Қарасөздің Құлагері – Рахметолла Әпшеұлы
Рахметолла Әпшеұлының өмірі
Рахметолла Әпшеұлы 1924 жылы қазан айында ескіше оқыған, діндар, сопы отбасында дүниеге келген. Оның әкесі көнеше діни қиссаларды көп оқып, көп жинаған адам. Рахметолла осындай отбасы тәрбиесінде болып, ес білгеннен әкесінің аузынан қиссаларын қызыға тыңдап, оны жаттап жастайынан үйір болып өседі. Ол он жасқа толғаннан кейін, ауылдағы діни мектепте оқып, ауыл молдасынан ескіше сауат ашып, көнеше құран жазуларын өз әуенімен оқып, жаза білетін болады. Рахметолла оқып жүрген кезінде әке танымына көбірек еліктеп, әкесі жиған көбірек оқитын кітаптарды оқуға құмартады. Сөйтіп ол «Бадауам», «Жұм-жұма», «Кесік бас», «Қиямет ахуалы» сияқты діни кітаптарды «Мұхамет Қанапия», «Захрум сал-сал» тектес көне қиссаларды қызыға жаттайды. Оның осы тұста әсіресе, беріле оқығандары «Қобыланды батыр», «Ер тарғын» қатарлы батырлар жыры мен «Марғұзарын», «Жиһанша», «Балқия», «Жүсіп-Зылиқа», «Нұғыман-Нағым», «Сәйпілмәлік Жамал», «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», «Қыз Жібек» сияқты ғашықтық жырлары болады. Кітап оқу құмарлығымен сауатын тез ашқан ол өзін қызықтырған қисса дастан, жырларды көшіріп алып, жаттайтын болды.
Ескіше ауылдық мектепті 15 жас шамасында тауысты. Жастайынан оқу, білімге бой ұрған Рахметолла қиссалар мен дастандарды, ғашықтық жырларын ырғағымен әуендетіп жатқа айтатын қиссашыл әрі әнқұмар болып өсті. Ол жиын-тойда төгілдіріп қисса айтып, тамылжытып ән шырқап, ауыл адамдарының аңсарын өзіне аударады. Сөйтіп ел назарына ерте ілінген Рахметолланың ауылда жүрген күндеріндегі жұмысының көбі өзі қатарлы ауыл балаларына өзі білген қиссаларды үйретіп, тіпті, олардың кейбіреулерін оқытып, сабақ өту болды. Ел арасында, ауыл ақсақалдары мен ағайын туыстары ортасында «баламыз Әпшенің баласындай болса болды» деген тілекпен балаларын басқа ауыл молдаларынан оқытуға жібермей, Рахметолладан сабақ алуға ынталандырды. Сөйтіпол ауыл балаларына бір мезгіл сабақ өтетін.
Ауыз әдебиет мұраларын үйрену әуесі ерте оянған Рахметолла Әпшеұлы кейін қаладағы орталау мектепке кіріп ол өзінің кітапқұмар, әдеби әуескерлігімен көзге түсіп, мектептің ойын-сауық үйірмесіне қатысып, мектеп сахнасында ойналған кейбір шығармалардың белсендісі болды. Ол Үрімжі қаласындағы педагогикалық мектептен оқыған кезінде де өзінің алдындағы және қатарлас таланты бар сабақтастарымен бірлесіп әдеби кітаптарды іздеп жүріп оқыды. Енді Рахметолла Әпшеұлы қолына қалам ұстамай тұра алмады. Ол тұңғыш рет 1947 жылы «Жол қатынас жұмысшыларының өмірінен әдеби очерк» сипатты әдеби таныстыру жазады. Оның жазушылық өмірі осылай басталады. Рахметолла осы жылы қараша айында ұсыныс бойынша Іледегі «Төңкеріс таңы» газетіне қызметке орналасады. Ол 1948 жылдан бастап өлең жазумен шұғылданады. Сол тұстағы әртүрлі тақырыптағы өлеңдерін «Төңкеріс таңы» газет пен сол кезде қазақ тілінде шығатын «Одақ» әдеби журналында жариялап тұрды. Рахметолла 1951 жылы «Шынжаң газетіне» ауысады. Онда тілшілер тобының бастығы болады. Ол өлең жазуды жалғастыра береді. Кейін 1954 жылы «Шынжаң әдебиет исскуствосы» атты әдеби журналдың редакциясына ауысып, редактор болып тағайындалады.
