Өнертанушы-суретші Байтұрсын Өмірбеков өмірден өтті
ҚР Суретшілер одағын көп жыл басқарған, Әбілхан Қастеев атындағы музейдің директоры болған, педагог-ғалым, өнертанушы-суретші Байтұрсын Өмірбеков 79 жасында өмірден өтті.
Байтұрсын Есжанұлы Өмірбеков 1946 жылы қазіргі Жетісу облысы Панфилов ауданы Талды ауылында дүниеге келген. Графикашы-суретші, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері.
1969 жылы ҚазПИ-ді (ҚазҰПУ) бітіргеннен кейін осы институттың бейнелеу өнері кафедрасының ассистенті (1969 – 71), аға оқытушысы (1972 – 74), көркемсурет-графика факультетінің деканы (1974 – 78), Алматы театр және көркемсурет институтының оқу және ғылыми жұмыстары бойынша проректоры (1978 – 87), кафедра меңгерушісі (1990 – 92), Қазақстан көркемсурет академиясының графикикалық дизайн кафедрасының меңгерушісі (1992–94) қызметтерін атқарған.
1994 жылдан Ә. Қастеев атындағы өнер мұражайының директоры.
Байтұрсын Өмірбеков кескіндеме, графика және мүсін саласы бойынша еңбектердің, бейнелеу өнері мәселелері жайлы кітаптардың («Түр-түс әлемінде» (1986), «Түр-түстердің тілдегі көрінісі» (1992), «Кеңістіктегі түр-түс» оқу құралы «1990), мақалалардың, мәдени көркем жобалардың авторы. Халықаралық өнертанушылар ассоциациясының мүшесі (2002).
Байтұрсын Өмірбеков 1986 жылы КСРО Суретшілер одағына мүшелікке қабылданған. 1987 жылы «Желтоқсан көтерілісіне» байланысты проректорлық қызметінен босатылып, Кеңес Одағы Коммунистік партия қатарынан шығарылды.
Ол Қайрат Рысқұлбеков, Жамбыл облысының Мойынқұм ауданындағы еңбек ерлері мен Оңтүстік Қазақстан облысының Абайбазар ауданындағы алғашқы коммунарларына қойылған ескерткіштердің авторы.
Бексұлтан Нұржекеев, Қазақстанның халық жазушысы:
- Байтұрсын суретшілігі де, адамгершілігі де, өнері де, кісілігі де өте жоғары тұлға еді. Ол көп жылдар бойы Қазақстан Суретшілері Одағын басқарды. Көп жыл бойы Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайын басқарды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері болды. 75 жасында үлкен көрмесін өткізді. Сол көрмеде Байтұрсынның қандай өнерпаз, қандай талантты суретші екені айқын көрінді. Көрме келушілер шын риза болды. Көбінесе үндемей салмақты ғана, үлкен толғаныста, үлкен тебіреністе жүретін адам еді. Онысы жұмыстарынан көрінетін. Соның бәрін бейнелеу өнеріне жұмсағанына көзіміз жетті. Мысалы, Мұхтар Әуезовтің портретін талай суретші салды. Ал Байтұрсын оны маңдайы кең, денесі зор тұлға ретінде бейнелеп. Кіріп келгенде сонау 50-60 метр жерден жарқырап тұрғанда үлкен бір жартас секілді. Өнердегі, әдебиеттегі Мұхтар Әуезовтің жартасқа лайық суретін берді. Шәмшінің суреті қандай?! Қазақтың суретші қызы Гүлфайрус Ысмаилованың бейнесін қалай берді?! Үлкен бір кескіндемеші екені содан көрінеді. Ауылдың, туған жердің табиғаты, өзінің әкесіндей болған Әбілхан Қастеевтің портреті. Бәрі-бәрі мысал бола алады. Бұл оның іштей шымыр дайындықта жүргенінің көрінісі. Қатты риза болған едім. «Ауру алмай қоймайды» деген сөз бар. Биыл қатты ауырды да, аяғы қазаға ұшыратты. Байтұрсынның өмірден өтуі тек Жаркент өңіріне ғана емес, тұтас қазақ халқы үшін орны толмас өкініш. Ол қаншама таланттың өсуіне ықпал етті. Нағыз мемлекеттік іс. Сондай бір үлкен дәрежедегі тұлғадан айырылдық. Қазақ өнері үлкен бір шеберінен айырылды. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын.
Жүсіпбек Қорғасбек, жазушы:
- Суретші Байтұрсын Өмірбеков қайтыс болды. Көп жыл ҚР Суретшілер одағын басқарған, Әбілхан Қастеев атындағы музейдің директоры болған. Портрет өнерінің шебері. Қоғамға белгілі қайраткер. Ондай таза адамды өмірде көрдім бе, көрмедім бе, білмеймін. Бірақ өте кірпияз кісі еді. 79 жасында қайтты.
Abai.kz ақпараттық порталының редакциясы Байтұрсын Есжанұлы Өмірбековтің отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтамыз.
Abai.kz