Халық дәрі-дәрмек сатып алуға неше жұмсайды?
Министр Ақмарал Әлназарова: «Халықтың қалтасынан шығатын шығындардың 51-52%-ы дәрі-дәрмек сатып алуға жұмсалады»
ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Jibek Joly телеарнасындағы УӘДЕ жобасына арнайы сұхбат беріп, денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді талқылады.
Сұхбат барысында министр дәріхана бизнесінің қарқынды дамып жатқанына назар аударды.
«Бүгінгі таңда дәріханаларды ұстап тұру, осы бизнеске кіру өте пайдалы болып тұр. Себебі дәрі-дәрмектердің бағасын реттеу бұйрықтары айналып келіп Денсаулық сақтау министрлігіне келеді. Біздің миссиямыз – нормативті құқықтық актілерді халық үшін, емдеу мекемелері үшін жасау», – деді Ақмарал Әлназарова.
Министр халықтың жеке шығындарының құрылымына нақты талдау жасалғанын атап өтті.
«Халықтың қалтасынан шығатын шығындардың 51-52%-ы дәрі-дәрмектерді сатып алуға жұмсалады. 15-20%-ы емделуге, 30%-ы лабораториялық қызметтерге кетеді. Сондықтан біздің негізгі мақсатымыз – халықтың қалтасынан шығатын шығындарды азайту», – деді министр.
Сұхбат барысында УӘДЕ жобасының жүргізушісі, журналист Ерболат Мұхамеджан дәріхана бизнесінің дамуына байланысты пікір білдірді.
«Кез-келген қалада тұрғын үй салынса, балабақша немесе мектеп емес, алдымен дәріхана пайда болады. Тіпті, осы саладағы кәсіпкерлердің депутат болып отырғанын да білеміз», – деді ол.
Сұхбатта дәрі-дәрмектердің бағасын реттеу, халыққа қолжетімді медициналық қызмет көрсету және денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру тақырыптары жан-жақты талқыланды.
Сұхбаттың толық нұсқасы:
Abai.kz