Жұма, 8 Қараша 2024
Абай мұрасы 1636 10 пікір 4 Қазан, 2024 сағат 12:34

Абайтануды тығырықтан қалай шығарамыз?

Суреттер Д.Омаровтың жеке мұрағатынан алынды.

Әлемнің қандай құбылысы болса да, толқын тәрізді оның өрлеу және құлдырау дәуірі болады. Заттық әлем инерция заңдылығына бағынатындықтан, өрлеу мен құлдырау бір-біріне бірден ауыспайды, олардың арасында өтпелі кезең бар. Кеңес Одағы дәуірінен Жаңа Қазақстан дәуіріне өту үшін де өтпелі кезең керек болып отыр.

Бүгінгі күндері еліміздің жағдайының тез жақсарып кетпеу себебі де сол өтпелі кезеңде отырғанымыздан. Абайтану саласы қоғамның бір көрінісі болғандықтан, ол да өзінің құлдыру дәуірінен өтпелі кезеңге өтіп, көптеген қиыншылықтарға жолықты. Нәтижесінде өзінің бұрынғы құлдырау дәуірінен жетілу жолына әлі түсе алмай жатыр.

Абайтанудың тығырыққа тіреліп, тіпті құлдыраған жағдайын білдіретін көптеген мысалдар келтіруге болады. Мысалы, абайтанушы М.Мырзахметов «Толық адам» атты кітап жазды. Бірақ бұл кітаптан толық адамның қандай болуы  керек екенін түсіну өте қиын. Себебі, автордың өзі толық адамның кім екенін білмейді. Оның ойынша жақсы адамның барлығы толық адамға жатады. Бұл қате түсінік, себебі, рухани жолға толық түскендер ғана толық адам болып табылады. Ал бұл жол Абай көрсеткендей, әркім түсе алмайтын «Бек шетін, бек нәзік жол». Ең жаманы, абайтанушылар саны күрт қысқарып, сексен жастың арғы-бергісіндегі қарт адамдар ғана қалды. Жастар жоқ. Себебі, абайтануды мектеп қабырғасында толық оқытпайды. Абай облысы құрылған соң, Семей мектептерінде абайтану сабағын енгізбек болып, бірнеше әдебиетшілер оқулық жазыпты. Солардың бас редакторы «Мен жазған «Абайтану» оқулығын неге қолданбайсыздар?» деген сұрағыма «Сіз Абайды өте діндар етіп жіберіпсіз» деп жауап берді. Абайтану оқулығын жазғандардың данышпанымыздың рухани деңгейін, оның кім болғанын түсіну деңгейлері осындай. Семейдегі Абай музейінде «Абай – хакім» дегенге меңзейтін көріністер мүлдем жоқ.   «Абайды неге зерттемейсіңдер?» деген сұрағыма Философия институты директорының орынбасары философия ғылымдарының докторы Серік Нұрмұратов  «Әдебиетшілер зерттеп жатыр ғой» десін.

Бұл мысалдарды Абайтану құлдырап кетті дегенім құр сөз болмасын деп келтіріп отырмын. Бұлар қарапайым халық қана емес, сонымен бірге, абайтану саласындағы ғалымдар мен ғұзырлы адамдардың өздері де данышпан бабамыздың рухани мұрасын терең қабылдай алмайтынын, әлемдегі, тіпті еліміздегі маңызын түсінбейтінін көрсетеді. Сондықтан, оның мұрасына селқос қарайды.

Отыз жылдай бойы Абайдың рухани мұрасын жүйелеп, оның Шәкәрім, М.Әуезов дүниетанымдарымен үндестігін көрсететін оннан артық кітап, жүздеген мақала жазған адам ретінде мен бұл мәселені әуелден көтерген едім. 2008 жылы «Шәкәрім шыңы» атты кітабым жарық көрді. Бұл кітапта мен төмендегідей ұсыныс жасадым:

«Ерекше туған Индиго балаларды кезінде көре біліп, олардың ерекшеліктерін дұрыс түсініп, басқалардан бөлек тәрбие беру керек. Егер оларды көпшілікпен бірге тәрбиелесе, онда олар өздерінің ерекше қасиеттерін жетілдіре алмай, тіпті олардан айырылып қалып, басқа қарапайым балалармен бірдей болып кетуі мүмкін. Ал бұл балалар өздерінің зор қасиеттерін өсіріп, келешекте ата-анасының мақтанышы, халқының сүйенер тірегі, адамзаттың жарық жұлдызы, кемеңгер ойшылы, ірі ғалымы, не болмаса өнер қайраткері болуы мүмкін. Үлгі алатын, алға сүйрейтін жарық жұлдыздай жол көрсететін ондай адамдар болмаса халық қарапайым тобырға айналып, артынан іріп-шіріп, кері кетіп, өзін-өзі жоғалтып алуы да ғажап емес. Алға сүйрейтін зиялы қауымынан айрылып, ақыры тарих сахнасынан жоғалған халықтардың тағдыры бұған жақсы мысал болады.

