Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Билік 4278 7 пікір 13 Тамыз, 2024 сағат 13:12

Бейсенбаев пен Сенғазиевты мазалаудың қажеті жоқ!

Коллаж: Abai.kz

Балаларын мектепте оқытқалы келген қандастар мен мектеп директорларына үшбу хат

Әр жылы жаңа оқу маусымы басталарда алыс-жақын шетелдердегі этникалық қазақтар да балаларын жетелеп, Қазақстанға ағылады. Дәл осы кезде басталатын бір «ЖЫР» бар.

Ол «ЖЫР» – сол шеттен оралған балаларды мектеп директорларының мектепке аламай, әуре-сарсаңға салатыны.

«Әуре-сарсаңға салатыны» деген жай сөз, «ӨЗЕККЕ ТЕБЕТІНІ» десек, дұрыс болады.

Әрине, барлық мектеп директорлары емес, біразы! Әсіресе, үлкен қалалардағы мектептердің директорлары.

Осы мәселеге байланысты маған хабарласатын ағайындардың қатары көп. Өте көп. Әр жылы жүздеген азаматтар телефон соғып, көмек сұрайды.

Мен солардың бәріне қол ұшымды беріп, балаларын өздері қалаған мектепке түсіріп берумен келемін.

Қалай көмектесесіз дейсіз ғой, қолданыстағы ЗАҢҒА сүйеніп!

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 66-бабында «Шет елдегі қазақ диаспорасының білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыру» туралы бір емес, ҮШ НОРМА бар.

Соның бірінші тармағында: «Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдардың Қазақстан Республикасында білім алуға құқығы бар», - деп жазылған!

Иә, қазіргі таңда шеттегі қазақтар баяғыдай қотарыла көшіп келіп жатқан жоқ. Көш саябырлап қалды. Әркімнің жағдайы әр түрлі. Соңғы кезде шеттегі қазақтардың бір бөлімі балаларын Қазақстаннан оқытуға әрекет жасап жатыр. Олардың да Атажұртқа әр түрлі жолмен келіп жатқаны белгілі. Кейбір отбасылар екіге жарылып, ата-ананың біреуі баласын алып келсе, енді біреулер балаларын Қазақстандағы туыстарына нотариусталған «СЕНІМХАТ» беру арқылы қалдырып кетуге мәжбүр болуда. Қазақстанға мұндай «ЖҮК САЛУ» Қытайда тұратын қазақтарда көбірек екен...

Біле-білсеңіздер, бұл да жетіскеннен болып отырған шаруа емес, қазақтар көп тұратын көрші елдердегі саяси жағдайдың кесірінен осындай қадамға баруда олар!

Қайта, ұрпағын шетте қалдырмай, өз ОТАНЫНА жеткізуге барын салып жатқан сол ата-аналарға біз рахмет айтуымыз, алдынан шығып көмектесуіміз керек!

Осы жерде баса айта кететін бір түйін бар.

Қазір қазақтар тұратын мемлекеттердің көбінде қазақ мектептері жоқ. Баяғыда жабылып қалған. Ондағы қазақ балалар сол өзі тұрған елдің тілінде оқиды. Тіпті, кейбіреулері АНА ТІЛІН білмейді. АНА ТІЛІН білмейтін баланы Ұлттық бағытқа бұрудың өзі бір – қиямет!

Шындығын айтсақ, қазір сол өзінің АНА ТІЛІННЕН айырылып, тамырынан ажырап бара жатқан балаларды Қазақстанға алып келудің өзі оңай шаруа болмай тұр!

Қазақстанды Ай мен Күнге теңеп, мақтауын асырып, сол балаларды зорға алып келгенде, мектеп директорлары түрлі сылтау көрсетіп, оларды мектепке алмай қойса, айтыңызшы, бұл – ӨЗ ҰЛТЫН ӨЗЕККЕ ТЕПКЕН емей, не?!

