Жексенбі, 13 Қазан 2024
Жаһан жаңғырығы 984 1 пікір 10 Қыркүйек, 2024 сағат 12:05

Палестина мойындала ма? Израиль неге тулады?

Сурет Анадолы агенттігінен алынды.

Таяу Шығыс қақтығысы әйтеуір бір күні аяқталады, бірақ Палестина мемлекеті мойындалмаса, бұл дағдарыс ешқашан өз шешін таппайды.

1945 жылғы Ялта конференциясы мен шешімдері жеңімпаз елдерді (КСРО, АҚШ және Ұлыбритания) Таяу Шығыс мәселесін қайта қарауға мәжбүрледі. Нәтижесінде Лондонға мандат берілген Палестина аумағында екі ұлттық субъект - еврей және араб мемлекеттерін құру туралы шешім қабылданды. Алайда Израиль мемлекеті жаңа әлемнің шындығына айналса, ал Палестина мемлекеті әлі күнге дейін қағаз жүзінде қалды.

Саяси және тарихи әдебиеттерде әлемдегі беделді еврей диаспорасы еврей мәселесін шешу, Израильдің құрылуы мен нығаюы және Палестина мәселесін «бұғаттау» үшін әлемнің жетекші елдеріне (ең алдымен АҚШ пен Ұлыбританияға) зор ықпал ете алды деген пікірді жиі кездестіруге болады. Мұндай пікірді жақтаушылар Израиль мемлекеті құрылуының басты бастамашыларының бірі - Кеңес Одағы, яғни Ресей болғанын «ұмытады».

Тағы бір айта кетерлігі, Режеп Ердоғанның бір кездері Израиль мен Палестина автономиясының аумағы Осман империясының құрамына кіргенін еске салуы кездейсоқ емес, себебі Түркия осы өңірдегі бейбітшілік үшін жауапты. Қазіргі Түркияның бойында Таяу Шығыс мемлекеттері мен барлық халықтарын күштеп бағындыру үшін осман мемлекетінің бұрынғы қуаты жоқ екені түсінікті. Араб Шығысының ең бай монархиялары Түркияның құрамына қайтып келуге немесе түрік президентіне бағынуға келіскенін көз алдыңызға елестете алмаймыз.

Сондай-ақ, егер англосакс көшбасшылары еврей халқын қолдауға аса ынталы болса, онда Палестина мемлекетінің аумағын қысқартуға алып келетін Палестина мемлекетінің тәуелсіздігін мойындаған жағдайда Палестина мәселесі бойынша Израильдің тұтастығына үнемі қауіп төндіріп отыратын не жайт? Ақыр соңында, Ұлыбритания жиырмадан астам араб мемлекетін құрудың авторы болып, Палестина арабтарын саны көп және этникалық туысқан елдер (Египет, Ливан, Сирия, Иордания, Сауд Арабиясы, БАӘ) құрамына неге қоспады?

Бұдан Ұлыбритания мен АҚШ-ты еврей және палестина мәселелері емес, оларды өңірлік процестерге ықпал ету және Таяу Шығысты англосакстардың ықпалы аймағында ұстап тұру құралы ретінде пайдалану мүмкіндігі толғандыратыны түсінікті болады.

Соғыстар ерте ме, кеш пе аяқталады, өйткені қарсы тұрған күштердің ресурстарын тауысады. Алайда Палестина-Израиль жағдайында кезекті әскери қақтығыстың аяқталуы Таяу Шығыс дағдарысының аяқталуы бола ма - бұл бөлек мәселе. Біздіңше, араб әлемін қанағаттандыратын Палестина мәселесі қандай да бір түрде шешілмейінше, Израильмен және оның артында тұрған Батыс күштерімен болған дағдарыс ешқашан аяқталмайды.

Биньямин Нетаньяху Газа секторының оңтүстігінде соғысты жалғастырып, Израильдегі палестиналықтарға этникалық тазалау жүргізіп, ХАМАС-ты түбегейлі жойып тастауға ұмтылуының аяғы - Израиль Қорғаныс армиясының жаңа қылмыстарының қаупін арттырады. Осыған байланысты Тель-Авивтің радикалды ұстанымын тежеудің жаңа құралдары Халықаралық қылмыстық соттың (ХКБ) құралы және Палестина тәуелсіздігін халықаралық мойындау процесінің басталу қаупі болып отыр.

Оңтүстік Африка Республикасының Халықаралық сотқа талап-арызы, бас прокурор Кәрім Ханның Нетаньяхуды, Галантты және Израиль үкіметінің басқа да жоғары лауазымды адамдарын әскери қатыгездігі мен адамгершілікке қарсы қылмысы үшін, сондай-ақ ХАМАС-тың үш көшбасшысы (Яхьи Синвара, Исмаил Хания және Мухаммад Дейф) қамауға алу туралы талабы Израильде де, ХАМАС тарапынан да зор айқай-шу тудыра бастады.

Тек ХАМАС қана емес, Израильде қанды қол қасапшы деген пікір саяси айналысқа түсіп, еврей жағын шортандай тулатты. Тель-Авив Кәрім Ханды мәселенің еш байбына бармай антисемитизм үшін айыптады (ол пәкістандық және ХАМАС түріндегі исламдық радикализмді қолдайды дейді). Бұл ретте Израиль тарапы Кәрім Ханның Пәкістанның емес, Шотландияның астанасы Эдинбургтің тумасы екені туралы өмірбаяндық фактіге де назар аудармады да.

ХҚС-тың жалпақшейшілік «біздің де, сіздің де» шешімі халықаралық қоғамдастықтың да қарама-қайшы реакциясын тудырды. Атап айтқанда, біреулер (Түркия мен Иранды қоса алғанда) Израиль саясаткерлерін Газа секторындағы қатыгездігі үшін қамау идеясын қолдайды, басқалары (мысалы, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Италия, Чехия) Кәрім Ханның осындай талабын айыптайды, үшіншілері (атап айтқанда, Франция, Бельгия, Ирландия) ХҚС прокурорын қорғайды. Қорытындысында прокурордың талабы әлі соттың шешімімен орындалмаған, бірақ Израильге қысым көрсету фактісі маңызды болып саналады.

Ал Тель-Авивке қысым көрсетудің келесі бір парасы 22 мамырда Норвегия, Ирландия және Испанияның Палестина тәуелсіздігін тану туралы шешімдерінен туындады.

Израиль аталған еуропалық елдердің осындай ұстанымын қатаң айыптаса, еврей мемлекетінің СІМ басшысы И.Кац Норвегия, Ирландия және Испаниядан өз елшілерін шақыртып алды.

ЕО елдері тарапынан Палестинаны декларативтік тануы Палестина мәселесін аяқтаудың және 23-ші араб мемлекетін құрудың басталуы бола ма? Біздіңше, Палестина қауіпсіздігін күшпен қамтамасыз етпей-ақ, кез-келген осындай мәселе (даулы аумақ) сияқты, кез-келген декларациялар жер бетіндегі шындықтан ажыратылған біреудің ғана саяси мүддесін көздейді. Еуропаның үш елінің тәуелсіздігін мойындағаннан кейін Израиль ертең-ақ Рамаллада елшілік ашады деп ойлаудың өзі мүмкін емес дүниеге айналып отыр.

Abai.kz

1 пікір