Ұлтының ұлықты ұлы
(сан қырлы өнер иесі Аслан Ғафуровтың азаматтық болмысы және шығармашылық әлемі жайында бірер сөз)
Ұлт руханиятында өзгеге ұқсамайтын шығармашылық әлемі, азаматтық болмысы және өзіндік орны, қаламгерлік қолтаңбасы бар халқымыздың ұлықты ұлдарының бірі – Аслан Қабылбекұлы Ғафуров.
Бойына сан қырлы өнер дарып, қасиет қонған А.Ғафуровтың есім-сойы халықаралық деңгейдегі танымал тұлға. Бұл азаматты елі айтыскер ақын ретінде біледі. Аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық дәрежеде өткен ақындар айтысында шашасына шаң жұқтырмай, оза шауып, сан мәрте жеңімпаз болғаны елдің есінде. Бұл тұжырымымыз арқылы мақала кейіпкері А.Ғафуровтың бағасын, бәсін артырып, ұлттық айтыс өнеріне зор үлестерін қосып жүрген айшықты өзге өкілдердің асқарын аласартып, биігін бәсеңдетуден аулақпыз. Арда өнерде жетістіктерге маңдай тері, табанды ізденісі арқылы қол жеткізген Аслан ақынның қажырлы еңбегіне объективті көзқарас тұрғысынан баға беру.
Құндағынан ұлт руханиятының құндылығын болмысына сіңіріп өскен сөз зергері бүгінгі күні халқының қамын ойлайтын, қызмет ететін азаматтық әрі тұлғалық дәрежеге көтерілген ізгілік иесі. Жүрегіне жаһанды сыйғызып, тілінен жауһар жырдың жақұты төгілген, терең танымы, қарымды қаламымен қазіргі қоғамдық процестің рухани мұқтаждығына жауап беретін тағылымдық мәні бар прозалық туындыларды туындатып жүрген кәлам мен қалам иесі, дегдар азамат А.Ғафуровтың төл әдебиетімізде алатын орны айрықша. Мақала кейіпкерінің өмірі мен қызмет жолына қысқаша тоқталып өтейік.
Айтыс, ақындық әрі жазушылық өнерді қатар ұстап келе жатқан шығармашыл тұлға 1979 жылы 3 сәуірде Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Қабанбай батыр ауылында дүниеге келген. Өскемен қаласындағы дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының түлегі. Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған. Өнер, әдебиет, шығармашылық құндылықты жан-жүрегі қалаған азаматтың еңбек жолы да жоғарыда аталған саламен тығыз байланысты. Өнері өміріне айналған тұлғаның бұл таңдауы заңдылық еді.
Алғашқы қызмет жолын «Облыстық ақындар мектебінің» маманы ретінде бастаған өнер иесі, аталған мектепте бас маман, жетекші тәрізді қызметтер (2004-2008 жж.) атқарды. 2008-2009 жылдары «Облыстық халық шығармашылығы» орталығы мәдени шараларды ұйымдастыру бөлімінің бас маманы, бөлім басшысы. 2009-2011 жылдары аралығында С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-нің «Жастар саясаты және мәдени демалыс» орталығы директорының орынбасары. 2011-2013 жылдары Шығыс Қазақстан облысына қарасты бірнеше аудандардың «Мәдени-демалыс ұйымдастыру» орталығының директоры. 2013-2014 жылдары арасында Өскемен қаласы әкімдігі «Өнер» ҚМКК мәдени демалыс ұйымдастыру орталығы директорының орынбасары қызметін атқарады. 2014-2018 жылдары Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы «Мәдениет бөлімі» директоры, сонымен қатар аталған ауданның маслихат депутаты болды. 2018-2020 жылдары аралығында Шығыс Қазақстан облыстық «Алтай» баспаханасының директоры. 2020 жылдың қаңтар айынан бастап елордамыз Астана қаласындағы «Абай атындағы Халықаралық мәдениет пен өнерді қолдау» қорының атқарушы директоры болып қызмет етуде. Ұлтымыздың ұлы ұстазы – хакім Абайдың өмірі мен шығармашылық мұрасын, игілікке толы тағылымын халықаралық деңгейде насихатталуына үлес қосып жүрген рухты азамат. Ел руханиятына сіңірген қажырлы еңбегі еленіп, мемлекеттік көптеген марапаттардың иегері атанды. Бейнетті зейнетті өтемі деген осы болса керек.
