Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Көкжиек 2144 17 пікір 6 Қараша, 2024 сағат 11:26

Трамп-Харрис: Қазақстан үшін қайсысы дұрыс?

Фото: gazeta.ru

Сонымен, АҚШ президентінің кезекті сайлауы өз мәресіне жетіп қалды (жергілікті заңдарға сәйкес кейбір штаттарда дауыс беру қыркүйекте басталып кеткенін білеміз). Сайлаудың нәтижесін бірнеше сағат немесе бірнеше күн не апта күтуге болатынын өткен науқандар көрсеткен еді. Әліптің артын бағайық.

Әзірше маған осы күндері жиі қойылып жатқан: «Қазақстанға Трамп пен Харристің қайсысы дұрыс?» деген сыңайдағы сауалға жауап беруге тырысайын.

Әрине «біз қайдамыз, АҚШ қайда: мұхиттың ар жағында, он мың шақырым шалғайда жатқан елдің бізге не қатысы бар?» деп, қысқа жауап беруге болар еді.

Алайда, бүгінгі жаһандану дәуірінде ешбір ел әлемдік саясаттан тыс тұра алмайды. Ал АҚШ болса, дүниежүзілік саясатта өз орнын ойып алған алпауыт.

Жылына 4 миллиардтай доллар құрайтын екі ел арасындағы тауар айналымы құрамындағы экспорт пен импорт та, өкінішке орай, біржақты, яғни біз сол баяғы шикізат шылауы роліндеміз: Қазақстан АҚШ-қа мұнай (экспорттың 48 проценті), ферроқорытпа (экспорттың 38 проценті), күкірт, фосфор, тантал, мырыш, уран, бидай экспорттаса, АҚШ бізге автокөлік, ет, дәрі-дәрмек, вакциналар және әртүрлі техника сатады.

Меніңше, екі ел арасындағы тауар айналымы таза экономикалық негізде болғандықтан, сайлау қорытындысы оған аса көп әсер етпейді: АҚШ әзірше  шикізатымызға кез келген президент тұсында зәру болмақ.

Ал басқа салаларды алсақ, жағдай төменгідей.

Әлем экономикасы, соның ішінде, Қазақстан да АҚШ валютасы – доллардың бағамына тәуелді. Ол, ең алдымен, импорттық тауарлардың бағасына оң не кері әсер етеді. Ол үшін АҚШ-тың ішкі нарығының, соның ішінде, бағалы қағаздар нарығының жағдайына көп нәрсе байланысты. Сарапшылардың айтуынша, Харрис ұсынған бағдарламалар жүзеге асса, бұл нарық Трамп саясатына қарағанда мығымдырақ болмақ. Ол болса, доллардың тұрақтылығына септігін тигізбек. Ал доллар күшіне мінген сайын дамушы елдердің валюталары қандай жағдайда болатынын өздеріңіз білесіздер.

Қазақстан экономикасы телініп қалған мұнай бағасына Трамптың Қытайдан импорт тарифтерін 60 процентке, басқа елдерден импорт тарифтерін 20 процентке көтеру ұсынысы, сөзсіз, әсер етпек. Ондай қадам әлемдік экономика дамуын біршама тежеп, мұнайға деген сұранысты азайтпақ.

Мұнайға қатысты Харристің саясаты екіұдай. Бір жағынан, бұл саланың инфрақұрылымына Байденнің тұсында бекітілген бағдарламаға сай бес жылда 1,2 триллион доллар жұмсалмақ, алайда Харрис, сонымен бірге, «жасыл экономиканы» белсенді түрде жақтаушылардың бірі, мұның өзі дәстүрлі қуат көздерін дамытуға өз әсерін тигізбек.

Ұжымдық Батыстың санкцияларының астында қалған ресейлік экономикасына біздің экономика жіпсіз байланғаны белгілі. Трамп «санкцияларды жеңілдетемін немесе тіпті жоямын» дейді, Харрис болса, оған қарсы. Осыдан барып, осы екі ұстанымның қайсысы жеңеді, және ол Қазақстан экономикасына қандай ықпал ететінін түсіне беріңіз.

