Сейсенбі, 24 Желтоқсан 2024
Алашорда 3806 4 пікір 20 Қараша, 2024 сағат 14:25

Б.Майлин: Шұғаның белгісі және Қыз моласы

Коллаж: Алмасбек Әбсадық

Б. Майлин шығармаларының ішінде шоқтығы биік туынды – Шұғаның белгісі. Бұл – қазақ әдебиетіндегі оқырмандар ықылысына бөленген керемет көркем шығарма. Жазушы туындысы әдебиетші қауымның да, зерттеуші ғалымдардың да назарын да ерекше аударды. Бірақ осы уақытқа дейін әңгіменің басты және жанама кейіпкерлердің прототипі кім, олардан қандай ұрпақ бар, «Шұғаның белгісі» (моласы немесе бейіті) қай жерде болған деген сауалдарға тұщымды жауап алынған жоқ. Көпшілігіміздің білетініміз – көркем шығармада баяндалатын деректер.

Шығарманың баяны бойынша, Шұға – Сыр бойын қыстайтын Жаппас Есімбек байдың қызы. Көшпелі тіршілік құрған қазақтардың ұзақ тұрақтап тұратын қонысы – қыстау. Сондықтан сол замандарда қазақтарды қыстауына қарай тұрғылықты жерін белгілеген. Демек, Есімбек – Перовск уезінің, яғни Сыр бойының қазағы.

Сыр бойының жаппастары Қостанай уезінің Бестөбе болысын жаз жайлаған. Қостанай уезінен Торғай, Ырғыз даласын Сырға қарай кесіп өтетін жол «Жаппас сүрлеуі» деп аталады. Сүрлеу жолдың бір тармағы Торғай өзеніндегі «Жыңғылды» өткелінен өтеді. 1885 жылы Шошақұлы Байтұрсын сол өткелде Торғай уезінің басшысы полковник Яковлевті соққыға жыққан оқиғасына Сырдағы қыстауларына көшіп бара жатқан Перовскі уезінің ауылдық би-старшындары Байсейіт Асаубаев, Оманбай (Уманбай) Белгібаевтар және Бестөбе болысының қазақтары Шона Оразов пен Орамбай (Урамбай) Сансызбаевтар куә болады. Қостанай уезіндегі жаппастардың үлкен бір оқиғасы – 1888 жылы Бестөбе болысының (қазіргі Қамысты ауданы) «Қожакөл» деген жерінде Достияр Жаппас Басығара датқа берген ұлан-асыр ас. Асқа 300 үй тігіліп, 500 қой сойылады. Оған Ы. Алтынсарин қатысып, бәйге жарысының төрешісі болады (Жаппас Басығара датқаның асы).

Ағартушы Достияр Жаппастарға күйеу болатын. Оның әйелі Айғаныс – Перовск қазағы Достияр Жаппас Шолақ деген кісінің қызы. Түйемен кіре тартқан Шолақ – Торғай мектебінің құрылысына қажет ағашты уезд әкімшілігінің Наурызым орманынан тасу тапсырысын орындаған кісі.

Әңгімеде Жаппас Есімбек болыстыққа таласқан Бектемір деген кісінің нағашысы болғандықтан, туыстық жақындық негізінде Айат өзенінің бойына жаз жайлап жүргендігі айтылады. Айаттың бойы – Дәмбар болысының жері. Дәмбар өзен атауынан туындаған. Оның мағынасы «Дәмібар», яғни таза тұщы емес дегенді білдіреді. Сөз тіркесінен атау сөзге айналған тұлғасы – Дәмді. Қостанай облысының Наурызым ауданында Дәмді өзені бар. (Қостанай өңірінің тарихи жер-су атаулары туралы бірер сөз).

Дәмбарды негізінен қыпшақ рулары жайлаған. Шығармада болыстың есімі – Құрман, руы – қыпшақ. Есімбекте төрт ұл болады. Шұға – солардың арасында бұлаң өскен жалғыз қыз. Төрт ұлдың үшеуі үйленген. Үйленгендердің кішісі – Ыбырай, әйелі – Зәйкүл. Ол – Тама Қаржаудың қызы. Міне, Айат бойын жаз айлап жүрген Есімбек байдың әулеті туралы шығарма арқылы бар білетініміз – осы.