Ақынның алғашқы жыр жинағы «Толағай» деген атаумен 2010 жылы жарық көреді. Көлемі он екі баспа табақтан астам еңбекке сөз зергерінің лирикалық жырлары мен бірнеше айтыстары енгізілген. Бір кітапқа жүк болған тарихи поэмасы «Ержүрек, батыр бабам ер Қабанбай» атаумен 2019 жылы екінші жинақ болып шығады. Қазақ ақыл-ойының алыбы хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған «Абай елі – 175» ғылыми, тарихи, әдеби танымдық мәні жоғары кітаптың авторы. Көптеген антологиялық жыр жинақтарға өлеңдері енген туындыгер.
Эпик ақын ретіндегі қабілетін айшықтайтын «Ер жүрек батыр бабам – Ер Қабанбай», «Бабадан батыр туған бес Сайболат», «Ту түсірген Тәуке батыр», «Қоңыз батыр Құрбанқажы», «Шорға шайқасы», «Бабалар бақыт тұғыры», «Көш-керуен», «Тәуелсіздік толғауы», «Тарбағатайға тағзым», «Қыз жирен» және тағы басқа да шымыр сюжетке құрылған көптеген эпикалық дастандардың авторы.
Сөз зергері А.Ғафуровтың шығармашылық әлемі, айдынды ақындық дарыны, прозалық туындылары жеке бір ғылыми монографиялық еңбекке жүк болатын құндылық. Бұл шағын мақаламызға қаламгер ұлт руханияты, қазақ әдебиеті, оның ішінде өлең сөз (поэзия) бен қара сөз (проза) жанрларына қосып жүрген үлесін, алатын айшықты орнын, өзіндік қолтаңбасын, сан қырлы болмысын насихат етуді мақсат еттік. Оқырман қауым біле бермейтін қыры: проза, сатира жанрындағы қаламгерлік қарым-қабілетін танытуды көздедік. Сондай-ақ «жоқ-барды, ертегіні теріп» қолдан тұлға (қаһарман) жасау емес (бұл азамат оған зәру де емес), мақала кейіпкеріне, өнеріне құрмет, шығармашылығына қадари-қалімізше берілген бағамыз болсын деген риясыз көңілден туындаған лебіз-лепесіміздің жазбаша бір көрінісі.
А.Ғафуров өнер атты қасиетті әлемге бала кезінде қадам басқанын оқырман қауым жақсы біледі. Бойына дарыған өнері тағдырына айналды. Арда өнермен өрнектелген тұрлаулы тағдыр иесі ар ісінің, әдептің қайнар бұлағы саналатын әдебиет ұғымын темірқазық ретінде ұстанды. Осы ұстанымнан әлі күнге дейін айныған емес. Бұл азаматтық қасиеттің сапалық көрсеткіші. Сан түрлі дарын иесінің басты бір қыры – айтыскер ақындығы. Аталған өнерге бала жастан келген А.Ғафуровтың алған асуы, бағындырған биігі, жинаған тәжірибесі өте мол. «Сөздің барымтасы саналатын: айтыс – синкретті жанр» (М.Әуезов). Көптеген өнерді: жүйелі сөздің иесі болып, табан астында сөз саптау, жауап қайтару – суырыпсалмалық шеберлік, шешендік қасиет, сакралды құндылық саналатын домбыраның сазымен гормониялық бірлікте үйлесім тапқан мақам, яғни әншілік, домбыра тарта білу, сондай-ақ әртістік қабілетті бір арнаға тоғыстыру оңай дүние емес.