«Атажұртым!», «Отаным!» деп келгендегі жағдай осы болса, директорлардың иттігін көрген анау бала байқұс, қандай күйде болмақ!?

Ол баланы алдап-сулап ӨЗ ОТАНЫНА әрең алып келген әке мен ана байқұстың бар арманы мен үміті селге кетпей ме?!

Бір қызығы, біздің Қазақстанда алыстағы ағайынның осы жағдайын сезбейтін, түсінбейтін мектеп басшылары көп!

Ең өкініштісі, ондай мектеп директорлары жоғарыдағы «Білім туралы» заңның 66-бабының бірінші тармағындағы: «Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдардың Қазақстан Республикасында білім алуға құқығы бар», - деген нормадан хабары жоқ!

Оқымаған!

Тіпті, кейбіреуі «Білім туралы» заңның бар екенін білмейді!

Бұл туралы сәл кейінірек!

Сол үшін, балаларын Қазақстаннан оқыту үшін оралған қандастар!

Сіздер ең алдымен осы «Білім туралы» заңның 66-бабын жаттап алыңыздар!

Әрине, Қазақстанға жаңадан келген, бірінші мәрте аяқ басып отырған ағайындар үшін бұл ЗАҢДЫ білмедің деп кіналау дұрыс емес.

Бірақ, олардың Қазақстанда тұратын, ертерек келген туыстары «Білім туралы» заңның 66-бабын сөзсіз білулері керек!

Бұрын білмеген болсаңыздар, менің осы мақаламды оқыған соң көкейлеріңізге түйіп, Құран сүресіндей жаттап алыңыздар.

Естеріңізде болсын, Сіздерді қорғайтын – бірінші Құдай, сонан соң осы ЗАҢ!

Арғы беттегі туыстарыңыз балаларын оқытуға алып келгенде, мектеп директорлары оларды оқуға алмай, сылтау айта бастаса, «Құрметті директор, Сіз «Білім туралы» заңның 66-бабын оқыңыз! Онда: «Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдардың Қазақстан Республикасында білім алуға құқығы бар!», - деп жазылған! Сіз мына баланың сол заңмен бекітілген ҚҰҚЫҒЫН шектеп тұрсыз!», - деп, ол директордан аталған Заңның аталған бабын оқуды қатаң талап етіңіздер!

Болмаса, менің осы мақаламды оқтыңыздар.

Егер, миы су болып кеткен топас біреу болмаса, «Білім туралы» заңның 66-бабын оқыған соң, шапшуырлап тұрған әрқандай директор СЫЛҚ ете түседі де, Сіздің балаңызды бірден мектепке оқуға қабылдайды.

Ал, ол директор бұл Заңды оқып тұрып, Сіздің балаңызды мектепке оқуға қабылдаудан бас тартса, онда маған хабарласыңыздар.

Менің телефон номерім: +77019884189. Ол директормен өзім сөйлесемін! Керек болса, Қазақстанның қай түкпірінде болса да баруға дайынмын!

***

Ендігі мектеп директорлары туралы бір-екі ауыз сөз.

Құрметті мектеп директорлары!

Мен Астана қаласының тұрғынымын.

Сол себепті, Астана қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиев бауырымның фамилиясын Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсенбаевтың фамилиясына қосып, тақырыпқа шығарып отырмын.

Бірақ, бұл «АШЫҚ ХАТЫМДЫ» бүкіл Қазақстанның барлық мектептерінің директорларына арнап жазғанымды естеріңізге саламын.

Жоғарыдағы қандастарымызға қаратып айтқан сөздерімнен байқаған боларсыздар, Қазақстан Республикасы «Білім туралы» заңының 66-бабына сай, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдардың Қазақстан Республикасында білім алуға құқығы бар!

Тілекке қарсы, біздің мектеп директорлары, жоғарыда айттым, «Білім туралы» заңның 66-бабын білмейді екен.

Мектеп директорлары мен Білім басқармалары үшін бұл – дұрыс емес! Ұят! Тіпті, масқара жағдай!