Рахметолла Әпшеұлының проза жанрына қалам тербеуі осы журналға келген күннен басталды. 1954 жылдан 1956 жылға дейін қысқа нұсқалы «Шырға», «Жендет жеңге», «Құпия құдалық», «Достар», «Биікке» қатарлы әңгімелерімен қатар «Іңірде», «Серт» деген очерктер жазды. «Озғандар мен тозғандар» атты әңгіме, очерктер жинағы кітап болып басылды. «Шырықты бұзған шұбар тіл», «Экранда», «Апатпен айқаста», «Әпкешті келіншек» сынды әңгіме, комедиялық шығармалар жазды. Әрі «Спарда», «Аншан туралы жыр», «Өлеңдер», «Кеуезхан», «Алтайда» деген алуан тақырыптағы өлеңдер жазып, жариялады. Рахметолланың «Мәдениет зор төңкерісіне» өкінішке толы он жылын бейнелеп жазған әңгіме, очерк, өлеңдері аз емес. Қаламгердің ізденіс барысында туындаған «Айпара» повестімен бірге «Аруақ үні» атты өлең романы дүниеге келді. Оның баспада басылғаны, басылмағаны бар 150-ден астам өлеңдері мен үш дастаны бар.
Рахметолла Әпшеұлының шығармалары
Рахметолла Әпшеұлы өлең, жыр, қиссаларға әуестенуден бастап, қаламды алдымен әдебиеттің ұшқыр жанры өлеңге сілтеді. Ол алғашқы жылдан бастап-ақ өмір шындығын ақындық сезіммен байқап, оны поэзияға арқау етті. Рахметолла Әпшеұлының өлеңдері желпіген самалдай, жылы шуақты болып, жер-суға, елге, досқа, замандас еңбек адамдарына арналған жан жылытар көңіл күй лирикалары еді. Кейде ақын көңіл күйін асқақ шалқытып, өлеңін ән ырғағына лайықтай жазады. Ақынның осындай шалқымалы шабытына бағына, ой жүйесін кеңге жайып, ұзағырақ толғауынан туындаған дүниелері оқиғалы кесек шығармаларға айналады. Оның мұндай өлеңдерінің шумақтары, ең аяғы тармақтарына дейін ақын сезімін құбылта алға тартып, қарапайым, майдақоңыр, сыңғырлы көркем әуенімен келіп, оқырманын өзіне баурап алады.
Оның «Сәлем» атты өлеңінде:
«Ақ сүйек тастап дулаған,
Осынау жасыл қыр ма екен?
Сол төбеде ойнаған,
Балалар ма екен, құр ма екен?
Бұлғақтап анау көрінген,
Үкі ме екен, бүр ме екен?
Қайта оралып келгенде,
Ұсынары гүл ме екен?» – десе, және бірде:
«Ауылдас құрбым қол бұлғап,
Түбінде күліп тұрма екен.
Жалтақтай берем аржаққа,
Осындағы сыр не екен?» – дейді.
Ол осылайша оқырманын жоғарыдағы айтылған сыршылдығымен елітіп, еліктіріп отырады. Өлеңде ақынның көңіл күйі мен өмір толғамы табиғи образдалып, жұртшылықты қызықты да әсем өмір терезесіне үңілдіреді. Мұнда ақын туған жерге, өскен-ортаға, балалық шаққа елжіреген сағынышпен ой жүгіртіп, әрі сол күндерді көз алдына елестете отырып, шабытын аса тасытпай толғайды. Бұл өлең жолдары сезім шуағымен құблып, ұлттық салт-сана, халықтық бояумен түстеліп, сағындырған ыстық күндер бейнесі тыңдаушысына бас шұлғытып отырады. Ақынның бұдан басқа да ілгері, кейінді жазған алуан тақырыптағы өлеңдері терең мазмұнымен ерекшеленіп, поэзиялық бояумен прозалық еңбегінің әредігінде үзіліссіз жалғасын табады. Оның поэзиялық сипаттауларының қыры мен сырын домбыраның қос ішегінше жарыстыра өрген философиялық түйінге толы толғаулары жаныңды рахатқа бөлейді. Ызғарлы боранды қақаған аяз кеткеннен кейінгі жаздың көркем құбылысын сол шақтағы жүрек қалауымен астастыра кейіптейді. Ол жаз жанарының найзағайдай жарқылды от семсерінің мен қаһарлы тұсын:
«Сүйемін найзағайдың жарқылын,
Иемін саған басты жарқын күн» – деп төгілдіреді. Ең соңына қарай өлеңнің мазмұны арғы тереңнен сыр толғайды.
