Ресей мен Қытайдың достығы баянды ма?

Кибершабуылға машықтанған «Ares Leaks» ұйымы Ресейдің мемлекет қауіпсіздігіне қатысты 8 беттік құпия құжатты қолға түсірген. Ню-Йорк Таймс газеті аталмыш құжатты АҚШ пен Еуропаданың зерттеу орындарына жіберіп, шындығына көз жеткізген.
Аталмыш құжат 2023 жылдың соңы мен 2024 жылдың басында дайындалған деген нақты жорамал айтылған.
Қытайға қатысты құпия құжатты ФСБ-ға қарасты бұған дейін беймәлім болып келген астыртын барлау мекемесі дайындаған екен. Онда Қытайдың Ресейдің мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіретіні айтылып, қазіргі ең негізгі сауда, әскери әріптесін дұшпан елдер қатарына қосқан. Нақты факт ретінде Қытай тарабының орыстарды, әсіресе Путин билігіне көңілі толмайтын ғалымдарды ішке тартып, әскери құпияларға қол жеткізуге ұмтылатыны, Украина соғысын ерекше назарға алып Батыстың қаруы мен соғыс тактикасын білуге ден қойып отырғаны, геологиялық барлау мен университет аралық әріптестікті алға тартып, жалпы беттік жансыздық әрекетпен шұғылданып отырғаны, оның түбі территория талап етуге соқтыратыны жазылған екен.
Путин Украинаға соғыс ашқаннан кейін Батыс санкциясына ұшырап, әлемнен оқшауланып қалғаны белгілі. Қазір Қытай Ресейдің негізгі саяси әрі экономикалық әріптесі болып отыр. Жоғардағы құпия құжат шын болса, Путиннің Қытаймен достыққа амалсыздан барып отырғанын, басқа шығар жол қалмағанын көруге болады.
Қытай, Ресей, Иран, Солтүстік Корея – төрттігінің басқан-тұрғанын аңдып отырған АҚШ тарабы бәрін біліп отыр екен. Трамптың Ақ үйге келе сала Байденнен басқа жол ұстанып, Кремльмен байланысын қайта қалпына келтіруге тырысып, Ресейді әлемдік қауымдастыққа қайта тартуы – Қытай мен Ресейдің достығының өзара сенімсіздікке құрылған, геосаяси мүддеден туындаған бірлестік екенін, олардың арасына сызат түсіру уақыттық ғана шаруа екенін терең бағамдағандықтан туындаған шешім екен.
Көлеңкесінен қорыққан Кремльдің Қытайдан қаупі қалыңдамаса, сейілмейтін түрі бар. Қазақстаннан кейін, жақында Өзбекстан Қытаймен визасыз байланысты жолға қойды. ФСБ Ресей азаматтарының қытайлық тик-ток, вичат аккаунтын тексеріп, бұғаттап жүргенде, Қытай мен барыс-келістің, сауданың жандануына байланысты Орта Азия азаматтары қытайлық платформаларды жаппай қолдана бастады. Бұл өз кезегінде оларға тіпті де қиындық тудыруы мүмкін. Орта Азияда Қытайды құбыжық етіп көрсететін ақпараттар қарша бораса оған еш таңдануға болмайды.
Abai.kz