Сәрсенбі, 22 Қаңтар 2025
Әдебиет 287 1 пікір 21 Қаңтар, 2025 сағат 16:50

Жеймс Болдуин. Алты соқыр мен бір піл

Сурет: livelib.ru сайтынан алынды.

Бағзы заманда алты соқыр болыпты. Олар күн сайын жол шетінде отырып, әрі-бері өткен жүргіншілерге қол жаяды екен. Мына өмірде піл деген алып жаратылыстың бар екенін олар естісе де, бірақ ешқашан көрмеген; өйткені соқыр адам нені көре алар дейсің?

Бір күні таңертең олар тұрған жолдан әлдекімдер бірнеше пілді айдап өтіп бара жатты. Ең алып жаратылыстың өздеріне таяу келе жатқанын естігенде, әлгі соқырлар піл иесінен дәу мақұлықты бір сәтке болса да тоқтатып, ұстап көрсек деген өтініш айтады.

Тілектері орындалғанымен, олар пілді өз көзімен көре алмады; бірақ қолымен сипап көріп, оның қандай хайуанат екенін сезінерміз дегенге тоқтасты.

Бірінші соқыр пілдің денесіне қолын тигізіп көрді де: «Ал, жарайды! Енді мен бұл жануар туралы бәрін білетін боламын. Ол там қабырғасына ұқсайды екен», - деді.

Екінші соқыр пілдің азуынан ұстап көрді. «Бауырым, – деді ол, – қателесесің, ол мүлде қабырғаға ұқсамайды, бұл дөңгелек те тегіс, өткір екен, сол үшін мен оны найзаға ұқсаттым» демесі бар ма?!

Үшінші соқыр пілдің тұмсығын сипалады. «Екеуің де қателесесіңдер» деді ол сосын. «Ақыл-есі сау адам бұны жыланға ұқсатпай ма?».

Төртінші соқыр қолын созып, пілдің бір аяғынан шап берді. «Ой, барып тұрған соқыр екенсіңдер ғой!», - деді ол. «Маған бұл дөңгелек һәм ұзын ағаш сияқты сезіліп тұр».

Бесінші соқыр ұзын бойлы, еңгезердей кісі еді, кенет ол пілдің құлағынан ұстады да:«Тіпті көр соқырдың өзі бұның сіздер атаған нәрселердің ешқайсысына ұқсамайтынын түйсінеді. Мен оны алып желпуіш деп ойлаймын» деген ойын айтады.

Ал алтыншы соқырға бірдеңе деудің өзі артық еді, ол ары-бері албарынып жүріп, пілдің денесіне қолын тигізе алмай, көп әбігерленді. Оның мазасыз қолы бір сәтте пілдің құйрығына тиді. «Ей, ақымақтар! - деп дауыстап жіберді ол. «Сендерде түйсік деген бар ма өзі? Бұл жануар қабырғаға да, найзаға да, жыланға да, ағашқа да ұқсамайды. Тіпті оның желпуішке ұқсауы да мүмкін емес. Бірақ кез келген түйсігі бар адам мұның арқанға ұқсайтынын біледі емес пе?!».

Көп өтпей піл алға жылжыды, ал әлгі алты соқыр күні бойы жол жиегінде отырып, өз пікірлерін қуаттап, дауласумен болды. Әрқайсысы алып пілдің келбетінің қандай екенін сезінгенін айтты. Бір-бірімен келісе алмаған олар ұзақ даурықты. Кейде көзі бар адамдар соқырлар сияқты әрекет етеді.

Ағылшын тілінен аударған Дүйсенәлі Әлімақын

Abai.kz

1 пікір