Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Білгенге маржан 1959 1 пікір 26 Тамыз, 2024 сағат 14:19

1945 жылы қыркүйек айынан кейінгі Оспан

Коллаж: Abai.kz

Басы: Оспан шынында қандай адам? 

Жалғасы: Оспан шынында қандай адам?

Жатсыну, кергу

1945 жылы қыркүйектің 2-күні, Ұлтық армия Кеңсай 3-атты полкі Жеменейдегі Алтай, Тарбағатай партизандарының тығыз сәйкесуімен жаудың бір полк әскерін шып-шырғасын шығармай жүріп, Буыршын қалашығын азат етті де, қыркүйек айының 3-ші, 4-ші күндері екіге бөлініп, бір аптадан бері Дәлелқан Сүгірбаевтың қолбасшылығында Сарсүмбе қалашығын қоршауға алуға оқталып тұрған Алтай партизандары жаққа беттеді. Екі жақ асқан шаттықпен ұшырасып, Сарсүмбе қаласын шығыс-терістік және түстік жақтарынан қоршайды. Бір мың 500 адамдық Алтай партизандарының күшті қысымы, Дөрбілжін, Қобық аудардандарын азат етіп, жеңіспен ілгерілеп келе жатқан Ұлттық армия бөлімдерінің айбынды айбары, неше айдан бері Үрімжімен болған қарым-қатынастың шорт үзілгендігі салдарынан заттық жақтан да, рухани жақтан да мейлінше тұқыржылап қалған Гоминдаң үкіметінің 3 мың әскері, қуыршақ уәли Гау Бойұй, Алтай қосынының қолбасы Уан Лииұн Моңғолия Халық Республикасына барып саяси баспана табу үшін қаланың шығыс жағымен қашып шығып, Өрмегейті асуы арқылы өтіп, Алтай жон тауына қарай жоси жөнеледі. Бірақ, Дәлелқан Сүгірбаев қолбасшылық еткен 300 адамдық шағын қосын оларды қыркүйек айының 10-күні арттарынан қуа барып, мақсаттарына жеткізбей, еріксізден тізе бүктіріп, қайтарып келді.

Қыркүйек айының 30-күніне келгенде, аймақ бойынша бейбітшілік орнап, тың тіршілік басталды. Оспан бұл кезде Көктоғай ауданының Тұрғын деген жеріндегі өз ауылында болатын. Дәлелқан оған дереу хат жазып, Алтайдағы Гоминдаң кертартпашыларының соңғы апаны болған Сарсүмбе қаласының азат болу барысын, жүйеден Іледен шыққан Ұлтық армия 3-ші Кеңсай атты полкінің келгендігін толық таныстырады. Оспан бұл хабарды жеткізген адамға: "Қап, әттеген-ай! Бір атқа екі кісі мінгесетін болған екен ғой!" деген бір ауыз лебіз ғана білдірген.

Қыркүйек айының 20 нешелерінде Құлжадан келген Әлиқан төре, Ахыметжан Қасыми қатарлы адамдар Алтайда он шақты күн тұрып қайтты. Осы барыста, олар әр ұлт, әр жік адамдарымен талай рет әңгіме өткізеді. Жұртшылыққа жиналыс ашып, Алтай төңкерісі Үш аймақ төңкерісінің бір бөлімі деп қаралатындығы, Алтайда құрылатын әкімшілік мекемесінің Құлжадағы уақыттық үкіметтің жетекшілігін қабылдайтынлығы және оның құрамындағы негізгі басшылар есімдігі қатарлы мәселелерді жариялады. Осы әңгіме, жиналыстарға шақырылса Оспан оны-мұны жақауратып келмей қояды. Жоғарыда айтылған бір ауыз сөзінің өзі-ақ оның асқан мен-меншіл, Алтайды жеке билеп-төстегісі келетін, Үш аймақтың тұтастығын қаламайтын адам екендігін айқын аңғартты.

Үш аймақ ұлттық армиясының бас қолбасшысы генерал-лейтенант Ысқақбек Мононов пен Дәлелқан Сүгірбаев Сарсүмбеде.

Алғашқы сүркелістер

Әлиқан төре, Ахыметжан Қасымилер қайтып кеткен соң, 1945 жылы қазан айының 10-шы күндері, полковник Доскенов Оспанға арнайы барып, Сарсүмбеге келіп уәлилік міндетін тапсырып алуға ұсыныс етіп, отбасымен көшіріп әкеледі. Бірақ Оспан қызмет жозысына бір күн де отырмады. Әдеттегі жұмыстармен хат-қатынастарға қол қойғызу істері өзімен бірге келген жеке хатшысы Бақыт Зейтінғазы (қазір Шіңгіл ауданының Арал ауылдығында) арқылы жүргізіледі. Келелі жұмыстарда орынбасар уәлилер, көбінесе Дәлелқан Сүгірбаев оның үйіне барып пікірлесіп, мақұлдығын алып тұрды. Арада бірер ай өтісімен Оспан "мүйзін" көрсете бастады. Мұндағы сүркелістер кемінде мына мәселелер үстінде болды:

1. Бұрыпжап, Манат мәселесі. Жоғарыда баяндағанымыздай, Бұрыпжап –Гоминдаңның итаршысы. 1941 жылдан кейін, ол Құбы құмында жатқан Оспанмен 200 әскер бастап барып тұңғыш рет соғысқан, Оспанды 17 адаммен жан сауғалап қашып шығуға еріксіздендірген, қатын-балаларын Сарсүмбеге айдап әкеткен, Оспанның адамдарымен, прартизандармен сан рет сайысқан  адам. Манат болса, 1944 жылы ақпан айында төңкеріске опасыздық істеп, қол астындағы адамдармен бірге Гоминдаңға бағынып кеткен сатқын. Сондықтан, бұл екеуі де Сарсүмбе қаласы азат болған соң қолға алынған болатын. Бірақ Әлиқан төре, Ахыметжан Қасыми әпенделер ашқан зор жиналыста "6-шы қыркүйектен бұрынғы саяси сипатты мәселеге байланысты өтілген істер түгелдей салауат" деген ұйғарым жасалады да, сол бойынша түрмеден босатылады. Оспан бұған наразы болып, өшіккен бұл қас-жауларын қайтадан қолға алуды айтады. Дәлелқан Сүгірбаев бұл жоғарының ұйғарымы, жұртқа жария болған іс. Бұлай істеу көз алдағы жалпылық жағдайдың қажеті деп қарап, Оспанның жеке басындық қысас алуына қосылмайды.