Шығармашылық қадамын өнердің төресі болған айтыстан бастап, аталған салада өзінің айшықты қолтаңбасын қалдырып, дара әрі сара даңғыл жолын салып, бүгінгі таңда ұстаздық игілікті миссияны арқалап жүрген А.Ғафуров өзінің мектебін қалыптастырып, көптеген шәкірттеріне жол сілтеп, бағыт-бағдар беруші тағылымгер. Айтыскерлік өнер, ақындық (жазба) әрі жазушылықты қатар тізгіндеген сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Асланның жүрегінен түйдек-түйдек жыр тудырып, от ауызды, орақ тілді айтыскерлігі өз алдына жеке тақырып әрі кешенді зерттеулерге жүк болатынын жоғарыда тілге тиек етіп өткенбіз.
Сұлу сөз бен сыршыл сезімге, хас батырлардай асқақтық пен биік өлшемге, мәрттік пен даладай дарқандыққа құрылған Аслан ақынның жырлары арғымақтай жүйрік, сәйгүліктей сұлу, жасындай өткір. Терең танымның жемісі саналатын бұл құндылық үздіксіз ізденіс, танабды еңбек, тәжірибе арқылы қол жеткізген құбылыс. Ізденіс бар жерде оң нәтиже болатыны аксиома. Дара дарын иесі А.Ғафуровтың төл айтысымыздың тарихындағы айшықты қолтаңбасы мен орнын жұртшылық жақсы біледі.
Лириктігі мен эпиктігі егіз үндесіп, Асландай сөз зергерінің шығармашылық әлемін айшықтай түседі.
«Бабадан батыр туған бес Сайболат» дастанында ел-жер тарихына құрмет, бабаларға тағзым құндылығын төмендегідей автобиографиялық жыр жолдармен түйіндейді:
Сен келтірген мынау байтақ өмірге,
Өсіп-өндік Барқытбелдің өрінде.
Текті ұрпағың қанат жайды бүгінде,
Қасиетті Тарбағатай төрінде...
Ақын туған елінің тарихын тереңнен зерделеп, тарихтың құпия парақтарын ашып, оны ел игілігіне жарату жолында қызмет етіп келеді.
А.Қабылбекұлы қазақ тарихына терең бойлай жүріп, бүкіл мұрағат пен мұражайды ақтарып, батыр бабалар, дала данышпандары жайында көп мәліметке қанық болады. Оған өзінің сөздері дәлел. Тапқан асыл қазынасын өрнекті өлеңге, мазмұнды тарихи дастанға айналдырып, ұлт руханиятына сүбелі үлес қосты.
Жүз қайтара оқыдым ұлы Абайды,
Одан менің намысым құламайды.
Тәукенің ізін тауып қалам ба деп,
Мұрағат пен ақтардым мұражайды...
«Ту түсірген Тәуке батыр» дастанында ізденімпаздығы мен Отанға деген ыстық ықыласын аңғарып, шежіренің алтын сандығын ақтарып, қазақ тарихын бір кісідей жетік білген тарихшы, шежіреші маман ретіне де танимыз.
Бала кезден тарихқа ынтық едім,
Естігенді ел-жұрттан түртіп едім.
Қайда? Қашан? Бабамыз өмір сүрген,
Сансыз сұрақ санамды сілкіледің...
Тәуке баба жайында мәлімет іздеп, көптеген шежірені ақтарған Аслан ақын аңыз емес ақиқатты іздеп, көршілес елде өмір сүріп жатқан ағайындарға да сұрау салады.
Аңыз емес ақиқат шын аңсадым,
Осы шығар тарихқа құмар шағым.
Ел-жұрттан естігеннен еш шындық жоқ,
Ақыры Қытай жаққа сұрау салдым...
Кең тынысты, ұлттық рухты, эпик ақынның шығармашылығы өзге ақындардың өлеңдеріне ұқсай бермейді. Айтар ойы да, жазу стилі де өзгеше, сарқырамадан гүрілдеп құлай аққан судың екпініндей қуатты, тегеуірінді. Өзіне ғана тән стильмен, өзі жиі қолданатын әртүрлі көркемдік құралдарды пайдалана отырып, реалистік сипатта суреттейді.
