Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Өлең 143 0 пікір 23 Желтоқсан, 2024 сағат 14:27

Манарбек Қарекенов: Ұлы Абаймен сырласу

Сурет: Abai.kz

Өлеңдер

Іссапар

Затымды жинап жатырмын, жүректі жұлқи қимастық.
Кішкентай ұлым көмекшім, құлдыраңдайды «жинасып».
Көзінше оның батырмын, ішімде дауыл-бораным,
Сапарлап бара жатырмын. Қайдан білсін, бұл бастық?!

Құлақшынның құлағын, бұрап бірде ойнайды.
Маңдайдағы жұлдызын тартқылайды, қарайды.
Былғары белбеу байқаймын шынымен де ұнады,
Пагонымды жұлқылап, жұлдыздарын санайды.

Жүктерімді аралай, бөлме ішін кезіп жүр,
Танысады бәрімен, бәрі қызық кезі бұл.
Қан тобының белгісін, сипап қойып жайменен,
Бірдей қаннан екенін жүрегімен сезіп тұр!

Қоштасарда түсінді, келмесімді әзірге,
Жылай бірге жүгірді, ілесіп-ап дәлізге.
Әлсіз, жұмсақ саусағы, тартқылайды қолымды.
Білсе ғой ол күйімді, сағынып тұрған қазір де.

Сен әзірге жастаусың, ақыл айтар қонымды,
Түсіндірем мен әлі танып ал оң мен солыңды.
Отан қорғар әкеңді мақтан етіп жүрерсің,
Қызметімнен сен адал бөгемегің жолымды.

Жүйрік уақыт жылыстай жыл артынан жыл өтер,
Аман болсын басымыз, келер кезің ер жетер.
Қызметті ел үшін орындайтын жырақта,
Бөлтірігім кішкентай өмір өзі үйретер!

Сен де, мен де

Сен де, мен де сезім отын сөндірмеуге тырыстық,
Сен жоқ жерде шулы ғалам құлаққа ұрған тыныштық.
Сен қасымда болған кезде шөл де маған гүл бағы,
Сен дегенде у да тәтті, аязды күн тым ыстық.

Сен де, мен де кездескенде қуанамыз жан күліп,
Сен жоқ жерде қуанышқа бөленуге жоқ үміт.
Сен қасымда болған кезде қара түн де ақ айдын,
Сен дегенде өтірік бал, жалған ғұмыр мәңгілік.

Сен де, мен де махабатқа бала кезден құштармыз ,
Сен жоқ жерде суық ғалам, жүрегімде қыстар мұз.
Сен қасымда болған кезде алақанда жарты әлем,
Сен дегенде керек емес басқа жан... Жүрегімде сіз барсыз!

Сен дегенде мұз да жылы, боран, дауыл - самал жел...
Бұл өтініш қызық болар, дегенменен айтайын,
(Мәңгілікке біргеміз деп серт беріп),
Ғұмырың мен тағдырыңды, жүрегіңді маған бер!

Дәурен құрсақ мекенінде арманның...

Жаз көбелек барасың-ау жылыстап,
Жапырақтар құлайды әлі уыстап.
Тоналады көйлегінен күні ертең,
Маусым сайын түрі өзгерген тыныш бақ.

...Кел, сұлуым, біз де қарап қалмайық,
Көркем жаздың әлемін бір шарлайық.
Қол ұстасып бірнеше күн ғаламат,
Бал шақтарды екеумізге арнайық.
Өзен, теңіз тұнығында жүзейік,
Су маржанын тереңінен сүзейік.
Елік, бөкен жайылымын аралап,
Киіктердің жағдайын да білейік.

Бір-ақ сәтте көздеріміз байланып,
Жердің жүзін мың бір есе айналып,
Сен ханшайым, мен сиқыршы боп кетсек,
Түстік асты ішер баппен сайланып.

Ие болған бар байлығын жердегі,
Бөліп берсек кедейлерге елдегі.
Даналығым таң қалдырып өзгені,
Жомарттыққа таң қалса жұрт сендегі.