2. Кадр мәселесі. Аймақтық әкімшілік мекемесі құрылудың алды-артында, қыркүйек айының 20 ларынан бастап әрбір аудандық үкіметтер мен аймақтық мекемелердің басшылары белгіленіп болған-ды. Бұған Оспанның үлкен пікірі болды. Атап айтқанда, бұл жолы алғашқы адымда ұйымдастырылған аймақ дәрежелі 13 органның қақ жармына басқа ұлт адамдарынан басшы қойылғандығын көпсініп, олардың орнына әлі де болса қазақтан адам белгілеуді қуаттады. Тағы бір жақтан, атты полк пен аймақтық Сақшы мекемесінің бөлім орынбасарларынан жоғары кадрлар ішінде неліктен Көктоғай, Шіңгілден (ежелгі сенімді серіктерінен) бірде-бір адам қойылмағандығын көтеріп шықты. Әскери орын мен Сақшы органын ең үлкен үкімет деп білетін Оспан осы екі орында "өз адамдарының" жоқтығын "захотқа отырғаным" деп есептеді. Сонымен Қабас Тіркешұлы атты полктің орынбасар басшысы болсын, пәлендер пәлен міндетке, түглендер түген міндетке қойылсын дегендей бұйрық сияқты талаптар қойды. Іс жүзінде, оның көрсеткендері білім өресі төмен, кәсіптен (мамандықтан) хабарсыз, толымдылығы жоқ адамдар еді. Әсілінде полк пен сақшыға жоғары екі адамнан адам қою ісі ойластырылған, бірақ лайықты адам табылмаған болатын.

3. Мылтық жинау мәселесі. 1945 жылы қазан айының 17 сінен бастап Гоминдаң мен Үш аймақ уәкілдері ортасында жасауға айналған "11 бітім" шартына қол қоюдан ілгері, Кеңестер одағының ішкі-сыртқы жауларға қарсы,тұруына тиімсіз факторлардың болмастығы үшін, мұндағы Кеңес одағының ақылшыларын өздеріне қайтару, Шың Шысай үкіметі мен Кеңес одағы ортасындағы қару-жарақ сауда тоқтамы (келісімі) күшінен қалғаннан кейін жасалған таңба-белгілері бар құралдарды қайта жиып әкету сынды екі іс істеуге тура келді. Бұлай істеу сол кездегі саяси жағдайдың қажеті еді. Алдыңғы іс 1945 жылы желтоқсан айының басында орындалып болды да, соңғысы енді істеле бастады. Оспан бұл жолғы мылтық жинауды Шың Шысай кезіндегі құрал жыюмен тең көріп, мұның артында бір сойқандық бар деп қарап, құрал жинаттырмау жағында болды. Әрине Үш аймақ үкіметі оған жол бере алмайды.

4. Діндік түс алған кейбір төңкерісшілдікке қатысты қайшылықтар. Оспан діни мектеп есігін ашпаған, діни қағидаларынан бейсауат бола тұрса да, діни соқыр сенімі аса күшті, құрапаттықпен ат шығарған адам еді. Оспан Сарсүмбеге көшіп келісімен Ғаббас мұфти дегенмен тонның ішкі бауындай болып кетті. Ғаббас орысша сөйлей де, жаза да білетін, ағылшыннан да хабары бар, арабша, парсша, түрікше тілдірге жүйрік әрі суретші адам еді. Ол өзін қазақ ішінде арғынмын дейтін. Ал басқалар оны түрікмен немесе неміс пен түрік арасынан шыққан пероткі, немістер жағынан Кеңес одағына жіберілген тыңшы десетін. Оспанды Кеңес одағына, компартияға, Үш аймақ үкіметіне қарсы тұруға итермелеп, кері төңкерістік жолға түсіргендердің басты бірі осы адам. Ол 1951 жылы кері төңкерісшілерді жаныштау әрекетінде Құмылда қолға алынып жанышталады.

Оспан осы, адамның жөн көрсетуімен саяси істерге дөрекелікпен араласып: "Кадрлар мен әскерлерге дейін намаз оқу, ораза ұстау шарт деп, намаз оқымағандарға, ораза ұстамағандарға, арақ ішкендерге, темекі тартқандарға, шаш қоятындарға пәлен дүре соғылсын. Бұл туралы уәли мекемесі мен діни істер мекемесі бұйрық түсірсін. Кино қоюға, театр ойнауға болмайды. Ондағы жанды суреттердің барлығы жын-шайтандар, ойын қойып саханаға шығу азғындар мен арсыздардың қылығы т.б." деп соқты.

Дәлелқан Сүгірбаев бастағандар оның айтқанына көніп, айдағанына жүре салмады. Қайта түсінік жасап, қарсы пікір айтты. Оспан бұған иланғаны былай тұрсын, керісінше құрттемегендік, тіпті басынғандық деп біліп, сүркеліс бара-бара ушыға түсті.

Тың тыңдап көрмекші болу

Оспан Сарсүмбегеге келіп бірнеше ай өтпей-ақ Алайда менің айтқаным есеп дейтін көзқарасының ендігәрі ақпайтындығын сезіне бастады. Оның үстіне аз санды адамдардың шалғай райондарда бейбастақтық істеп, бейуаз жұртшылықтың мал-мүлкіне зиян жеткізген әрекеттеріне басқа басшылар қатаң тиым салу туралы шешім жасағандығына іштей кірбеңдік сақтап, ара түседі. Сонымен, өзінің көптен бергі көкейтесті арманы – Алтайдың жергілікті патшасы болу, тым құрыса қазіргіден үлкенірек ұқыққа (құқыққа) қол жеткізу үшін басқа жақтан шығар жол табуға қарманды.

Бірінші, Гоминдаң жаққа үміт артты. Мұнда "жалбарынушы" емес, "жалбартушы" болып көріну, Гоминдаң жақтың әлде нендей себептен бас тартуынан, Үш аймақ жақтың мұндай бөгде ниетін біліп қалуынан сақтану үшін ортаға өзі шықпай, отты басқалардың қолымен көсеп көрмекші болды. Ол үшін Құбы құмында қыстап отырған жақын аталас туысы, 1940 жылдан бері жанында жүрген сенімді серігі Қабас Тіркешұлымен Үрімжідегі кімдермен байланыс жасауды ақылдасады.