Шындығын айтуымыз керек, «Шұғаның белгісі» сынды шедевр (атақты жазушы Ғабит Мүсірепов те осы сөздің қазақша аудармасын таба алмаған) шығарма туралы автордың баянынан асып кете алмағанымыз өте өкінішті!  Ең болмаса, біздің білуімізше, трагедиялық оқиғаның өткен жері, «Шұғаның белгісі», яғни бейіті қайда болғанын болжаммен анықтау әрекеті, оған белгі соғу қарекеті де жүзеге аспаған. Мұны анықтау жолы аса қиын емес еді, себебі шығарманың кіріспе бөлігінде белгінің қай жерде орналасқанын сипаттайтын дерек бар. Соны басшылыққа ала отырып оқиғаның шамамен болған немесе шығарма жазылған кезеңдегі ескі карталарды, топонимикалық мазмұн бар жазба деректерді зерделей келе, бейіттің қай жерде болғанын жобалап анықтауға болар еді деп есептейміз.

Әңгіме сюжеті жолсеріктің авторға «Шұғаның белгісі» деген не нәрсе екенін анықтаудан басталады:

- «Шұғаның белгісі» дегеніңіз не нәрсе, тау ма, - дедім.

- Жоқ, әшейін, бір обашық, - деді. Кейін қалып бара жатқан соң тағы тебініп қатарласып:

- Шұғаның белгісін сіз білмейтін шығарсыз-ау, - деді.

- Мен қайдан білейін, бұл жаққа бірінші келуім, - дедім.

- Білмессіз... сіздер жассыздар ғой, - деді. Маған қарағанда өзі недәуір көпті көрген үлкен адам болып көтеріліп қойды.

- Сіз білмейтін шығарсыз, жассыз ғой. Уақытында Шұғаның әңгімесін бұл өлкенің баласына шейін біліп болып еді...ой, шіркін, өзі де Шұға десе Шұға еді-ау, - деді.

Кейіпкердің «Шұғаның әңгімесін бұл өлкенің баласына шейін біліп болып еді» деген сөзіне назар аударсақ, кезінде оқиғаның сол өңірге кең тарағандығын байқаймыз. Бұл – бір.

Екіншіден, авторға трагедиялық оқиға да және «Шұғаның белгісі» деген мағына «мола, бейіт» деген ұғымда таныс емес. Шындығында, қазақтар қайтқан кісі жерленген қабірге соғылған құрылысты «бейіт, оба, мола, мазар немесе кесене» деп атайды.

Үшіншіден, автор Шұғаның оқиғасы болған кезде өте жас болған және ол бұл жердің адамы емес. Б.Майлин Дәмбар болысының №8 аулында дүниеге келген. Демек, Шұғаның оқиғасы болыстың басқа бір ауылында орын алған.

Төртіншіден, Шұғаның оқиғасы автордың бала күндерінде орын алған. Шығарма жазылған уақытта жазушы жиырма бір жаста. 1915 жылдан 10-15 жылды шегерсек, ХХ ғасырдың бас кезіне тірелеміз. Бұл кезеңді сол оқиғаның болған уақыты деп бағамдауға болады.

Ескі карталарды зерделей келе ғашықтық сезімінің құсалық дертінен қайтыс болған Шұғаның бейіті шығарманың сипаттауы бойынша қай жерде болуы мүмкін десек, оны анықтауға көмектесетін фактологиялық дерек көзі ретінде патша заманында дайындалып, 1918 жылы жарияланған Қостанай уезінің картасын атауға болады.

Шығармада автор жолсерігімен бірге «құбылаға», яғни батысқа қарай жолаушылап бара жатады. Ауылдан 10-15 шақырымдай ұзап шығып кеткен. Жол серіктің аты шабан болғандықтан, автор озып кетіп, жол бағытынан ауытқып кетіп отырады. Сондықтан жолсерік барар бағытты жөндеу үшін: «Мынау алдымыздағы үлкен көл «Қамысақты» ғой: осының сол жағын ала жүріп ана шаңырқай көрінген обаның белесінен тура ассақ, алдымыздан бір кішкене сүрлеу келеді. Сол сүрлеумен барып «Шұғаның белгісінен» қара жолды қиып аламыз», - дейді. Автордың «Шұғаның белгісі» дегенге таңырқап, елең ете қалатын тұсы – осы.

Жолаушылардың шыққан жері – Ерекең ауылы: «Бүгінгі шыққан ауылыңызды «Ерекең» ауылы дейді. Содан ары қарай өзеннің бойы жалпағынан ел. Бір атаның баласы жүз елу-екі жүз үйлер бар. Қыс қыстаулары басқа болғанмен, жаз көбіне бірігіп отырады. Мынау алдымызда көрінген «Қамысақты» дейтін көліміз. Осының маңайы жыбырлаған шұқырынды томар. Августан бастап осының басы елмен толады. Әр томарға төрт-бес үйден қонып бөлек-бөлек отырғандары».