Төрелігін айтып кейіс жандардың,
Әділдігін тапсақ бес күн жалғанның.
Ең болмаса жаз біткенше екеуміз,
Дәурен құрсақ мекенінде арманның...

Сенің бейнең жұлдыз болып жанды алып

Қош келдің түн, кешігуді білмейтін,
Аясында ешкім ойынап-күлмейтін.
Қойынына сыйғызып-ап ғаламды,
Табытына жарық күнді жерлейтін.

Жарты тәулік жарық біткен өшеді,
(Заман солай алмасум­ен көшеді)
Келте айды шығарады төріне,
Сүттей сәуле аралайды көшені.

Екі қала, бір көруге арманбыз,
Сен де, мен де көкке қарап қалғанбыз.
Шылымындай түн батырдың тастаған,
Көкжиекке құлап түсті ақ жұлдыз.

Айға қарап айтып едім сырымды,
Түсінгендей сыйпаладың бұрымды.
Үркер күліп, шолпан жұлдыз қосылды,
Екеуі де түсінбеді-ау мұңымды.

Табиғаттың тылсымына таң қалып,
Екеуміз де көктен көзді алмадық.
Саған мені көрсетті ме сонда аспан,
Сенің бейнең жұлдыз болып жанды алып.

Келеңкесі жерге түсті сұлбаңның,
Қайта көзге көрінбедің, жанбадың.
Ізің қалды жерде, мүмкін санамда,
Жанып тұрды жарқыраған жан-жағың.

Сабыр мүжіп, жүрек шіркін, тұншығар,
Сағынышқа сүйе білген жан шыдар.
Шексіздік пен уақытшаның білгенге,
Жер мен көктей айырмасы бар шығар...

Виктор Цой мүсінінің қасында туған ой

Дом стоит, свет горит,
Из окна видна даль.
Так откуда взялась печаль?
И, вроде, жив и здоров,
И, вроде, жить не тужить.
Так откуда взялась печаль?..

В. Цой

Тас мүсіннің қабағында қара бұлт,
(Ой масаға жатқандай ма, таланып?)
Қайрылмайтын тағдыр сені ерте алды,
Келгендейсің сағынтуға жаралып.

Ән әлемін жүрегіңе жиясыз,
Сіздей жанды қай өлімге қиясыз?!
Көше бойлай өткен жанның бәріне,
Оттығыңнан ұсынасыз, риясыз.

Қан-сөлі мен жүрегі жоқ мүсінің,
Жанын ұғып тұрғандай ма, кісінің?!
Тірі кезде жолықпадық екеуміз,
Әттең, Сізден көп жылдарға кішімін.

Құрдас болсақ, дос болар ек, сырласым,
Сен де өмірді тереңінен жырлапсың.
Ұшқын алып оттығыңнан кетейін,
Сіздің шабыт енді мені шыңдасын.
Рухы бірлер мұңдас болар, ел білсін,
Естелікке Сізді аңсаған жыр тұнсын
Сізді көріп өнерімнен қалың жұрт,
Ақындарды өлмейді екен деп жүрсін...

Әрқашанда өміріңді гүл деп біл!

Әрқашанда өміріңді гүл деп біл,
Көңіліңді баса алмайды мұң деп біл.
Қандай қиын сәттер келсің басыңа,
Жан, жүрегім өзіңменен бір деп біл.

Қуынышқа сарықалмайтын шөлдеп күл,
Сен дегенде мендік сезім көл деп біл.
Күзгі дауыл соқсын, мейлің, долдансын,
Жан, жүрегім өзіңменен бір деп біл.

Жылуымды саған төккен күн деп біл,
Маған сыйы тағдырымның сен деп біл.
Қысқы аяз, бораны кеп қамасын,
Жан, жүрегім өзіңменен бір деп біл.

Кім білсін?!

Жанарыңнан арай атып, күн күлсін,
Тағдыр Сізді еркелетсін, күлдірсін.
Білгеніңде мендік сырлы сезімді,
Жүрегім боп кетер ме едің, кім білсін?!