Соңғы екі-үш жылдың ішінде Көші-қон саясатымен он бес жыл бойы тынбай айналысып келе жатқан белсенді азамат, тәжірибелі маман ретінде, қандастарымыздың балаларын оқуға алмай қан қақсатқан директорлармен көп алыстым. Аяусыз күрестім деуге де болады.

Енді Сіздерге солардың есімде қалған бір-екеуін айтып берейін.

Бірде Ақмола облысының Ерейментау ауданынан Расул Қайнар деген азамат телефон соқты.

Ол Қытайдан бірге туған ағасының әйелі (жеңгесі) баласын алып келгенін, ол баланы сол Ерейментау ауданының өзі тұрған ауылдағы мектептен оқытқысы келетінін, бірақ ол баланы мектеп директоры оқуға қабылдамай қойғанын айтып, көмек сұрады.

Расул Қайнардың айтуына қарағанда, оның жеңгесі баласын нотариусталған «СЕНІМ ХАТПЕН» Қайнарға табыстап кетпекші екен.

Расул Қайнарға сол мектеп директорының кеңсесіне барлық құжаттарымен ана баланы ертіп баруды, кабинетке кірген соң WhatsApp желісі арқылы видио қоңырау шалып, мені сол мектеп директорымен бетпе-бет сөйлестіруді тапсырдым.

Расул Қайнар айтқанымды орындады. Видео арқылы директормен сөйлесу басталды. Директордың ата-жөні, жаңылмасам, Сәуле Әнуарбекқызы екен.

Сәуле Әнуарбекқызының алдында компьютер тұр.

Амандық-саулық жасасып, қысқаша танысқан соң, Сәуле қарындасымыздан компьютерді ашып, «Білім туралы» заңның 66-бабын оқуды өтіндім.

Қызық болғанда, директор аталған Заңды таба алмай, ақ тер, көк тер болды.

Сосын, Расул Қайнарға WhatsApp желісі арқылы «Білім туралы» заңның сілтемесін жіберіп, директордың 66-бапты оқып шығуын күттім.

Бес-алты минут өткен соң, Расул Қайнарға қайта телефон соқсам, Сәуле Әнуарбекқызы аудандық Білім басқармасының басшысы болса керек, біреуге телефон соғып, болған жағдайды баяндап жатыр. Сөздері маған ап-анық естіліп тұр.

– Пәланбай Түгіленбаевич,  «Білім туралы» заң деген Заң бар екен ғой, соның 66-бабында «Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдардың Қазақстан Республикасында білім алуға құқығы бар» деген жазу бар екен, не істеймін?! – дейді, Сәулеш директор алдындағы компьютерге үңіле түсіп!

Не күлерімді, не жыларымды білмеймін, телефонды жаба салдым.

Жарты сағаттан кейін, Расул Қайнар телефон соғып, «Сәуле Әнуарбекқызы ана баланы мектепке оқуға қабылдайтын болды...», - деген қуанышты хабарды жеткізіп, рахметін айтты.

Көрдіңіз бе, білдей бір мектептің әп-әдемі, жап-жас директоры «Білім туралы» заңды оқу былай тұрсын, ондай Заңның бар екенін білмейтін болып шықты.

Тағы бір әңгіме.

Кеше – 12 тамыз күні кәсіпкер Ербосын Нұрмұханұлы екеуіміз бір жұмыспен Астана қаласының әкімдігіне бара қалдық.

Қытайдан келген бір келіншек қабырғадағы телефонға жармасып алып, арғы беттен абысынының бір қызын Астанадан оқтыту үшін алып келгенін, нотариусталған «СЕНІМ ХАТПЕН» өз қолында алып қалып оқытайын десе, ол қызды №93 мектептің алмай жатқанын айтып, жалынып тұр екен.

Телефон соғып тұрған келіншектің аты-жөні Данабек Бақытгүл болып шықты.