Жолсерікке аталған жайлау бала кезінен таныс және оны Сырдың жаппастары да жайлаған. Шұғаның оқиғасына дейін жайлау «Тарғыл өгіз сойған» делінсе, кейін «Шұғаның белгісі» деп аталып кеткен. Жайлау үлкен көлдің маңына орналасқан: «Бала күнімізде анау көрінген төбенің басында талай асық ойнап едік... ол да бір дәурен... ия... бұл ауылдың күзге қарай қонатын жері, жазғытұрғы авгусқа дейін отыратын жайлауымыз, бұл күнде «Шұғаның белгісі» атанды, бұрын «Тарғыл өгіз сойған» деуші едік. Үлкен көл, маңайы толған шорқынды су...ол уақытта жердің берекесі қандай?!». Өзіміздің ел қаншама... оның үстіне ту Сырдан келіп жаппастар да қонады... кейінгі кезде ғана жаппас келуін қойды ғой».

Енді осы аузыша сайтылған географиялық сипаттаманы картадан іздеп көрелік. Ол үшін Айат өзенінің бойы белгіленген карта дерегінен бөліп алынған мына бір кескіндемеге назар аударайық (1 сурет):

1 сурет. Айат өзенінің сол жақ жағалауы, Дәмбар болысының жері

Біздіңше, кескіндемедегі қызыл шеңбермен қоршалған аумақтағы жердің көріністері, белгіленген жер-су атаулары әңгімеде айтылатын географиялық сипаттамаға жақын. Мұнда бірнеше көл орналасқаны көрінеді және оның жанынан шығыстан батысқа қарай созылған қара жол өтеді, сонымен қатар, ең бастысы, бейіт бар. Бірақ ол «Қыз моласы» деп аталады.

«Қыз моласының» маңында Қаратомар, Қарақоға және Тоттабай атты көлдер орналасқан. Жазушының «шұқырынды томар» деп отырғаны картадағы аталған көлдер болса керек, ал «Ерекең аулы» деп отырғаны Ирсары (Ерсары) қыстауы, «Үлкен көл» деп отырғаны Тоттабай көлі болар деп ойлаймыз (Суретте көлдер – көк дөңгелек, қара жол – қара түсті ирек сызық, қыстау – қызыл жұлдызшамен белгіленіп, нақтыланған).

Шығармадағы «Қарымсақты» гидронимі Щербин экспедициясының Дәмбар болысындағы қазақ ауылдарын сипаттаған жазбаларында да ұшырасады. Онда былай делінген: «Дамбарская волость: Группа 1—6, III, № 3. Призимовочной территоріей пользуются сообща. Па кузеу у каждаго аула свои колодцы, пользуются здѣсь пастбищемъ сообща, но три группы (1-3, 4 и 5-6) стоятъ отдѣльно, каждая поближе къ своимъ пашнямъ. Покосы, расположенные по Аяту, раздѣлены подворно; покосы на Джамбасъ-кулѣ и на Татимбай дѣлятъ ежегодно между аулами, а внутри ихъ между отдѣльными хозяйствами. Пашни расположены на урочищахъ Кара-томаръ, Камысакъ и Кара-гога. Порядокъ пользованія всѣми угодьями установленъ 50—60 лѣтъ тому назадъ».

Бір қызығы, 1898 жылы жазылған жазба дерек біз сөз етіп отырған 1918 жылғы картадағы Қарақоға, Қаратомар, Тоттабай көлдерін (Щербинде Татимбай көлі) қайталайды. Щербин экспедициясының материалдарында Дәмбар болысындағы қазақ ауылдарының жайлауы қатарында «Қыз моласы» (Қызыл моласы) да кездеседі (2 сурет).

2 сурет. Щербин экспедициясының материалдарындағы «Қыз моласы» топонимі

Демек, «Шұғаның белгісі» жайлауы трагедиялық оқиға орын алғанға дейін «Қыз моласы» деп аталған сынды. Автор оны «Тарғыл өгіз сойған жайлауы» деп жазады. Соңғы атауды біз аталған экспедиция материалдарынан  кездестіре алмадық.