Көңілімді түндегі ай білдірсін,
Жұлдыз шолпы бұрымыңа ілдірсін.
Білгеніңде жаздай менің жанымды,
Құс боп ұшып жетер ме едің, кім білсін?!

Бұл әлемде мәңгілікке кім жүрсін,
Ғайып болсам сен де мені іздерсің.
Аққайыңға сонда айтып мұңыңды,
Жапырақ боп құлар ма едің, кім білсін?!

Жалынды асқақ қай құдірет сөндірсін,
Мейлің аспан қара бұлтты төндірсін.
Білгеніңде сенсіз сөнетінімді,
Жалын болып кетер ме едің, кім білсін?!

Ұлы Абаймен сырласу

Қамын ойлай ұлт пен елдің келешегін қарайлап,
Өлең жаздың, мұңын жаздың, сөзін жаздың абайлап,
Ғұмырыңның бар қызығын шүберекке түйдің де,
Халық арын жырлап өту, дедіңіз-ау, маған бақ.

Дедің-дағы, әр қазақтың көкірегін ашамын,
Ойлы сөздің зергерісің, сөзден мүсін қашадың.
Өлең деген патшалыққа қу тірлікті сыйғызып,
Шабыт деген тұлпарыңнан өлгенде тек босадың.

Сіз жатқан қара жерден жырдың гүлі бүр жарып,
Қазақ жері құлпырады әр көктемде қызарып.
Жидебайға бұлт көшкіні дастан болып төнеді,
Найзағайлар сәлем беріп, өлең-жаңбыр құйылып.

Тұлпар болар құлыншақ та жақын келер үйірге,
Жүрек жырлап елдің қамын, бұрып тұрар бүйір де.
Самал желі ақын қылған біз сияқты пендені,
Сізден қалған теңіз ойлар буырқанған күйінде.

Білесіз бе, қазақ күліп бір қазаққа жүр әлі,
Екі жүздің өзге жаннан жоғарыда тұрағы.
Арлыларды құлатумен мәз болады басқалар,
Биліктінің сөзінен тек итақайлар бұғады.

У ішкізіп даналарға, намыссыздар күліп жүр,
Билікқұмар кейбір жандар іштерінен іріп жүр.
Төрді бермей тоғышарлар шіренеді қасқайып,
Шындық деген босағадан әрі аса алмай ұлып жүр.

Маған енді Сізден қалған ой кеміру – үлесім,
Жырды жұтқан жүректінің жайын жақсы білесің.
Сөз ұқпайтын жамандарға қара сөзді қару ғып,
Рухыңмен, көктен бәлкім бізге көзді тігесің.

Шаршағанда әр сөзіңнен қуат алам ғаламға,
Сізден қалған түйір ойдан жан бітеді қаламға.
Өткен ғасыр ғұламасы өлмес өлең өріп ең,
Сіздің жырмен таң атады дархан мынау даламда.

Сіздің сөзді жазып алып жүрек, парақ, тасқа да,
Өзге жұртқа қараймыз біз Сізді балап асқарға.
Сіз айтқан сол надан жандар әлі де бар, не шара?
Бұрмай қойды мойындарын ақылға һәм басқаға...

Сізден қалған мұңды біз де жырға қосқан боп жүрміз,
Ұлы Абайды әдебиеттің шамшырағы деп жүрміз.
Сіздің әлем - біздер үшін ашылмаған ғаламшар,
Тырнағыңның сынығына жарай алмай біз жүрміз!

Гүлдерден нәр алсын көңілсіз, өкпелі

Гүлде де ақыл бар, сезім бар, төзім бар,
Ән салса көбелек билейді, сөйлесе сөзі бал.
Қылтиып шыққанда қара жер суарған,
Ақтарған жан сырын жанардан ұғып ал.

Гүлдердің әлемі көктем ғой мәңгілік,
Шаттанып шығады мұңайған жан күліп.
Әтірі жер бетін жұпармен көмкерген,
Ауаны сүзеді, шаңды да нәрлі қып.

Әр жазда өсетін орны бар сайлаулы,
Көз тартар түр-түсі - бақтары байлаулы.
Ерке гүл, періште ай-күнге ұшар ед(і),
Әттең-ай тамыры Отанға байлаулы.