1946 жылы қаңтар айының басында Қабас пен Оспанның тағы бір сенімді адамы Мұқаметжан Мұрсалима Кенен (қазір Көктоғай ауданының Қуертіс ауылында, автономиялы райондық Саяси кеңестің мүшесі) мен Ердіқан арқылы Үрімжідегі Жанымқан Тілеубайұлына[1] хат жазып, Алтайдың «қызылдасып» кеткенін, өздерінің қызылдасуды қаламайтындығын, Көктоғай, Шіңгіл халқының өз уыстарында екендігін, Оспанның өз сөздерінен шықпайтындығын, тек осылардың нұсқауына, көмегіне мұқтаж болып отырғандықтарын айтады.

Жанымқан хат алып келгендерді өз үйінде 3-4 күн қонақ қылып (қожайындарымен тілдесу аралығында), содан соң жолға салады. Жанымқан бетпе-бет сөйлесіп, жан-жақтылы пікірлесу үшін Нұрғожайды[2] Кенендерге қосып жібереді. Бірақ оны жергілікті адамдар Қабастар тұрған жерден сезіп қалады. Қабастар өздерінің Гоминдаңмен астасқан әрекеттерінің паш болуынан пақас болып, ел ішінде жүрген жерінен ұстап алған болып, оны сол кездегі  Көктоғай  ауданының әкімі, орынбасар әкімі Салық, Уақиттер жіберген Сейпілдер арқылы үкіметке табыс етеді. Нұрғожай Үрімжіге келу мақсатынан танып тұрып алады. Аймақтық Сақшы мекемесі жалғасты тексермек болып қамап қояды. Оспан оған ара тұра алмайды, Сөйтіп, Оспан – Жанымқан арасындағы алғашқы жең ұшынан жалғасу осылай басталды.

Екінші, Нұрғожайдың қолды болғандығынан секем алған Оспан, Қабастар Үрімжімен байланыс жасауды бір мезет тоқтатып, ауқымда қарай іс көрмек болады. Ал, Гоминдаң жақ Нұрғожайдың хабарсыз кеткендігінен, Қабастардың да жым-жылас жатқандығынан мазасызданып, олардың жайын ұғысу, тағы бір "саңылау" табу үшін 1946 жылы ақпан айының орта шенінде Фукаң ауданының қуыршақ орынбасар әкімі Құсайын арқылы Әлен уаң мен Жанымқан атынан хат жазып, көп сәлем-сауғат беріп, Шіңгілдегі Жанымқанмен рулас шақабай руының тәйжісі Нәзір қатарлы адамдарға жібереді. Нәзір Үрімжіден келген сәлемдемелердің бір бөлімін жіберіп беру арқылы Қабастармен астыртын байланыс жасап, Құсайынға Нұрғожайдың ахуалын, Қабастардың әлі де ниетінен жалтаймағандығы, тек абайлай тұрғаны жөнінде хабар жеткізеді. Мұнан хабар тапқан Алтай аймақтық әкімшілік мекемесі аймақтық Сот басшысы Әділқан мен Үгіт бөлімінің басшысы Қажынабиді олардың Нәзірлер тұрған жерге қалайша келіп қайтқандығын тектетеді. Нәзір, Қабастар аздап сәлемдеме алғанын, Гоминдаңға берілмейтіндігін, ендігары мұндай әрекетте болмайтынын айтып уағда береді.

Үшінші, алдыңғы екі реткі байланыс орнату ісінің арт-артынан сезіліп қалғанынан іш жиған Оспан, Қабастар тәуекелшілдік етпей, байқай тұру тәсіліне көшті. Бірақ бұған Гоминдаң жақтың шыдамы жетпейді. Аз уақыт өткен соң, Жанымқан Нұрғожайдың бірге туысқан інісі Нұрқасым арқылы Қабасқа, Қабас арқылы Оспанға хат жазып, олардың  "қызылдасуға" қарсы әрекетін барынша қолдайтындығын, нендей талаптары болса да айтып өкіл жіберуін, Жолұңгей маңындағы құмға таяу бір қыстақтың бастығы Дашыр деген дүнгенді іздеп тапса, өкілдері сол аман-есен жеткізіп қоятындығын хабарлайды. Жанымқанның хатын алған соң, Оспан Гоминдаңның өзіне күшті тірек болатындығына көз жеткізгендей болса да, Жанымқанның хатына жалып ете түспей, сан жылдық "тәжірибесіне" сай "ұстамдылық" істеп, ойлана-толғана келіп, ақырында қыбыр еткені қиыс қалмайтын Қабастан аулақтауды жөн көреді. Сонымен, 1946 жылы сәуір айының орта шенінде "денсаулығым жақсы емес, жайлауға шығып демаламын" деген сылтаумен Оспан Сарсүмбе қаласынан Көктоғай ауданының Күрті деген жеріне көшіп барады, қоярда-қоймай жүріп Нұрғожайды түрмеден шығарып та әкетті.

Үш аймақ ұлттық армиясының бас қолбасшысы генерал-лейтенант Ысқақбек Мононов.

Және бір адым ілгерілеп әрекеттену

Оспан Күртіге барған соң Үш аймақ үкіметінен бөлінудің жаңа аяқ алысын бастады.

(1) Өзіне Ләтіп, Момынбай, Мұқаметжан, Нүсіпбайларды ақылшы, Ғаббас мұфтиды қазы етіп белгіледі әрі қол астындағы қауымға ресіми жариялады. Сонымен бірге Рақым Жақыпбекұлы бастық 100 кісілік "қорғаушы" атрет топтады. Бұл іс жөнінде өз алдына жеке үкімет, дербес қосын ұйымдастыру еді.

(2) Келімді-кетімді қонағым көп, соған расқұт етемін деген сылтаумен Көктоғай, Шіңгіл аудандарының шөп бажысын (салығын) өз қолына жинатып алып, "қорғаушы" атреті сонымен бақпақшы болады.

(3) Сәуір айының соңында, Оспан Үрімжіден Жанымқанның хатын алып келіп, бір айдан бері оған жауап күтіп жатқан Нұрқасым арқылы Дашыр (Кәш) ді Көктоғайға шақыртып алды. Мұндағы мақсаты Дашырдың қаншалық сенімді екеніне көз жеткізу, егер ол ойлаған жерден шықса, Гоминдаң үкіметіне оған қосып тұңғыш өкілдерін жіберіп тікелей байланыс орнату еді. Бірақ жыл басында Ілеге кеткен Ләтіптің қайтып келе жатқанынан хабарлы болған Оспан, Үрімжіге жіберетін елшілерін уақытша тоқтатып, Дашырды да өз ауылында жасырын тостырып қойды.

