар сезінетін достарым да бар. Олардың қайсыбірі қиын-қыстау жағдайға ұшыраса, қасынан табылуды парыз санаймын.

- Еуропа дамуы тұйыққа тірелуде, олармен одақтас болған елдердің күні қараң деген сияқты пікірлер қаншалықты шындық. Жалпы біздің ақпарат кеңістігімізде адам миы мен санасын шалғытатын ақпараттар қандай?

- Бұған ұқсас сұраққа жоғарыда жауап бердім.

- Өз елінде ұлтан болудың қадір-қасиетін білетіндей-ақ азаматсыз. Сіздің орала алмай жүргеніңізге кедергі жасайтын топтар бар деп ойлауымызға бола ма?

- Ниетіңізге рақмет. Дәл қазір менің елге оралуыма кедергі болуға тырысатын қандай да бір ниеті теріс топ бар деп ойламаймын.

- Мұхтар Мағауин ағамыздың Шыңғысхан романы жәйлі аз-кем айта кетсеңіз?

- Мұхтар Мағауин «Шыңғыс ханын» тарихи деректі роман деп атайды. Яғни академиялық еңбек емес екенін, автордың негізгі зерттеу объектісіне көзқарасын ашық байқатып отырғанын басынан ескертеді. Сөйте тұра, этнографиялық-тарихи деректерді пайдалану деңгейінен алып қарағанда бұл кітап – көптеген шала академиялық зерттеулер қолына су құюға жарамайтын іргелі зерттеу. Көшпенді өмірдің жұрнағын көзімен көрген, тарихи жады жастайынан түркі-моғолдық аңыз-әпсаналарға қанып өскен адамның Шыңғыс хан құрған империяға қатысты соны баға беруі.

- Құрметті Ғ.Боқаш мырза, сіз америкалық Грин кард алды деген рас па? Яғни, енді Америкалық паспорт алып, елге мүлдем қайтпайсыз. Шығыстанушы деген атағыңыз бар, Батысты не істейсіз? Елге қайтыңыз. Америкадан бас тартыңызшы, өтінемін.

«Бүгін-ертең АҚШ азаматтығын алайын деп жатыр» деген сөз – дақпырт. Елге нақты пайда тигізетін сала бойынша қызмет ету үшін ыңғайлы сәт туа сала өзім де шетте көп кідіре қоймаспын.

- 2050-ге дейін бал ашқан Қазақстан билігінің болашағына, яки 2024-ке дейін саяси жағынан болжап беріңізші. Бұл енді үлкен өтініш.

- Саяси болжау жасауға қатысты жоғарыда жауап бердім.

- Бағзыдан қазақ қоғамымен біте-қайнасқан іштарлық, күншілдік, қызғаншақтық сияқты "дерт" Батыста қаншалықты деңгейде? Бұл тек қазаққа тән синдром ба, әлде бүкіл адамзатқа ортақ нәрсе ме?     

- Мұндай сауалға да жоғарыда жауап бердім.

- Шығыстанушы, саясаткер, үлкен зиялы ретінде қазақ этносының және Қазақстанның алдағы екі-үш онжылдағы қал-жағдайына қатысты оптимистік және пессимистік прогнозы қалай болуы мүмкін деп болжайсыз.

БАҚ-дарына арқа сүйеген медиакратиялық қоғамның шынайы бет-бейнесі нендей күйге түсуі мүмкін? Перденің артқы жағындағы макросаясаттың бағыт-бағдары қандай ағымға бет бұруы мүмкін? Әлемдік экономика мен биліктегі жаңа "ойыншылардың" өзара тіл табысуы немесе текетіресі қалай өрбиді деп ойлайсыз?

Осы кезде Орта Азия мен ТМД елдерінің қай полюске ығысуы (тартылуы) мүмкін?

- Ешқашан саясаткер болмағанымды ескерте кетейін. Сауалдарыңызға жартылай жоғарыда жауап бердім. Орталық Азия мен ТМД елдерінің саяси болашағына қатысты айтарым, бұл аймақтың дамуына Ресейдегі режим қатты әсер етіп тұр. Ресей ғайыптан тайып Украинадағы жағдайдан дұрыс қорытынды жасап, өзі де бірте-бірте өркениет пен демократия жолына түссе, төңірегіндегі саяси сателлиттерінде де оң өзгеріс басталар еді. Бірақ қазіргі жағдайда мұндай сценарий фантастика сияқты естіледі.

- Бойында қазақы қаны бар әрбір азамат еліне, жеріне еңбек етуді ойлайды. Сіз өзіңізді сондай азаматтардың қатарын жатқызасыз ба? Олай болса, нақты қандай еңбектеріңізді атап өте аласыз? Биліктегі, қызметтегі мансаптарыңызды айтпағанда.

- Бұған ұқсас сауалға жоғарыда жауап бердім.