Көз тимес пенденің, көз тоймас ғазалым,
Күлтеңе жырымды шумақтап жазамын.
Күзгі жел ұшырсын уақыты келгенде,
Сенің де, менің де іске асып арманым.

Гүлдерден нәр алсын көңілсіз, өкпелі,
Ғаламдық әр сауал ше­шімді, өтпелі.
Тамыры кезікпес шоғайна, тікеннің,
Арамшөпті ұнатпас ад­ал гүл мекені!

***

Автобустың іші адам лық толған,
Уақыт кештің шамасы еді түнге ауған.
Сол көлікке мінді жұмбақ бір ару,
Көзіне жас, қабағына мұң қонған.
Қолаң шашы қара түндей әдемі,
Жайын біліп жақындағың келеді.
Ақ саусағы, алақаны - орамал,
Мөлдір тамшы жасын сүрте береді.

Жай бір кезде бәріміз де қылжақпыз,
Толы көлік. Мұңмен жалғыз жұмбақ қыз.
Жанын жеген жарасымен алысып,
Кетті түсіп, көше бойлай сұңғақ қыз!

Қалай сенің жағдайың, қайрат, күшің?..

Қалай сенің жағдайың, қайрат, күшің,
Дегенмен де таусылмас қайсарлысың.
Арқаңда зіл тұрса да, батпан парыз,
Шаршатты деп мына өмір айтармысың?!

Нәзік қандай саусағың, қара шашың,
Жігіттерден босаңдау, аласасың.
Бірақ, сенің күшіңді байқау қиын,
Тірлік үшін бәрімен таласасың.

Таңмен қатар оянып, таранасың,
Нәзік жанды пенде боп жаралған соң.
Содан кейін, бәйге өмір, қу тірлікке,
Жігеріңді жалынды таратасың !

Дел-сал болып жыламағың қара күз,

Дел-сал болып жыламағың қара күз,
Өлең қонған біз көңілшек адамбыз...
Қызыл-сары жапырақты жиып-ап,
Жан сарайды жаншып қайда барасыз?!

Кетпестей боп көрініп ең түнеу күн,
(Бәрі өткінші мына өмірде білемін...)
Аққу-қазды шулаттың да аттандың,
Құстарменен бір кеткендей жүрегім.

Неге асықтың. Қысқа беріп кезекті,
Суық күнмен жаураттың-ау өзекті.
Күні ертең айналаны қар басып,
Жұлмалайды боранымен теректі.

...Алма кезек көшер маусым, амал жоқ,
(Ұстап тұрар бір мезгілді шараң жоқ!)
Аязымен шымырлатар жүзіңді,
Уақытша екен келер қыс та қонақ боп!

Қар жауыпты түнімен...

Қар жауыпты түнімен... Қалам аппақ.
Бүгін сені көңілім қалам ақтап.
Қара өткелден өткендей қуанайын,
Дала-көше ақ мамық жамылған шақ.

Нәзік ұлпа көгімнен құлағанда,
Періштеден ақ бата жыр алған ба?!
Ақ парақтай жер беті жазылмаған,
Тыныштықты осындай бұзалам ба?..

Іздер түсер ақ қарға қазыналы,
Бәрі үйге, жұмысқа асығады.
Жаңа күнмен басталған айқыш-айқыш,
Қара ізбен тағдырлар жазылады.

Қосылғандай ақ дауыл шабытыма,
(Жаз деп жатыр сиқырлы сәтті мына!..)
Аппақ қарға салынған қара ізің,
Апаратын жол болсын бақытыңа!
Қар жауыпты түнімен... Қалам аппақ...

Желтоқсан. Жастар. Елес...

Сәл аялдап, тағзым етпей бұл алаңнан өтп­еңдер…
М.Шаханов

Көңілімде мұң-елес, алаң-алаң,
Деп жатырмын күбірлем барам-барам...
Таңғы түсте көрініп аппақ бейне,
Қанды алаңда қол бұл­ғап тұрды маған!

