«Оралман Жошы»: «Қандас» деу қаншалықты дұрыс?
Немесе
ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНА БІРІНШІ КЕЛГЕН «ОРАЛМАН-ҚАНДАС» – ЖОШЫ ХАН МЕН ЖАЛАЙЫР БҰҚА НОЯН, КЕТ-БҰҚАЛАР ЕДІ...
Осы шеттен келген қазақтарды «Тарихи отанына оралған», «Оралман», «Қандас» деу қаншалықты дұрыс?
Қолына «ҚР азаматы» деген паспорт алды ма, бітті, ол – Қазақ! Алаш туы астында ұйысқан елдің толықанды жауынгері.
Олар анығында – өзгенің қолында қалған ата жұртынан амалсыз ауып, Қазақ Елін «Қаны жақын бауырым, намысы ортақ алты арысым, ендігі Отаным осы» деп келгендер.
Мысалы, менің жағдайым тура солай. Алтайда, қарағайлы төскейде, самырсынды беткейде, қыналы тастар жамылып, аталарымның мың жылғы моласы жатыр. Ешқайсысы ашаршылықтан, соғыстан қашып кеткен жоқ еді.
Моңғол мен қытай қазағы, анықтап айтсақ, Өлгий мен Алтай, Іле, Тарбағатайдан келгендер кезіндегі Үгедей мен Шағатай ұлысының аумағын атажұрт, түпқазық еткендер. Сонда ту көтеріп, күл төгіп, кіндік кескендер. Амал жоқ, кейінгі орыс пен қытайдың қызыл кәмөнестерінің кесірінен ол жерлер хуашия-қытайға қарап кетті.
Ресей, Өзбекстан қазақтары болса, олар да Жошы ұлысының, Алтын Орданың ежелгі территориясынан келді. Қазіргі қазақ баласы мекен еткен кез келген жер – байырғы қазақтың жері емес пе еді?
«Оралман» немесе «Қандас» статусын беру керек болса, ең алдымен Жошы хан мен жалайырдан шыққан атақты ноян Мұқалы гоуаңның туған інісі Бұқа ноянға, Кет-Бұқа күйшіге беру керек!
Олар да «оралман». Олар да «қандас».
Ешкім ренжімесін, қисынға салсақ солай ғой. Бізде ресми айтылатын екі атау бар. Бірі – «Қазақстандықтар», екіншісі – «Қандастар». Бұл әшкере бөлу емей немене?
«Оралман Жошы» көтерген алып Орданың іргесін оның ұлы Бату кеңейітті. Алтын Орда деп аталып кеткен аса қуатты империя құрды. Бізге бодан болған русь кінәздіктері кейін бізден заңсыз бөлінгенімен қоймай, тарихымыздан ботқа жасады. Басымызға шығып, қызыл жендеттерге ойына келгенді істетті.
Талай-талай сүргіннен кейін барып, «енді ел болдық-ау» деп жатырмыз.
Айтпағым:
«Бөлінгенді бөрі жейді!» деген аталы сөз бар.
Ұлы Көк Түріктері құрған алып қағанаттардың бір кесек алтын сынығымыз!
Біз – бір Қазақпыз!
Ұларбек Дәлейұлы
Abai.kz