Оны қалалық Астана қалалық Білім басқармасына жіберген №93 мектеп директорының көмекшісі ме, хатшысы ма білмеймін, Айман деген мұғалім екен.

Енді, Бақытгүлдің телефоны арқылы Айманмен сөйлесуіме тура келді.

Сөйлестім.

Сөйтсек, ана қызды №93 мектепке алу үшін, «Сенім хат» алған азамат қалалық Білім басқармасының «Оқуға алуға болады!» деген келісімін әкелу керек екен.

«Жоқ, олай емес!» - деп, Айманға «Білім туралы» заңының 66-бабына сай, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдардың Қазақстан Республикасында білім алуға құқығы бар екенін түсіндірдік.

Тіпті, аталған Заңның аталған нормасын WhatsApp желісі арқылы жібердік.

Заңды көрген соң, манадан бері бет бақтырмай шапшуырлап тұрған Айманжан да бірден СЫЛҚ ете түсті. Сынды!

Бағанағы өктем дауыс жайына қалып, енді барынша сыпайы, мейірімді үнмен «Түстен кейін балаңызды құжаттарымен алып, директорға келіңіз. Мектепке қабылдаймызға» көшті...

Кешке қарай, Данабек Бақытгүл қарындасымыз телефон соғып, «Абысынының қызы №93 мектепке қабылданатын болды...» - деген қуанышты хабар жеткізді.

Арқамыздан бір ауыр жүк түскендей болып, біз де қуанып қалдық...

Ардақты мектеп директорлары!

Өздеріңіз өте жақсы білесіздер, біз «Әділетті әрі таза Қазақстан» құрып жатырмыз.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан – құқықтық мемлекет. Ал кез келген құқықтық мемлекетте азаматтар мен институттардың барлығы заңдарды, ережелер мен нормаларды мүлтіксіз сақтауға тиіс», - деген жоқ па?!

Ендеше, Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, осынау заңдарды, ережелер мен нормаларды мүлтіксіз сақтауға тиіс азаматтардың сап басында, ардақты мектеп директорлары, Сіздер тұруларыңыз керек қой.

Ол үшін, Сіздердің қызмет үстелдеріңіздің оң жақ бетінде «Қазақстан Республикасының Конституциясы», сол жақ бетінде «Қазақстан Республикасының Білім туралы» заңы тұруы тиіс!

Сіздер әр күні қызметке кірісердің алдында, осы екі ҚҰЖАТТЫ қолдарыңызға кезек-кезек алып, басынан бастап, соңына қарай парақтап оқып тұруларыңыз қажет.

Соншалықты қалың роман емес қой, Конституция небары 99 баптан, «Білім туралы» заң 68 баптан тұрады.

Күніне бір баптап оқып отырсаңыздар, екі ҚҰЖАТТЫ жылына екі-үш реттен оқып шығуларыңызға болады.

Осылайша, жылына үш реттен оқи берсеңіздер, бес жылда екі ҚҰЖАТТЫ да түгел жаттап аласыздар да, шеттеріңізден атақты ЗАҢГЕР болып шығасыздар.

Естеріңізде болсын, Заңды ең жақсы білетін басшы – ең мықты басшсы!

Тағы да қайталап айтайын, біз ЗАҢ ҮСТЕМДІК ЕТЕТІН «Әділетті, таза Қазақстан» құрып жатырмыз.

Ендеше, ең алдымен Сіздер ЗАҢДЫ жақсы білуге міндеттісіздер және ол заңды Өздеріңіз ғана емес, қол астыларыңыза қызмет істейтін бүкіл мұғалімдерге де оқытуларыңыз керек.

Мұғалімдермен ғана шектелмей, өздеріңіз оқытып жатқан жас ұрпақтың санасына да сіңіруге тиіссіздер!

Мынадай мәселеге дөп келгенде, Өздеріңізден жоғары тұрған мекемеден нұсқау сұрауды, солардың бұйрығымен жұмыс атқаруды доғарыңыздар! Тек Заңмен жұмыс жасауды, Заңға сүйенуді үйреніңіздер! Бұл – бір!