Ояндым да абдырап ес жия алмай,
Мұндай хабар қай жақ­тан!.. Алдым қалай?!
Күнтізбеде желтоқсан. Он алтысы,
Тағдырларға балта боп тиген талай.

Тар бөлмемде ырықсыз жүріп алдым,
(Сасқан жанның қашан­да ойы қалың).
Бір уақытта жүгіріп есік жаққа,
Иығыма күркемді іліп алдым.

Аялдама. Автобус. Жо­лаушылар,
Шаршаңқырап мен тұрм­ын ойдан сыңар.
«Барасың ба, орталық алаңға?», - деп,
Ассыққан жан дәл мен­дей жоқ та шығар.

Кінәлі боп алдында өткір ардың,
Көп ұзамай алаңға же­тіп бардым.
Ұшып-қонған көгершін, тыныш көше,
Байқамайды жай-күйін келген жанның.

...Құлағыма шу келді дүркіреген,
Аспан астын алды үн күркіреген.
Сексен алтыншы жыл қайта оралғандай,
Маза кетті жүректен бүлкілдеген.

Туылғанға қазақ боп бардай жазаң,
Тартыс-шабыс күшейген таңнан бозаң.
Үлбіреген жастарды өлтіруде,
Ұру-тебу айнала азан­-қазан...

Ал бір уақыт тыныштық қайта келді,
(У-шу болған дүние қайда кетті?!)
Теңселемін денемді тіктей алмай,
Жақын жерден көре ал­май жүрген көпті.

Сұлба көрдім ақ қардан жанды-жансыз,
Маңдай, ерін жарылған қанды-қансыз.
Бозбала мен бойжеткен бейнесінде,
Жанарлары қарайды маған әлсіз.

Осы екен ғой ақ таңнан шақырған мұң,
Жазықсыздан жастарым атылған күн.
Еркіндікті сұраған бейкүнәлар,
Елін сүйген үшін де шатылған күн.

Кешір бізді оққа ұшқан ұландарым,
Отан үшін үзілген шыбын жаның.
Кешір бізді! Біз қорған бола алмадық,
Желтоқсанда қырқылған қырандарым!

Ақ қырауды сүрткен қыз

Бір топ адам. Аялдама. Күн аяз.
Үскірік жел. Сары аяз – хан, ояз.
Бұл салқындық көңілдерді түсіріп,
Қалың ел мен суық күнді қылды араз.

Мұз байланған кірпігіміз қыбырлап,
Автобусты күтіп тұрмыз шуылдап.
Жылы ішік киінгендер дірдектеп,
Әңгіме де қояды айтып сыбырлап.

Бір уақытта қалдық біздер желпініп,
Тоқтай қалған маршрут екен «екілік».
Болмаған соң бұл автобус мен күткен,
Тоқтай қалдым, жүгірдім де ентігіп.

Көп ішінен сығылыса, тапталып,
Мені көрген қос жанары шаттанып.
Терезеден бір сұлу қыз, қол бұлғай,
Айтып жатыр бір сөздерді ақтарып...

Терезеге көзім түсе, таң қалдым
(Автобусқа мінуге де шақ қалдым).
Мүмкін емес деп түйдім де ішімнен,
Орта жолға барып, қайта тоқталдым.

Көрегеніне сене алмай көзімнің,
(Не айтарға реті келмей сөзімнің).
Қырығында қыздар айтқан сезімін,
Серілердей мен өзімді сезіндім.

Сан ойларға тұрған кезде булығып,
Қас-кірпіктің мұзын сүрттім су қылып.
Сұлу қыз да сүрткілейді әйнекті,
Нәзік демін шығарады бу қылып...

Сол-ақ екен ғайып болды, қиялым,
(Күлкі қысты, оны қалай жиямын?!)
Ару да жоқ, қол бұлағаған мен үшін,
Қарындасым тазалауда терезенің қырауын.

Оянғаны-ай, іштегі қамқорлығы "ағаның",
Қателескен мен өзім. Кімге кінә тағамын?!
Кешір, ару сәл тентектеу ағаңды,
Орындалсын арман тілек, талабың!

