Сәрсенбі, 25 Желтоқсан 2024
Саяси портрет 5124 0 пікір 31 Қазан, 2024 сағат 13:37

Рақымжан Қошқарбаев және Жеңіс жалауы

Сурет elordainfo.kz сайтынан алынды.

Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевқа 100 жыл!

«Ер есімі – ел есінде» деген қанатты сөз қазақ елінің арасында белгілі бір батырларға арналып айтылады. Осындай атқа лайық, Ұлы Отан соғысында Берлиндегі Рейхстаг төбесіне Жеңіс туын алғашқы болып қадаған батырымыз Рақымжан Қошқарбаев 100 жасқа толып отыр. Батырдың есімі қашанда ерекше.

Рақымжан Қошқарбаев  1924 жылы 19 қазанда Ақмола облысының Ақмола ауданында дүниеге келген. Ол ата-анасынан ерте айырылып, балалар үйінде тәрбиеленді. Төрт жасында анасынан айырылып, 13 жасында жетім қалып, 1937 жылы әкесінің қуғын-сүргінге ұшырауына байланысты балалар үйіне түскен. 7 жылдық мектепті бітірген соң, осы арадан Балқаш қаласындағы фабрика-завод училищесіне (ФЗУ) жіберіледі.

Соғыс басталысымен Қызыл Армияға өтіне бастады, ол кезде ол небәрі 16 жаста болатын. 1942 жылы 18 жасқа толар шақта Қызыл әскер қатарына шақырылды, Көкшетау қосалқы полкінде әскери жаттығулардан өтті. 1943 жылы Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласындағы әскери училищеге оқуға жіберіліп, оны 1944 жылы қазан айында үздік бітірді. Содан кейін Қостанай қаласында жасақталған 150-атқыштар дивизиясының 674-і полкінде лейтенант Р.Қошқарбаев взвод командирі болды.

Соғыстың соңғы жылы дивизияның көптеген бөлімшелері Германияның Одер өзенінен өткен кезде ерекше ерлік көрсетті. Әсіресе 674 және 756-полктың жауынгерлері көзге түсіп, өздерінің ерлігімен барша әскердің көз қуанышына айналады. Фашизмнің астанасы Берлинге алғаш кірген әскери бөлімдердің қатарында осы 150-дивизия, осы аты аталған полктер болды.

1945 жылы 16 сәуірдегі шайқаста Одер өзенінің сол жағалауындағы Гросс-Нойендорф ауданында басып алынған плацдармды кеңейту кезінде Қошқарбаев шабуылдаушы батальонның құрамында ұрысқа қатысты. Жаудың аянбай қарсылығына қарамастан, оның взводы жау окопына бірінші болып кірді. Ұрыс өте теке-тіреске айналып, окоптағы шайқас қоян-қолтық ұрысқа дейін жетті. Қошқарбаевтың автомат қаруы граната жарылысынан зақымданып, істен шықты. Сол сын сағатта ол гранатамен пулемет пунктіне жетіп, жау атушыларының көзін жойып, пулеметті тартып алып, олжалы қарудан оқ жаудырды. Қошқарбаев батыл әрі өжет қимылының арқасында алдына қойылған міндетті орындады. Осы ерлігі үшін 150-ші атқыштар дивизиясы 674-ші атқыштар полкінің взвод командирі Рақымжан Қошқарбаев І дәрежелі Отан соғысы орденін алды.

1945 жылы 16 сәуірде Одер өзенінің батыс жағалауындағы Гросс-Нойдорс ауданындағы плацдармнан қарсыластың қорғанысын жарып өтіп, Қошқарбаевтың шабуылдаушы взводы 1945 жылы 17 сәуірде Фриландерштром каналына шықты. Қорғаныс үшін өте тиімді межені пайдаланған жау, олардың қозғалысын тоқтатуға тырысты. Қошқарбаевтың взводына су бөгетін қолда бар құралдармен еңсеріп, каналдың батыс жағалауындағы плацдармды басып алу және полктің негізгі күштерінің өтуін жеңілдету тапсырылды.

Тікелей атылған зеңбірек оқтарының қорғаштауымен Қошқарбаев басқарған взвод каналдың қарсы жағасына жетіп, тез арада неміс окопына кірді. Қоян-қолтық ұрысқа дейін жеткен окоптық ұрыста взвод 40-тан астам неміс солдатын жойып, үш ауыр калибрлі пулеметті қолға түсіріп, қолға түскен қаруды пайдаланып, жаудың атыс нүктелеріне қарқынды оқ жаудырды. Қошқарбаев взводының жетістігін пайдаланып, тағы бірнеше шабуылдау топтары тасымалданды.

1945 жылғы 29 сәуірдегі ұрыста взвод алғашқылардың бірі болып Шпрее өзенінен өтіп, жаудың қатты қарсылығын бұзды. Одерден Рейхстагқа дейінгі шайқас күндерінде взвод 200-ден астам неміс солдаты мен офицерін өлтіріп, 184-ін тұтқынға алды, қызметшілермен бірге 14 далалық зеңбіректі, 27 ауыр калибрлі пулеметті және басқа да көптеген қару-жарақты қолға түсірді.

