Ақтау тұрғындары жылу болмағандықтан жолды жауып тастады
Қазанның 22-нен 23-іне қараған түні Ақтаудағы 39-шы ықшамауданның тұрғындары пәтерлерінде жылу жоқтығына наразылық білдіріп, көшеге шықты. Ашынған қала тұрғындары жолды жауып, қала әкімімен кездесуді талап етті.
Әлеуметтік желілерде митинг өтетін жерге форма киген адамдардың келгенін көрсететін видео пайда болды. Оларды тану мүмкін болмады, өйткені олардың бастары жабық әрі капюшон киген. Құқық қорғау органдары қатал әрекет жасап наразылық білдірушілерді итерді, ал ашуланған тұрғындардың бірін көтеріп алып кетті.
Оқиға орнына Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов келіп, қала тұрғындарының арыз-шағымдарын тыңдады.
Ал, жылу мәселесі тек 39-шы шағын ауданға қатысты емес. Қаланың көптеген аудандарының тұрғындарынан жаппай шағымдар түсуде. Жылыту маусымы 15 қазанда басталады деп уәде етілгенімен, үйлердің көпшілігінде әлі суық.
Abai.kz