Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 4248 0 пікір 27 Қаңтар, 2014 сағат 09:23

Айдос САРЫМ: «МӘҢГІЛІК» – ТЕК ҚҰДАЙҒА ТӘН.

• Ал пенделердің миын ашытып, назарын алдайтын амал

Сонымен, ҚР президенті кезекті Жолдауын жолдап жіберді. Жартысына жуығы жұмыссыз жүрген қазақ жырғап қалды: енді ол көптен күткен ұлттық идеологиясының арқасында «Мәңгілік ел» болу үшін тырбанатын болды.

Дегенмен, бұл қандай идеология болмақ, оның ұлтты тұтастыратын негізі қандай, жоғарыдан зорлықпен таңылған бұл құжат қазаққа не береді? Осы сыңайлы тағы басқа да сұрақтарды суыртпақтай беретін жаңа Жолдауға қатысты алғашқы азын-аулақ пікірлер айтыла бастады. Солардың ішінде жалпақ жұртқа бұл Жолдауды «шайнап беруге» жарарлығы –  белгілі саясаттанушы Айдос Сарымның Матрица.kz интернет-сайтына берген сұхбаты екен.

Әрине, қолқа салар болсақ, дәл осы ойын Айдос мырза біздің оқырман үшін қазақшалап та айтып берер еді. Бірақ бір ойды екі қайталағаннан май шықпас деген оймен автордың рұқсатын алып, сол сұхбатты қазаққа еркін тілде қазақшалап бергенді жөн санадық. Айдостың айтқанына қадалып қалғанымыз –  дәл бүгінге дейін бұл Жолдаудың жүн-жұрқасын дәл Айдостай жұлмалап тастаған маман-идеолог шыға қойған жоқ.

Редакция

 

– Айдос мырза, елбасының кезекті Жолдауына қандай баға бересіз? Үмітіңіз ақталды ма?

• Ал пенделердің миын ашытып, назарын алдайтын амал

Сонымен, ҚР президенті кезекті Жолдауын жолдап жіберді. Жартысына жуығы жұмыссыз жүрген қазақ жырғап қалды: енді ол көптен күткен ұлттық идеологиясының арқасында «Мәңгілік ел» болу үшін тырбанатын болды.

Дегенмен, бұл қандай идеология болмақ, оның ұлтты тұтастыратын негізі қандай, жоғарыдан зорлықпен таңылған бұл құжат қазаққа не береді? Осы сыңайлы тағы басқа да сұрақтарды суыртпақтай беретін жаңа Жолдауға қатысты алғашқы азын-аулақ пікірлер айтыла бастады. Солардың ішінде жалпақ жұртқа бұл Жолдауды «шайнап беруге» жарарлығы –  белгілі саясаттанушы Айдос Сарымның Матрица.kz интернет-сайтына берген сұхбаты екен.

Әрине, қолқа салар болсақ, дәл осы ойын Айдос мырза біздің оқырман үшін қазақшалап та айтып берер еді. Бірақ бір ойды екі қайталағаннан май шықпас деген оймен автордың рұқсатын алып, сол сұхбатты қазаққа еркін тілде қазақшалап бергенді жөн санадық. Айдостың айтқанына қадалып қалғанымыз –  дәл бүгінге дейін бұл Жолдаудың жүн-жұрқасын дәл Айдостай жұлмалап тастаған маман-идеолог шыға қойған жоқ.

Редакция

 

– Айдос мырза, елбасының кезекті Жолдауына қандай баға бересіз? Үмітіңіз ақталды ма?

– Мен президенттің ұшы-қиыры жоқ сөздерінен ләззат алып, алып-ұшқан күй кешетін жастан әлдеқашан асқан адаммын.