«Аға бер, асау бұлт түйіліп,
Ата бер от шалмаңды үйіріп!
Жын болсам мені ғана көздеп ат!
Шын болсам жынға түссін киіліп».
Бұл жерде найзағайға жан үстінде жан қосып, түссең адамзатқа емес жынға түс, мен шын жын болсам, көздеп ат, маған түссін килігіп деп, тіршілік атаулыға төнбегенін қалайды.
Р.Әпшеұлы таңның қызыл рауанын:
«Қадалып күміс шапақ кірпіктері,
(Қараңғылық серпіліп, бүркіп кері)
Боз шатырын көтеріп таң аяңдап,
Келе жатыр аспанмен жылжып пері» – деп, аспанмен жылжыған пері сынды жанды бейнеге теңейді.
Кейде:
«Гүл ме деуші ем қауызын жаңа жарған,
Жақұт па деп қараушы ем бал-бұл жанған,
Періштенің өзіме деп қалушы ем.
Сұлулықтың тәңірі нұрға салған» – деп, сұлулық әлеміне тамсанады. Ақынның кез келген өлеңін алсақ та, оның ой кестесінен жалындаған нұрлы сезім, жарқылдаған жанды сурет құйылып жабады. Өлеңдері образы, мазмұны жаңалыққа бай, ойы оралымды, тілі көркем.
Жазушы Р.Әпшеұлы 1954 жылдан бастап проза жанрына бет бұрады. Әсіресе әңгіме және драма жанрымен жақсы көрінді. Оның «Озғандар мен тозғандар» атты әңгіме, очерктер жинағына енген «Жендет жеңге», «Шырға» қатарлы өткір новеллалары мен сол жылдары жазып, жариялаған «Құпия құдалық» атты драмасы жазушының типтік образ жасауға қабілетті екенін дәлелдеген дүниелер.
Рахметолланың «Шырға» атты әңгімесі ескіліктің кертартпа дәстүрін аяусыз мысқылдаған өткір тілді туынды. Тоқалының жазған арызы бойынша Көкебай шалдың үйіне соттан адам келмекші болады. Сол құзырлы билік иелерінің келуін алаңдай күтіп жүрген Көкебай бірде қатты жаңбырдың астында қалып, үйіне түсе қалған екі студентті «сот» екен деп қалып, қалбалақтап оларға үлкен құрмет көрсетеді. Жөн сұраса келе олардың «студентпіз» деген сөзін оның елегізіп отырған құлағы «сотпыз» дегендей ұғып қалады. Сол-ақ екен кәрі Көкең есі шыға безектей жүгіріп, дастарханға барын салады. Соятын қойды да әкеліп, көлденең тартып, бата сұрайды. Шалдың істеп жүрген әрекетінің тым ерсі екенін байқап студенттің бірі: «Мынауыңыз қазақ жолымен жаймақ қонағасы ма, әлде «сот» болғанымыз үшін тартылмақ шырға ма?» – деген сұрақ қояды. Екіншісі: «Біз сот емеспіз, ақсақал, оқушымыз» – деп шындығын айтқанда, Көкебай қойды қоябергізіп, төсегіне құлай кетеді. Бұларға деген бағанағы сый-құрмет су сепкендей тоқтатылады. Енді шалдың екіжүзділігін көз алдарынан өткеріп отырған студенттердің бірі екіншісіне шалға естірте: «Ей, сот болмасаң да сот бастығының баласы едің ғой, жөніңді айтсаң болмай ма?» – деп қалады. Көкебай шал бұл сөзді ести сала: «Мені қайтер екен деп отырған сот екен ғой» деген оймен орнынан атып тұрып, бұлардан кешірім сұрайды. Үй ішіндегілерге айқұлақтана айқайлап, бәйбіше, тоқалына қатар бұйыра сөйлеп, оларды зыр жүгіртіп, қой қайта көлденең тартылып, бата тіленеді.
