Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Анық-қанығы 1027 2 пікір 28 Қазан, 2024 сағат 15:32

Грузиядағы сайлау: Кім жеңді, кім жеңілді?

Суреттер Sputnik және pravda.com сайттарынан алынды.

26 қазанда Грузияда парламент сайлауы өтті. Сайлау алдында көптеген адамдар елдің ЕО мен Ресей арасындағы таңдау алдында тұрғанын айтқан болатын. Сондықтан, Грузия азаматтары осы сайлаудан көп үміт күтті.

Әсіресе, Еуропаға бет бұрғысы келетін жастар елдегі "Грузин арманы" партиясының саясатын қатты сынады. Олар Бидзина Иванишвилидің «Грузин арманы» партиясы Кремльге бет бұрып, сайлаушыларды Ресеймен мүмкін боларлық соғыспен қорқытып отыр дейді. Яғни, ресейшіл «Грузин арманы» партиясы сайлаушыларды өздері қолдайтын «Ресеймен қорқытуы» ‑ әрине, ақылға симайды. Сондықтан көптеген ел азаматтары Грузияның даму бағытын Еуроодаққа қарай бұру қажет деген сұрақты ашық қоюда.

Грузияның Орталық сайлау комиссиясы парламент сайлауының алдын ала нәтижелерін жариялады. 97% хаттама өңделгеннен кейін, билеуші «Грузин арманы» партиясы (ГА) 54,2% дауыс жинады деп мәлімдеді.

Нәтижелер келесідей:

Басқарушы және ресейшіл деп саналатын «Грузин арманы» партиясы 54,2% дауыс жинады;

Қалған оппозициялық бағытты ұстанатын партиялар мен коалициялар:

«Өзгерістер үшін коалиция» — 10,8%.

«Бірлік – Ұлттық қозғалыс», онда экс-президент Михаил Саакашвилидің «Біртұтас ұлттық қозғалысы» (БҰҚ) жетекші рөл атқарады, — 10%.

«Күшті Грузия» — 8,71%.

«Грузия үшін» ‑ 7,77%;

Грузия Президенті Саломе Зурабишвили брифинг өткізді және сайлаудың ресми нәтижелерін мойындамайтынын мәлімдеді

Президент Грузияның еуропалық болашағы үшін дауыс берген барлық сайлаушыларға алғыс айтты. Ал, сайлау туралы былай деді:

«Біз өте ерекше жағдайдың куәсі болдық:  – Бұл сайлау дауыстарды толықтай жымқыру, толықтай бұрмалау болды. Сайлауда басқа елдерде қолданылған барлық бұрмалау әдістері, сонымен қатар, бұрмалауды ақтаудың қазіргі заманғы технологиялары қолданылды», – деді Президент.

Оның айтуынша, мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған. «Біз нағыз ресейлік арнайы операцияның куәсі әрі құрбаны болдық деп айтуға болады. Бұл біздің халқымызға, елімізге қарсы жасалған гибридті соғыстың жаңа түрлерінің бірі», – деді ол.

«Бұл сайлау біздің конституциялық таңдау құқығымызды тартып алды. Бізде ресейлік сипаттағы сайлау өткізілді. Сайлау институты жойылды десе болады.. Азаматтарымыздың... эмигранттардың сайлауға қатысу құқығын бұзып, шет елдерде сайлау учаскелерін ашқан жоқ. Осы сайлаудан кейін ештеңе өзгермесе, келесі сайлаулардың қандай болатынын елестету қиын», – деп мәлімдеді президент.

Сайлау сценарий бойынша өтті

Алғашқы нәтижелер жарияланудан бір жарым сағат бұрын‑ақ «Грузин арманы» партиясы жеңісін тойлай бастады. 20:00-де, учаскелер жабыла салысымен Тбилисидегі партияның штаб-пәтері алдында алдын ала жоспарланған митинг өтті. Онда партия басшысы, олигарх Бидзина Иванишвили сөз сөйледі. Экранда экзитпол нәтижелері партияға 56,1% дауыс берілгенін көрсетіп тұрды.

«Грузин арманы» партиясы тойды қыздырды: «Грузин арманы» жақтастарының Тбилисидің орталық көшелерінде Грузияның және партияның жалауларымен автокеруені мен мотокеруені өтті. Партия бұрын, 75% дауысқа үмітті болған еді. Бірақ, бұ жолы 54,2% дауыс болса да, соны медет тұтты. Фейерверк атқылап жатты... Дәл осы сәтте Ресейге жақтас Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан да көпке созбай «Грузин арманы» партиясын құттықтады.