Аслан ақын өзінің «Қоңыз батыр Құрбанқажы» дастанында:
Бабамды ұлықтайтын жетті кезі,
Санамды сансыз ойлар тепкіледі.
Өз елі, өз ерлерін ұлықтамай,
Ел тегі қайдан алсын тектілерді... десе, «Ту түсірген Тәуке батыр» поэмасында:
Жанарыңнан ағызып жаңбыр тағы,
Адасқанды Алла (мың) қаңғыртады.
Туған жердің тарихын білмей өскен,
Ұрпақ қалай рухыңды жаңғыртады?.. деп туған жердің тарихын білмей өскен ұрпақтың болашағына алаңдап, дарқан көңіліне мұң пердесі тұтылып, елінің көркем келешегіне қабырғасы қайысып, жаны жабырқайды.
Ұшыратқан ұмыт қып мазаққа да,
Тарихыңды білмеуден азап бар ма?
Өлгендерін тірілтіп жатқан қазір,
Жер бетінде жалғыз ұлт қазақ қана...
Ақын өзінің кең тынысты тарихи мәні зор эпикалық туындыларында қазақтың өткен өмірі мен тағдырын, болашағын толғана жырлады. Халқымыздың ұлттық бірегейлігін сипаттап, насихаттауда, оның ерлік дәстүрі, туған жер мен елге құрмет, Тәуелсіздік, азаттық, Алаш тақырыбы, батыр бабалардың ерлік істері, тұлғалары жайында көркемдік тұрғыдан асқақтата жырлай білді. Сол себепті А.Ғафуровтың жырлары негізінен, отансүйгіштік, патриоттық сезімге, ерлік, елдік рух, жеңіске деген сенімге толы.
Ей, ұрпақ, ұлыларды ұлықтаңдар,
Сол кезде бақыт сыйлар күліп таңдар.
Қасиетті «Қызылащы» қыстауында,
Молада бабаң жатыр ұмытпаңдар...
Аслан Қабылбекұлының шығармалары – бүгінгі күннің биік эстетикалық талғамы мен талабына толық жауап беретін, көркемдік жағынан жоғары деңгейдегі туындылар. Өлең өріміндегі өзгеше өрнек нақышымен, сыршыл сазымен поэзия әлеміне еркін еніп, қазақ руханиятының алтын қорын байытқан шығармалары бүгінде әділ бағасын алып жатыр.
Жанымның өлең толғағы,
Туған жер неткен асқақ ең.
«Ұлым» деп сүйсең болғаны,
Күтпеймін бақыт басқа мен...
Сөз зергерінің ақындық болмыс-бітімі дараланып тұрады. Оның себебі, шеберлігі шыңдалған сөз суреткерінің айтар ойын көркем де кестелі тілмен жеткізе білуінде. Ақынның туындыларында дәуір шындығын поэтикалық тілмен бейнелей алатын ойлылық та, ойнақылық та, байсалдылық пен даналық та бар.
«Сағыныш» өлеңінде Төлеген Айбергеновтей сап-сары жапырақ жамылған сағынышының бояуын аллитерация (туындыларда дауыссыз дыбыстардың қайталануы) тәсілімен айшықтайды. Сағыныш – лирик ақындардың ортақ тақырыбы десе болғандай. Алайда әр ақын осынау ғажап сезімді әр алуан сезініп, түрлі сипатта жырлайды.
Сары күзден сап-сары бояу көрдім,
Содан, бәлкім, санама қаяу ендің.
Сең соққандай сенделіп сен де мендей,
Сағыныштан сол түні ояу ма едің?..
