Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Ғибырат 4714 1 пікір 28 Қазан, 2024 сағат 12:48

Ерекше шығармашыл тұлға

Сурет qalamger.kz сайтынан алынды.

Фариза Оңғарсынова - 85 жыл!

Биыл туғанына 85 жыл толатын ақын Фариза Оңғарсынова қайталанбас қолтаңбасымен ұлттық руханиятымызда қастерлі орын алып тұрған  ерекше шығармашыл тұлға ғой. Фариза апайды поэзия падишасы, өлең-сөздің патшайымы дейтін. Өйткені ол кісі шын мәніндегі ұлы ақын болды. Оны барша жұрт ойлы сөздер тұнған лирикасы, өршіл өлеңдері мен поэмалары үшін, титімдей жасандылығы жоқ ерекше болмысы үшін, мейірімді жүрегі, кіршіксіз көңілі үшін қадір тұтты. Барша жұрт үлкен-кішісіне, әлеуметтік тегіне, жынысына қарамай, әсіресе жастар жағы айрықша қадірледі. Ақын әпкесі маңына үйіріліп жүретін, ақындыққа қол созған қыздар қаншама еді.

Менің ұғымымда, Факеңді халықтың риясыз сүйіспеншілігіне бөлеген – тамаша поэзиясымен астаса көрініс табатын шыншылдығы, әділетсүйгіштік қасиеті, әділдігі, әр мәселеге өзіндік көзқарасы еді.   Фариза апайымыз өлеңіне әрқашан жанымен сүйгенін, шын сүйсінгенін, сондай-ақ ұнатпағанын да арқау етті. Өз түйгенін танытуға келгенде ештеңеден тайсалмайтын, өжет мінез көрсетіп, батыл сөйлейтін. Ол Махамбет жырларынан нәр алған, өр мінезімен, өршіл жырларымен дараланған мінезді ақын еді. Отаншыл болатын.

Халық қалаулысы ретінде Мәжілісте қызмет істеген жылдары мемлекеттік тәуелсіздікті баянды етуге бағытталған істерге аянбай үлесін қосты. Әдебиет пен мәдениет мәселесін ұдайы назарда ұстады.  Есімде, парламентте мәдениет туралы әзірленген заң жобасын қарау ойластырылып жүрген шақта менен де ұсыныс, пікір сұраған еді. Мен ол кезде жазушылар одағында істейтінмін, сол шақта баршамызды толқытқан жәйттерді еске салып, өз білгенімше, заңда ескерілуге тиіс деген тұстарын қағазға түсіріп бергенмін.  Сонда апайымыз үкіметтен заң жобалары орысша жазылып түсетінін,  парламентшілердің де оларды сол қалпында қарастыра беруге оң иықтарын беріп тұратынын айтып қынжылып еді.

Факең заңдардың мемлекеттік тілде жазылып, қабылдануға тиістігін көтерген және сол тарапта нақты әрекет еткен қайраткер болатын. Ол кісі өз тарапынан қазақ тілінде отбасы, ана мен бала тағдыры, оларды қорғау, балалардың құқтары жайында заң жобаларын жасап, талқылауға  ұсынған. Бұл қазақ тілінде – мемлекеттік тілде жасалған тұңғыш құжаттар еді, Факең бұл тарапта пионер болып, қазақ парламентіне үлгі көрсетті.

Жалпы, Факеңнің заңшығарушылықта ұстанатын көзқарасы, менің ойымша, оның қайта құру жылдары жариялаған публицистикасында мейлінше айқын тұжырымдалған деуге болады. Ол өзінің ұлт мүддесі, ұлттық тіл тағдыры, ұлттық тәрбие хақындағы ойларын парламент қабырғасындағы қызметінің тұғыры еткеніне күмән жоқ. Осы жерде Фариза апайымның өзіндік тәуелсіз көзқарасы, ештеңеге алаңдамайтын кесімді шешімі менің тағдырымда өте маңызды да күрт бетбұрысты рөл атқарғанын атап айтқым келеді. Бұл өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының ортасында болған оқиға еді. Мен орталық комсомол комитетінің насихат бөлімінде қатардағы жауапты қызметкер болатынмын.

Бірде Факең менен өзінің қарамағына келіп бірге жұмыс істеуге қалай қарайтынымды сұрады. Апайдың «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің батыс өлкедегі меншікті тілшісі қызметінен Алматыға ауысқанына төрт-бес жылдай болған. Келген бетте «Қазақстан пионері» газетінің редакторы лауазымына бекіген-тін. Мені сол редакциядағы жұмысқа шақырып тұрған-ды. Бұл мен күтпеген, мүлдем тосын жағдай еді. Сонда да мен көп ойланбастан, бірден, қуана баратынымды айттым.