Ақиқатқа көзімізді ашып қарап, жолдаудан жолдауға дейін ғұмыр кешіп, оның әрқайсысын осынау кезеңнің теңдессіз оқиғасы, өміріміздің мәні мен сәні деп бағалау –  кешегі коммунистік кезеңнен қалған бейшара әдет екенін мойындауға тиіспіз. Жалпы өмірді, біз өмір сүріп отырған кезеңді президенттің Жолдауымен өлшеп, оның әр жолынан сыр іздеп, астарына сығалап, ғұмыр кешкен өмірдің құны – көк тиын.

Президенттің Жолдауын «асыға күтіп», Құран аяттарын тыңдағандай бас шұлғып, тебіреніп отырғандай кейіп танытатын біздің шенділердің көңілдерінен шығар шедеврлерді тауып, жыл сайын «жаңа асуларды» алып, «әлемдік» деңгейдегі «теңдессіз» идеялар ұсыну –  жыл озған сайын Назарбаев пен оның аппараты үшін шешілуі қиын түйінге айналып келеді.

Ал сіз сұраған көңіл-күйіме келер болсам, ептеп күлбілтеленіп тұрған шамалы үмітімнің өзі ақталмай, биліктің өз халқына өзекті мәселелер төңірегінде еш айтары жоқ екенін көріп, қарным ашып отыр. Мен, ең болмағанда, билік бүгінгі күні социумды мазалап, күн озған сайын қызуы көтеріліп келе жатқан принципті мәселелерге қатысты тиіп-қашып болса да бірдеңе айтар деп күткен едім.

– Мәселен?

– Бұқаралық ақпарат құралдарында, әсіресе интернетте, өмірдің өзінде де кескілескен пікірталас тудырып жатқан принципті мәселелер бар. Қоғамдық пікірталас өзегіне айналып, елді ерекше елеңдеткен тақырыптарды дөп басып, өзіне тиімді бағытқа қарай бұрып, жағымды һәм көңілге қонымды арнаға салып, тіпті ерекше жағдайларда текетіресіп тұрғандарды бітімге келтіріп, жалпыұлттық конвенцияға көндіре алмаса, оның несі билік?

Ұлттық-мемлекеттік құрылым тақырыбында – қандай ұлттық-мемлекет құрып жатқанымызды неге ашық айтпасқа?!

Тәлкекке түсіп келе жатқан тіл мәселесіне неге түбегейлі жауап бермеске?!

«Байқоңыр» ғарыш айлағында өте улы һәм зиянды отындарды пайдалану мәселесіне орай неге ой бөліспеске?!

Еліміздегі 7 бірдей шетелдік әскери базалар мен полигондарға қатысты неге ақиқатты айтпасқа?!

Шетелдегі қандастарымызды елге әкелу тұрғысындағы бағдарламалардың неліктен тоқтатылғаны туралы неге ағынан жарылып, себеп-салдарын жайып салмасқа?!

Урбанизациялық үрдістің сапасы мен екпініне неге тоқталмасқа?!

Білім беру, ғылым, денсаулық сақтау және мәдени өміріміздің мән-жайын енге сөз етпеске?!

Ұлттық байлығымыз бен кен орындарын игерудегі әділеттілікті айтар болса, біреу қой деп пе?!

Тиімді мемлекет құрудың өзегін тілгілеп, азаматтық қоғамды жегі құрттай жеп жатқан биліктің барлық буынын жайлап алған жаппай жемқорлық жайлы жақ ашпауының себебі неде?!

Қоғамды демократияландырып, жергілікті өзін-өзі басқаруды енгізуден бастап, сөз бостандығы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары туралы неге ештеңе айтылмайды?!

Шынайы соттық-құқықтық реформалар жүргізіп, жеке меншік пен капиталдың сақталуына кепілдік беріліп, оған ешкімнің көз алартпайтыны туралы, орта және шағын бизнеске әкелік қамқорлық жасалатыны жайлы неге тілге тиек етілмейді?!

Жалпы, қоғамда президенттің Жолдауында айтылатындай өзекті мәселелер аз ба еді?!