Кейбір елдерде Индиго балаларға ерекше көңіл бөлініп, жағдай жасалады. Мысалы, Қытайда олар көпшілік назарынан тыс арнайы мектептерде оқиды. Олар елдің келешек басшылары, елдің стратегиялық ісін атқаратын іскерлері мен барлаушылары. Израилда мұндай балалармен білім министрлігі арнайы құпия жоспар бойынша шұғылданады. Францияда оларды басқа шет елдерге жіберіп оқытады. Ал Ресейде бұл балаларды тәрбиелеу жөнінде арнайы жоспар дайындалып жатыр. Біздің елде де ерекше дарынды балаларға арнайы мектеп ашу керек».

Осылай 2008 жылдан бастап әрбір қалада үздік оқушыларға арналған Назарбаев Зияткерлік Мектептері ашыла бастады. Бүгінгі  таңда елімізде олардың саны жиырмадан асты.

Мен осы кітабымда төмендегідей тағы бір ұсыныс жасадым. Бұл ұсыныс абайтану орталықтарын ашу туралы еді.

«Қоғамның күрделі мәселелерін толық ашып, тереңірек түсінуіміз үшін Шәкәрім мен Абай ілімін дұрыс меңгеруіміз керек. Егер осы ұлы ойшылдардың мұраларын зерттейтін арнайы орталық болып, оны бір жүйемен халыққа ұсына білсек, қоғам үлкен пайда алар еді. Ресей елінде Пушкин мұрасын зерттейтін арнайы ғылыми-зерттеу институты бар. Ал біздің Шәкәрім, Абай тәрізді ой алыптарымыз бола тұрып, олардың рухани мұрасын зерттейтін тек қана М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтындағы бір бөлімнен басқа арнайы мекеме жоқ. Ал бұл ойшылдардың рухани мұралары Пушкин мұрасынан артық болмаса кем болмайды. Себебі, олардың рухани мұралары көрнеу әлемді ғана емес, көзге көрініп білінбейтін тылсым әлемді де, сонымен бірге, рухани әлемді де қамтиды. Яғни, олардың мұралары материалдық жартылай білім емес, бүкіл Болмысты түгел қамтитын толық білім. Біздің алыптар үлкен ақын ғана емес, ең әуелі болмыс сырларын ашып беретін ойшыл-философтар, сонымен бірге олар тарихшы, композиторлар ретінде көрінеді. Ендеше, Абай-Шәкірім ғылыми зерттеу орталығы философия, әдебиет, өнер, тіл, музыка тәрізді қазіргі бастары қосылмай жүрген ғылымдардың бастарын қосып, бұларды болмыс сырларын ашу жолында бір арнаға салады. Сонымен бірге, қазіргі философия, әдебиет, өнер, тіл зерттеу институттары осы орталықтан нәр алып, жандануларына мүмкіндік туар еді».

Өзімнің бұл ұсыныстарымды толық келтіріп отыруымның себебі – мен кітапті министрдің өз қолына тапсырдым. Бұл бір сәті түскен жағдай болған еді. Соның әсері ме, білмеймін, әйтеуір сол жылғы күзден бастап қазіргі Қазақстан ұлттық педагогика университетінде (бұрынғы КазПИ) және Әл-Фараби атындағы Қазақстан ұлттық университетінде (бұрынғы КазГУ) Абай ғылыми-зерттеу орталықтары ашылды. Кейінгі жылдары Астанада Абай академиясы ашылып, басқа қалаларда да бірнеше орталықтар пайда болды.

Осылай арнайы зияткерлік мектептерде тәрбиеленген үздік балалар орта білім алған соң Абай орталықтарында рухани білімдерін толықтырып өркениетіміздің негізгі қозғаушы күшіне айналуына жағдай жасалды. Бірақ олай болмады. Зияткерлік мектепті бітіргендер шынында да жақсы білім алып, өмірде өз орындарын тапқанымен, олар абайтану саласына бет бұрмады. Себебі, абайтану орталықтары алдына қойылған міндеттерді орындай алмай, жас буынды өздеріне қызықтыра алмады.

Оның да себебі бар. Әдебиетші ғалымдар Кеңес Одағы дәуірінен келе жатқан абайтану саласын қолдарынан шығарғылары келмей, күреске шықты. Осылай абайтану орталықтарын толығымен өз қолдарына алды. Әдебиетшілер абайтануға жаңа көзқарасты қабылдай алмай, ескі сарынмен Абайды ақын ретінде қабылдап, оның ақындығын зерттеуден аса алмады. Мұндай жолмен Абайдың данышпандығын ашып, оны халыққа жеткізу мүмкін емес еді. Себебі, Абайдың ақындығы оның көркем ойын жеткізетін құрал ғана. Хакім Абайдың  рухани мұрасын түсініп, оны халыққа жеткізу үшін теолог, ең болмаса философ болу керек. Данышпанның ақындығы оның ішкі сырын жеткізетін сыртқы сымбаты ғана. Абайдың өзі «Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат» деп тегін айтпаған. Ол отыз сегізінші сөзінде де әрненің ішкі сыры мен сыртқы сымбаты болатынын, сыртқысы іштегі сымбаттың күзетші тәрізді, ал ішкі мән болмаса, ондай күзеттің қажеті де жоғын түсіндіреді.