- Қазақ елінің кирилшеден латыншаға көшуін құптайсыз ба? Қазақ Ұлысындағы (семей) АЛАШ қаласы, (павлодар) ЕРТІС қаласы, (өскемен) ТӨРАЛТАЙ қаласы, (петропавл) ҚЫЗЫЛЖАР қаласы етіп қазақыландыруды құптар ма едіңіз? Қазақта Алтайдан, Атырауға дейін деген әдемі сөз бар. Олай болса Алтайдың төріндегі қала ТӨРАЛТАЙ болғаны, ал ұлы қарт Ертістің бойындағы үш қаланың бірі ЕРТІС аталса игі емес пе! Және Алаш арыстары, Алашорда үкіметі АЛАШ атаған қала Алаштың 100 жылдығында қайтарылғаны дұрыс деймін. Ал ҚЫЗЫЛЖАР өз тарихи атауын иемденуі керек. Бұл ұсыныстарды қолдайсыз ба, айтыңызшы.

Ұлы ҰС - Алаш.

- Қазақстан үшін латын әліпбиіне көшу – меніңше саяси тұрғыда баяғыда-ақ шешіліп қойған, тек техникалық орындалу тәсілдері мен мерзімі анықталып жатқан мәселе. Бұл саланың маманы емеспін, кесіп-пішіп бірдеңе айту қиын. Тек ағылшын тілді жаңа технологиялар заманында әріп санын ағылшын әліпбиімен бірдей 26 етіп артық таңбасыз ықшамдауды жөн көрем. Латын әліпбиіне көшу кезінде транслитерациялық жүйені де реттеп алуды ұсынар едім. Өйткені кириллицада шетелдік жер-су мен адам аттарының қазақ тіліндегі академиялық транслитерация қағидасы қалыптаспаған күйі қалды. Сол себепті орыс тіліндегі академиялық транслитерациялық жүйе қолданылады. Мысалы, «Цзян Цзэминь», я «Ирак» деп жазамыз. Қазақы транслитерация бойынша «Зың Зымын» және «Ырақ» болуы тиіс. Латынға көшкенде сондай кемшілік әу бастан түзетіліп, шет тілдерінен транслитерация жасау жүйелері қоса ұсынылса жөн болар еді.

- Құрметті Ғалым !

1. Шетелде әртүрлі себептермен елге орала алмай жүрген қазақтың зиялы қауым өкілдерінен ЕЛІМІЗДІҢ дамуына ЖАҚЫН күндерде үлес қосуға лайықты деп қай тұлғаларды, қай салалардың дамуына өз үлесін қосар еді деп айта алар едіңіз (пәленше түгенше саланы шыр айналдыруға қабілетті, өйткені ол жырақта түгенше саланың майын шайып ішкен деген сияқты).

2. Іште "Ұлт ЖАНАШЫРЫ" ретінде әттең елде болғанымда "ана саладағы ақсап жатқан" мына тірлікті бітірер едім деген деген "ҚЫЖЫЛ" басым ба жоқ әлде жырақта жүрсем де еліміздің өркениетке жетуіне пайда тигізіп жүрмін ғой деген "ЖҰБАНЫШ" басым ба?

3. "БОЛАШАҚ" бағдарламасы бойынша кетіп жатқан жастардың "болашақта еліме оралып пайда тигізсем деген" айнымас көзқарасынан батыстың комфортты өмірін көріп айнып кетпеу үшін, сол жақта қалып қоймау мақсатында ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР толы иньекцияны салуда ҰЛТ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ қай еңбектерін оқып (көзін ЖАРҚ еткізіп ашатын), емтихан тапсырту немесе пайдалану керек деп ойлайсыз?

4. Біздің осы тірлігіміздің мешеу болып отырғанына не себеп (қай жерден қателестік) және ҚОҒАМНЫҢ ӨРКЕНИЕТКЕ ЖЕТУДІҢ ҚЫСҚА (ТӨТЕ) жолы ретінде, өгізді де өлтірмейтін жол деп қай жолды ұсынар едіңіз (ӘРБІР ҚАЗАҚТЫҢ ЖЕКЕ БАСЫНА ҚАТЫСТЫ: ПРЕЗИДЕНТТЕН бастап қарапайым шаруаға).

5. Батыстық өмір шығыстық "ӨМІРДЕГІ ЕҢ БАСТЫ ҰСТАНЫМЫҢЫЗДЫ" өзгертті ме және керісінше алға қарай инерциялы түрде дамытты ма?

Елге тезірек оралуға тілектес құрдасың Бақыт Серікұлы  

- Құрметті Бақыт, сауалдарың үшін рақмет.