Биылғы Жолдау мен ес біліп, етек жапқалы бері жасалған Жолдаулардың ішіндегі санаменен салмақтай алар жұртшылықты қолдарын бір сілтетіп, өкінішке қалдырған бірінші Жолдау болды. Естеріңізде болса, алжуға жақындаған шағындағы Брежневтің пленумдардағы сөздері мен Компартияның съездерінің шешімдерін жұртшылық дәл осылай қабылдайтын. Жұрт айтқандарыңды күлкіге айналдырып жатқан жерде келелі мәселелер талқыланып, тарихи шешімдер жасалып, бастамалар көтергеннен шығар нәтиже –  нөл!

«Мәңгілік ел» деп атап, президент елбасы болғалы бергі тарихында бірінші рет орындыққа отырып жасаған Жолдауынан менің өз басым, биліктегілер үкілегендей, қоғамдағы қордаланған сауалдарға нақтылы жауап ала алмадым.

–  «Мәңгілік ел» деп аталған патриоттық актінің болашағына қалай қарайсыз? Аталмыш концепция нені білдіреді?

– Қоғамға маңызды саяси құжат ұсынылған жағдайда –  осынау құжаттың өмірге келуіне түрткі болған маңызды саяси құрылымдық дүниелер, талқылау нәтижелері қоса ұсынылуға тиіс. Біздер соған қарап отырып, билікті осынау қадамға мәжбүрлеген ішкі механизмдер мен себеп-салдарларды, ондағы қандай да болмасын өзгерістерді бағамдап барып, ой түюге тиіспіз.

Ақыл-ойы толысқан адамдардың, әсіресе интеллектуалдардың міндеті –  биліктегі осындай өзгерістердің оң-терістігіне күмәнмен қарап, астарына үңіле білуінде. Дәлірек айтсақ, ұсынылып отырған дүниені бақайшағына дейін талдап, эксперттік баға беруінде.

– Ендеше «Мәңгілік ел» идеясын әр қырынан талдап көрелік.

– Президент Жолдауында былай деді: «Мы, казахстанцы, единый народ! И общая для нас судьба –  это наш Мәңгілік Ел, наш достойный и великий Казахстан! «Мәңгілік Ел» –  это национальная идея нашего общеказахстанского дома, мечта наших предков. За 22 года суверенного развития созданы главные ценности, которые объединяют всех казахстанцев и составляют фундамент будущего нашей страны. Они взяты не из заоблачных теорий. Эти ценности –  опыт Казахстанского Пути, выдержавший испытание временем».

Президенттің Жолдауының мемлекеттік тілдегі нұсқасы мен ресми тілдегі нұсқасының арасында едәуір алшақтық бар болғандықтан, мен оны әдейі орыс тілінде келтіріп отырмын. Қарапайым қазақ оқыса, төбе шашы тік тұрып жүрер деген бе, қайдам, әйтеуір аудармашылар тура осы мәтіннің қазақшасында «ұлт», «мемлекет» деген сөздерді алапес көргендей айнала қашып, сипайқамшылап аударыпты.

Ұлт болса, ол қандай ұлт? «Қазақ» ұлты ма, жоқ «қазақстандық» ұлт па? Мемлекет болса, ол кімнің мемлекеті, қандай мемлекет? Дәл осы анықтауыштардың орнына біздерге «Мәңгілік ел» деген тіркес ұсынылды. Астын сызып тұрып айту керек, «Мәңгілік ел» орысшаға аударылмай, таза қазақша ұсынылды.

– Сіздіңше бұл нені білдіреді?

– Бұл жерде жауаптан гөрі сұрақ көп. Мәселен, президенттің сөзі биліктің бүгінгі саясатында ешқандай өзгеріс болмайды дегенді білдіре ме? Егер ешқандай өзгерістер орын алмайтын болса, онда әлеуметтік және саяси пікірталастар басқа арнаға ауысып, оның қызуы көтеріле түспек. Мұндай жағдайда президенттің «дін мен тіл төңірегіндегі пікірталасты тоқтату керек» деп күркірегенінен еш пайда жоқ.

