Жұма, 24 Қаңтар 2025
Әдебиет 262 0 пікір 24 Қаңтар, 2025 сағат 15:07

Қандыкөйлек қаламгерге қырын қарағанымыз қалай?

Сурет: e-history.kz сайтынан алынды.

Адам өмірдің зеңгір кеңістігіне бала кезінен-ақ арман құсымен қанат қағады. Көк жүзіне самғап ұшқан сайын оның арманы бірте-бірте өмірлік мақсатына айналады.

Дей тұрғанмен, көңіл қалауы бір ғана мақсатта тұрақтаған ба?! Ол қашан да құбылмалы. Алғашында өмірінің суретшісі болуды қиялдаған жұмырбасты пенденің көңілінде, кейіннен кенеттен енді суретші емес, сол өмірге үстемдік жүргізуші болмақ ниет туындауы ғажап емес. Мұндай алауыз ой жылт етіп сәуле бергеннен-ақ оның өмірінде күрт өзгеріс басталды дей беріңіз...Дүрліге шапқан қалың жылқының ішінен біреуі қара дауылда адасып көк есектерге ілесіп кетуі де сондықтан шығар. Бұдан артық зауалды оқиға, бұдан үлкен адасу бар ма?! Санасын сайтан билеген қоғамда өмір сүрген ақын Тоқаш Бердияровты да түсінбей, үйірінен адасқандар көп болды... Содан болар оның шығармашылығы соңғы жылдары ұмыт бола бастады.

Өлім - өлшеулі өмірдің өлшеусіз ақиқаты. Сол өлшеусіз ақиқатпен жолыққан ақындар көп пе?! Ақын Тоқаш Бердияров өліммен бетпе-бет келетін сұр майданда өлеңін қызыл қанмен жазған ақын. Қаламгер  туындыларын қалам ұшынан шыққан батырлық эпопеясына балауымызға болады. Оның санасында сайрап, толғағы жеткен жырлары соғыс майданында жанартаудай атқылаған. Тек өз заманында оны түсініп, шығармалары көп насихатталмады. Өткен күнді қойшы, жауыннан кейін алашабыр бұлттар тарқап, аспан жарқырап ашылған күні бүгін де біз арқылы ақын, жауһар  жазушыны әлі толық танып үлгермей отырмыз. Жыр майданындағы сардарды ұмыта бастаған сыңайлымыз. отырмыз.  

Қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан Тоқаш Бердияров – өзіндік қолтаңбасы бар дарабоздың бірі һәм бірегейі. Биылғы 19 қыркүйекте  ұлы ақынның туғанын 100 жыл толады. Ол поэзия саласында да, проза жанрында да өнімді еңбек етті. Әсіресе, оның әңгімелерінің идеялары, кейіпкерлер образы, туындыларындағы оқиғаларының терең мазмұны қазақ оқырманына етене жақын болып келеді. Әйтсе де қаламгердің прозадағы еңбектеріне шолу жасап, шығармаларының идеяларын қазақ және әлем әдебиетіндегі басқа шығармалармен салыстыра, салғастыра отырып, әдеби ерекшеліктерін талдап жазған зерттеушілер жоқтың қасы.

Майдангер ақын Тоқаш Бердияровты толыққанды зерттеп, зерделеп, жоғын аласұрып жоқтап, барын  жалықпай түгендеп жүрген жалғыз жан – журналист, ақын, аудармшы, Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі, ресубликалық «Шымкентім, шырайлым!» әдеби-көркем альманағының Бас директоры – Бас редакторы Әбдісаттар Әліп  деп  берік сеніммен айта аламыз. Оның ұйытқы болуымен  2016 жылы «Әдебиет әлемі» сериясымен «Талантымен талайды тамсандырған тылсым тағдыр туралы толғаныстар» атты естеліктер мен эсселер жинағының  бірінші томы (512 бет) жарық көрген тұғын. Құдай қаласа, биыл  сол жинақтың екінші томын (тағы да 512 бет) да шығаруды жоспарлап отыр. Осындай ізгі жүректі жанға Қазақстан Жазушылар одағы, жергілікті билік, кәсіпкерлер, қарапайым  жұртшылық тарапынан демеушілік көмек көрсетілсе, құба-құп болар еді.