(4) 1946 жылы мамыр айының ортасында, Ләтіп Сарсүмбеден Шіңгілге ауылшылап бара жатқан жолында Оспанға бұрылады. Оспан Сарсүмбеде уәлилік міндет өтеу барысында басқалармен жоғарыдағыдай сүркеліс, алауыздықтарға тап болғандықтан, ең алдымен Қабас, Мұқаметжандар арқылы Жанымқанмен тілдесіп, Гоминдаң жақтан шығар жол іздесе, тағы бір жағынан, 1945 жылы қыркүйек айының соңында Әлиқан төре, Ахыметжан әпенделер Сарсүмбеге шақырғанда "жатсынып" келмеген болса, енді Әлиқанның Құлжадағы сөз-әрекеттерінде, әсіресе діндік тұрғысында өзімен недәуір ортақтық барына "іші жылып" сеніп артып, 1946 жылдың басында Үш аймақ орталық үкіметінің шақыртуы бойынша орынбасар уәли Шамси, егін, мал шаруашылық мекемесінің басшысы Бәди Малшыбаевтер Құлжаға жүрерде, аймақтық Бажы мекемесінің басшысы Ләтіптің де бірге баруын айтты әрі онымен бірнеше рет оңаша әңгімелесті. Жеке хатшысы Бағдатқа (қазір Шіңгіл ауданының Арал ауылында) ауыз-екі айтып беру арқылы Әлиқанға: "Әлиқан төраға жанабы! Інім Ләтіп сіздер жаққа кетті. Сізбен айырым сөйлеспекші. Маған берер нұсқауыңызды, інім Ләтіпті маған балап, соған айтсаңыз болады" деген мазмұнда хат жазады. Ләтіп Құлжада Шамси, Бәдилерден бөлініп қалып, Оспанның осы хатын Әлиқан төреге табыс етеді және бірнеше рет барып оңаша әңгімелеседі. Құлжадағы жалпы жағдайдың аңысын аңдап, сырын түймек болып бір ай шамасы тұрады. Сөйтіп, мамыр айының бас шенінде Дөрбілжінге, онан Қырықошақ шекарасы арқылы Кеңес жері Зайсанды басып, онан Жеменей арқылы Сарсүмбеге қайта өтеді. Ләтіптің Жазықашада отырған Оспанды іздеп келу мән-жәйі оған Әлиқан төренің хатын тапсыру, көрген-білгенін жеткізу еді. Әлиқанның Оспанға өз қолымен жазған хатында: Інім Оспан! Сені бір көруге ынтық едім, орайы келмеді. Ләтіппен көп әңгімелестім. Қорқыт (ертедегі аңызда айтылатын аңыз адам) қырық жыл бойы көрден қашып жүріп, ақыры бірінші рет қазылған көрге түскен екен. Өзің ойланып көріп іс қыларсың. Қалғанын Ләтіптен ұғын" деген. Бұл Әлиқан төренің басына бұлт айналып, тынысы таралған кезде жазған хаты. Осыдан жарым ай өтісімен-ақ, ол Үш аймақтың дұрыс бағыттағы алға басар күштері жағынан билік минбесінен алынып тасталды. Ләтіп Құлжада тұрған 4 айдай уақыт ішіндегі көрген-білгендеріне тоқталғанда "барлық жерде қызылдасуға бейімделгендіктің бейнесін айқын көріп алуға болады" деген мазмұндар төңірегінде кері үгіттік өсек-аяңды желдей естіріп, жүндей сабайды.

Дүниежүзілік 2-соғысты бастан кешіріп, жарақаты әлі жазылмаған Кеңес халқының ауыр тұрмысы жөнінде де өтірікті шындай, ақсақты тыңдай еселеп, әсірелеп соғып, от үстіне май құйып, Оспанның "қотырының" аузын онан арман тырнайды. Сонымен Оспанның Үш аймақ төңкерісінің болашағына күдік-күмәні тіпті артып, онымен ат кекілін кесу идеясы асқынып, қарсылық әрекеті қағына түседі.

(5) 1946 жылы маусым айының ортасында, Оспан Қуүйде өз сыбайластарымен сойыл соғарларын және ішінара ел беделділерін шақырып жиын өткізіп, Кеңес одағының экспедицияшыларын қуып шығу жөнінде шұрқан көтереді, Рақым қатарлы адамдарды жіберіп оларға шығып кетуді айтады. Әсілінде Кеңес одағының экспедицияшылары Шың Шысай үкіметінің ұсынысымен 1936 жылдан бастап барлау жүргізіп, 1937 жылы шілде айында Шың Шысай мен Сталин Мәскеуде тоқтамға қол қойысқан соң, сол тоқтам бойынша 1941 жылы маусым айынан кейін машина, жабдық , инженер, техник маман әкеліп, қаржы ажыратып, жұмыс жүргізген. Арада Шың Шысай Кеңес одағынан бет бұрып, өзін Нанжың үкіметінің құшағына атқандықтан, жүйеден Кеңес одағы бар күшін неміс фашистеріне қарсы,дүниежүзілік 2-соғысқа жұмылдырғандықтан 1943 жылы шілде айында уақытша тоқтап қалған Көктоғай кеніне Кеңес одағының экспедицияшылар қайта келіп орналасқан еді[3].