Жолдауда қазақ аудиториясына арналып, ешқандай әңгіме айтылмағанына қарағанда, президент пен оның командасы қазақтар ежіктеп оқып отырып, ойландырған сауалдарына керек жауапты әңгіменің астарынан өздері-ақ тауып алады деген болулары керек.

Алайда «Мәңгілік ел» деген тақырыппен ұсынылған осынау құжат қоғамның барлық сырқаты мен қайғысына жауап бола ала ма?! Ол қоғамдағы барлық пікірталас пен келіспеушілікке нүкте қойды деп кесіп айта аламыз ба?! Басқасын айтпағанда, осы құжатты оқыған адам кім «Мәңгі елі», қандай «Мәңгі ел» деген сауалдарға жауап таба ала ма?!

Президент өздерің ежіктеп оқып, кімнің «Мәңгі елі» екенін өздерің анықтап, барлығың қолдайтындай «патриоттық актіні» өздерің түзіп алыңдар деп, әңгімені ашық қалдырып отырғандай. Алайда, біздер билік әзірлеген бұған дейінгі құжаттардың тағдыры не болғанынан бек жақсы хабардармыз.

Басқасын айтпағанда, бұрындары билік ұсынған Ұлттық келісім Доктринасының су аяғы құрдымға кеткенін біз неге ұмытуға тиіспіз? Шамалы уақыт өткеннен соң, «Мәңгілік елдің» де соның кебінін кимесіне кім кепіл?

– Дегенмен, «Мәңгілік елдің» негізгі мәнін ұғынуға талаптанып көрсек?

– Ақиқат үшін «мәңгілік ел» ұғымының жаңалық емес екеніне тоқтала кетуге тиіспіз. Интернетке кіріп, шамалы іздеп көрсеңіз, осынау ұғымның бұрыннан бері айтылып келе жатқан сартап тақырып екеніне, «мәңгілік елдің» «мәңгілік қазақ елі» деген тұрғыда да біршама талқыланғанына көзіңіз әбден жетеді.

Билік пен билікке қызмет жасап жүрген интеллектуалдардың осынау тұжырымды «қазақ ұлты», «қазақ мемлекеттілігі», «ұлттық мемлекет» деген ұғымдарды айналып өту үшін пайдаланып отырғаны тайға таңба басқандай айқын нәрсе. Билік осынау ұғымды санаға сіңіру арқылы қазақ қоғамына біздер қазақ мемлекеттілігін құрып жатырмыз, тек сендер осыны іштей ұғыныңдар да, үндемей тыныш отырыңдар дегенді айтқысы келеді. Ал, шын мәнінде, билікке осынау ұсынысты жасағандардың қарекеті өткен ғасырдың 20–30-жылдарындағы орыс эмигранттарының евразиялық идеяны империялық дәстүр мен орыс мемлекеттілігінің аналогы ретінде ұсынғаны сияқты әсер қалдырады.

– Жалпы, «мәңгілік» дегеніміз мейлінше діни ұғым сияқты әсер береді...

– Естігенде бірден ойға солай ораларын жоққа шығара алмаймын. Екіншіден, «Мәңгілік ел» дегеніміз – түркі тілінде кездесетін сөз тіркесі. Үшіншіден, бұл жерден империялық амбицияның исі аңқып тұр.

– Кезек-кезегімен айтсаңыз...

– Мен Жолдауды әзірлеген адамдардың бір-бірімен қаншалықты байланыста болып, не жазып, не қойып жатқандары туралы қаншалықты ақылдасып отырғандарынан хабарсызбын. Әрине, «мәңгілік» билік жайлы айтқан жерде ойға «Құдайдың мәңгілік патшалығы» оралады. Демек, бұл христиандық-библиялық дәстүр. Орыстардың «мәңгілік ұры Ресей» образы осыдан туындаған.

