Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4037 0 пікір 28 Қыркүйек, 2009 сағат 05:39

Аңқау елді алдаған арамзалар

жаңаөзендік бес жігітті қыршынынан қиып, сүйегін жат жұртта қалдырды

Қазіргі кезде көпшілік «Құдайдың үйі», «Имандылық үйі» атанған мешіттегілерге сенбейтін болды. Бұл тәуелсіздік алғалы имандылыққа бет бұрған жандарды арандату емес, шындығы – солай. Өйткені ол жерге де жат пиғылды ағымдағы алаяқтар араласып кетті.

жаңаөзендік бес жігітті қыршынынан қиып, сүйегін жат жұртта қалдырды

Қазіргі кезде көпшілік «Құдайдың үйі», «Имандылық үйі» атанған мешіттегілерге сенбейтін болды. Бұл тәуелсіздік алғалы имандылыққа бет бұрған жандарды арандату емес, шындығы – солай. Өйткені ол жерге де жат пиғылды ағымдағы алаяқтар араласып кетті.

Басында сәлдесі, қолында асасы, аузында «Әлхам Құлхуалласы» болғандықтан қарапайым халық, әсіресе, жастар жағы кімнің кім екенін ажырата алмайды. Жүрегіңді елжіретіп, жеті жүйеңді жібітіп, сөйлеп тұрған қазақтың қара баласының уағызына жастар түгілі ақ сақалды қарттарымыз да арандағанын аңғармай қалады. Бірақ оларға «төрінен көрі жақын» кәрі-құртаңның қажеті жоқ. Сондықтан олар мектепте, оқу орындарында жақсы оқитын жастарды аңдиды. Келешекте коммуникация саласын жетік білетін, заманалық қару-жарақтарды сенімді меңгеретін зейінді, зерделі жастарды көздейді. Түрлі Пайғамбарларды мысал етіп, намаз оқуды үйретеміз деп сылтауратады. Қармағын қапқан жастарды жыландай арбап, санасын улап, жымысқы ойын іске асыруға тырысады. “Сені шыңдаймыз, үйретеміз, тәрбиелейміз” деп от пен суға салады. Лаулап тұрған жалынға қақтайды. «Ер жігіт ішкі сырына, құпиясына берік болуы керек» дейді. Ондағысы – немен шұғылданып жүргенін ата-анасына да айтпауға үгіттегені. От ортасынан оралғандарын, яғни Шешенстан, Дағыстан далаларына жіберіп, оқтан, оттан аман қалғандарын Ана Отанына, атакүлдік мекеніне, дос-жаран, тума-туыс, әке-шешесіне қарсы оқ атуға баулиды. Негізгі бағыт – тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасын ірітіп, діңгегін құлатып, елге өз үстемдігін жүргізу. Міне, Жаңаөзен қаласындағы 18-21 жас аралығындағы Ғизат Нәукебаев, Берік Сариев, Аслан Тоқпанов, Қайрат және Ілияс Ысмағұлов сынды өрімдей жастардың қайғылы қазаға ұшырауына осындай жат