Жұма, 24 Қаңтар 2025
АЭС құрылысы 234 4 пікір 24 Қаңтар, 2025 сағат 15:33

Қазақстанда АЭС салу: Үміткер компаниялар белгілі болды

Сурет: ulysmedia.kz сайтынан алынды.

21 қаңтар күні Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бастаған қазақстандық делегация Ресейге жұмыс сапарымен барды.   Аталған министрліктің хабарлауынша, Қазақстан атом электр станциясын (АЭС) салу технологиясын таңдау мақсатында өткізілген сапарлар сериясын аяқтады.

«Бұл сапардың басты мақсаты – атом станцияларын пайдаланудағы тәжірибемен танысу және 3+ буын ВВЭР-1200 реакторлары бар энергетикалық блоктардың технологиясын зерттеу болды. Делегация Ленинград АЭС-іне барып, станцияның негізгі техникалық ерекшеліктерін, оның ішінде басқару пультін, турбиналық бөлімді, зертханалық кешенді және салқындату жүйесін зерделеді», – деп жазды министрлік.

Ресми дереккөздерге негізделсек, ВВЭР-1200 реакторы «Росатом» мемлекеттік корпорациясының жетекші жобаларының бірі болып табылады. Бұл реткі Ресейге сапар Қазақстанда атом электр станциясын салуға арналған технологиялық серіктестікті анықтау бойынша соңғы қадам екені белгілі. Осы мәселе бойынша осыған дейін делегация құрамы Оңтүстік Корея, Франция және Қытайға барып қайтқан болатын.

Ал жұрттың назарын аударған Қазақстанда салынуға тиіс АЭС құрылысына үміткер компаниялардың қысқаша тізімінде ресейлік «Росатом», қытайлық CNNC, кореялық KHNP және француздық EDF кіріп отыр.  Министр Сәтқалиевтің айтуынша, Ленинград АЭС-іне бару арқылы делегация станцияның жұмыс істеу технологиясын, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау және жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын мұқият зерттелді. Сонымен бірге министрлік жеткізушіні таңдау туралы соңғы шешім биыл қабылданатынын, ұлттық мүдделер, халықаралық стандарттар және МАГАТЭ ұсынымдары ескерілетінін мәлімдеді.

Естеріңізге сала кетсек, қаңтардың басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке АЭС құрылысының қарқынын жеделдетуді тапсырған болатын. Бұған дейін, қараша айында, Премьер-министр Олжас Бектенов пен «Росатом» басшысы Алексей Лихачев атом энергетикасы және кванттық технологиялар саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылаған.

Abai.kz

4 пікір