«Мәңгілік» сөзі «киелі» ұғымымен ұштасып жатқанының өзі-ақ біздерді тағы да ресейліктердің «қасиетті Русь» концептіне жетелейді. Мен Жолдауды жазғандарды Флоренскийдің, Соловьевтың, Бердяевтің, Ильиннің еңбектері шабыттандырған деп кесіп айта алмаймын. Алайда ел президенті әкімшілігіндегі біраз басшылардың Кремльдегілермен етене байланыста екендіктерін білгендіктен және ресейлік политтехнологтардың өздері әлі жеріне жеткізіліп, етек-жеңі жиналмаған идеяларын біздің шенеуніктерге «шедевр» деп өткізіп жіберетіндіктерін бек жақсы білгендіктен, осынау іске олардың «жүнді қолдарының» араласуы әбден ықтимал екенін тағы да жоққа шығара алмаймын.

Егер логикаға сүйенер болсақ, биліктегілердің биылғы Жолдаудан кейінгі келесі қадамдары «патриоттық акт» емес, «жаңа діни әдет-ғұрып» қалыптастыруға бағытталуы тиіс.

Екінші мәселе аталмыш идеяның түріктік тегіне байланысты. «Мәңгілік ел» дегеніміз кешегі Түрік қағанатына, «Мәңгілік көк аспан» деген Шыңғысхан дәстүріне тікелей сілтеме емес пе?! Биліктегілер сендер қазақтық идеяларыңмен малтығып жатқанда, біздер тым әрідегі метадеңгейге, тарихи терең тамырға тіке жол тарттық дегенді айтып тұрған жоқ па?! Бір қырынан мен бұл әрекетті пантүріктік идеяны ұлықтап жүргендерге жасалып отырған ескерту деп білемін. Екінші қырынан қарасаң, бұл –  алғашқы қазақ мемлекеттілігін қалыптастырған кезде Шыңғысханнан қалған империялық идея дәстүрлерін жаңғыртқан «Алты Алаш» идеясымен де ұштасып жатыр.

Үшіншіден, бұл –  империялық мәңгілікті аңсау. Алайда өткен ғасырдың отызыншы жылдарында неміс ұлтшылдарының «мыңжылдық рейх», ал христиандық протестанттардың «Христостың мыңжылдық патшалығы» туралы айтқандарын ескерер болсақ, біздің биліктің мына тірлігі берісін айтқанда –  орынсыз шаруа. Діни тұрғыдан қарасақ, «мәңгілік» тек Құдайға ғана тән, Құдайдан өзгеге жат категория. Демек, «мәңгілік» идеясы – империя болып табылатын елдер ғана ауызға алып, аз-кем ләззатын тататын дүние.

– Сонда біздер ендігі саясатты империялық көңіл-күйге беріліп жүргіземіз ғой...

– Мәселе –  сонда ғой. Естеріңізде болса, кезінде Ресейдің сойылын соққан, евразиялық дәстүрдің жанашыры Михаил Пак қазақ ұлтшылдарын патриотизмнен жұрдай, империялық дәстүрді жоққа шығарушылар деп айыптаған болатын. Десек те, пакшылдар біздің билікте де жетіп-артылады екен. Немесе олардың көпшілігі өздері жазған сөздің мағынасын толық түсінбейтін дүбәралар.

Дәл бүгінгі форматта «мәңгілік ел» идеясы мағынадан жұрдай, тек алдағы 4–5 жылда қоғамның миын ашытып, назарларын қоғамды ойландырған өзекті мәселелерден басқа жаққа бұру үшін жасалған құйтұрқы қадам ғана. Бұл – кешегі «совет халқының» жұрнақтарын сақтау арқылы санаға «қазақстандық» деген ұғымды сыналап тығып, қазақтың ұлттық мемлекетін құруға кедергі жасап, тым болмаса шамалы шегере тұру үшін жасалып отырған әрекет.

– Дегенмен, біздер, –  қазақтар, солтүстікте –  Омбы, шығыста –  Байкал, батыста –  Балатонға жетіп жатқан шекарамыз жайлы да айтуға кетәрі емеспіз ғой?