ағымдардың жымысқы әрекеті себеп болды. Әрине, «Аңқау елге арамза молда» дегендей, жарамсыз істердің түп төркінін жұрттың бәрі жан жүрегімен сезінеді. Мұны қала басшылары да, бас имам да, ҰҚК мен құқық қорғау органдары қызметкерлері де жақсы біледі. Өйткені олар да «Әділ заңның» алдында қауқарсыз. Себебі, әлгі алаяқтық жасап жүрген арамза «молдалар» ҚР Әділет министрлігінен тіркеуден өткен. Сол үшін олардың үстінен шыбын ұшпайды. Өтпегендері тіркеуден өткендердің саясын сағалап жүрген болар, бәлкім. Әйтеуір, ел ішінде қаптап жүр.
Енді қыршын кеткен қаракөз қырандарымызға қайта оралайық. Бұлардың әрбірі – әр отбасының келешегінен үміт күткен гүлі, тағдырының тірегі. Ішінде үйленгендері де бар.
Бірақ аңдаусызда орға құлап, опат болды. Мәйіттері шетелде қалды. Балаларын бақылаудан шығарып алып опық жеген әкелердің өкініші, «Ботасының маңдайынан ең болмаса бір сипап, ел-жұрттың арасында ақ жуып арулап, баласын бақиға аттандырған жанның арманы бар ма?» деп аруанадай аңыраған аналардың зары төбе құйқаңды шымырлатып, жүрегіңді езіп, сай-сүйегіңді сырқыратады.
1990 жылдың 20 маусымында дүниеге келген Ғизат Нәукебаев Жаңаөзендегі №10 орта мектепте оқыды. Отбасындағы бес перзенттің екіншісі. 9-сыныптан кейін қаладағы О.Тұрмағанбетұлы атындағы мұнай және газ колледжіне түсіп, оқуын жалғастырды. Үлгерімі жақсы. Арақ, темекі секілді жағымсыз әдеттерден аулақ жүреді. Жастайынан намаз оқуға ден қояды. Бұл ісін ата-анасы да құптайды. Себебі, Жаңабергеннің де, Құралайдың да көзі ашық, көкірегі ояу жандар. Сондықтан баласының талабына қарсы болмайды. Ғизат сабағының арасында қатар құрбыларымен қалалық орталық мешітке жұма намазға катысады. 28-маусым диплом қорғайтын күні еді. Жаңаберген мен Құралай үлкен ұлын үйлендіру үшін үйлерін жөндеп, дайындалып жатқан. «Екі дүниең абат болсын, екі тойың қабат болсын» дегендей, тұңғышын үйлендіріп, екінші ұлдың диплом тойын қызықтауға асығып жүрген армандары аяқ астынан адыра қалды. Сол сәтте Ғизатының қолдан сусып кеткенін аңғармады. «Мешітке барып, намаз оқып, имандылық жолына түсе қой деп нем бар еді? Елу, алпыс жастан кейін де үлгеретін еді ғой. Намаз оқимын дегеніне рұқсат берген өзімнің де обалым жоқ», – деп аһ ұрған әкенің өкініштен өзегі өртеніп, көкірегі қарс айырылады.