Кезінде Түркия, Ауғанстан мен Иран арқылы қоныс аударған Еуропа қазақтарының екінші буын өкілдерінің арасында жергілікті әкімшіліктерде, үкіметте, бизнесте, медицина саласында тәп-тәуір карьера жасап, көзге түсе бастағандары бар. Қазақстан үкіметі кезіндегі Израиль құсап оларды керек етіп, әділ байқау арқылы сұрыптау жариялайтын болса, сирек маман ретінде әлеуметтік кепілдік берсе, қабілетті шетелдік қазақтардың ішінен тарихи отанына қайтқысы келетіндер шығады деп ойлаймын.

«Қыжыл» да, «жұбаныш» та жоқ.

Батыста жүрген қазақ студенттерінен естуімше, қазір «Болашақ» бағдарламасының шарттары қатайған, бұрынғыдай ішінара болсын шетте қалып қоятын стипендиаттар енді шыға қоймас (қалған сауалдарыңызға жоғарыда жауап жаздым).

- Құрметті Ғалым! Кейде елде өнбес тірліктен шаршағанда, бүйткенше бұл қабілетімді алыс-жақын шетелде іске асырсам еңбегіме қарай бағасын алар едім деген (білмеймін, жақсы ой ма, жаман ой ма)ой келгенде, "Бала деген бауыр еті адамның" деген нақылды еске алып, райыңнан қайтқандай боласың. Бала-шағаның елден (ҚАЗАҚЫ ортадан) жырақта өсуі олардың ұлттық болмыстан ажыратады деген көзқарасқа қалай қарайсыз?

Тағы да Бақыт Серікұлы

- Өмірде түрлі-түрлі жағдай болады. Кейде дәл сол бала-шағаның денсаулық жағдайы үшін керісінше шетте тұруға мұқтаждық туады.

- Армысыз, Ғалым аға! Сіздің "Мезгіліңізді" сағындық. Дәл сондай сараптамалық дүниені неге ғаламтор арқылы жүргізбеске? Сізге қандай да бір мүдделі топтар тарапынан "вербовка" әрекеті жасалып көрді ме? "Синдикат" ұйымы жайлы таратып айтып берсеңіз.  

- Лебізіңізге рақмет, болашақта жеке вебсайт ашу туралы жоспарым бар. «Вербовка» мен «синдикат» туралы сауалыңызды түсінбедім. Анық етіп жеке поштама жазсаңыз болады.

- Латвия орыс мектептерін жауып, оқушыларға білімді тек латыш тілінде беретін болып жатыр. Қалай ойлайсыз, Қазақстан қашан осындай қадамға баруы мүмкін? (2020 да ма, 2050 де ме әлде 2100 жылда ма?) жалпы Қазақстан үшін бұл мүмкін бе, әлде жай орындалмайтын арман ба?              

- Астана демографиялық өзгерістерді қаперге ала отырып, сауатты унилингвалистік саясат (саяси-экономикалық өмірдегі бір тілдің үстемдігі) ұстанса, Латвиядағы жағдай Қазақстанда да тууы мүмкін. Бірақ ондай өзгеріске әлдеқайда ұзақ уақыт кетеді деп ойлаймын.

- Ғалеке, елдегі өзгерістерге сырттан көз салып отырған азаматсыз.

1)Біздің қоғамның саяси бағытына қатысты шетелдіктердің пікірі қандай? Қазақстанның "қарқынды" дамуына олар қаншалықты сенеді?

2)Қазір қазақтардың арасында Қазақстаннан кеткісі келіп жүргендер көп. Оларды сыртқа кетуге қандай жағдай итермелеп отыр деп ойлайсыз? Сіз не үшін кеттіңіз? Елге қашан ораласыз?

- Құрметті Мұрат, бұл сауалдарға жоғарыда жауап бердім. Қанағаттанбаған болсаңыз, жеке поштама жазыңыз.

- Сіздің зерттеген салаңыз, ғылыми еңбегіңіздің ішінде ("Оңтүстік Азия тарихы мен саясаты") қазақтарға, түркі жұртына қатысты мәлімет-деректер бар ма? Жалпы, бұл тақырып әлемдік (соның ішінде Қазақстан үшін де) саясаттану ғылымында несімен қызық? Еңбегіңізді қай тілде жаздыңыз? Кітап етіп шығару ойыңызда жоқ па?

Алдын ала рахмет! Қазыбек.

- Құрметті Қазыбек, бұл сауалға да жоғарыда жауап бердім. MPhil диссертациямды ағылшын тілінде жаздым. Әзірге жазбаларымды кітап етіп бастыру жоспарымда жоқ.