– Тұрмыстық деңгейде кез келген қазақтан сұрасаң, сәл кібіртіктеп барып, еліміздің шекарасын шамамен сіз айтқан деңгейде сызып береді. Демек, «Мәңгілік ел» идеясы – осындай көңіл-күйді қанағаттандыруға да бағытталған идея. Бойында кешегі жауынгер түріктің қаны бар қазақтың бүгінгі ұрпағының ойындағысын тауып, алдарқатудың амалы.

Бірақ біздер дәл бүгінгі таңда ұлт және мемлекет ретінде империя бола алмаймыз. Біздерге бүгінгі күні ұлы түрік империясын да, орыс империясын да жайына қойып, қазақтың толыққанды ұлттық мемлекетін қалыптастырудың қамына кірісу керек.

Астананың ешқашан төртінші Рим немесе екінші Мәскеу, тіпті екінші Қарақорым бола алмайтынын ескерсек, «Мәңгілік ел» идеясы қоғамды бүгінгі таңдағы нақтылы өзекті мәселелерден алшақтатып, бас қатырудың амалы ғана.

Тағы бір айта кетер жәйт, «мәңгілік» идеясы барлық ұлттық, этникалық ұстанымдардың барлығын жоққа шығарады. Шын мәнінде, «империя» құрып жатқан елде қандай ғана ұлттық тілдің, тарихтың, әліпбидің, оралмандардың, қала берді урбанизацияның проблемасы болуы мүмкін? Мейлі ол азғантай аумақтағы империя немесе «индустриальды-инновациялық империя» болсын – бәрі бір емес пе? Ағайындар-ау, ешкім көрші елдерді жаулап алғалы жатқан жоқ қой!

«Империялық сана» –  ұлттық мемлекет құру мен дамыту деген түсініктерге басқаша қарауға мәжбүрлейді. Біздің билік бұл бағытта –  өтірікті шындай, ақсақты тыңдай қылып көрсетуде тым мықты тәжірибе жинақтап үлгерді. Алайда алдаудың да шегі болады. Бүгіндері біздер сол шекке жеттік. Десек те, ендігі жерде қоғамды «Мәңгілік ел» деп алдарқатпай, шынайы ұлттық мемлекет құрып, шынайы қазақ ұлтын қалыптастырудың қамына мықтап кірісу керек. Ананы-мынаны айтып, тарихи уақытты ұрлауды тоқтату қажет. Ұлттың уақытын ұрлау –  бюджеттің ақшасын қымқырудан әлдеқайда ауыр қылмыс!

Бәрін жиып қойып, алғашқы негізгі құжаттарға қарайықшы: Тәуелсіздік туралы Декларация мен Мемлекеттің тәуелсіздігі туралы заңда –  Қазақстан қазақ ұлттық мемлекетін құрады деп жазылған емес пе?! Астын сызып тұрып айтатын және бір жәйт –  осынау қос құжатта келешекте қабылданар заңдарда, тіпті Конституцияның өзінде қазақтың ұлттық мемлекетін құру мақсаты көзделеді, ал оған қайшы ұстанымдағы құжаттардың заңдық күші жоқ деп аққа қарамен жазылған емес пе?!

Бүгінгі биліктің еліміздің, ұлтымыздың мүддесіне сай осынау базалық талаптарды жүзеге асырып, Үшінші Республикамызды мәңгілік болмағанмен, ұзақ мерзім етуге мүмкіндігі жеткілікті-ақ. Болмаса, алдарқатудан шаршаған қоғам өзі-ақ ұлттық негіздегі Төртінші Республиканы жасақтауды қолға алатын күн қашық емес.

Айналасындағылардың «сен данышпансың» дегеніне шүбәсіз иланатын «мәңгілік» президенттің қиын күні туып жатса, ұлттық негізде ұран тастап, көшбасшы болып шыға келемін деген арам-ниеті болуы ықтимал екенін де жоққа шығармаймын. Бірақ оған тарихи да, адами да уақыты жетпей қалуы әбден кәдік.