ҒИЗАТТЫҢ ӘКЕСІ ЖАҢАБЕРГЕННІҢ ӘҢГІМЕСІ

17-маусым күні Құралай екеуміз түскі астан кейін жұмысқа кеткелі жатқанбыз.
Мен үйден бұрынырақ шығып мәшинемді дайындап қойдым. Сол кезде Ғизат: «Ақтауда бір досымның үйлену тойы бар еді. Сосын туылған күнімді теңіз жағасында атап өткім келеді. Мама, 21-маусым күні келермін. Алаң болмаңдар», – деп рұқсат сұрапты. Әрине, ойымызда түк жоқ. 21-маусым күні келмегесін іздей бастадық. Жолдас жігіттерінен сұрастырдық. Білетіндер де, білмейтіндер де ләм-мим ауыз ашпады. Мүмкін білмейтін шығар. Дегенмен, Ақтау, Жаңаөзендегі таныстарға қоңырау шалып іздестіре бердік. Біреуіне де бармаған.
24-маусым күні ҰҚК Жаңаөзен бөлімшесіне шақырды. Олар Ғизаттың 18-маусым күні бес жігіт болып Махачкалаға ұшып кеткенін айтты. Ақтаудан Махачкалаға аптасына (сейсенбі, бейсенбі күндері) екі рет ұшатын рейс бар. Біз баламыздан алданғанымызды сонда бірақ білдік. Олар 18-і күні кетіп, 21-і күні қайтып келмекші болған-ау деймін. Бірақ ол ойлары жүзеге аспады.
ҰҚК қызметкерлерінен көмек сұрап, бес баланың суретін алып Махачкалаға іздерінен өзім кеттім. Бұл жақтың тапсырмасымен ол жақтың КЗБ-сына (қауіпсіздік комитеті) жолықтым. Бірақ олардан «Балаларыңыз көшеде тыныш жүр. Қазірше оғаш қылықтары байқалмады» деген соң кері қайттым. Бәрібір үйде мазам болмады. Шыдап отыра алмадым. Сөйтіп ҰҚК-нен рұқсат сұрап Махачкалаға қайтадан кеттім. Барып КЗБ қызметкерлерінен көмек сұрадым. Тұратын ауданындағы мекен-жайын алдым. Жергілікті полициясына жолықтым. Олардан да көмек беруін өтіндім. «Балаңызды қасындағылар ұстап бермейді. Дегенмен, өзіңіз барып көріңіз. Мүмкін ұлыңыз сізді көріп еріп қайтар», – деп кеңес берді. Айтылған үйге бардым. Есігі тас болып жабулы. Тым-тырыс, тіршілік нышаны білінбейді. Хабарласатын да тірі пенде көзге түспейді. Әйтеуір, біреу кездесті-ау. «Осы төңіректен азиаттық жігіттерді байқамадыңыз ба?» деп сұрадым. «Көрдім, кеше кешкісін сыртқа темекі тартуға шықсам бастарында ақ шәпкісі бес жігіт өз тілдерінде әңгімелесіп тұрған», – деп жауап берді. Содан ол жақта бір апта болдым. Мақсатыма жете алмадым. Жігерім құм болып ауылға қайта оралдым.
Көп ұзамай интернеттен Дағыстандағы қарулы қақтығыстан сегіз адам мерт болғанын, оның бесеуі Қазақстан азаматы екенін көзім шалып қалды. Жазған құлда шаршау бар ма? Қос өкпемді қолға алып, ҰҚК-не құстай ұшып жеттім. Олар «Анық мәлімет жоқ. Интернеттегінің бәрі дұрыс бола бере ме? Сабыр етіңіз!» деп басу айтты. Сонда-дағы дегбірім кетті. Махачкаладағы таныстарға телефон соқтым. Тәуелсіз газеттерінің біріне басылған осы оқиға туралы мақаланы алдырдым. Күдігім шынға айналды. Өлген жаңаөзендік бес бала екендігін, ішінде Ғизатымның да бар екендігін оқып, төбемнен жай түскендей есеңгіреп қалдым. Әлгі газет материалын Ақтаудағы, Жаңаөзендегі ҰҚК қызметкерлеріне апарып көрсеттім. Сүйегін ауылға әкеліп жерлеуге жәрдем берулерін өтіндім. Бірақ «Дағыстан – шет ел. Оның өз заңы бар. Балаңыздың сүйегін бермеуі де, тіпті сіздерге көрсетпеуі де мүмкін» деді.
Әуелі қос ұлы қайтыс болған Ысмағұловтардың әкесі мен ағасы барып қайтты. Содан кейін Аслан Тоқпанов пен Берік Сариевтің аналарын ертіп мен кеттім. Мәйітханадан мәйіттерін таптық. Жергілікті органдар полицияға қарсы оқ атты деп құжат толтырып тастапты. Бірақ баламның балауса өңінен, балбыраған дене мүшелерінен қолына қару алып, адамзатқа оқ атты дегенге көңілім сенбейді. Өмірінде қолына мылтық ұстап көрмеген бейкүнә бала небары бір жарым-екі айдың ішінде атуды қайдан үйренеді. Дегенмен, балама оқ тиіп, қайғылы қазаға ұшыраған.