Ендігі кезекте қазақ арасында «Қыз моласы» деп неге айрықша айшықтаған деген мәселеге тоқталайық. Себебі қайтқан кісі ер адам, әйел баласы да, бала да, шал да болуы өмірдің заңы емес пе! Бірақ солардың ішінен тек «Қыз моласы» (сирек болса да «Кемпір моласы») деп деген айшық жиі кездеседі. Айтпақшы, салыстырмалы көрініске М.Серәлиннің «Гүлқашима» поэмасының мазмұынын келтіруге болады. Онда Достияр (Жаппас?) Медетбай деген кісінің Гүлқашима деген қызына Үңгіт (жаппастардың бір атасы) Тілеубердінің ақын баласы Баймұхаммет ғашық болып, сүйгеніне қолы жетпеген соң, өзіне-өзі қол жұмсап өледі. Бейіті Тобыл бойындағы қорымға қойылады. Бірақ ол бейіт «Жігіт моласы» деп аталмаған. Оқиға, автордың жазуынша, 1894 жылдың күз айында орын алған.

Сөз орайы келгенде, біздер зерделеген картада екінші бір «Қыз моласы» топонимі кездеседі. Ол «Орта Дәмбар» тауының тұсындағы Тобыл өзенінің оң жақ жағалауында орналасқан (3 сурет). Бұл мола Тобыл өзені арнасының созыла жазылған кескін-келбетіне қарағанда, қазіргі Лискаковск қаласының өңірінде болған деп болжаймыз.

3 сурет. Тобыл өзенінің оң жағалауындағы «Қыз моласы»

Ел арасында «Қыз моласы» деп айшықтау патриархалды қоғамдағы әйел тағдырда ерекше орын алған, әсіресе, трагедиялық сипаттағы оқиғалардың жаңғырығынан туындаған деп есептейміз. Себебі мұндай көрініс тек қазақ жұртында ғана емес, өзге халықтардың аңыздарында бар. Бұған салыстырма мысал ретінде Түркияның Стамбұлдағы және Азербайжанның Баку қаласындағы атақты «Қыз мұнарасы» атты тарихи ескерткіштерге қатысты айтылатын аңыздарды атауға болады. Онда сүйген ғашығына қосыла алмаған сұлу қыздың трагедиялық аянышты тағдыры баяндалады.

«Шұғаның белгісі», халық арасына «Қыз моласы» деген айшықпен орныққан оба - трагедиямен аяқталған ғашықтық сезімнің, махаббатың рәмізі. Сәулет өнері дамыған Стамбұл мен Баку де ол – «Қыз мұнарасы», қазақ даласында – «Қыз моласы».

Патшалық Ресей кезеңінде дайындалған картаны біздер бүгінгі Айат өзенінің Googl картадағы кескін-келбетімен салыстырып, өзен арнасының иір-шиырын, бұрылыстарын бағыт-бағдарға ала отырып, бұрынғы қазақ қыстауларының орнын қара түсті нүктемен, ал атауын қызыл түспен айшықтап белгілеген едік (4 сурет).

4 сурет. Айат өзенінің бүгінгі Googl картадағы кесікін-келбеті

Сонда «Шұғаның белгісі» повесінде айтылатын «Ерекең ауылы» (Ерсары-Ирсары) қазіргі Майлин ауданының орталығы орналасқан иір-қойнаудың жоғары жағында, Ресей шекарасына қарай бағыт алатын жақта орналасқанын байқадық. Ал ауданның орталығы Айат кентінің орналасқан жерінде «Ізбай (Избай) қыстауы» болғандығын көреміз. «Ізбайдан» Қостанай қаласына қарай R-279 тасжолымен шыққанда, Красносельский ауылының маңында «Көжебай (Кужебай) қыстауы» орналасқан болып шығады.

Мұндай салыстыруларды Айат өзенінің бойымен түгел жасап шығып, тарихи жер-су атауларының біраз қатарын табуға болады. Мысалы, соңғы жылдары Майлин ауданындағы бұрынғы Елизаветинка ауылы «Байшуақ» деген тарихи атауын алды. Бұл жер аталған картада «Байшуақ сай» деп аталады (5 сурет). Естуімізше ауылдың тарихи атауын қалпына келтіруге сол ауылдың тұрғыны Қадырұлы Жақсылық деген ағамыз кісі көп еңбек сіңіріпті. Өзі халық медицинасымен айналысады екен. Бармағы бал сынықшы. Дауылдатпай, дабырлатпай үлкен іс тындырған. Үлгі аларлық көрініс!