Тоңды-ау қолың, неге артынша дір еттің,
Салқын қыста ақ әлемге гүл ектің.
Төлегендей кездестіріп төреңді,
Бақытты бол, сіңілісі Жібектің!

Сырғанақ өмір

Балалығым бал кездерім, өткенім,
Сенде қалған сағынышым көп менің.
Шана сүйрей жүруші едік, дөң іздеп,
Қынжылтады, оралмайды кеткенің.

Мұз іздеуші-ек сырғанауға желдетіп,
(Арқа тұсты жүруші едік терлетіп).
Қолымыздан жасаушы едік мұз алаң,
Аппақ қарға суды құя көлдетіп.

Достарыммен жиналушы ек ойынға,
(Одан өзге болмаушы еді уайым да!)
Жүгіруші ек кезек-кезек құлдилап,
Кім ұзаққа сырғиды деп соңында...

Күш-жігерді тұрушы едік көп сынап,
(Өмір алда, тұрған екен көп сынақ).
Жылтыр мұзға біз төсеген кешегі,
Сүрінсек те қайта тұрдық көп құлап.

Бірі алысқа кетті әкетіп шанасын,
Бірі кетті, көрсетпестен қарасын.
Кібіртіктеп бірі қалды ортада,
Одан өзге болмағасын шарасы.

Балалық шақ артта қалды жаздай боп,
Сағыныштан көңілімде маздайды от.
Біз тайғанақ жасап алған сол кезде,
Әттең, уақыт еріп кеттің мұздай боп!

Мұқағалиға арнау

Лапылдаған жүрегі бар от кеудең,
Өтті ғұмыр жалғандыққа жоқ деумен.
Сыршыл сезім толған өлеңдеріңнен,
Әлі демі басылмаған шоқ көрем.

Боран, аяз жоламаған көңілге,
Өлең болып жаралғансың өмірге.
Көп нүктені қойып шабыт соңына,
Тік қарадың ауру менен өлімге.

Жырдың бағы өзіңменен ашылған,
Саған ор да көп еді ғой қазылған...
Тағдырыңды өлең қылып оқимыз,
Жүрген ізің өшпес дастан жазылған.

Қара өлеңге найзағай боп өткенсің,
Жыр әлемде орның бөлек, өктемсің.
Мұңын айтар әр пенденің әр жолы,
Соңғы өлеңді өзің жазып кеткенсің...

Әдебиет сарайының ары сен,
Қазанаттың желдей ескен шабысы ең.
Қара өлеңнің арғымағы, асауы,
Тар маңдайға сыймай кеткен арыс ең!

Ақ қағазды сырлас қылған ақ берен,
Сеннен асқан мөлдір муза жоқ дер ем.
Сүйіншілеп сені іздеп тұрамын,
Қаламымнан кептер болып ұшса өлең.

Дәл өзіңдей жан көрмедім шайырдан,
Өмір сырын әр шумақта қайырған.
Мәжүніндей дала кезген сені іздей,
Поэзия да егізінен айрылған.

Шындық қана қонақ болған төріңде,
Найзағайлар ойнақ салған көгіңде.
Жыр айдынның символына айналған,
Сені аңсап аққулар жүр көлінде...

Жаңаша бір ұйқаспен жазылды...

Көшемен келем ойлана,
Өмірді өткен ойға ала.
Ұлпаларға қараймын,
Көрінбес нәзік қанатпен,
Құлап жатқан жай ғана.

Шынымен деймін ішімнен,
Кезім көп менің күрсінген.
Қуансын деп пенделер,
Періште рухты қарларды,
Жаратқан жанға түсірген.

Тепкенде құзғын өзектен,
Сендерге айтар бар өкпем.
Бейкүнә аппақ қарларым,
Дүниені орай ақ түске,
Дамылдап жатыр кезекпен.

Аспанан түскен ақша қар,
Сендерге енді жер мекен.
Әділдік тапшы заман бұл,
Сендер келген аспанда,
Әділдік деген бар ма екен?!

Қарекенов Манарбек Айдынғалиұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1984