– Сіздің ойыңызша, дәл бүгінгі таңда мемлекеттік идеологияның алдында тұрған негізгі міндеттер қандай?

–  «Идеологиялық сфераның» бар екенін мойындағаным, мен мен әрқашан «мемлекеттік идеологияны» жоққа шығарып жүрген жанмын. Нақтылап айтсақ, «ұлттық идея», «мемлекеттік идеология» іздеу кешегі кеңестік кезден қалған, орасан зор қоғамдық күш-қуатты текке қор қылатын әдет қана. Сондықтан да соңғы 7–8 жылда «ғаламат» жобалар өмірге келіп үлгерді. Біз табынбаған дүние қалды ма?! Қандай идеялар ұсынылмады?! Қазір қайсыбірі есіңізде бар ма? Сіз осындай боссөзділіктен шаршаған жоқсыз ба?!

– Демек, мемлекетте ұлттық идея болмауы керек пе?

– Мемлекетте шегеленіп қалған «ұлттық идея» һәм «мемлекеттік идеология» болуы керек деген әншейін аңыз ғана. Шынымды айтайын, осынау кеңес үкіметінің кезінде жұққан сырқатпен мен де ұзақ ауырдым. Мен қазір біздің мемлекетімізге принцип, құндылық, мақсат, міндет, мүдде ғана керек деген қорытындыға келдім.

Адам өмірінің мақсаты не? Базалық тұрғыда қарасақ – өмір сүріп, артында ұрпақ қалдыру! Мемлекет те солай. Әр адам, әр мемлекет бастапқы жағдайға, амбициясына қарай өз жолын таңдайды. Қалғандары, мәселен, ақпараттық саясат, тек қосымша ғана. Десек те, қоғамдағы топтардың, партиялардың осынау мақсатқа жету жолындағы тәсілдері әртүрлі болып, тіпті ымыраға келмей жатулары да ықтимал.

Мемлекеттің мақсаты –  тәуелсіздігін сақтап, азаматтардың бостандықтары мен құқықтарын, мүдделерін қамтамасыз етіп, оларға мейлінше рахатты жағдай жасау. Мұнан басқа қандай ұлттық идея керек?! Біздер ұсынып, қызу пікірталастарда қызылкеңірдек болып, қорғап отырған жобалардың барлығы осы мақсатқа негізделген. Ал нарықтық капитализм мен демократия – осы мақсаттарға жету құралдары ғана. Міне, осы мақсаттарға жету үшін кез келген конфигурацияны құрап, түрлі одақтарға бірігіп, шығып әрекет етуге болады.

Идеологиялық ұстанымды жиі және тұрақты өзгерте беру зиянды. Ұлттық идеяны таза күйінде ұлықтау да зиянды. Егер барлық мемлкеттер, мәселен, 2050 жылы коммунизм орнату идеясына жұмылып, күндіз-түні сол жолда жұмыстанар болса, 2050 жылы коммунизмнің орнамағанын көрген жұрттың наразылығына ұшырап, күл-талқан болар еді.

Бүгінгі қабылданып жатқан «жобалар» мен «жобасымақтардың» тек бүгінгі режимді сақтап қалу үшін ғана жасалып жатқандығына әлдеқашан көзім жеткен адаммын. Айтыңызшы, кластерлер төңірегінде тер төге жұмыстанып, инновациялық экономика құрып жатқан билікті бастаған ісін аяқтатпай, қалай ғана сырып тастауға болады?! Сондықтан да олар жыл сайын «жаңалық» ашып, ғұмырларын ұзартуға мүдделі. Ауыз толтырып айтарлықтай еш нәтиже жоқ екеніне қарамастан, сананы улауға ақпараттық-саяси аппаратты қосады, саяси және өзге технологияларды һәм әлеуметтік инженерия құралдарын пайдаланады.

