Балалар басылымы жеке холдинг болса!..
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ұлттық Құрылтайдағы балалар әдебиеті жағдайын көтеру, мемлекеттік қамқорлыққа алу туралы сөзі осы салада тер төгіп жүрген ақын-жазушыларды жігерлендірді.
Менің де ұлттық балалар әдебиетіне атсалысқаныма 40 жылдың шамасы болды. Кешегі күнге дейін балаларға арналған кітаптар мен балалар газет-журналдарына көзқарас тең және жақсы еді. Себебі, бірінсіз бірінің күні жоқ.
Қазір кезінде Мұзафар Әлімбаев, Тұманбай Молдағалиев басқарған «Балдырған», Фариза Оңғарсынова басқарған «Ақ желкен» журналдары мен Кемел Тоқаев басқарған «Ұлан» газеті айырықша мемлекеттік қамқорлыққа зәру. Осы 3 басылым мен «Дружные ребята» газетін «Егемен Қазақстан» газетіне қосқанды түк түсіне алмай келеміз. Әрине, уақытша экономикалық дағдарыстан құтылу жолы екенін түсінеміз. Бірақ соғыс (1941 – 1945) кезінде бөлек шыққан газет-журналдарды аға саяси газетке қосқаннан кім не ұтады?
Біздіңше, марқұм Алтынбек Сәрсенбаев тұсындағы бастама дұрыс еді. Балалар басылымы «Жас өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестікке топтастырылған-ды. Осы «Жас өркенді» жандандыру қазір аса қажет. Және оның жанына баяғы «Балауса» баспасын қосқан жөн. Сонда нағыз мемлекттік балалар әдебиеті мен болашақ балалар ақын-жазушыларына деген көзқарас болады.
Енді бұдан да сорақысына келейік. Мемлекеттік балалар газет-журналдары мектеп оқушыларына арналған. Біздің соңғы білген дерегіміз: Осы басылымдарға («Балдырған», «Ұлан», «Ақ желкен», «Дружные ребята») Қазақстан мектептері кітапханасының 15-17 пайызы ғана жазылады екен. Мектеп кітапханасы алатын 1 дананы айтамыз. Тіпті кейбір мектеп кітапханалары, қаржы бөлінбеген деген желеумен жазылмайды.
БҰЛ МАСҚАРА ҒОЙ!
Оқу-ағарту министрлігіндегі жауапты департамент, басқармалар, балаларға арналған жоғарыдағы газет-журналдардың таралуына ықпал еткені дұрыс болар еді.
Біздіңше, еліміздің идеологиясына жауап беретін тұлғалар осыны қатты ойласа. Газет-журнал оқымаған бала кітап та оқымайды. Балалар әдебиеті газет-журналсыз жүзеге аспайды. Осы жанрдың қаламгерлері үшін айтылған 4 басылым – шеберлік алаңы. Бүгінгі өндіріс тілінде айтсақ, (балалар газет-журналы мен балалар әдебиеті) өз алдына КЛАСТЕР!
Әрине, осы басылымдардың жаңа заманға сай интернет нұсқасы да, Тик-тогы да болғаны жөн. Осы кластердің әдістемелік жағына оқу-ағарту министрлігі, Ы.Алтынсарин академиясы жауапты болары түсінікті. Сонда бүгін-ертең «балаларымызға не үйретіп жүрміз, қалай тәрбиелеп жүрміз?» деп алаңдамаймыз.
Толымбек Әбдірайым,
балалар жазушысы, ҚР Мәдениет қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері
Abai.kz