Сергек сезімді ақын әдеби тілді ажарлап, сөздің реңін келтіре түсетін көркемдік тәсіл аллитерация арқылы осы өлеңді соңына дейін нәзік сезіммен жеткізе білген. Сөз зергері А.Ғафуров тілдің көркемдегіш тәсілдерін теориялық тұрғыдан жетік меңгерген тіл-әдебиет саласының кәсіби маманы. Ажарлау, айшықтау, құбылту және олардың түрлері болған көркемдік тәсілдерді туындыларында шебер қолдана біледі. Бірақ шығармаларының әсемдігін, әсерлігігін, яғни туындының көркемдік, эстетикалық, стилистикалық, экспрессивті-эмоциялық әсерін арттырамын деп теориялық көркемдік құралдарды орынсыз пайдалана бермейтінін де аңғарамыз. Жыр жолдарындағы семантикалық ұғымның берілу жүйесіне қарай табиғи ретіменен қолданады.
Үмітімнің ұшқыны үгітіле,
Үркек жүрек көнбейді үгітіңе.
Үзілердей қылықтың қыл-пернесі,
Үрей сіңіп барады үмітіме...
Бірде жүрек қылын шертер нәп-нәзік сезім мен мөп-мөлдір махаббатты жырласа, кейде шығармашылығынан қазақтың ұлан-ғайыр даласындай кең құлашты, кешегі жыраулық дәстүрдің заңды жалғасындай рухты, аузынан от шашқан арыстандай айбарлы, батыр бабалардай өршіл рух көрініс табады.
Сөз зергерінің шығармашылық әлеміндегі ерекше бір қыры ретінде жазушылығын атап өткен жөн. Проза жанрындағы қаламгерлік қарымынан туындаған еңбектері өз алдына бөлек дүние. «Құлагердің қазасы», «Мәукеннің жеделхаты», «Шарик, не бойся, я с тобой!» және тағы басқа көркем, деректі, сатиралық шығармалары қаламы қалыптасқан жазушылық қабілетінің айғағы деп білеміз. Қаламгердің прозалық туындыларымен таныс болған оқырман оның көркем шығармадан бөлек, деректі және сатиралық жанрдың өзіндік стилін, қыр-сырын игергеніне куә болады. Аталған шығармаларды талдауды оқырманның еншісіне қалдырайық. Біздің мақсат сөз зергері А.Ғафуровтың сан-салалы шығармашылық бағыты жайында мағлұмат беру ғана.
А.Қабылбекұлының жәуанмәрт жүректі азамат екенін айналасындағы оны танитын жандар жақсы біледі. Республикалық, халықаралық дәрежеде өткізіліп тұратын іс-шараларға үнемі белсене араласып, басы-қасында жүреді. Туған өңірі Шығыс Қазақстан, Өскемен, Тарбағатай аймақтарында өткізілген аудандық, қалалық, облыстық, республикалық жыр мүшайралары, оқушылар, жас буын өкілдері айтыстарына демеуші болып, қолдау көрсетіп, қатысушыларды ынталандыру бағытында атқарып жатқан еңбегі зор. Сонымен қатар замандас, тұрғылас кейбір айтыс ақындары жыр жинақтарының, олардың айтыстарын жинап, жеке кітап ретінде жарық көруіне де мұрындық болып, демеушілік жасап жүргенін жұртшылық біле бермейді. Себебі «Оң қолын бергенді, сол қолың білмесін» деген тағылымды тәмсілді өмірінің ұстанымына айналдырып, жасаған жақсылығын жария қылмайтын азамат.
Айтыскер, жазба (эпик, лирик) ақын, жазушы, сатирик А.Ғафуровтың шығармашылық әлемі мен азаматтық болмысы әлі талай зерттеу еңбектерге арқау болатын құндылық құбылысы. Бұл мақаламызда «Жақсы болсаң жарықты кім көрмейді?..» деп хакім Абай айтқандай, бір бойына сан қырлы өнерді тоғыстырған сөз зергерінің ұлт руханияты көкжиегінің көркем болуы жолында атқарып жүрген игі һәм ізгі қызметі туралы жүрекжарды лебіз білдіруді парыз тұттық. Сан қырлы дарын иесі Аслан Қабылбекұлы Ғафуровқа шығармашылық шалқар шабыт, қуатты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз!
Дәурен Бақдәулетұлы
Әдебиет зерттеуші, Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Мәдениет саласының үздігі»
Abai.kz