Тоқаш Бердияровтың әңгімелері терең психологиялық және әлеуметтік астарға толы. Кішкентайынан қиыншылықты көп көріп, бес жасынан Ташкенттегі балалар үйлерінде тәрбиеленіп, 17 жасында соғысқа қатысқандықтан болар, оның шығармаларының негізгі идеясы – адамның ішкі дүниесі мен тағдырдың қатал сынақтарын көрсету. Әсіресе, соғыстан кейінгі қоғамның, адамдардың өміріндегі рухани қақтығыстар, адамгершілік құндылықтарды іздеу -- жазушының негізгі тақырыптарының бірі.  Оның әңгімелеріндегі кейіпкерлер – қарапайым адамдар, бірақ олар өмірдің күрделі мәселелерімен бетпе-бет келгенде қаһарман, ерекше тұлғаларға айнала шығады. Бұл -- жазушы шеберлігі. Оның кейіпкерлері көп жағдайда ішкі қайшылыққа толы, бірақ әділеттілік пен ар-намыс жолында ештеңеден тайынбайды.

Қаламгердің  шығармаларындағы кейіпкерлерді – Николаевич Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романындағы Андрей Болконскиймен салыстыруға болады. Екі түрлі ғасырда өмір сүрген жазушылардың кейіпкерлері де қоғамдағы үлкен мәселелерді түсінуге әрекеттеніп, рухани өсу жолына түседі. Тоқаш Бердияров кейіпкерлерін қазақы болмысты сақтай отырып жазғанын да атап өтуіміз  керек.

Жазушының тақырып қоюдағы шеберлігі оның шығармаларына ерекше маңыз береді. Оның әңгімелерінің атаулары көбінесе қысқа әрі нұсқа, бірақ сол арқылы шығарманың негізгі идеясы ашылады. Бұл тәсіл Марк Твеннің шығармаларымен ұқсас, өйткені америкалық жазушы да  қысқа, әсерлі тақырыптар арқылы терең ой қозғайды.

Тоқаш Бердияров шығармаларында көпшілік аңғара бермейтін психологиялық тереңдік бар. Кейіпкерлердің ішкі ойы, күйзелісі және шешім қабылдау сәттері оқырманды өз өмірі туралы ойлануға итермелейді. Аустрия психологы, психатры, неврологы, психоанализ ілімінің негізін қалаушы Зигмунд Фрейдтің адамның бейсаналық әрекеттерін зерттеген еңбектері Тоқаш Бердияров шығармаларындағы кейіпкерлер мінез-құлқын түсінуге көмектессе керек..

Қалай десек те Тоқаш Бердияров – қазақ әдебиетінің алтын қорына сүбелі үлесін қосқан қаламгер. Оның шығармалары өміршең, себебі олар адамгершілік, әділеттілік, рухани ізденіс сияқты мәңгілік құндылықтарды көтереді. Оның әңгімелері қазақ әдебиетінде ғана емес, әлемдік әдебиет кеңістігінде де өз орнын табуға лайық.

Ақын Тоқаш Бердияров – ұлттық поэзияда өзіндік үнімен танылған айрықша тұлға. Ақын поэзиясы – қазақ әдебиетінің көркемдік шыңдарының бірі,  адамзаттың рухани әлемін бейнелейтін көркемдік мұра. Өлеңдері терең мазмұнымен, көркемдік құрылымымен, бейнелі тілімен ерекшеленеді. Әрбір өлеңінде оқырманды туған жерге деген махаббатқа, бейбітшілікті сақтауға, өмірдің өткіншілігін ұғынуға шақырады. Ондағы метафоралар, эпитеттер, құбылтулар мен символдар оқырманның рухани әлемін байытып, терең ойларға жетелейді. Ақынның шеберлігі оның өлеңдеріндегі әрбір сөздің өз орны мен мән-мағынасына ие болуында. Сондықтан оның поэзиясы қазақ әдебиетінің көркемдік мұрасының маңызды бөлігі болып қала береді.

