Сенбі, 12 Қазан 2024
46 - сөз 2597 0 пікір 12 Қыркүйек, 2024 сағат 18:33

Жасанды Интеллект немесе Бисмиллаһтың сыры

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Қазіргі таңда жасанды интеллект технологиясы қарқынды дамуда. Неше түрлі роботтардан бастап, музыка, кино, ақпараттық құралдар бәрі де жасанды интеллект технологиясына жүгінуде.

Келешекте қаншама жаңа технологиялар шығуы мүмкін. Бұл не сонда? Адам жаратушыға айналып барады дейтіндер де бар қазір. Құдай сақтасын! Олай болуы мүмкін емес. Бұл адам баласының өзінің лайықты орнына отыруға ұмтылуы. Жаратушы адам баласын өзінен кейінгі жер бетінің Халифасы (басшысы) етіп жаратқан. Барлық періштерелер адамға бас иді. (Лағнеті шайтаннан басқа) Құранда (Бақара сүресі 31 аят) “Адамға (А.С) барлық есімдерді үйреттік”, деген аят бар. Тәпсірші ғалымдар “барлық есімдер” деген сөзді қалай түсінеміз? деген сұрақтарға әр түрлі жауап беруде. Біреулер мынау аспан, мынау жер, мынау ағаш, мынау бұлт деген заттардың аттары үйретілді десе, екіншілері әр түрлі тілдердің шығуына ишара дейді. Үшіншісі жанды, жансыз барлық нәрсе дейді. Енді бірі материялық қана емес, рухани сезімдер жайлы да үйретілгендігін, қазіргі тілмен айтқанда ғылымның барлық саласының ең құпия сырлары, ең ұсақ бөлшектердің барлық сырлары үйретілгендігін айтады. Бір сөзбен айтқанда ғаламда Адамға (А.С) үйретілмей қалған сыр жоқ. Олай болса Адамнан (А.С) тараған ұрпақтың да сол сырларды қайта есіне түсіруіне болады. Алайда адам баласының бойына орнатылған қарым-қабілетті пайдалануы керек. Атамыз Адамға (А.С) тікелей түсіндірілген бұл сырларды өз бойындағы қабілеттерді пайдалана отырып қайта ашуға мүмкіндігі бар адам баласының. Бұл адамның көптен бері ұмытып қалған нәрсесін қайта есіне түсіруі сияқты.

Бұл ғылымдар Адамнан (А.С) кейін де көптеген Пайғамбарларға өзіндік мұғжиза ретінде беріліп отырған. Мәселен киім тігудің сырлары Ыдырысқа (А.С) үйретілді. Сағат жасау Жүсіп Пайғамбарға (А.С) мұғжиза ретінде үйретілді. Бүгінгі тілмен айтқанда механиканың атасы Жүсіп (А.С) Пайғамдар. Кеме жасау Нұх Пайғамбарға үйретілді (А.С). Суда жүзі құралдарының барлық түрін жасау мұсылмандардың борышы бола тұра мұсылмандар ғылымның барлық саласында артта қалып отыр. Мұның ең негізгі себебі дінімізден алшақтап кетуіміз. Дінімізді дұрыс түсінбеуіміз. Дұрыс түсінбеген соң дұрыс зерттеу жасай алмай отырмыз. Сүлейманның (А.С) айшылық алыс жерлерге әп сәтте ұшып баруы – ұшу құралдарының ең озық үлгісі болатын. Белхис Патшайымның тағын көз ілеспес жылдамдықпен алдыртуы да Сүлейманның (А.С) мұғжизасы болатын. Олай болса, келешекте кез-келген затты әлемнің кез-келген жеріне жылдам тасымалдауға болады. 3Д принтер арқылы көшірмесін жасау қазір де бар.

Жақып Пайғамбардың (А.С) баласы Жүсіптің (А.С) көйлегінің иісін алыстан сезуі, келешекте теледидардан көріп отырған затыңның иісін де сезіп отыруың мүмкін деген сөз. Пайғамбарлар сөрсеткен мұғжизалар Ей адам баласы, өз қарым-қабілетіңді Алла жолында жұмсай алсаң сен де сол дәрежелерге жете аласың деген белгі, үлгі болатын.

Ал енді бүгінге қайта оралайық. Жасанды интеллект технологиясын дамытып отырғандар көбіне біз кәпір санайтын мұсылман емес қауымдар. Мұның екі жағы бар. Біріншіден, мұсылман еместер де адам. Олар да Адамның (А.С) ұрпақтары. Адамға (А.С) үйретілген сырларға олар да ортақ. Адам атаның ұрпақтары ретінде сол сырларды ашуға олардың да моральдық құқы бар.

Енді Бисмиллаһтың сырына келейік. Бисмиллаһ сөзінің мағынасы Алланың атымен бастау, іс атқару дегенді білдіреді. Ал ең кішкентай элементтен бастап сонау шексіз галактикаларға дейінгі барлық нәрсе Алланың әміріне бағынатыны белгілі. Олай болса Алланың атымен іс атқарып, маған да бағын, менің де айтқанымды істе, өйткені мен Алланың бұйрығын жеткізудемін деп тұрған адам баласына бағынбайтын элемент бола ма? Алайда адам баласының олай айта алуы үшін белгілі бір шарттарды орындауы керек. Алла мен адам арасындағы айырмашылық осы. Адам шарттарға тәуелді. Ал сол шарттарды орындаған адамға бағынбайтын элемент жоқ. Бүгінгі күннің мұсылмандары Бисмиллаһты тек ауызбен ғана айтып жүр. Шарттарын орындаса оларға байғынбайтын элемент қалмас еді. Оның шарты ғылыммен айналысу. Қай элементтің қай заңға бағынып қандай жүйемен жұмыс жасайтындығын анықтау. Мәселен, мемлкеттік заңға арқа сүйеген бір сақшы, әкімнің де басқаның да машинасын тоқтатып тексере алады. Ал дәл сол адам өз бетімен дәл сол істің оннан бірін де атқара алмас еді. Заң атынан, мемлекет атынан дегенде жағдай мүлдем өзгереді. Дәл сол сияқты Алланың атымен әрекет еткен адам кез-келген элементті бағындыра алады. Өйткені әлгі элемент Алланың заңына (әміріне) бағынады.

Қорыта айтқанда жасанды интеллект дегеніміз әлемдегі Иләһи заңдылықтарды адам баласының өз игілігіне пайдалануы. Алайда адам баласына қалау-ерік те берілген. Сол заңдылықтарды адамзаттың игілігіне пайдаланса бақ, бұрыс жолда қолданса сор болмақ. Мұсылман мен кәпірдің айырмашылығы осы жерде белгілі болады. Екеуі де өз таңдауы үшін жауапкер.

Жандос Қиянбеков, түркітанушы

Abai.kz

0 пікір