Жұма, 22 Қараша 2024
Билік 645 0 пікір 15 Қазан, 2024 сағат 14:25

Үкімет: Мұнай өндіру азайды, бірақ...

Фото: Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов үшінші тоқсанның қорытындысы бойынша ел экономикасының өсу динамикасы оң нәтиже көрсеткенін атап өтті. Бұған экономиканы әртараптандыру шаралары ықпал еткен.

«Жалпы ішкі өнімнің нақты өсу деңгейі 4% құрады. Оған негізінен ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және сауда салалары ықпал етті. Аталған кезеңде мұнай өндіру көлемі төмендеп кетті. Бұл өз кезегінде, жалпы ішкі өнімнің өсу қарқынына кері әсерін тигізді. Дегенмен, экономиканың өсуі мұнайдан тыс секторлардың есебінен қамтамасыз етілгенін айта кету керек. Бұған экономиканы әртараптандыру шаралары нәтижесінде қол жеткізілді», - деді О. Бектенов бүгінгі Үкімет отырысында.

Барлық негізгі макрокөрсеткіштер бойынша Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында, Астана және Шымкент қалаларында өсім тіркеліп отыр. Ең төмен көрсеткіштер – Атырау, Маңғыстау, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстарында.

«Әкімдер мен министрлер белсенді жұмыс жүргізсе, кейбір салалар мен өңірлердегі экономикалық көрсеткіштер бұдан әлдеқайда жоғары болатын еді. Артта қалған салаларды жеделдету үшін қажетті шараларды дер кезінде қабылдап, күнделікті мониторинг жүргізу керек. Әкімдіктер өңдеу өнеркәсібін қолдауға, құрылыс пен сауданы ынталандыруға баса назар аударуы қажет. Мұнда үлкен резервтер бар», - деді О. Бектенов.

Оған қоса, Премьер-Министр инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде қаржылық тәртіпті қатаң қамтамасыз етуді тапсырды. Барлық мемлекеттік органдар инвестициялық жобаларды уақтылы әрі сапалы іске асыруды мақсат етуге тиіс.

«Көріп отырғанымыздай, инвестиция тарту деңгейі төмендеп барады. 11 өңір негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша жоспарлы көрсеткішке қол жеткізген жоқ. 11 салада инвестиция тарту көрсеткіші өте төмен. Олардың ішінде туризм, ақпарат және байланыс, резеңке және пластмасса бұйымдары, химия өнеркәсібі және азық-түлік өнімдерінің өндірісі бар. Салалық министрліктер мен әкімдіктер өнімді сату нарықтары мен экспорттық тауарларды кеңейту үшін кәсіпкерлерге тұрақты түрде қолдау көрсетуге тиіс. Өндірістерді Қазақстанға көшіру үшін шетелдік кәсіпорындарды іздеп тауып, осында орналасқан өндірістерде локализацияны арттыруға жәрдемдесу керек», - деді Олжас Бектенов.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1435
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3200
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5146