Олар: Біз жоғарының орналастыруымен келдік, пікірлерің болса үкіметтерің біздің үкіметпен сөйлессін" деген жауап беріп қайтарады. Осыдан 2-3 күн өткен соң, Патқан Сүгірбаев қасына орынбасар уәли Шамси, Үгіт бөлім басшысы Қажынаби, бас хатшы Салымжан қатарлы адамдарды ертіп Қуұйдегі Оспанның алдына барады. Мұндағы мақсат 2-3 ай бойы хабар-ошарсыз жатып алған Оспанға қызметінен доклат беру, пікір алу, онан қалса Оспанды тезірек қайтып барып қызметін істеуге ұсыныс ету, сол арқылы оның жоғарғы екі ауданның шөп бажысын иемденіп алуы, Нұрғожайдың Қабастар тұрған жерге басбалап баруы, Нәзірлердің Қадуан, Жанымқандардан фукаңдық Құсайын әкім арқылы "сәлемдеме" қабылдауы, Ләтіптің Құлжадан келе сала Оспанның қасына баруы, Оспанның қазірге дейін Сарсүмбедегі қызмет орнына қайта оралмауы тектес тексермесе, тектемесе болмайтын бір ошар мәселені ұғыну, Оспанның сыңайын байқау еді. Оспан үкімет қызметінен берілген доклатты самарқау ғана тыңдады. Істелген немесе істелетін қызметтер жөнінде тіс жарып лебіз білдірмеді. Сарсүмбе қаласына қайту туралы: "Бір жағынан денсаулығым жақсы емес, енді бір жағынан қала тұрмысына көндіге алмаймын. Бүкіл өмірім кең сахарада, салқын ауада өткен адаммын. Сондықтан уәли мекемесі қыста Өндірқарада (өз ауылының қыстаулығы), жазда Қуұйде (өз ауылының орта жайлауы) тұрып қызмет жүргізсін" деп қырсықты. Сонымен бірге, Көктоғай, Шіңгілде неше жылдан бері шешілмей келген бірнеше кісі өлімі мәселесі бар екенін, сол туралы жиын ашпақшы екенін айтып, Дәлелқандарды соған қатынасып қайтуға "қолқалап" тұрып алды. 2-3 күнге қалмай Көктоғай, Шіңгіл аудандарының әкімдері мен жұрт басылары жиналып, жиын ашылғанда Оспан жай бұлтындай құбылып, өзі шешпекші болған "кісі өлімі мәселесін" бір жаққа қайырып қойып, Көктоғай Кен районының мәселесін ғана көтеріп шығып: "Кеңес одағының Кен қазушылары менің рұқсатымсыз неге келеді? Тегін жатқан байлық бар ма екен? Жер - менікі! Адам жіберіп шығып кетсін десем сөз бұйдалыққа салып, атты алысқа айдады. Ендігі бірден-бір шара құрал күшімен айдап салу" деп Дәлелқанға басым істетті. Жиын ашамын дегені тартқан шырғасы екен. Дәлелқан оған: "Біріншіден, бұл – тарихи тамыры бар үлкен мәселе, екіншіден, өткенде Моңғолиядан алған көмегіміз іс-жүзінде Кеңес одағынан Моңғолия арқылы келген көмек, Кеңес одағы бізге қиын-қыстау кезде бодаусыз көмек қолын созған досымыз. Ашу аздырады, ақыл жеткізеді. Құрал күшін жұмсамай, алдымен инабаттырақ, өкілдер жіберіп, істің жай-жапсырын ұғысайық" деді.

Шамси, Қажынаби, Уатқан, Әділқандар бұл пікірді жақтайды. Сонымен Қажынаби, Ләтіп, Әділқандар Кеңес одағының экспедицияшыларына барады. Олар: "Алтайдағы Бас елшімізбен сөйлесіңіздер, оған дейін кен қазуды тоқтата тұрайық" дейді. Оспан, Дәлелқандар бұл жауап туралы ақылдаса келіп, Кеңес одағының Сарсүмбедегі Бас елшілігіне сөйлесуге Әділқан, Шари, Әсен қатарлы адамдарды жібереді. Ол кездегі Кеңес одағының Бас елшісі қазақшаны мүлтіксіз сөйлейтін Заров деген татар еді. Оларды Заровқа мен жолықтырдым. Бас елші Заров: "Оспанмен өзім барып сөйлесемін, кемді күн тұра тұрсын" деген келте жауап берді.

Әділқан бұл жауапты жеткізгенде Оспан: "Мұнысы сайқалдық, соза берсе тұра береді дегенді!" деп бұлқан-талқан болады да, бірнеше серіктерімен ақылдаса келіп, Дәлелқанға зорлап қол қойдырып, екеуі атынан Алтай атты полкін жөткеп келуге бұйрық түсіріп, Көктоғайдағы Кеңес одағының экспедицияшыларына құралды күшпен қысым жасау бекіміне келеді. Бұны Әсен Ырысқанұлы Дәлелқанға сол заманда жеткізеді. Дәлелқан Сарсүмбедегі маған хат жазып хатында: "Оспан шынында бұзылатын көрінеді. Істі алдымен Кеңес экспедицияшыларына соқтығудан бастау ниеті бар. Сондықтан, әрқандай жағдайда, менің қолым қойылған бұйрық болған күнде де атты полкті Сарсүмбеден қыбыр еткізуге болмайды. Бұл тұжырымды штаб басшысы Әйтеке Аманжоловқа, аймақтық Сақшы басшысы Тастембайға ұқтырып қой" депті. Хатты өз қасындағылардан жіберуге лажы болмағандықтан Сарсүмбеден Көктоғайға туысшылай барған Нақып деген адамнан астыртын жолдапты. Дәлелқан мұндай бұйрыққа қол қоюдан мүлде бас тартқандықтан, атты полкті жөткеу мақсатына жете алмаған Оспан, Дәлелқан, Шамси, Қажынабилерді жұрт ішінде бітбес-түгемес құз дауына салып қойып, сол орайда Қабас, Кәмел, Жәмет үшеуін оңаша шақырып алып: "Дәлелқанның маған бой беретін түрі жоқ, оны амалын тауып жасырын атып тастаңдар" деп бұйырады. Бірақ үшеуі қазірше бұлай істеуге болмайтындығын, кейін бір жөні келерін айтып, Оспанды насихатпен тежеп щояды. Осы аралықта істің барған сайын ушығып, жиыстырып алуға болмайтын үлкен қауіпке соқтыруынан үрейленген Қажынаби, Уатқан, Әділқан, Салық қатарлылар қайта-қайта насихат айту арқылы Оспанды Қуүй жиынын таратуға зорға көндіреді де, Дәлелқандар 20 неше күн дегенде Сарсүмбеге қайта оралады.

Дәлелқан Сүгірбаев жауынгер достарымен бірге.

Барған сайын "барса келмеске" беттеу

Қуүй жиыны тарқасымен, шілде айының орта шенінде Кеңес одағының Алтайдағы Бас елшісі Заров он неше түйеге бұл, шай, ұн, күріш, қант қатарлы заттарды артып-тартып, Көктоғай Кен районы арқылы Оспанға "сәлемге" барды әрі Кеңес экспедицияшыларының мұнда келіп кен ашу жағдайын түсіндірді. Осыдан бастап Оспан Алтай көлемінде бұлар жайлы ауыз ашпас болды. Деседе, Гоминдаң жақпен қарым-қатынасын жаңа өрлеуге көтерген оспан, Үш аймақпен қарсыласу, Гоминдаңмен ауыз жаласу жақтарында бұрынғы "отты басқалардың қолымен" көбейтіндісі зымияндығын енді өзі тікелей әрекеттенуге өзгертіп, бұл сырын Үш аймақ үкіметінен тағы бір мезгіл құпия ұстауға тырысты.