Екінші айтарым, басқасын білмеймін, алыс-жақын шетелдерден Қазақстанға көшіп келетін этникалық қазақтарды құжаттандырудың, білім берудің заңдық негізі баяғыда жасалып қойылған.

Мысалы, біз айтып отырған «Білім туралы» заң  2007 жылғы 27 шілдеде; ал «Халықтың көші-қоны туралы» заң 1997 жылдың 13 желтоқсанында қабылданған болатын. Одан бері бізаз уақыт өтті ғой, Сіздердің бір оқып шығуларыңызға болатын еді ғой...

Әуелгі сөзімізге қайта оралайық.

Құрметті директорлар!

Баласын оқыту үшін оралған қандастарымызды Оқу-ағарту министрлігі мен Білім басқармасына жіберіп, Ғани Бейсенбаев пен Қасымхан Сенғазиев секілді Білім басқармасы басшыларының мазасын алмаңыздар!

Дәл осы мәселемен ол кісілерді мазалаудың еш қажеті жоқ!

Көріп отырсыздар, бұл мәселе ЗАҢМЕН баяғыда бекітіліп қойған, енді тек Сіздердің деңгейлеріңізде ғана шешіле береді!

Сондықтан, Сіздер алдыңызға оқимын деп шетелден оралған балаларды ӨЗЕККЕ ТЕППЕЙ, ұлты ҚАЗАҚ болса болғаны, олардың визасының САНАТЫ мен МЕРЗІМІНЕ, ата-анасының біреуінің не екеуінің де Қазақстан азаматы болмағанына, сондай-ақ ата-анасының Қазақстанда тұрақты тіркеуде тұратын не тұрайтына да қарамастан, ешқандай себеп көрсетпестен, бірден оқуға алуға міндеттісіздер!

Әрине, Қазақстанда тұрмайтын ата-аналар балаларын Қазақстан азаматы болып табылатын туыстарына ноториусталған «СЕНІМ ХАТ» беру арқылы табыстап кетуілері – шарт!

Егер, мектепке қабылдаудан бас тартсаңыздар, Сіздер ол баланың Заңмен бекітілген ҚҰҚЫҒЫН таптаған болып саналасыздар! Тіпті, СОТ алдында жауап беріп қалуларыңыз мүмкін!

Ал, олардың визалары мен тіркеулері сәйкес келмесе, Сіздер ол баланың мектепте оқып жатқаны туралы «АНЫҚТАМА» бересіздер.

Ата-анасы немесе ноториусталған «СЕНІМ ХАТЫ» бар азамат сол Сіздер берген «АНЫҚТАМА» арқылы олардың құжаттарын дұрыстай алады.

Егер, мектепте оқып жатқаны туралы Сіздер берген «АНЫҚТАМАСЫ» бола тұра, өзге құзырлы органдар мен мекемелер ол баланың құжаттарын ыңғайлап бермесе, олар да сол баланың «Білім туралы» заңның 66-бабындағы ҚҰҚЫҒЫН бұзған болып есептеледі. Олар да СОТ алдында жауап беріп қалуы мүмкін...

Құрметті мектеп директорлары!

Сіздер менің осы «АШЫҚ ХАТЫМДЫ» мұқият оқыңыздар және республикамыздың түкпір-түкпіріндегі барлық әріптестеріңізге тартыңыздар!

Сонымен, шеттен оралған ҚАЗАҚ БАЛАСЫН мектепке алмай, ӨЗЕККЕ ТЕБЕТІН келеңсіздік осымен аяқталсын!

Бәріміз ЗАҢДЫ БІЛЕЙІК және ЗАҢДЫ МҮЛТІКСІЗ ОРЫНДАЙЫҚ

Құрметпен,

Ауыт Мұқибек,

«Ерен еңбегі үшін» медальының, «Құрмет» орденінің иегері

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052