Диктаторлардың екінші отаны – Мәскеу
Сириядағы жарты ғасырдан астам уақытта созылған әкелі-балалы Хафиз және Бащар Асад билігінің құлауы Америкадағы президент сайлауынан кейінгі өткен жылдың басты саяси оқиғаларының бірі болды.
Кешкі асын жеуге үлгермей, зәулім сарайларын тастай қашқан Башар Асадтың Мәскеуді паналағаны мәлім болды. Ол биліктен айырылғанға дейін-ақ отбасы мүшелері Шам елі мен Мәскеудің арасын жол қылған екен. Ресейлік БАҚ-тың жазуынша, 2024 жылдың 29 қарашасында Ресейде оқитын үлкен ұлы Хафез Ресейдің ең беделді Мәскеу мемлекеттік университетінде (МГУ) математикадан диссертациясын қорғаған.
2014 жылдың сәуірінде Башар Асад көтерілісшілермен қиянкескі шайқас жүргізіп жатқан кезде ресейдің бұрынғы жоғары лауазымды шенеунігі Сергей Степашинмен Дамаскіде кездескен. Одан Путинге: «Мен Украина президенті Янукович емеспін және Сириядан ешқайда кетпеймін» деп сәлем жолдаған.
Виктор Янукович
Ресейшіл Украинаның бұрынғы президенті 2014 жылдың ақпанындағы 100-ге жуық адамның өмірін қиған «Майдан төңкерісінен» кейін Украинадан қашып кеткен. Осы оқиғалардан кейін Кремль Қырымды аннексиялап алып, Украинаның шығысындағы Киевке қарсы шыққан ресейшіл сепаратистерді қолдады.
«Янукович төңкерістің құрбаны болды және оны түрмеден өзіне адал болған әскери офицерлер алып шықты» деп мәлімдеді.
Янукович Кремльдің 2022 жылдың 24 ақпанында басталған Украинаға қарсы кең ауқымды агрессивті соғысы туралы ашық пікір білдірген жоқ. Көп ұзамай, 2023 жылдың ақпанында Украина президенті Зеленский оны Украина азаматтығынан айырды.
Асқар Ақаев
1991 жылы Кеңес Одағынан тәуелсіздік алғаннан кейін Қырғызстан президенті болып сайланған ол 2005 жылғы «қызғалдақ төңкерісі» кезінде биліктен аласталған соң Ресейге қашып кетті. Тәжірибелі ғалым қазір Мәскеу мемлекеттік университетінде сабақ береді.
Бұрынғы президент мәртебесінен айырылғанына қарамастан, ол қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған және өз еліне оралуға құқылы. Араға ұзақ жылдар салып ол 2021 жылы куәгер ретінде еліне бір рет барып қайтты.
Оның орынын басқан Құрманбек Бакиев те 2010 жылғы революцияда тақтан тайдырылды. Ол қазір Ресеймен одақтас Белоруссияда тұрып жатыр.
Милошевичтің отбасы
2006-жылы халықаралық Гаага сотының түрмесінде қайтыс болған Югославия экс-президенті Слободан Милошевичке де Кремль саяси баспана берген еді. Ол пақыр Мәскеуге жете алмады. Милошевичті Сербия халқы геноцид жасағаны үшін халықаралық сотқа ұстап берді. Оның әйелі Мирьяна Маркович пен ұлы Марко Мәскеуді паналады. Милошевичтің ұлы әлі Ресейде тұрады
Эдвард Сноуден
2013 жылдың маусымында Ресейде босқын мәртебесін алған Эдвард Сноуденді Вашингтон әлі күнге дейін қайтаруды талап етіп келеді. Оған АҚШ-тың жасанды серікпен бақылау аймағының құпиясын әшкерелеп, NSA-ның он мыңдаған құжаттарын БАҚ-қа бергені үшін халықаралық іздеу жарияланған.
Куба мен Латын Америкасының басқа елдеріне жете алмаған ол, Ресейді таңдады. 2022 жылы Путин оған Ресей азаматтығын берді.
Әйелі Линдси Миллс және екі ұлымен бірге Сноуден Мәскеуде тұрып жатыр.
Аттан түссе де, үзеңгіден түспеген Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың де Мәскеуде көңілі жүр. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Путинмен кездескені ел назарын ерекше аударды. Оның әрекетін жыл басындағы қазақ тілді басылымға берген сұхбатында президент Тоқаев былай деп түсіндірді: «Мұндай кездесулер әдетте Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен өтеді. Ол үшін мұның маңызы зор. Бұрынғы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы, партия басшысы және Егемен Қазақстанның президенті ретінде Нұрсұлтан Әбішұлының Кремльмен тығыз моральдық және саяси байланысы барын естен шығармаған жөн. Оның талай уақыты Мәскеуде өтті, сан мәрте іссапарға барды, съезд және пленум отырыстарына қатысты, жұмыс бабымен және ресми сапарлармен де болды».
Abai.kz