(1) 1946 жылы шілде айының соңында, Оспан өз атынан Үрімжідегі Гоминдаң басқыншыларына тұңғыш рет хат жазып, оны осында бабан екі айдан бері күтіп жатқан Дашырға Қанатбай, Кәкәшаларды өкіл етіп қосу арқылы жіберіп береді. Жанат орта жолда ауырып қайтып кетеді де, қалғандары Фукаң арқылы Үрімжідегі Жанымқанның үйіне келіп түседі. Жанымқан оларды Жаң Жыжұңға мәлімдейді. Жаң Жыжұң оларды Лю Мыңчұнға қабылдатады. Қанатбайлар Лю Мыңчұнға Оспанның хатын тапсырып, Жаң Жыжұңның өздерін қабылдауын өтінеді. Үш күннен кейін, Лю Мыңчұн Қанатбайлармен қайта кездесіп: "Хатты Жаң Жыжұңға табыс еттім, Жаң әпенді сіздерді қабылдайтын болды. Бірақ жеке өзі қабылдаса болмайды. Үш аймақ өкілдері мұны сезіп қалса наразы болады. Тіпті күтілмеген үлкен мәселе шығуы да ықтимал. Сондықтан сендерді Ахыметжан, Бұрһан әпенделермен бірге қабылдамақшы, Оспанның хатын оларға көрсетуге, хаттағы сөздерді айтуларына болмайды. Сол үшін, Оспанның хаты деп басқаша бір хат әзірлеп, оған Оспанның мөріне ұқсатып ойылған мөр бастық. Мұны жақсырақ оқып, есте берік сақтап алыңдар да, ертең олармен көріскенде бұл хатты Жаң Жыжұңның өз қолына табыс етіңдер әрі бұндағы мазмұндар бойынша сөйлеңдер" деп әлгі "жасанды хатты" береді. Ертесі, Жаң Жыжұң, Ахыметжан, Бұрһан әпенделер оларды, расында да, бірге қабылдайды. Қанатбай Лю Мыңчұнның айтуы бойынша әлгі хатты Жаң Жыжұңға төс қалтасынан алып береді. Ол хаттағы мазмұндар Сұң Шилиян жолдастың "Шынжаң тарихи материалдарының" ұйғырша 2-санында басылған "Оспан және Бәйтік оқиғасы" деген мақаласында жазылған сияқты, онда алдымен бейбітшілік тоқтамына қол қойылғалы Алтайдың өлкелік үкіметпен байланыс жасамағандығы, тек аман-сәлем үшін адам жібергендігі мәлім етілген; екіншіден, қазақ ішінде атақ-абройы бар Әлен уаң (іс-жүзіне Әленннің ханымы, Үрімжі аймағының қуыршақ уәлиі, феодал ақсүйек Қадуанды айтпақшы), Жанымқан, Сүлеймен қатарлылардың Алтайға қайтып баруы талап етілген; үшіншіден, бейбітшілік бітімінің мазмұндарына түсінік жасау талап етілген; төртіншіден, жергілікті орынның қиыншылығына қарай құтқару берілуі айтылған; алтыншыдан, мемлекет армиясының келіп орналасуы өтінілген.

Ал Оспанның өз хатына келсек, онда: Алтай "қызылдасатын болды". Мен "қызылдасуға" жан-діліммен қарсымын. Өйткені "қызылдар" (коммунистерді айтпақшы) дінді жоғалтады, мал-мүлікті ортақтастырады, бай, молда, ру басыларын жер аударады, қамайды, атады. Сондықтан, мен Үш аймақ жақтан қол үзуге бел байладым, олармен соғысамын. Әрекетімді Кеңестің Көктоғайға келген асыл тас (уолфром) қазушыларымен ұстасудан бастаймын. Маған көп құрал-жарақ, әскер жіберіп беріңдер, жүйеден "халқыма" бұл, шай, астық жақтарынан көмек көрсетіңдер"[4] делінген.

Арада 3-4 күн өткен соң, Жаң Жыжұң Қанатбай, Кәкәшаларды тағы бір рет Сұң Шилиян, Лю Мыңчұн, Жанымқандармен бірге қабылдап, оларға Кеңес экспедицияшыларының Кен ашу мәселесін Кеңес жақпен дипломатиялық жолмен шешетінін, Оспанның олармен соғысуына болмайтынын, қазірдің өзі Үш аймақ жақпен әскер шығарып соғысатындай уақыт еместігін, Оспанның басқа талаптары ішінде әзірше тұрмыстық нәрселерді ғана беріп тұруға болатындығын, қалғанын жағдайдың даму ахуалына қарай кезі келгенде көретінін айтады. Лю Мыңчұн жоғарыдағы мазмұндар үстінде Оспанға хат жазып, Кәкәшаны Дашырмен бірге Көктоғайға жібереді де, Қанатбайды нақты мәселелер туралы ішкерілей ақылдасуға алып қалады. Сөйтіп, Оспан 1946 жылдың басынан бастап Жанымқанға үш рет адам жіберу арқылы Гоминдаң жақты шертіп көрсе, енді екі жақ өзара сенім байлап, хат алысып, тікелей барыс-келіс жасайтын болды.

(2) Қанатбай бір айға дейін қайта оралмады. Бұған тағаты таусыла мазасызданған Оспан тамыз айының соңында Нүсіпбай, Зейнел, Үмбет қатарлы адамдарды Дашырға қосып Үрімжіге аттандырады. Өйткені Қанатбайдың жолда Үш аймақ әскерлерінің қолына түсіп кетуінен немесе өз қол астындағылар арасында Гоминдаң жақтан әскери көмек келмеуі салдарынан түңілушілік, ыдыраушылық жәйт туылуынан қатты алаң болады. Іс-жүзінде тамыз айының 20 ларында Қанатбай бір рация, 20 неше жан құрал, 100 шай, 100 топ сокіна, торғын-торқа, неше жүздеген топ кездеме, бір Бұлғын шік (Жаң Жыжұңның Оспанға ұсынған сәлемдемесі) қатарлы заттарды он неше түйеге артып, Жұнтұңның генерал-майор дәрежелі шпионы Рау Шыжие, полковник дәрежелі шпионы Ма Шияңшан (дүнген, аты Жүніс, Омар деп те аталады. Әкесі Ережеп Шаңзұң деген алтайлық адам) және Хуаң фамилалы тағы біреуі бар аталмыш үш "радисты" ертіп қайта жолға шыққан-ды. Жанымқан бұлармен қоса Оспанға ақылшылыққа әлгі Сүлеймен Бетұр дегенді де жіберіпті. Бірақ, Нүсіпбайлар мен Қанатбайлар жол-жөнекей бір-бірімен ұшырасбай өтіп кетеді. Оспан бұл "радистер" мен "ақылшыны" Күртіде ат шаптырып, той жасап, қызғын қарсы алады.