- Ғалеке, егер Сматолла Мақсұмның қалтасы қалың, қаржылық мүмкіндігі зор болғанда, бүгінгі күнде қазақ салафтарының алдынғы қатарында терлеп-тепшіп жүрген мұртсыз сақалды азаматтар ар ілімінің армиясында болар ма еді деген ой келеді. Бұл қазақтың ар ілімін ардақтаушылардан тапқан бар міні зікір салу болды ғой. Қазақ даласындағы тамыр жайған діни ілімдер жайындағы сіздің ойыңыз қандай, түбі елдің іргесін шайқалтатын, бомбаның жасырын тетігі жау қолына өтіп кеткен жоқ па?

- Сіз «мұртсыз сақалды қазақ салафтары» деп мысқылдай сипаттап отырған адамдар өзіңіз сияқты сопылық дүниетанымды (сөзіңізден солай деп түсіндім) адамды «басын қабырғаға ұрып зіркілдеуші» деп кекетеді. Осылай бір-бірімен шарпысқан діни топтардың басында тұрған адамдардың ресми қоғамдық орындарда шектен шыққан діни төзімсіз сөз айтқанын естімеппін. Бірақ сол топтарды иерархиялық діни институттарға айналдырған жандайшаптар мен шолақ белсенділердің ауыздары бір-бірін жамандаудан, терістеуден босамайды. Қайсысының «қалтасы қалың, қаржылық мүмкіндігі зор» болса, қарсы тарапты жүндей түтуге даяр. Сөйте тұра, бірі өздерін «ар ілімінің иелері» санаса, екіншілері «сәләф сахабалардың ізбасарлары», үшіншілері «дәстүрлі Исламның қорғаушылары» болып көрінгісі келеді. Мен үшін ең зор жұмбақ осыншама өшпенділік пен жеккөрінішті, кекшілдік пен кекесінді Құдайға деген махаббатпен бір жүрекке қалай сыйдыруға болады? Осы тараптар өздеріне ұнамай қалған адамдарды я «сопы», я «ваххабит», я «мафиози молда» деп атап, бір-бірінің ықпал ету аясы мен жақтастарының саны туралы конспирациялар мен мифтерді тым қатты қоюлатып жіберді ме деп ойлаймын. Ақырында ол әрекеттері өздеріне бумеранг болып тиіп жатқан сияқты. «Түбі елдің іргесін шайқайтын» нәрсе – осы діни төзімсіздік пен шала сауат шолақ белсенділер болып шығуы бек мүмкін. Мұндай топтар жәмиғатының санын асыра көрсетіп, сыртқы жүндерін қанша қампайтса да, Қазақстандағы ең қарасы қалың топ – рационалдық пайымдауға жүгінетін, академиялық сапалы білім алуды қош көретін, жеке бас бостандықтары мен құқықтарынан айрылғысы келмейтін, өркениетті диалогты жақтайтын адамдар. Былайша айтқанда ешкімен жауласпай, күн сайын бір конспирация ойлап тауып дүрліге шаппай, құлшылығы мен қайырлы ісін жарнамаламай, тып-тыныш қызметін атқарып жүрген зайырлы азаматтар. Қазақстан сондай азаматтардың көптігінен әзірше тыныш тұр деп ойлаймын.

Ал Исматулла Мақсұмның жеке басына келсек, «ол кісіні Қазақстанға менің алып келгенім» туралы конспирацияны ойлап тапқан адам ертең Құдайының алдында өтірігі үшін өзі жауап берер. Бұл ақсақалды 1992 жылы Қазақстан үкіметі Дүниежүзілік қазақтардың құрылтайы кезінде елге алдырған, сол жылдан бастап тарихи отанында қалып қойған. Ол жылы мен әлі Алматының бетін көрмеген Семей облысының бір қиырындағы ауыл мектебінде 10-кластың оқушысы болатынмын. Шамасы конспиративтік теория авторлары менің жасымды есептеуден мүлт кеткенге ұқсайды. Бұл кісіге қатысты қозғалған қылмыстық істі Қазақстандағы құқық қорғау ұйымдары саяси сипаты бар іс деп таныған. Болашақта қайта қаралар деп үміттенем. Бұл ақсақалдың синкреттік-мистикалық ілімін бақылап зерттеп көргем. Жоғарыда ол туралы пікірімді жаздым. Жеке басын жақсы танимын, сыйлаймын. Сәдуақас Ғылмани мен Халифа Алтай сияқты ірі діни қайраткер ретінде Қазақстанның дін тарихы мен көптің жадында қалатын тұлға екеніне шәк жоқ. Ал ірі тұлғалар туралы қай заманда да қарама-қайшылығы мол қауесет көп тараған. Бірақ пассионарлық тұлғалардың ісі де, сөзі де өміршең күйі қалады. Сол себепті де шығар мұсылман әлемінің ең әйгілі тұлғаларының бірі, Шығыс шайырларының ең көрнектісі – Джалаладдин Руми: «Ертең елдің есінде кімнің қаларын көрерміз – Руми қала ма, жоқ әлде Румиді сынаған мың молда қала ма» деген екен.

Соңы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5565