Сыртқы саяси кредомыз - қауіпсіз әлемдік тәртіпті құруға атсалысу!
«Халықаралық аренадағы іс-әрекеттерімізге жауапкершілікпен қарап, қазіргі замандағы жаһандық күрделі мәселелеріне келгенде сындарлы ұстанымда болуымыз керек». Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ana tili» газетіне берген сұхбатында айтқан сөзі.
Елдің дамуына қатысты көптеген түйткілдер мен бастамалар айтылған жарияланымда Қазақстанның орта держава ретіндегі мәртебесі де тілге тиек болды. Қазақстанды жаһандық және аймақтық аренада орта держава ретінде тану ақиқатқа айналған кезеңдерде бұл өзекті тақырып болып тұр. Сұхбаттың сыртқы саясатқа қатысты айтылған тұстарына Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты халықаралық қауіпсіздік бөлімінің бас ғылыми қызметкері Ерболат Сейлеханов пікір білдірді.
«Президент Қ.Тоқаев «Ana tili» газетіне берген сұхбатында Қазақстанның стратегиялық маңыздылығы туралы айта отырып, еліміздің орта держава ретіндегі мәртебесіне ерекше тоқталды. Геосаяси ахуалы, территориясының көлемі, экономикалық әлеуеті, әскери күш-қуаты және тағы басқа негізгі артықшылықтарына қоса, еліміздің халықаралық деңгейдегі әрекеті Қазақстанды халықаралық қауымдастыққа орта держава ретінде танытып отыр. Осыған орай Қазақстан көпжақты ынтымақтастық, жаһандық қауіпсіздікті нығайту және тұрақты дамуды қамтамасыз ету қағидаттарын қолдай отырып, БҰҰ-ның қызметі мен бастамаларына атсалысады», - дейді Ерболат Сейлеханов.
Сарапшының пайымдауынша, Қазақстан өзінің мүмкіндіктері мен орта державаның әлеуетін пайдалану арқылы көпжақты іс-қимыл арқылы түрлі идеяларды ілгерілетуге үлес қосып жүр.
«Еліміз жетекші әлемдік державалардың лидерлерімен, басшыларымен тұрақты консультациялар жүргізіп, жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған бастамаларды көтеріп, халықаралық ұйымдардың, әлемдік және өңірлік ынтымақтастық форумдарының жұмысына белсене қатысуда. Көпжақтылықты берік ұстанған Қазақстан жаһандық аренада сындарлы диалог пен өзара іс-қимылды арттыруға үнемі күш салады. Атап айтсақ, Қазақстан 2003 жылдан бері Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізіп келеді. Бұл әртүрлі конфессиялар өкілдері ғаламдық өзекті проблемалар мен түйткілдерді талқылайтын және олардың шешімін табудағы ынтымақтастығын қалыптастыратын бірегей диалог алаңы», - деді сарапшы.
Азиялық қауіпсіздіктің негізгі мәселелеріне де шолу жасаған Ерболат Сейлеханов, Қазақстан көпжақты ынтымақтастықтан максималды дивиденд алуға мүмкіндік беретін көпвекторлы саясатты ұстанады деп өз ой-пікірлерімен бөлісті.
«Астана негізгі жаһандық ойыншылармен өзара тиімді ынтымақтастықты дәйекті және прагматикалық түрде дамытып, еуразиялық кеңістіктегі өз ұстанымын нығайтуға ерекше көңіл бөлуде. Мұндай тәсіл мүдделердің тиімді тепе-теңдігін қамтамасыз етеді, тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуға жетелейді және елдің аймақтық және халықаралық үдерістердегі жауапты әрі сенімді серіктес ретіндегі рөлін арттырады. Жалпы алғанда, Қазақстан орта держава ретінде барлық мемлекеттер мен халықтардың тең құқылы қарым-қатынасына, ынтымақтасытығына негізделген тұрақты және қауіпсіз әлемдік тәртіпті құруға зор үлес қосуда. Мемлекет басшысы айтып өткендей, орта державалар қатарына кез келген мемлекет қосыла алмайды. Жаһандық саясат пен экономиканың аренасында үздік орын алатындар ғана бұл мәртебеге ие бола алады. Әрине, бұл мәртебенің алып жүрер жауапкершілігі мен салмағы да ауыр. Яғни еліміздің сыртқы саяси кредосы – «Жаһандануға бет бұрған Әділ Қазақстан» формуласы», - дейді сарапшы.
Айа кетелік, соңғы жылдары әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, адам құқықтарын қорғау, әлеуметтік-экономикалық даму, қоршаған ортаны қорғау бойынша халықаралық аренада шиеленіс көбейді. Осыған байланысты Қазақстан әділ әрі тұрақты ғаламдық жүйенің белсенді, әрі салмақты қатысушы ретінде танымалдыққа ие.
Меруерт Райым
Abai.kz