Сәрсенбі, 25 Желтоқсан 2024
Анық 616 0 пікір 19 Қараша, 2024 сағат 11:37

Үкімет: Шағын қожалықтардан астық сатып алынады

Фото: АШМ сайты

Ауыл шаруашылығы министрлігі еліміздегі фермерлерден астықты тікелей сатып алу жұмысына қатысты түсінік берді.

«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2024 жылғы 18 қарашадан бастап тікелей астықты сатып алу бағдарламасына қатысуға ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден өтінімдерді қабылдауды бастады. Бұл мақсаттарға 10 млрд теңге бөлінеді. Ең алдымен, астық сатып алу шағын шаруа қожалықтарының өз өнімдерін әділ бағамен өткізуін қамтамасыз ету үшін жүзеге асырылады. Бағдарламаның нәтижесінде шағын және орта ауыл шаруашылығы субъектілері мемлекеттік қолдау шараларын пайдалана алады. Сондай-ақ, артық астықты сатып алу тетігі ішкі нарықтағы баға конъюнктурасына делдалдардың ықпалын барынша азайтады», - делінген министрліктің баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Азық-түлік келісімшарт корпорациясы белгіленген стандарттар мен сапа талаптарын сақтай отырып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің астығын бәсекелестік шарттарда сатып алады.

Тікелей сатып алу бағдарламасы бойынша алдын ала бағалар:

3-сыныпты бидай (желімтегі 27%+) – 90 000 теңге ҚҚС-пен;

3-сыныпты бидай (желімтегі 25%+) – 80 000 теңге ҚҚС-пен;

3-сыныпты бидай (желімтегі 23%+) – 75 000 теңге ҚҚС-пен;

4-сыныпты бидай (желімтегі 21%+) – 65 000 теңге ҚҚС-пен;

4-сыныпты бидай (желімтегі 18%+) – 55 000 теңге ҚҚС-пен;

5-сыныпты бидай (желімтегі 18%+) – 50 000 теңге ҚҚС-пен;

2-сыныпты арпа (натурасы 630 г/л) – 50 000 теңге ҚҚС-пен.

Барлық рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында фермерлердің өтінімдерін қарау облыстардың Үйлестіру кеңестерінің қатысуымен жүргізіледі.

«Азық-түлік келісімшарт корпорациясының ақшалай қаражатын бөлгеннен кейін, фермерлер астық жеткізгені үшін ақы ала алады. Қазіргі кезде астық операторының ақша алуына қаржы-экономикалық негіздемені мақұлдау бойынша іс-шаралар атқарылып жатыр. Тікелей сатып алу бағдарламасына қатысуға өтінімдерді «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ өңірлік өкілдіктері қабылдайды. Астықты қабылдаумен оператор айқындаған лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындары айналысады», - деп аталып өткен министрлік ақпаратында.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2026