(3) Оспан Нүсіпбайларды өкіл етіп Үрімжіге екінші рет жіберген, бірінші реткі өкілі Қанатбай Көктоғайға әлі жетіп келе қоймаған екі аралықта, тамыз айының бас шенінде Құлжадан Алтайға келген Үш аймақ ұлттық армиясының бас қолбасшысы генерал-лейтенант Ысқақбек Мононов Сарсүмбеде көп аялдамай, күн сайын шиеленісіп отырған жағдайды оңау үшін, ұлттық армияның орынбасар қолбасшысы генерал-майор Дәлелқан Сүгірбаев екеуі Көктоғайдың төр жайлауындағы Оспанға барып, оны Сарсүмбедегі қызмет орнына тезірек баруға ұсыныс етті әрі Үш аймақ үкіметі мен халқы атынан 1-дәрежелі "азаттық" алтын орденімен награттады. Үш аймақ жақ пен Гоминдаң арасындағы бейбітшілік бітіміне таяуда қалай қол қойылғандығының барысын түсіндіріп, сол мазмұндар үстінде келелі кеңестер айтты. Оспан Сарсүмбеге бару жөнінде: "Күз келіп, салқын түскенде көремін" деп, сүле-сапа жауап берді, бітім жөніндегі түсіндірмеге мияғынан күліп қана қойды. Ал кеудесіне тағылған алтын орден жайлы "Тана-теңге тағатын әйел адам болдым, түге" деп келеке етті. Бірнеше күн бойы қаншалаған ақыл-кеңес айтып Оспанды райынан қайтара алмаған Ысқақбек, Дәлелқандар тамыз айының соңында Сарсүмбеге қайтып кетті. "Өлетін бала бейтке қарай қашады" дегендей, Үш аймақ үкіметінен бойын аулаққа салып, Гоминдаңмен қарым-қатынас жиелей түскен Оспан, онан арман кері бағып, кері төңкерістік майданда қасарысты.

(4) Оспанның Үрімжіге екінші рет жіберген өкілі Нүсіпбайлар (Нүсіпбай – Оспанның құдасы, қазірде бар, Көктоғай ауданының Күрті ауылында) қыркүйек айының басында Үрімжіге жетіп, Жанымқан арқылы Жаң Жыжұңмен жолығып, оған Оспанның: "Бұрын мен сендермен неше жыл соғысқанмын. Бірақ қазақта "адасқанның айыбы жоқ,  қайтып үйіріп тапқансоң" деген мәтел бар. Өткенде қарсы болдың десек өзің біл. Олай емес десең, бұл сөзіңнің растығы үшін маған Үш аймақ жақпен соғысуға мың әскер жіберіп көмектес. 500 адамдық қару-жарақ бер, халқыма көптеп бұл, шай, астық жәрдем ет" деген сәлемін ауызша жеткізеді. Жаң Жыжұң оларға алдынғы екі талабын қазірше орындауға болмайды, алдыңғы ретте де айтқанмын. Ал басқа заттық көмекке келсек, оны орындауға болады, бір айдан кейін Гучыңдағы Хай Иұн шыжаңның (қалашық басшысы) қолынан алыңдар деп жауап береді. Бір айдан соң, яғни қараша айының басында Жанат, Құмарқан қатарлы 7-8 адам бас болып, Гучыңда күні бұрын дайындалып қойылған қыруар ұн, күріш, сөк, бидай, тары және әр алуан кездеме, шай, тіпті ине-жіп, түйме-тана сияқты заттарды (айтушылардың сөзіне қарағанда мың аттың құнына тура келетін көрінеді) алып қайтады.

1946 жылы 9-қарашада Сарсүмбеде (қазіргі Алтай қаласында) Дәлелқан Сүгірбаевтың үйінде түсірілген сурет. Суретте солдан оңға қарай Алдында отырғандар: Даубай Мазақов, Дәлелқан Сүгірбаев, Иүсіпжан. Артта тұрғандар: Манан Шайза, Патқан қатарлылар.

