Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Бетбұрыс 1106 1 пікір 2 Қазан, 2024 сағат 15:13

Мизам шуақ құтты болсын!

Сурет автордың мұрағатынан алынды.

1 қазанды  «қарттар күні» деп емес, «мизам шуағы» деп атаған жөн.

Жаздың аптап ыстығының беті қайтып, кеші қоңырсалқын бола бастайтын, қыркүйек айының соңғы күндері мен қазан айының ортасына дейін болатын шуақты күндерді, қазақтар «Мизам шуақ» деп атайды. Осы уақытта өрмекшінің өрмегі ауада ұшып, күннің шуағынан кейбір өсімдіктер қайтадан көктеп, гүлдеуі мүмкін уақыт. Мизам шуағы күздің алтын түсімен ерекше нұрға бөленіп, жылулығын төгеді. Бұл мезгілді адамдар жаздың соңғы шуақты күндерінен ләззат алу деп түсінеді.

Мизам сөзінің төркіні араб-парсы тілдерінде «таразы» мағынасын білдіреді. Яғни екі мезгілдің таразысының теңесіп, кезегімен жаз мезгілінің күзге ауысатын өлара уақыты.  «Мизам» сөзін Абай да «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде:

Сөз мәнісін білсеңіз,
Ақыл – мизан, өлшеу қыл.
Егер қисық көрінсе,
Мейлің таста, мейлің күл, - деп сөз мәнісін ақыл таразысына салуды мегзейді.

Бұл уақыт табиғаттың «мизам шуағы» сияқты адамның да кемеліне келіп, көгеріп, көктеп, жемісін беріп, өсіп, өніп, толысатын  мизам шуағы.  Ұрпағын өсіріп, немере сүйіп,  келін жұмсап,  ұрпағының ортасында шуағын шашып масаттанып, қызығын қызықтап  отыратын  мизам шуағы. Кәзір «қарттар күні» деп атап жүргеніміз – кемеліне келген қазыналы шақта құлаққа жағымсыз естілетін мәнсіз сөз. Қазақта «қарт» деп, әбден егде тартқан, таяққа сүйеніп, қайраты кетіп,  еңкіш тартқан адамдарды айтады.   «Қарттар күнінде»   зейнет жасына келген адамдарды құттықтайын десең «мен әлі қарт емеспін» деп шамданып жататыны да сол. Күннің шуағына құлпырған табиғат сияқты  адам да кемеліне келген шақта ұрпағының шуақты жүздеріне қарап масаттанып отырады.  Өзінің өткен өмірі мен жеткен жетістігі, алған асуына көңілі толып, кейбір өкінішті сәттерін  де таразыға салады.

«Мизам шуақ» шығыс және батыс славяндарда да  кең таралған. Германияда күздің осы бір мезетін «кәрі әйелдердің жазы» десе, орыс халқы «бабье лето» деп  атайды, Болгария мен Сербияда «сыған жазы», Солтүстік Америкада  «үнді жазы», Италияда  «әулие Мартин жазы», ал Голландияда  «жаздан кейінгі жаз» дейді екен.  Ендеше  жаздан кейінгі аз  уақыттық  шуақты, ләззатты жаздағы 1 қазанды  «қарттар күні» деп емес, «мизам шуағы» дегеніміз дұрыс.

Алмахан Мұхаметқалиқызы

Астана

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2037