Қаламгер прозасын қазақ мәдениетінің асыл қазынасы ретінде бағаласақ, ақын поэзиясын әдебиетіміздің ерекше бір көркемдік әлеміне теңеуге болады. Оның өлеңдерінде терең философиялық ойлар айқын байқалады. Ақынның тіл байлығы мен көркемдік тәсілдерді қолдану шеберлігі оқырманды терең әсерлендіреді.

Әдебиет – адамзаттың рухани және мәдени байлығының көрінісі. Ол ұрпақтан-ұрпаққа адамгершілік, таным мен ой қазыналарын жеткізетін күшті құрал. Қазіргі қоғамда, әсіресе ақпараттық ағын күшейген заманда, әдеби шығармалар оқырманға рухани демеу болып, эмоционалдық тұрақтылықты қамтамасыз ете алады. Тоқаш Бердияровтың өлең, баллада, поэмалары мен әңгіме, хикаяттары – қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған ғажайып классикалық  туындылар. Қаламгер шығармалары адамның туған жерге деген махаббатын, өмірдің өткіншілігін, соғыс қасіретін және рухани құндылықтарды терең түсінуге шақырады. Оның туындыларындағы рухани толғаныстар мен эстетикалық мазмұн оқырманға ой салумен қатар рухани тұрғыдан тәрбиелейді. Поэзиясындағы бейнелі сөздер мен терең философиялық ойлар, прозасындағы  өмір шындығы мен адамгершілік идеялары қазіргі қоғамның рухани-мәдени қажеттіліктерін толықтырады. Әдебиет оқырманның ішкі әлемін байытуда маңызды рөл атқарады. Осы тұрғыдан алғанда Тоқаш Бердияровтың шығармалары – рухани қазынаға айналған маңызды мұра деуімізге болады.

Шынтуайтында, әдебиет – уақыт пен кеңістіктен тыс өмір сүретін құндылық. Ақын мен жазушының туындылары оқырман жүрегіне жол тауып, оның ой-өрісін кеңейтіп, рухани кемелденуіне әсер етсе, онда ол мәңгілік болып қала береді. Тоқаш Бердияровтың шығармалары дәл осындай деңгейге жетіп, қазақ әдебиетінің шоқтығын биіктетіп тұр.

Алыптардың алыбы - Мұхтар Әуезовтен бастап, сөз тамыршысы Тәкен Әлімқұлов, Қадыр Мырза Әли, Әбіш Кекілбаев, Құлбек Ергөбек, қазақ тарихынан ойып тұрып орын алған басқа да ақын-жазушылар, ғалымдар Тоқаш Бердяиров шығармалары туралы өз заманында оң бағасын берген. Тіпті, Ғабит Мүсірепов ақынның «қарды басып жатқан танктердің ізін нотаға ұқсатқанына» ерекше тоқталып: «Бұл қазақ поэзиясында бұрын-соңды болмаған теңеу және соғысты көзімен көрген, қан майданның ішінде болып шыққан адамның көзімен жазылған шынайы туынды», -  деп аса жоғары баға берген.

Ақын Тоқаш Бердияров шығармаларының арқауы туған жерге деген ыстық махаббаты болса керек. Мыңжылдық тарихы бар киелі Келес туралы бір жырында:

Ұғымым пәс діндар адам емеспін,
Табиғатпен тату-тәтті тел өстім.
Туған жерге мені әкелген жетелеп,
Жалғыз уыс топырағы-ай Келестің! – деп жырлайды. Туған жерінің бір уыс топырағын дәл Тоқаш Бердияровтай қадірлеген жан жоқ шығар. Жалпы туған жердің топырағы туралы тақырып кез келген ұлт әдебиетінде терең мазмұнға ие. Қазақ ақындары үшін бұл ұғым туған өлкенің қасиеті мен рухани байланысын білдіреді. Әлем әдебиетінде де туған жердің бір уыс топырағы туралы идея шығармашылықтың негізгі мазмұндарының бірі болып табылады. Ақын осы өлеңнің соңын келесідей өлең жолдарымен аяқтайды:

...Топырақ боп, адам боп дән өсірем,
Жатсам да Жер-Ананың жөргегінде!