Бұл тойлау сол жерде аяқталды.

ОСК алғашқы нәтижелерді шамамен 21:30-да жариялаған кезде, кейбір журналистер «Грузин арманы» кеңсесіне бет алды. Бірақ оларды тек бос сахна, бос кеңсе қарсы алды. Партияның өз нәтижесіне риза болмауына негіз бар. Себебі, бұл партия 2012 жылы парламенттегі 150 орынның 85-іне,

2016 жылы 115-іне, ал 2020 жылы 90-ына ие болып еді. Ал қазір ол 88 орынға төмендеді. Ендеше, партиның жылдан жылға беделі түсіп бара жатқаны кімге ұнасын...

Сенбі кешкі брифингте ОСК сайлаудың өткенін жариялап, жексенбіде түпкілікті нәтижелерді уәде етті. ОСК сайтындағы дауыс беру нәтижелерінің географиясына сүйенсек, аймақтар негізінен билеуші партияны қолдаса, ел астанасы оның қарсыластарын жақтады.

Оппозиция сайлау нәтижелерін мойындамады

Билікке қарсы тараптар да жеңісті тойлауға асықты. 20:00-де оппозициялық телеарна АҚШ-тың Edison және HarrisX социологиялық қызметтерінің экзитполын көрсетті, онда «Грузин арманы» 41-42%, ал еуропашыл төрт партия 48-ден 51,9% дейін дауыс жинады деп көрсетілген. Оппозицияны қолдайтын президент Саломе Зурабишвили әлеуметтік желіде «еуропалық Грузия» 52% дауыспен жеңіске жетті» деп жазды. Алайда, ОСК-ның алғашқы мәліметтері бойынша, оппозиция бар болғаны 38% дауыс жинап, жаңа үкімет құра алмайтын болып қалды...

Билік партиясы «Грузин арманы» билікке қарсы негізгі төрт партияны алдын ала анықтап, өздерінің үгіт-насихат плакаттарында олардың нөмірлерін үстінен сызған болатын. Олар: «Өзгеріс үшін коалиция», Михаил Саакашвилидің бұрынғы билік партиясы «Біртұтас ұлттық қозғалыс», LELO партиясы жетекшілігіндегі «Күшті Грузия» коалициясы және «Гахария - Грузия үшін» партиялары. Олардың барлығы демократиялық даму мен еуроинтеграцияны қолдайды. Алдын ала ОСК мәліметтері бойынша, олар сәйкесінше 10,8%, 10%, 8,7% және 7,7% дауыс жинады. Бұл оларға парламентте 62 орын береді. Сөйтіп, 88 орынға ие болған «Грузин арманы» партиясы тағы да «Үкімет жасақтау» құқын иемденіп кетті.

Көптеген қоғам қайраткерлері Орталық Сайлау Комиссиясы «Иванишвилидің лас бұйрығын орындап, грузин халқының жеңісін ұрлап алды» деп мәлімдеп, сайлау нәтижелерін мойындамайтынын жариялады. Партиялар жаңа парламентте жұмыс істеуден бас тартып, ішкі келіссөздер мен барлық сайлау учаскелері жабылғаннан кейін наразылық акцияларын өткіземіз жариялады.

Тбилисидегі сайлау учаскесіндегі кезек 2012 жылдан бергі ең жоғары көрсеткішке жетті. Бұл жолы 3,5 млн сайлаушының 2,06 млн немесе 58,94%-ы сайлауға келіпті. DW тілшісі түске дейін барған Тбилисидегі бес учаскенің төртеуінде 10-15 адамдық кезек болды. Кіреберісте жеке куәліктері мен алақандарын тексерді: бюллетеньдерді алғаннан кейін қайта дауыс бермеу үшін сайлаушылардың саусақтарына жарық шашатын спрей жағылды. Учаскелерде ЦИК-тің аккредитациясымен жасыл жилет киген бақылаушылар көп болды. Жалпы, 23 мыңнан астам бақылаушы тіркелді, елде шамамен 3 мың учаске бар, сондықтан әрқайсысында орта есеппен 7-8 ерікті болды. Бірақ ол нәтиже бермеді.