Берлин үшін шайқаста Рақымжан мен оның взводы алғашқы қатарда соғысты. Олар алдымен Корольдік алаңға, «Гиммлер үйіне» жетті. Мұнда лейтенант Қошқарбаевқа тарихи маңызы бар – Рейхстаг ғимаратының үстіне Қызыл Туды көтеру туралы бұйрық берілді. «Гиммлер үйінен» Рейхстагқа дейінгі қашықтық бар болғаны 360 метр. Бірақ бұл ашық алаң болғандықтан,  жан-жақтан оқ борап тұрды. Осы қанды қашықтықты  лейтенант Қошқарбаев жауынгерлерімен 7 сағатта жүріп өтті. 1945 жылы 30 сәуір күні, сағат 18:30-да Рейхстагқа Жеңіс туын тікті. Ол осы ерлігі арқылы сұрапыл соғысқа нүкте қойды. Қошқарбаевтың марапаттау тізімінде «Кеңес Одағының батыры атағына лайық» деп жазылған. Өкінішке орай, Рақымжан Қошқарбаевтың теңдессіз ерлігі ондаған жылдар бойы көлеңкеде қалды. Берлинді басып алу кезінде көрсеткен ерлігі үшін Кеңес Одағының батыры атағын алмады. Қыр баласының ерлігін көргенде қысылып қалатын Кремль Қошқарбаевқа алтын жұлдызын қимады. Берлиндегі шайқастардың қорытындысы бойынша Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов Қызыл Ту орденімен марапатталды.

Соғыстан кейін қазақ батырының ерлігі көпке дейін еленбей қалды. Ол туралы алғаш шындықты айтып сөз қозғаған Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлы еді. Ол журналист Кәкімжан Қазыбаевқа Рақымжанның ерлігі туралы жазуды тапсырды. Жазушы К.Қазыбаев 1958 жылы 21 ақпанда «Рейхстагқа ту тіккен қазақ» атты мақала жариялады. Бұл мақала Рейхстагқа бірінші болып Жеңіс туын тіккен Рақымжан батырдың ерлігін паш етудің басы әрі бастамасы болды. Бауыржан Момышұлының ұйытқы болуымен Кәкімжан Қазыбаев көп ізденіп, мақала жазумен ғана тоқтап қалмай, мәселені сол кездегі Орталық комитеттің қарауына ұсынып, Мәскеуге дейін сұрау салады. Батырдың ерлігін ақиқатқа айналдыру үшін ізденіп күреседі. К.Қазыбаевтан кейін бұл істі жазуды белгілі журналист Жанболат Аупбаев қолға алады. Осылайша ақиқат алға қарай жылжи береді. Осы Ту жайлы тарихи шындықты ақиқатқа шығару үшін 62 жыл қажет болды. Ұлы ерлікті дәлелдеу жолында талай адамдардың тер төккені де рас. Ақиқаттың ақырында анықталғаны да рас.

1999 жылы 7 мамырда Р.Қошқарбаевқа «Халық қаһарманы» атағы берілді. Ұлы Жеңістің 62 жылдығы қарсаңында қазақстандықтар үшін қуанышты жаңалық болды. Р.Қошқарбаевтың Рейхстагқа жеңіс туын тіккені расталды. Ресей осы ерлікті айқындайтын құжаттарды еліміздің мемлекеттік мұражайының қорына табыс етті. Мәскеу тарихи қажеттілікті түзетіп, ресми түрде қазақ батырының ерлігін мойындауға мәжбүр болды.

2024 жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев заңға түзетулерге қол қойды. Енді ІІІ дәрежелі «Айбын» ордені Рақымжан Қошқарбаевтың есімін алды. Бұл награда әскери борышын атқару кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін тапсырылатын марапат. Рақымжан Қошқарбаев көзі тірісінде Қызыл Ту, 1-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, «Берлинді алғаны үшін», «Варшаваның азаттығы үшін» медальдарымен марапатталды.

Рақымжан Қошқарбаев одан басқа да көптеген құрметті атақтарға ие. Ол бірнеше қалалардың құрметті азаматы атанса, Ақмола облысы Қосшы ауылының орта мектебіне, Астана, Алматы және басқа қалалардағы көшелерге оның есімі берілді. 2015 жылы Астана қаласында батыр құрметіне ескерткіш ашылды. «Қазақфильм» киностудиясы ол туралы «Жеңіс солдаты» деректі фильмін түсірді. Ол өзі жүріп өткен жауынгерлік жолы туралы «Жеңіс жалауы» және «Шабуыл: 1410-шы күн» атты кітаптарын жазды. Рақымжан Қошқарбаев 1988 жылы 10 тамызда дүниеден өтті. Биыл 100 жасқа толған батырымыздың ерлігі мен есімі осылайша ел есінде қалды. 

Болат Сайлан

ҚазҰУ-ның профессоры, тарих ғылымдарының докторы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2025