5 сурет. Айаттың Тобылға құяр сағасындағы «Байшуақ сай» қонысы

Ендігі бір сауалдардың бір парасы майлинтанудағы өзекті мәселелерге қатысты. Шұғаның трагедиялық оқиғасы өз заманында сол «өлкенің баласына шейін білген» болса, ол оқиғаға қатысы бар кісілердің кейінгі тарихы қайда жоғалып кетті? Тарихи тұрғыдан қарағанда, ол дәуір біздің заманымыздан алыс емес, жақын кезең ғой.

«Шұғаның белгісі» алғаш рет 1915 жылы Ғалия медресесінің шәкірттері шығарып тұрған «Садақ» қолжазба журналында жарияланып, кеңестік дәуірде баспа бетінен дүркін-дүркін жарияланғаны белгілі. Бұл орайда, қолжазба журналдағы «Шұғаның белгісін» түпнұсқадан зерттеу де маңызды. Себебі кейінгі тұстарда жазушы оған түзетулер мен өзгерістер енгізуі әбден мүмкін. Бәлкім, түпнұсқада трагедиялық оқиға орын алған жердің топонимдері басқаша болды ма екен, кім білсін?!

Сыр еліндегі жаппастардың патшалық замандағы қыстау-қоныстарын зерттеп жүрген ғалымдар Есімбек деген кісінің қыстауын біледі ме екен? 1897 жылы Қостанай уезіне жүргізілген Щербина экспедициясында жаппастардың Сыр бойындағы қоныстары ретінде «Кентүбек», «Шаған», «Царское» деген болыстарының аты  аталады.

Біздің жас студент шағымызда әкеміз Ахмет Әбсадықұлы (1937 ж. туған) Қызылорданың Бөрібай-Бірқазан маңынан Б.Майлинның «Шұғаның белгісі» шығармасындағы «Есімбектің қыстауы» болған деп бір қоныстарды айтушы еді. Соңғы жылдары қайта сұрасам, есімде жоқ дейді. Бүгінде 88 жасқа қараған кісінің ұмытып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан біз үшін бұл екіұшты дерек болып тұр.

Есімбектің төрт ұлынан туған ұрпақтар бар ма? Бар болса, Сыр бойында ма, әлде Қостанай өңірінде ме? Жаппастардың шежіресінде Есімбек деген кісі кездесе ме?

Дәмбар болысында қыпшақ Құрман атты болыс болды ма? Болса қай жылдары билік қылды?

Басты кейіпкердің бірі «учитель» Әбдірахман – Қазақбай деген кісінің баласы. Қазақбайдан басқа ұрпақ бар ма? Әбдірахман есімді мұғалім болды ма? Ол заманда мұғалім кәсібімен айналысқандар өте аз болды ғой? Зерттеушілер Б.Майлинның бала күнінде сауатын ашқан мұғалім Әбдірахман деген кісі еді дейді. Оның шығармадағы кейіпкерге қатысы бар ма?

Қазақбай баласы Әбдірахманның Айнабай қызы Күлзипаны алғанын қоштайды. Айнабайдың руы – керей. Керейлердің шежіресінде Айнабай деген кісі кездесе ме?

Автордың жолсерігі Есімбек ауылына өз ағайыны Беркімбай арқылы жақын болған. Есімбек бай Беркімбайға нағашы болып келеді. Болыстыққа таласқан Беркімбай қыпшақ болса керек. Бұдан кімнің қандай хабары бар?

Біздер, бұл түйіткілді мәселеге өз тарапымыздан назар аударып, 1897 жылы Қостанай уезіндегі қазақтардың қыстауы мен жайлауын түгендеген статист Щербин жүргізген экспедиция материалдарынан ауыл ақсақалдарының аты-жөні, қыстауы, жайлауы туралы мәліметтерді сүзіп шықтық. Бірақ одан шығармада аты аталатын кісілердің бірде-бірін кездестіре алмадық.

Түйіндей келгенде, «Шұғаның белгісі» повесіндегі кейіпкерлердің өмірі, олардың кейінгі тағдарын мұқият зерделей түсу – қазақ әдебиеттану ғылымына да, өлкетанушылық ізденістерге де аса қажетті әрі қызықты деректерге жетелейтін қаракеттердің бірі деп есептейміз. «Шұғаның белгісін – Қыз моласының» орнын белгілеп, оны заманауи үлгіде  қайта жаңғырту да маңызды шара.

Алмасбек Әбсадық,

филология ғылымдарының докторы, Қостанай қаласы

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1991