«Шырғадағы» оқиға өте нанымды өрбиді. Кейіпкер әрекеті езуіңе күлкі үйіреді. Көз жүгірте қарап отырып, кей тұста тіпті Көкебайды аяйсың да. Оның қайтсем де тоқалымнан айырылып қалмасам екен деп жүгіріп жүрген әрекеті өзіне дұрыс болғанымен, өзгелерге мазақ. Көкебай характері жарқырай ашылып, ең соңында ол кәрі тазыдай бүкшиіп төсегіне сылқ құлайды. Көкебайдың бұл қимылын сыртынан шолып жүрген тоқалы мырс-мырс етіп күледі. Оны көрген шал тіпті кірпідей жиырылады. «Жатқаныңнан тұрма» деп ішінен тілеп отырған тоқалының бейнесінен-ақ Көкебайға бәрібір тоқтамайтыны анық байқалады. Әңгіме сықақшы Чеховтың «Хамелеон» атты сатиралық әңгімесі сияқты өткір дүние. Чеховтың объектісі өз мезгіліндегі Ресей патшалығының екіжүзді әрі парақор чиновнигі Ошимолов болса Рахметолланың алған нысанасы қазақ сахарасының феодал тоғышары Көкебай әрі оның ауа қармаған сасық әрекеті. Жазушы шеберлігі арқасында Чеховтың Хамелеонына Көкебайды ұқсаттырды. Ол «Құпия құдалық», «Шырықты бұзған шұбар тіл» атты әңгімелері арқылы қазақ ауылындағы діни түс алған салт-сана мен надандыққа қатал тиісті. Тоғышарлық атаулыны ажуалап, жең ішінен жалғасқан құпия құдалықтың сырын әшкереледі.
Тілге шебер Рахметолла Әпшеұлы драма жанрына да қалам танытқан талант иесі. Оның «Құпия құдалық» атты пьесасы, Қытай қазақ әдебиетіндегі осы жанрдағы алғашқы туынды. Бұл пьесада – әйелдер теңдігі мен неке еркіндік мәселесі алтын арқау болған. Қазақ аулындағы жең ішінен жалғасқан құпия құдалықтың қыр, сырын әшкерілейді. Бас бостандығы үшін күрескен, жан алысып, жан беріскен жаңа заман жастарының бұлқынысына сен де елегізисің.
Драма кейіпкерлері малға өз ұрпақтарын айырбастап, тіпті, өзінің арын да саудалап жіберуден тайынбайтын безбүйректер. Мал байлығына мастанған мақтаншақ әрі суайт Мүсәпір мен оның өзін билейтін адуын да долы, желөкпе жас әйелі Шора образдары ерекшелене дараланады. Және осыларға қарсы кейіпкер, Мүсәпірдің бұрынғы әйелінен қалған он беске енді аяқ басқан жас қызы Зиядан әке-шешесінің «құдалық атты құпия тұзағын» быт-шыт етіп бұзып, еркіндік жолын таңдайды. Зиядан ақылдан азғындаған тас бауыр әкесі Мүсәпір мен өгей шешесі Шораның өзін жасы елуден асқан, әйелі өлген кәрі сіңір Бітімбайға бір тиірмен, бір жорғаға бағалап, саудалаған әрі заңсыз өзіне айтпай сыртынан, құпия құдалығына қарсылық көрсетеді. Зиядан еркіндік, теңдік үшін әрі оқып білім алуы үшін, басының бостандықта болуын тілейді. Ол қалың мал алу үшін айтылған еш ақылға илікпейді. Және олардың қорқытқан қаһарынан қаймықпайды. Күреске ыңғайланып, есейген сайын ой тоқтатып, ертеңге сенім артумен дараланады. Әкесі Мүсәпірдің ұжымдық мойынсеріктесін, ортақ еңбектен бойын ала қашып, жеке байлығын сақтап, ебін тауып Бітімбайдың диірменін құдаласу арқылы қолға түсіріп алу жайын ойлап басы қатып жүргенінде Шораның Бітімбайдың ұлы Қыдырбаймен көңілдестік жолға түскенін бетін жырта әшкерелейді.
Оқиға желісі бір отбасындағы екі түрлі көзқарас, екі түрлі сенім барысында өрбіп, әке-шешесіне жас қыздың қарсылық танытуымен шиеленіседі. Жас Зияданға кәрі әжесі мен туған ағасы Ыдырыс арқасүйеу болады. Шығарманың бояуы қанық, құрылымы шымыр, тілі мысқыл, юморға құралған.
Ахметбек Кіршібай
Автордың «ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы Қытайдағы қазақ әдебиеті» кітабынан дайындаған Әлімжан Әшімұлы.
Abai.kz