(5) 1946 жылы қыркүйектің орталарында, Жанымқан Сұң Шилиянның жол көрсетуімен сол кездегі өлкелік Бау-ан (қоғам қауіпсіздігін сақтау) сылиңбуы ақылшылар бөлімінің ақылшысы Асылбек Қабдешұлы (қазір Шіңгіл қалашығында) арқылы Шіңгіл ауданындағы Әсет Ырысқанұлын Үрімжіге шақырады. Өйтеніні, 1946 жылы қазан айының бас кезінде өлкелік бірлескен үкімет "11 бітімнің" қатысты белгілемелеріне сай әр қайсы аудандарында жүргізілетін Санихұй  (кеңес) мүшелерін, әкімдерді сайлау қызметіне бақылаушылық ету үшін Алтайға да бір топ жіберді. Осы топтың басшысы – қуыршақ Үрімжі аймағының орынбасар уәлиі Түркістан (Гоминдаң жақтың өкілі), хатшысы – өлкелік үкімет кеңесінің кадрі Кәмәлбектер Алтайға кетіп бара жатқан жолында, қазан айының 6-күні түнде Дөрбілжін қалашығында Үш аймақ төңкерісіне қарсы Үгіт қағаз таратқандықтан кинодан қайтқан адамдар жағынан ұрып өлтірілді. Осы топтың орынбасар басшысы, Халық істер меңгермесі Халық бөлімінің басшысы (Үш аймақ жақтың өкілі) Даубай Мазақов қатты зақымдандырылды (сол таяқтың зардабынан ақыры 1949 жылы қайтыс болады), Мұсырат Шамиұлы қатарлы бірталай адамдар да ауыр таяқ жейді. Гоминдаң кертартпашылары мұны Үш аймақ үкіметінің жоспарлауымен туған оқиға деп өңештері үзілгенше дабыраң салып, "қанға қан аламыз" деп барынша құқай көрсетті. Әсен осы Түркістанның туған ағасы, Алтайдағы Шың үкіметіне қарсы тұңғыш көтерілістің бір басшысы болған Ырысқанның ұлы еді. Әсеннің өзі де 1943 жылдан басталған Алтайдағы партизандық әрекеттің белсенділерінің бірі әрі атрет басшысының орынбасары болған. 1946 жылдан кейін Оспан Үш аймақ жақпен қарсыласқанда, Үш аймақ жаққа тұрып белгілі есе қосқан, Шіңгіл ауданы бойынша ең беделді адамдардың бірі болатын. Гоминдаң кертартпашылары Түркістанның өлімін желеу етіп, Жанымқанмен руластығынан пайдаланып, енді оны Үш аймақ жаққа қарсы қоймақшы болды. Сонымен, Әсен 1946 жылы желтоқсан айының басында Мазап (Нәзір тәйжінің інісі), Ыдырыс қатарлыларды ертіп, Асылбек Қабдешұлымен бірге Үрімжідегі Жанымқанның үйіне келіп түсті. Жанымқан Әсенді Түркістанның өліміне қабағат қайғырған бейнемен "ой, бауырым!" салып қарсы алды. Түрліше айла-шарғысымен өз қармағына іліктіреді. Әсен Үш аймақ жақтан Гоминдаң тарапқа біржолата бұрылыс жасап, Үрімжіде Түркістанның жоғын жоқтап, бір жарым ай мөлшерінде жатты. Осы аралықта Оспанның Ләтіп бастаған үшінші реткі толық ұқықты өкілдер тобы да Үрімжіге жетіп келді. Жанымқан Ләтіптер мен Әсендердің басын қосып, ақсарбас қойын айтып сойып, қолдарын қанға батырысып, "өлсе бір шұңқырда, тірі болса бір төбеде болуға" серт берісті. Оспанға Шіңгіл жұртшылығы ішінен Ләтіптен басқа тағы бір үлкен демеуші табылды. Сұң Шилиян Жанымқан арқылы Әсенге бір маузер, 30 бесатар мылтық және көптеген бұл, шай қатарлы зат сауға етті. Әсеннің Үш аймақ үкіметіне деген өшпенділігін арттыра түсу үшін, Жанымқан оған: "Мынаны көргенде ағаңның кегі есіңе келсін, естелік үшін ала кет" деп Түркістанның көптен бері істетіп келген жанқұралы мен дүрбісін табыс етті.

(6) 1946 жылы қараша айында (Әсендер Үрімжіге келуден сәл ілгері), Гоминдаң мәнсаптылары телеграмма жолдап, Оспанның ең сенімді, абыройлы адамдардан құрам тапқан бір толық ұқықты өкілдер үйірмесін жіберуін ұсыныс етті. Оспан Ләтіп бастаған, Қанатбай, Момынбай, Әділқан қатарлы 8 кісілік өкілдер тобын жіберді. Олар 1946 жылы желтоқсан айының аяғында жолға шықты. Оларды Жұңтұң шпионы, аталмыш "радис" - генерал Рау Шыжие серік болып алып жүрді. Олар Жанымқанның ауласында арнайы дайындалған күту үйіне келіп орналасты. 1947 жылы қаңтар айының 17-күні Жаң Жыжұң оларды қабылдады. Ләтіп Жаң Жыжұңға Оспанның бір полк әскер, 500 бесатар мылтық, 50 пилумот, 50 тал оқ сұрап жазған хатын табыс етті әрі Оспанның Үш аймақ жақпен ендігі әшкере сайыс бастап кеткендігі ықтимал екенін айтты. Нәтижеде, Гоминдаң мәнсаптылары шұғыл әрекеттеніп, алдымен Гучың арқылы 400 бес атар мылтық, 20 плимуот, 40 тал оқ, бірер жүз түйеге артылған қыруар, бұл, шай, астық жіберіп берді. Іле-шала, Сұң Шилиян өзі бұйрық түсіріп, Үрімжіден Асылбек Қабдешұлы басқарған 2 збот плимуотшы, Фукаңнан Матиянфу басқарған 200 адамдық бір рота, жиыны 260 тан көбірек ресіми құралды қосын аттандырды.

Сөйтіп, Гоминдаң үкіметі Оспан бандыларының заттық және рухани жақтағы қажетін қамтамасыздандырып, қолтығына су бүркіп, олардың Үш аймақ үкіметіне, халқына, армиясына қарсы оқ атып, қылыш шауып, үздіксіз қылмыс өткізуін барынша жеделдете түсті, сондай-ақ өзінің төңкеріске қарсы кертартпа кеспірін ашық әскеріледі.

[1] Жанымқан  - Керейдің Шақабай руының тәйжісі. Гоминдаңның сенімді итаршысы. Алтайдан Үрімжіге жөткеліп барған соң өлкелік Бажы (салық) мекемесінің, қазына мекемесінің бастығы болған. Азаттықтан кейін Оспанмен бірге топалаң тудырғандығы үшін 1950 жылы жаңа үкімет жағынан жанышталған.

[2] Нұрғожай бұрын Алтай партизандары үлкен атретінің басшысы еді. 1945 жылы маусым айында Жанымқанның руластық жағынан шырғалауы арқылы Гоминдаң жаққа өтіп, Жанымқандармен бірге аэропланмен Үрімжіге келтірілген.

[3] Бұл кен сонан бастап үздіксіз қазылып, 1950 жылы ақпан айының 14-күні "Қытай, Кеңес достық-істестік шартының" қатысты белгілемесі бойынша "Қытай, Кеңес түсті металл серіктігі" болып өзгертілді, 1962 жылдың соңына дейін екі жақ ортақ пайдаланып келді.

[4] Бұл хаттың екеуін де өз көзімен көрген, өз қолымен жөнелткен, Оспанның сондағы Үрімжіге жіберген екі өкілінің бірі Кәкәша Сұлтанұлы қазірде Көктоғай ауданының Тұрғын ауылында тұрады

Жалғасы бар...

Патқан Дәлелқанұлы Сүгірбаев.

«Іле тарихи материалдары» журналынан (№8, 1992 ж.) аударып дайындаған Әлімжан Әшімұлы.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1965