Бұл тұста Украинадағы соғыстың одан әрі жалғасуы не доғарылуы да көп жағдайда АҚШ-тың ресми позициясына байланысты екенін ұмытпайық. Трамптың Ресейге бүйрегі бұрып тұрғаны бесенеден белгілі, ол «соғысты бір күнде тоқтата аламын» деді, ал Харрис болса, ұжымдық Батыстың қалыптасқан қатаң саясатын жалғастырмақ ниетте екенін мәлімдеді.

Осы екі көзқарас (қайсысы билік басына келуіне байланысты) Ресей мен Украинамен тығыз байланыстаға Қазақстанның да сыртқы саясатына, арасындағы қарым-қатынасына өз әсерін тигізіп, еліміздің геосаяси ұстанымы мен әлемнің әр түрлі ықпалды орталықтарымен байланысына тиісті түзетулер енгізуі мүмкін.

Саясатта «тұрақтылық» деген ұғым бар. Шынын айту керек, Трамптың өне бойындағы қасиеттер сондай тұрақтылықтың кепілі бола алмады. Өзін бар жерде доминант сезінетін Дональд мырзаның дөңайбаты АҚШ-тың халықаралық алаңдағы абырой мен беделіне нұқсан келтіргені де рас. Иә, ішкі саясатта ол американдықтарға жағатын біраз бастама көтерді. Алайда сыртқы саясатта ол қаншама жылдар бойына қалыптасып қалған геосаяси тұрақтылық пен әлемдік архитектураны күрт өзгертті, өз елінің халықаралық ұйымдармен байланысын бәсеңдетті, кейбірімен тіпті ат құйрығын кесісті. Мұның бәрі сол ұйымдарға мүше боп отырған Қазақстанның да АҚШ-пен қарым-қатынасын өзінше реттемек.

Шетелде, соның ішінде, АҚШ-та қазақстандықтар да еңбек етіп, нәпақа тауып жүргені белгілі. Сол себепті антииммигранттық көзқарас ұстанған Трамп жеңсе, сол жақтағы біздің ағайынның жағдайы қиындап кетуі ләзім. Бұл түйткіл АҚШ-та білім алып жүрген қазақ жастарына да өз салқынын тигізуі мүмкін.

Еліміздің қоғамдық өміріне келсек, Харристі президенттікке ұсынған Демократиялық партияның тұғырнамасында әлемнің түкпір-түкпірінде демократия, адам құқы, сөз бостандығы, пікір алуандығы, заң үстемдігі секілді іргелі қағидаттар мен халықаралық демкоратиялық институттарды қолдау талаптары жазылған. Яғни, Харрис жеңсе, Орталық Азияда, соның ішінде, біздің елде АҚШ-тың осы бағыттағы гуманитарлық жобалары мен бағдарламалары орныға түседі деген сөз, Трамптың ондай мәселелерге көңіл болуына еш құлқы жоқ сықылды.

Әрине, президент деген лауазымның орны мен өкілеттігі бөлек. Алайда АҚШ секілді мемлекетті басқару тетігі бір ғана президенттің ашса, алақанында, жұмса, жұдырығында деп ешкім айта алмайды. Ол елде билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік бар екенін де ұмытпайық. Сенат пен Конгресс кез келген президентті тәубасына келтіре алады. Сот пен прокуратура тіпті оларды қылмыстық жауапкершілікке тарта алатынын кешегі Клинтон мен бүгінгі Трамп тұсында да көріп жатырмыз. Бүгінде сарапшылар ол жақтың парламентін «қақ жарылған Конгресс» деп атап жатыр, өйткені ол жақтағы парламенттің бір палатасы демократтардың, яғни Харрис партиясының, иелегінде болса, екіншісі республикашылардың, яғни Трамп партиясының қолында (бұл жолы конгерсмендер толығымен, сенаторлардың үштен бірі қайта сайланып жатыр). Сол себепті аса маңызды саяси шешімдер қабылдауда бір-біріне қарсылас екі партия компромиске келіп тұруға мәжбүр болады. Ол жағын да ескеріп отырайық.

Ең бастысы сол: басқа елдердің президенттері келер, кетер, ал Қазақстан болса, өзінің сыртқы саясатының басым-бағыттарынан айнымай, тұлғааралық емес, мемлекетаралық келісім-шарттары, міндеттемелері негізінде, ешкімге де жалтақтамай, өзінің түпкілікті де түбегейлі ұлттық мүдделерін қорғау жолында дербес саясатын жүргізе беруі керек!

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052