Дәл осы жыр жолдарынан ақын өлсе де туған жерге деген өшпес махаббатының айғағын көреміз. Өзі өсиет етіп айтып кеткендей, арқалы ақын киелі Келестің  бойындағы қырқада мәңгілікке тыныстап жатыр.  Жай жатпастан, Алматыдағы қос пәтерімді айтпағанда, тым болмаса туған жерімдегі үйіме де ескерткіш мемориалдық тақта қойылмады-ау деп қапа болып жатқан сыңайлы, жарықтық.

Бүгінде  ауданымызда қаламгерді еске түсіретін Тоқаш Бердияров атындағы №20 жалпы орта білім беретін мектеп қана көңілімізге кішігірім жұбаныш сезімін ұялатады. Келес аудандық «Келес келбеті» газетінің жанынан құрылған ақын атындағы әдебиет және өнер бірлестігі жұмыс істейді. Ақын, жазушы, сазгер Бердалы Рысбеков жетекшілік ететін  бірлестігінің мүшелері  аудан мектептерінде әдеби-сазды кештер ұйымдастырып жүргенін жұрттың бәрі жақсы біледі. Бірақ бұл Тоқаш тұлғасын, Бердияров биігін  таныту үшін аздық етеді. Жалпы, қазіргі қазақ қоғамының қандыкөйлек қарымды қаламгерге қырын қарап отырғаны түсініксіз.

Ендігі міндет – ақын Тоқаш Бердияровтың атын берісі алты Алашқа, түбі бір  Түркі дүниесіне, арысы Төрткүл әлемге таныту болуы керек деп есептейміз. Қаламгер туындыларының академиялық, электрондық нұсқаларын шығаруды да қолға алсақ, қанекей! Ақын еңбектерін дәріптеудің тағы бір жолы – оларды қазіргі заманның оқырмандарына заманауи форматта таныстыру болмақ. Оның шығармалары желісімен спектакльдер қойып, кинофильмдер түсіріп, мектеп пен жоғары оқу орындарының  бағдарламаларына енгізу жұмыстары маңызды. Қаламгер туындыларын аниме, комикс форматында шығару да - заман талабы. Биылғы Екінші дүниежүзілік соғыстағы Ұлы Жеңістің 80 жылдық және майдангер қаламгердің 100 жылдық мерейтойлық торқалы тойларына  орай Қазақстан Жазушылар одағынан ақын Тоқаш Бердияров атындағы арнайы сыйлық тағайындауды сұранамыз. Жарты өмірі өткен Алматыда оған көше, мектеп  атаулары беріліп, еңселі ескерткіші орнатылса екен дейміз. Тым болмаса  қазіргі Түркістан облысының Келес ауданындағы Қошқарата ауылдық округіне қарасты мәдениет үйінің алдына қойылған ақынның кеудемүсінін егемен еліміздің Оңтүстік астанасы, Екінші мегаполисіне апарып қояйықшы. Астана, Шымкент, Түркістандағы көшелер мен мектептерге есімі берілсе де артық етпейді. Осылардың бәрін алдағы қоңыр күзге дейін жүзеге асыра білсек, нұр үстіне нұр болар еді, ағайын!

Бағдәулет Нұрмат,

Келес аудандық білім бөлімінің қазақ, орыс, өзбек тілдері бойынша әдіскері. Педагогика ғылымының магистрі.

Түркістан облысы

Abai.kz

0 пікір