Бір басшы салдырады, бір басшы алдырады...
Мына өмірде барлық нәрсенің салыстырмалы түрде өлшенетіні бәрімізге бесенеден белгілі жайт. Әрине, кеңестік кезеңдегі Шымкент пен қазіргі Шымкентті әсте салыстыруға болмайды.
2200 жылдық тым бай тарихы бар біздің Шымкентіміз - егемен еліміздегі ең көне қала. 1170 шаршы шақырымды құрайтын жер көлемі жағынан да мегаполистер арасында ең алдыңғы орындамыз. Биылғы 1 шілдегі дерек бойынша, халқының саны 1 238 968 адамды құрайды. Бұл – республикамыздағы үшінші көрсеткіш. «Достастық елдерінің Мәдени астанасы» атты мемлекетаралық бағдарламаны жүзеге асыру аясында 2020 жылы «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Мәдени астанасы» деп танылған.
Егемен еліміздің үшінші мегаполисі күн санап гүлденіп, көркейіп келеді. Бай-бағландар салып отырған жекеменшік нысандағы базарлар, мейрамханалар, ірі сауда кешендері, мешіттер, зәулім тұрғын үйлер, мектептер, балабақшалар, медициналық орталықтар, дәріханалар, жанар-жағармай бекеттерінің саны жағынан ешбір өңірге дес бермейтініміз тағы бар.
Кешегі өткенімізге тереңірек үңілетін болсақ, кеңестік кезеңде аты дүркіреп тұрған бірқатар нысандардың көзден балбұл ұшқанын көреміз. «Ұлы Отан соғысында» қаһарлы жауға атылған он оқтың жетеуін (кейбір деректерде тоғызын) жасап шығарған қорғасын зауыты, сонымен қатар атақ-даңқы күллі Одаққа белгілі болған фосфор, шина, механикалық, пресс-автомат, карданбал, гидролиз, «Южмаш» зауыттары, «Восход» тігін фабрикасы, наубайхана бүгінде жұмысын тоқтатқан. «Түркістан» моншасының орны тып-типыл болып қалған. Кезінде кішкентайлар түгілі, ересектердің көзқуанышына айналған балалар теміржолын, Комсомол көлін бүгінде емге таппайсың. Қаптаған кинотеатрлардың орнына бүгін басқа мекемелер жайғасқан.
Тек соңғы жылдардың өзінде Абай саябағындағы жазушы Роллан Сейсенбаевтың қатысуымен ашылған Халықаралық Абай үйі, Абай мұражайы, Шәмші аллеясының маңайындағы, салтанатты ашылуында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үлкен өмірге қадам басқан жас жұбайларға неке куәлігін тапсырған қалалық Неке сарайы, Наурыз алаңындағы атшабар (жаңасы салынды демесеңіздер), Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы, Орталық саябақтағы «Ақ ладья» атты шахмат клубы сияқты рухани құндылықтарымызды жоғалтып отырмыз.
Кітапханалар туралы әңгіме бөлек. 125 жылдық бай тарихы бар А.С.Пушкин атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананы ары көшіріп, бері көшіріп, ондағы бай кітап қорын барынша кемітіп алдық. Ақыр аяғында бұл құтхана облыстық және ғылыми мәртебесінен айырылып, қалалық әмбебап кітапханаға айналды. Керісінше, осыдан он жыл бұрын Шымкентте ашылған «Отырар» кітапханасына Әл-Фарабидің есімін беріп, қалалық ғылыми-әмбебап кітапхана мәртебесіне дейін жеткіздік. 70 жылдық тарихқа ие Абай атындағы орталық кітапханалар жүйесін екіге бөліп, ересектер мен балалар кітапханасы еттік. Ыбырай Алтынсарин атындағы Түркістан облыстық балалар кітапханасының кітап қорын қолдан жоғалттық. Олардың ғимаратына бүгінде Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасы жайғасып отыр. Сонда Орынбаев көшесіндегі қосқабатты ғимарат тағы бір бай-бағланның жекеменшігіне айналмақшы ма?!
Жалпы, кеңестік кезеңде салынған көпқабатты ғимараттардың кейбірін пысықай жандар өздерінің жекеменшігіне айналдырып алғанын жұрттың бәрі жақсы біледі. Сол бай-бағландар арзан ақшаға сатып алған орындарын жекеменшік университет, мектеп, балабақшаға айналдырып, қыруар қаржыға кенелуде. Сөйтіп, ақиық ақын, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шахановша айтқанда, кезінде жарты шиша коньяктың бағасына сатып алған сол ғимараттарды мемлекет меншігіне қайтармай отыр. Оларды тергеп, тексеріп жүрген бір жан таппайсыз. Жекеменшік жоғары және арнаулы орта оқу орындарының кейбірі жабылып, енді бірі екіншісіне қосылып, тағы бірі атауын өзгертіп, әупірімдеп жұмыс істеуде. Мұндай жерде студенттер қайдан сапалы білім алсын?!
2018 жылы 19 маусымда бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы екіге бөлініп, оның орнына Түркістан облысы құрылғанын бәріңіз жақсы білесіздер. Шырайлы Шымкент шаһары республикалық мәртебе иеленген қалаға айналды. Бар қателік сол кезеңде басталды. Облыстық клиникалық аурухана, балалар ауруханасы, Шәмші Қалдақов атындағы облыстық филармония, Оңтүстік Қазақстан аграрлық колледжі сияқты мемлекетттік мекемелер Шымкентте орналасқанымен, олар есеп-қисаптарын Түркістанға тапсырып, жалақыларын сол жақтан алып жүр.
Шымкентте қаланың бір басшысы салдырып, екінші басшысы алдырып тастаған немесе басқа мақсатқа пайдаланған нысандар саны аз емес. Міне, осылардың бәріне қарап, қаланы басқарған бірінші хатшылар мен әкімдердің ойына не келсе соны істегенін, істейтінін, істей беретінін айқын аңғаруға болады. Олардың бейнебір ата-бабасынан қалған асыл мұрадай кейбір нысандар жөнінде орынсыз шешім шығарғандарына еріксіз бас шайқаудан басқа амал таппай отырмыз. Айтпақшы, біз айтып отырған осы секілді түйткілді мәселелердің бәрінен Қазақстан Республикасының Президенті мен Премьер-министрінің хабары бар ма екен?!
Әбдісаттар Әліп,
журналист, ақын, аудармашы, Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі, республикалық «Шымкентім, шырайлым!» әдеби-көркем альманағының Бас директоры – Бас редакторы.
Шымкент қаласы.
Abai.kz