Біздің жағдайда «мемлекет» ұғымы бүгінгі «режим» және «билік» ұғымымен ұштасып кетті. Сондықтан да «мемлекеттің тұрақтылығы» туралы әңгіме қозғағанда, билік бүгінгі режимнің сақталуы мен тұрақтылығын негізге алып, мемлекеттілігіміздің негіздеріне қауіп төндіріп жатады. Бұл түбірімен қате! Билік немесе режим келеді-кетеді. Мемлекет – мәңгілік. Тым болмағанда –  ұзақ дәуірлік. Дей келіп айтарым, ХХІ ғасырда өмір сүріп жатқан қазаққа ауыз толтырып айтар аңыз ғана емес, нақтылы қолмен ұстап, көзбен көретін негіздер қажет.

– Мемлекет туралы айтқанда, оның ұдайы сыртқы ықпалға ұшырап отыратындығын ескермеуге болмайды. Ал біздің ішкі саясатымыз оған төтеп бере ала ма?

– Өкінішке орай, бүгінде біздің ішкі саясатымызды ішкі жағдайымыз ғана емес, негізінен сыртқы жағдай қалыптастырып отыр. Біздің ақпараттық нарығымыз Ресейге тікелей тәуелді. Біз бұл күнде ұлттық деңгейдегі бірде-бір акцияны Ресейге жалтақтамай, өздігімізден өткізе алмаймыз. Бұл тәуелділіктің негізі жоғарғы деңгейдегі басшылар мен шенеуніктердің санасына байланысты.

Біздер дәл бүгінгі таңда билік органдарында Ресейдің жасырын, қарапайым тілмен айтқанда, «ұйқыдағы» агенттерінің көп екендігін бек жақсы білеміз. Тіпті Кремльмен тығыз байланыстағы жоғарғы шенді саясаткерлердің бар екені де жасырын емес. Бұл мемлекетке төнген қауіп! Әлемнің бірдебір елі дәл Ресей сияқты ішкі жағдайға ықпал ете алмайды. Батыс елдері де, Қытай да дәл Ресей сияқты ақпараттық-саяси ықпалға ие емес.

Сыртқы ықпал туралы айтқанда, діни және этникалық бөлшектенуге әкеліп соғар, экстремизм мен ланкестікке бастар діни фундаментализм туралы айтпау мүмкін емес. Бұл бүгінгі таңда біздің мемлекеттілігімізге төніп тұрған негізгі қатер. Ал осынау қатердің бетін қайтару тек ішкі ресурсқа, ұлттық көпшілік болып табылатын қазақ халқына, оның ұлт ретіндегі құндылықтарына арқа сүйегенде ғана мүмкін болмақ. Оған қол жеткізу үшін – қазақтың ұлттық мемлекетін құру жолында ұлттың рухын көтеретін әрекеттерге барып, ұлттық болмысты оятуға деген ел билігінің саяси ерік-жігері болса жетіп жатыр.

– Ұлттық мемлекет пен ұлтшылдық туралы айтылған жерде сізді замануи қазақ ұлтшылдығының идеологы деп атап жүргендігіне тоқталмай кетуге болмас. Бүгінгі қазақ ұлтшылдығы деген не және қандай деңгейде?

– Мені идеолог деп жатса, ол бірінші кезекте мен үшін өте үлкен жауапкершілік. Сенім үддесінен шығуға тырысып бағамын.

Бүгінгі қазақ ұлтшылдығы туралы әңгіме –  ол өте ауқымды тақырып. Бұл – өте үлкен, күн санап өсіп келе жатқан, келешекте өзгенің бәрін жұтып қоятын ірі саяси нарық. Мен айтар едім, бұл діни экстремизм мен ланкестікті күш қолданбай-ақ тоқтатудың жалғыз жолы! Бұл –  егер билік дұрыс жұмыс жасай білсе, қоғам күткен оң өзгерістерге еш қиындықсыз жеткізе алар сенімді де күшті тыл!

Айдана АХМЕТОВА,

Сері Қайыржан (аударма)

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 03 (227) от 23 января 2014 г.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5555