Шынында да, мәйітті бізге беру тұрмақ, жерлеуге қатысуға рұқсат бермеді. Әйтеуір қатыстық. Соған да шүкір еткен жайымыз бар. Сөйтіп, ұлымның сүйегі жат жұртта яғни, Дағыстан даласында қалды. Бұл орны толмас өкініш емес пе? Ертедегі ата-бабаларымыз туған жерді қорғағанда соғыста шейіт болған батырларының да, басқаларының да сүйегін жауға тастамаған.
Біздің бес баланың жазықсыз құрбан болуы тек ғана Жаңаөзендегі емес, бүкіл еліміздегі қазақ жастарына ащы сабақ болды. Сөзімнің ақырында айтарым, жат ағымдағы жандайшаптар мен түрлі діни секталарды насихаттаушылар, жымысқы әрекет жасайтын миссионерлерді ауыздықтайтын уақыт жетті. Ата-аналар, әсіресе, балаларыңызға сақ болыңыздар! Олар сенгіш, еліктегіш келеді. Адал, аңғал, аңқау, албырт жастарды әлгі жат ағымдағылар алдап, арбап, азғырып, арандатып мақсаттарына пайдаланып болып орға жығады. Қысқасы, балаларыңызды мешітке жібермеңіздер. Ақыл тоқтатқан, ақсақалдыққа бет алған елу, алпыс жастан кейін де намаз оқуға үлгереді. Тым шыдамаса, үйде оқысын. Әйтеуір, біз сияқты орынсыз опық жеп қалмаңыздар!
ТІЛШІ ТҮЙІНІ
Иә, жат ағымдардың жетегіне еріп, Дағыстан жерінде қайғылы қазаға душар болған жаңаөзендік бес жігіттің тағдыры, ақиқатында да, бүкіл қазақ жастары үшін ащы сабақ болуға тиіс. Мұны жергілікті имамдардан бастап, ардагерлер, білім саласының басшылары, ҰҚК және құқық қорғаушылар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа түсіндірулері керек. Жасырып, қымтап, құпиялаған сайын ел арасында әртүрлі қаңқу сөздер белең алып, үрей билеп барады. Бұл – бір. Екіншіден Дағыстан мен Шешенстан соғыстың сынақ алаңы екені баршаға белгілі. Сондықтан бүгін бес адам қайғылы қазаға ұшыраса, бұл сан ертең елуге, арғы күні бес жүзге жетпесіне кім кепілдік бере алады? Үшіншіден, бес жігітті қаржыландырып, ұшаққа билет алып беріп, «қамқорлық» жасап отырған кімдер? Қандай ағым? Біз осындай сұрақтарға құзырлы орындардан тиянақты жауап ала алмадық. Жоғарыға жалтақтайды, біріне-бірі сілтейді. Дегенмен, қорытындысын айтар деген үміттеміз. Егер әлдеқалай жоғарыдан нұсқау бола қалса, біз халыққа жылдам түсіндіруіміз керек деп, БАҚ-тарға жарыса жүгіретінін де біліп отырмыз. Төртіншіден, мынау көршілес Өзбекстан, Түрікменстанда экстремистерге, жат ағымдағыларға қатаң тыйым салынған. Бірақ одан залал көріп отырған жоқ. Ал, біз болсақ, өзге дін өкілдеріне зәулім-зәулім сарайлар салып беріп, барымызды аузына тосып, барлық мүмкіндікті жаратып, жалпақшешейлік танытып келеміз. Әйтсе де, оның зардабын қарапайым халық тартып келеді. Мынау – соның айқын мысалы. Бесіншіден, биылғы жаңа оқу жылынан бастап мектеп оқушыларына «Діндер тарихы» пәні факультативтік сабақ ретінде оқытылмақшы. Оған оқулықтарды қайдан алады? Әлде базарларда немесе пойыздарда сатып жүрген брошюраларды пайдалана ма? Ал, оқушыларды кім оқытады? Қарауындағы мешіттерін қорғауға құзіреті жетпей жүрген қауқарсыз имамдар ма? Шет елге адам әкетіп өлтіріп жатқан секталар мен жат ағымдардың өкілдері оқыта ма? Немесе мектеп директорлары нагрузкасы аздау жамағайындарына, әлде параны көбірек берген көлденең көк аттының қанжығасына байлап, «қайырымдылық» жасай ма?
Міне, көңілді қабартқан осындай сантүрлі сұрақ көп. Бірақ тиянақты жауап жоқ.

 

Мұратбай ҰЛЫҚПАН,
Маңғыстау облысы
«САХАРА» газеті, 3 қыркүйек 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3226
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5282