Мұндай шешімге ойланбай келуімнің белгілі бір себептері бар-тын. Ал сонау себептердің бірегейі мынау: менің шығармашылық дертіне ұшырағаныма едәуір уақыт болғанмен, мандытып жазғаным шамалы және сол азын-аулақ жазғандарымның өзінің жарық көргендері тіпті мардымсыз еді. Сондықтан да әлдебір басылымның өз ішінде қызмет істеу бұл түйткілді шешуге жақсы мүмкіндік беретін шығар деп ойлағанмын.

Көп ұзамай Факең менің кандидатурама келісім алғанын хабарлап, тез редакцияға келуімді күтетінін айтты. Алайда басшыларым маған ештеңе демеді, мен де үн-түнсіз жұмысымды істеп жүре бердім. Екі-үш күннен соң апайым қатқыл үнмен неге кешігіп жатқанынымды сұрады. Олардың өзіне келісімін бергенін, үндемесе –  барып сұрау керектігін айтып, телефон трубкасын қоя салды.

Мен идеология жөніндегі хатшы Тельман Сауранбековке кірдім. Фариза Оңғарсынованың балалар газеті редакциясында қызмет атқаруға шақырғанын, бұл ұсыныстың менің алға қойған мақсатыма сай келіп тұрғанын, сол себепті сонда баруыма рұқсат берсеңіздер деген өтінішімді білдірдім. Тәкең маған ойлана қарап, бірер сұрақ қойды. Ақыры ақылдасып көрмекке бірінші хатшы Зақаш Камалиденовке кетті.

Зақаң мақұлдапты, ұзамай мен «Қазақстан пионері» газетінің жауапты хатшысы қызметіне бекідім. Бұл лауазым редактордың орынбасары іспетті мәртебеге сай келетін, тиісінше орталық комитеттің номенклатурасына кіретін-ді, содан да шығар, аппараттың жалпы жиналысында мені жаңа қызметке салтанатты түрде шығарып салды. Мен бірінші басшымыз бастаған қызметтестерім алдында, өзімнің ертедегі ойшылдар айтқандай, ғұмырымды ұзаққа созылған бір тәрбие желісі деп санайтынымды, комсомолда көп нәрсе үйренгенімді, жаңа жұмысымда да білмейтіндерімді білуге тырысу жолында өзімді өзім тәрбиелей беретінімді айттым.

Шынында да газет жұмысында маған бейтаныс нәрселер көп еді. Факеңнің ақыл-кеңесін айта отырып шексіз сенім артуы, алғашқы күндерде бұрын жауапты хатшы міндетін атқарған бөлім меңгерушісі, қазіргі үлкен жазушы Мәди Айымбетовтің қалтқысыз көмектесіп тұруы арқасында, тапсырылған лауазымға жүктелетін міндеттерді қысқа мерзімде жан-жақты игеріп алуға кірістім.

Сол жылы ауыл шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосқан тың игеруші қостанайлық механизатор Кәмшат Дөненбаева Социалистік Еңбек Ері атағын алған. Тамаша ақын ғана емес, қаламы жүрдек журналист апайымыз оның ауылына барып қайтты, шұғыл түрде «Біздің Кәмшат» деген деректі повесть жазып, 1976 жылы жарыққа шығарды. Көп ұзатпай осы атақты тракторшы қыз туралы «Қазақтың бір қызы бар Кәмшат деген» атты поэмасын жазды. Жас ұрпаққа арнап жазған өлеңінде жас өскін боп: «Батыр қызы халқымның Кәмшат апай – мақтаным. Мен де соған талпындым, атын есте сақтадым. Жұлдыздайын ең көркем жарқырайды ордені, «Батыр бол, – деп, – сен де ертең» шақырғандай ол мені», – деп жырлады.

Фариза Оңғарсынованың  шығармаларында әйел тақырыбы негізгі орын алатыны белгілі, ол кісі тек Кәмшат сынды еңбек адамын ғана емес, қазақтың небір айтулы, өнерлі қыздарын  жырына қосты. «Тартады бозбаланы магнитім» деп әнші Майраны, «Сайраған Жетісудың бұлбұлымын» деп ақын Сараны жырлады.  Қазақтың композитор қызы Ғазиза Жұбанова, атақты Құрманғазының шәкірті болған күйші Дина Нұрпейісова, әншілер Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова, ақын Мәриям Хакімжанова, батыр қыздар Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова дастандарына, өлеңдеріне арқау болды.

