Сәрсенбі, 18 Маусым 2025
Әне, көрдің бе? 230 0 пікір 18 Маусым, 2025 сағат 13:47

Трамп пен Нетаньяху Иранда халифат құрмақ па?

Сурет: The Guardian.

Маусымның 13-інде бастаған шабуылын: "Иранның уран байыту құрылымдарын жоқ қылу", - деп түсіндірген Трамп пен Нетаньяхудың түпкі жоспары белгілі болды.

"Иранның рухани көсемі Аятолла Хаменейдің жасырынған жерін білеміз, 48 сағатта шартсыз берілмесе көзін жоямыз", - деп ашық айта бастады. Екі сыбайластың Иран ислам респубикасын өзгертіп, халифат құру жоспарын Нетаньяху Ақ үйге алғашқы шетелдік қонақ болып барғанда ақылдасып, пісіріп алғаны анық.

Израиль Иранға жалпы әуе соққысынан кейін, ақпараттық шабуылға, ғаламтор дәуіріндегі шектен алқыған ұрыс тәсіліне көшті. Жанармай бекеттерін бомбалап, дүрбелең тудырды. Иран банктеріне хаккерлік шабуыл жасап, цифрлық жүйесін істен шығарды. Иранның заң органдарының, ақпарат органдарының ғимаратын талқандап, оны Иран халқының қалауымен болғандай етіп көрсетті. Израильді тәуелсіз елге соғыс ашушы емес, керісінше ашынған халықты диктатордан құтқарушы етіп жарнамалауға жанын салып жатыр.

Иранның әскерилері "қуғындағы бұрынғы патша мұрагерлерімен байланысқа шықты, оларды елге келіп, билікті қолға алуға шақырды" деген ақпараттар таратты.

Күллі әлем екеудің түпкі жоспарын біліп, іштей бақылап отыр. Сауд Арабиясы бастаған 21 мұсылман елі Израильдің шабуылын айыптағанымен, іштей жөйіттерге болысып отыр. АҚШ базасы орналасқан елдерді айтпағанда, Сауд Арабиясы көгінен ұшқан Израильдің бомбалаушы ұшағына көз жұма қарап, Иран ұшақтарын қағып тастап отыр. Сирияның жаңа басшысы да жөйіттерге болысып, өзінің жері мен көгін әскери мақсатта пайдалануға рұқсат берді.

Иранның екі сенімді одақтасы - Ресей мен Қытай да жағдайды дипломатиялық жолмен реттеуді айтудан басқаға бармай отыр. Иранның Шанхай ынтымақтастық ұйымының белді мүшесі екенін айтсақ та жеткілікті.

Израиль Қорғаныс министрі 86 жастағы Хаменейге: "Берілмесе, Саддам Құсайынның аяғын құшатынын", - айтып сес көрсетті.

Саддамнан кейінгі Ирактың, Каддафидан кейінгі Ливияның қандай күйге түскенін әлем жұрты біліп отыр. АҚШ-тың Ауғанстанға орнатқан демократиялық билігінің бір түнде қалай күйрегеніне де күллі әлем куә болды.

Трамп пен Нетаньяхудың Иран да орнатпақ болған "жаңа халифатының" да баянды болары, Орта Шығыстың бейбіт аймаққа айнала қоюы екіталай.

Abai.kz

0 пікір