Осылай, әдебиетшілер абайтануды рухани болмысынан айырып сыртқы көрінісін ғана қалдырды, кейбір жерлерде тіпті күнкөріс үшін бизнеске айналдырып жіберді. Әдебиетшілер қарсыластарын осылай ығыстырып, абайтану орталықтарын түгелдей өздерінің қолдарына алды. Бірақ, пайдасынан зияны көп болды. Мысалы, 2008 жылы Қазақстан Ұлттық педагогика университетінде «Хакім Абай» орталығы ашылатын болып, оның директорлығына философия ғылымдарының докторы Мұрат Сабитов тағайындалмақшы еді. Бірақ, Жабал Шойынбет оған қарсы шабуыл ұйымдастырып, яғни оның ғылыми жұмыстарын ұлттық рухқа қауіпті деп «әшкерелеп»,  ақыры профессордың орнына өзі отырды.  Сол сияқты Қанағат Жүкешевті қаралап жазып («Жүкешевтің бұл қай «далбасасы»?, Түркістан газеті, 27.09.2007ж. Ж.Шойынбет, «Қазақты, Абайды қорлап докторлық диссертация қорғамақ», Қазақ әдебиеті газеті, 12.09.2007ж.) философиядан докторлық жұмысын қорғатпай тастады. Осылай қазақ тілін дамыту жолында үлкен тосқауыл қойылды. Кейінде кітап болып шыққан Қ.Жүкешевтің бұл маңызды еңбегі қазақ тілінің даму динамикасын көрсетіп, келешекте оны заман ағымына бейімдеу жолдарына арналған еді.

Тағы бір мысал келтіретін болсақ, 175 жылдық мерейтойы қарсаңында Абайдың толық жинағы шықты, бірақ сапасыз, бұрынғы ескі нұсқадан айырмашылығы шамалы. Енді Шәкәрімнің толық жинағын шығармақ. Бірде Әдебиет институтының директорының орынбасарына әдейі барып жолыққан едім, оның маған айтқаны: «Біз тек қана Шәкәрім шығармаларының жинағын ғана береміз. Ал оны қалай түсіну әркімнің өз еркінде». Бұл әулиенің еңбектері зерттелмейді, рухани мұрасы талданбай қала береді деген сөз. Масқара жағдай емес пе.  Қарапайым жинақты кез келген редакция өзі де құрастыра алады. Филолог Ж.Дадебаев бастаған Әл-Фараби атындағы  ҚазҰУ-нің Абай орталығы бюджет қаржысымен Абай жайлы қырық томнан артық кітапты басып шығарды. Бірақ жаңаша көзқараспен жазылған философтар жұмысы жоқтың қасы, бәрі дерлік ескі дәуір жаңғырығы. Мен «Абай мұрасын қолдану жолдары» атты кітабымды ұсынып едім, «Қаражат бітті. Ақша берсеңіз шығарамыз» деп, әрбір кітапқа үлкен ақша сұрады. Артынан бұл кітапты он есе аз ақшамен өзім шығардым, тіпті, Абай медалімен де марапатталдым.

Енді абайтануды тығырықтан шығару жолдарын іздестіруіміз керек. Бұл «Жаңа Қазақстан» құру жолындағы алғашқы шарттардың бірі болуы керек. Себебі, қоғамның жаңаруы ой жүйені жаңартудан басталмақшы. Сыртқы, яғни саяси-экономикалық өзгерістер арқылы «Жаңа Қазақстанды» дүниеге әкелу мүмкін емес. Философия институты бүгінгі күндердегідей үнсіз отырмай, жұмысы түбегейлі өзгеріп, бұл бағытта авангард болуы керек. Сол үшін абайтану және шәкәрімтану оның құзырына берілуі керек. Бұл-бір. Екіншіден,  философ ғалымдарға министрлік Абай және Шәкәрімнің рухани мұрасын қоғам игілігіне жарату, атап айтқанда, абайтанушыларға рухани білімді игеруге септесуі керек. Абайдың рухани мұрасына тек қана теология арқылы ғана тереңдеп енуге болады. Сондықтан философтар мен теологтарды біріктіріп, ортақ бір жүйе құру керек. Үшіншіден, мектепке абайтану сабағын толықтай еңгізіп, оқу министрлігіне солардың арасынан келешек абайтанушыларды тәрбиелеу жүйесін жасау тәрізді нақты істерді міндеттеу керек.

Осылай, Абай мұрасын ескі сарыннан арылып, жаңаша көзқараспен қабылдағанда ғана оның шексіз тұңғиығынан өмірлік қуат алуға мүмкіндік туады.

Досым Омаров,

абайтанушы, философ

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1132
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2347
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 2357