Факең көптеген өлең-жырларында қыз-келіншектердің жиынтық бейнесін сомдады. Асыл сезім, ғашықтық, махаббат жайындағы өлеңдері Факеңнің ерекше дарыны мен үздіксіз ізденісі нәтижесінде жастардың көңілінен шығып жатты.

Бүкілхалықтық шығармашылық тұлғаға айналған Фариза Оңғарсынова «Біреуді жақсы көрген қандай жақсы – нұрланып кетеді екен бар айналаң! – деп баршаны сүйсіндіре жазды. – Жақсы көру, жақсы көру, не деген керемет ең! Өмірді сезінуге, қуанып көз ілуге – адамға жақсы көру керек екен», – деген сөздермен адам баласына аса қажет ғажап сезім жайындағы көптің жанын жадырататын түйінді ойын айтты.

Мен Факеңнің қол астында 1975–1978 жылдары үш жыл істедім. Ол маған шексіз сенім артты. Тіпті мен сол шақтағы қалыптасқан стандартты ахуалға кереғарлау бастама көтергенімде де қолымды қақпады. Мәселе былай болған еді. Мен мектептерде, пионер ұйымдарында жұмыс істейтін интернационалдық достық, қысқаша КИД деп аталатын клубтардың тым тар ұғымда түсініп-қарастырылатынына балалардың өздерінің назарын аударуға тырысқанмын. Сол мақсатпен достық туралы арнайы мақала жазып жария еттім. Редакцияға интернационалдық достық клубтары, әр ұлт балалары, тіпті өзара дербес екі тілде тәрбие көріп өсіп келе жатқан шәкірттер арасындағы қарым-қатынастар жөніндегі оқушы хаттары топырлап келе бастады. Біз оларды қорытып, топтап жариялап жүрдік.

Газет бетінде үлкен диспут көтерілді. Жас өркен оқырмандарымыз кейбір өзге ұлт балаларының өзіндей құрбыларына ашық менсінбеушілікпен қарап, ескірген лақаптармен мазақтайтынын айтты. Әсіресе тіл мәселесіне ерекше назар аударды, тілдің маңызын жырлаған қазақ, қырғыз ақындардың өлеңдерінен мысалдар келтіріп, өз тіліне немқұрайлы қарайтын, тіпті білмейтін және білгісі де келмейтін құрбыларын сынады. Сондай топтамалардың бірінен өз ішіміздегі «қырағы көрегендер» жазуға болмайтын жәйтті, яғни «саяси қате» тауып, тиісті орындарға жеткізе қойыпты. Содан біразға созылған сергелдең басталды.

Фариза апайым маған ешқандай реніш білдірген жоқ, газет бетіне шығарған идеямның дұрыстығын жоғарыдағыларға дәлелдеуіме, өз позициямды өзімнің қорғауыма толық мүмкіндік берді. Мен марксизм-ленинизм классиктерінен, партиялық құжаттардан тоқығандарымды алға тартып, жүргізген пікірталас бағытының да, мазмұнының да қате емес екеніне бұлтартпас аргументтер келтірдім. Ақыры мәселе менің түсінік жазып беруіммен аяқталды. Ал редакциядан бір іс папкасына толтырып алып кеткен оқушы хаттары ішінен кейбір шетін деп тауып керек көргендерін алып қалып, басқасын қайтарып берген-тін.

Мұндай ой қақтығыстарының балалар ғана емес, ересектер арасында билеуші партияның Қайта құру саясаты өрістеген шақта да, тіпті тәуелсіздікке қол жеткізген жылдарда да  орын алып жүргеніне Факең нақты мысалдар келтіріп,  өзінің мақалаларында ашына жазып жүрді.

Ұлттық дәстүрді қастерлеуде Факеңнің тіпті шетелдіктер алдында жеке басының қалай ымырасыз көзқарас танытқанын сондай жәйтке куә болған замандастары таңғала, сүйсіне айтып, жазып кеткенін білеміз.

Оның ғаламат поэзиясымен сусындап қана қоймай, ұстанымдарынан да үлгі алу бүгінгі ұрпаққа қажет-ақ. Фариза Оңғарсынова әсерлі де пәрменді ғажап шығармашылығымен, күллі бітім-болмысымен әрқашан оқырман жадында, әрқашан бәрімізбен бірге.

Бейбіт Қойшыбаев

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1972