Сайлаудағы құқық бұзушылықтар, төбелестер, бұрмалаулар

Дауыс беру күні бірнеше құқық бұзушылық орын алды. Мысалы, Зугдиди қаласындағы бір учаскеде төбелес болды. Глдани және Исани аудандарындағы учаскелерде, сондай-ақ Тбилисидегі Кахети шоссесіндегі ЕҰҚ кеңсесінде қарсыластар арасында қақтығыстар болды. Оппозиция билік жақтастарының оппозиция өкілдері мен бақылаушыларға дубинкамен шабуыл жасағанын айыптады.

Билік партиясының жеңісінің құпиясы неде?

Билік партиясының басымдығы оның қаржыландыруымен түсіндіріледі. Грузияның Антикоррупциялық бюросының мәліметі бойынша, 27 тамыздан 7 қазанға дейінгі науқан басталған кезеңде «Грузин арманы» партиясының шоттары арқылы 20 миллион лари (6,8 миллион еуро) өткен. Бұл барлық басқа партиялардың бюджеттерінен көп. Оппозицияда айтарлықтай бюджет тек «Күшті Грузия» коалициясында – шамамен 5,1 миллион лари және «Өзгерістер коалициясында» – шамамен 5,5 миллион лари болды. Ал оппозицияның негізгі күші саналатын ЕНД-нің бюджеті небәрі 1 миллион лариді құрады.

Билік партиясы әкімшілік ресурстарды да алдын ала пайдаланды.

Мысалы, өздерінің митингілеріне адамдарды жеткізу үшін. 23 қазанда Тбилисиде өткен соңғы үлкен шара кезінде бүкіл орталық аймақ өңірлерден келген шағын автобустармен толып тұрды. Әлеуметтік желілерде қаланың «үлкен автовокзалға» айналғанын айтып әзілдегендер болды. Қыркүйекте «Грузин арманы» партиясының әкімшілік орталықтардағы митингілеріне аудандардың тұрғындарын ұйымдастырып жеткізді.

Сайлау күні кейбір сайлау учаскелерінің жанында қолдарында тізімдері бар күмәнді адамдарды байқаған. Оппозиция олардың бюджеттік қызметкерлерді сайлауға келіп, билікті қолдауға мәжбүрлегенін айтады. Мысалы, Зугдиди қаласында осы тізіммен жергілікті коммуналдық қызметтің басшысы ұсталды.

Вашингтон мен Брюсселдің Грузиядағы сайлауға реакциясы

Вашингтон мен Брюссель Грузиядағы парламенттік сайлауда жіберілген заңбұзушылықтарды тергеуге шақырды.

«Біз халықаралық нормалардың барлық бұзылуын айыптаймыз және сайлауға қатысты барлық заңбұзушылық туралы хабарламаларды толық тергеу үшін халықаралық және жергілікті бақылаушылардың үндеуіне қосыламыз», — делінген АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің мәлімдемесінде.

Ол заңбұзушылықтар арасында «билік партиясының мемлекеттік ресурстарды теріс пайдалануы, сайлаушыларды сатып алу және қорқыту» әрекеттерін атап өтті.

«Біз Грузияның Орталық сайлау комиссиясы мен басқа да тиісті органдарды өз міндетін адал орындап, сайлаудағы заңбұзушылықтарды жедел, ашық әрі тәуелсіз түрде тергеуге және қарауға шақырамыз. Бұл заңбұзушылықтар анықталып, жойылуы тиіс», — делінген ЕО-ның жоғарғы дипломаты Жозеп Боррельдің мәлімдемесінде.

Ресей не деп жатыр?

Ресей әдеттегідей «Моя хата с краю», яғни, «Біз –біз емес, көрген жоқпыз, білген жоқпыз» деумен шектелді. РФ президент кеңесшісі Д.Песков «Грузиядағы сайлауға ықпал етуге Ресейде ешбір мүмкіндік жоқ» деп қысқа ғана қайырды...

Арманның ауылы алыстай түсті...

Сонымен, осы жылы Еуроодаққа өту мүмкіндігінен ажыраған Грузин халқының «Еуропалық арманының» ауылы алыстай түсті. Халықтың 80%-ы Еуроодақты қолдап отырса да, сайлау оған қарама‑қарсы нәтижені көрсетті. Сондықтан, «Грузин парламентаризмі» «еуропашыл» президентін «бұғаттап», көпшілік дауыспен өз халқының сексен пайызының арманын жоққа шығарды...  

Әбдірашит Бәкірұлы,

сарапшы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048