«Дикий Арман ісі»: Арман Жұмагелдиев бастаған 44 адамға сот үкімі шықты
Бүгін Алматыда «Қаңтар оқиғасы» бойынша Арман Жұмагелдиев бастаған топқа сот үкімі оқылды. Бұл процесс – «Қаңтар оқиғасы» бойынша ең ұзаққа созылған сот процесстерінің бірі болып, ел ішінде «Дикий Арман ісі» деп аталып кеткен.
Бүгін Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты ел ішінде «Дикий Арман» лақап атымен танымал «қылмыс әлемінің серкесі» Арман Жұмагелдиев бастаған 44 адамға үкім шығарды. Олардың арасында Алматы маслихатының бұрынғы депутаты Қайрат Құдайберген мен ҚР ҰҚК 5-ші департаментінің бұрынғы бастығы Руслан Ысқақов бар.
Бұл іске қатысы бар деп 44 адам айыпталған. Ал сот процессі 2023 жылдың 6 қыркүйегінде басталған. Айыпталушы 44 адамның 25-і тергеу изоляторында, қалғандары үйқамақта болған. Сот айыпталушылардың барлығын кінәлі деп таныды. Сотталушылардың алды 1 жыл 3 айдан, арты 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын арқалады.
Негізгі айыпталушылар: Арман Жұмагелдиев (Дикий Арман), Руслан Ысқақов (ҚР ҰҚК 5-ші департаментінің бұрынғы бастығы), Талғат Махатов (бұрынғы қаржы полициясының агенті), Қайрат Құдайберген (бұрынғы депутат).
Тағылған айыптар: Күдіктілерге «билігін асыра пайдалану», ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған басшылық жасау, қарақшылық шабуыл, заңсыз адамдарды бостандығынан айыру, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру, сондай-ақ бандитизм бойынша айып тағылды.
Арман Жұмагелдиев:
Сот «Дикий Арманға» 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Оған бірнеше айып қатар тағылған. Соның ішінде Жұмагелдиевке «Қаңтар оқиғасы» кезінде 24 адамды ұрлап кетті деген айып тағылған.
Руслан Ысқақов:
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты ҚР ҰҚК 5-ші департаментінің бұрынғы бастығы Руслан Ысқақовқа 15 жыл 6 айға түрме жазасын кесті. Сондай-ақ, ол өмір бойы мемлекеттік қызметтен шеттетілді. Сот процессі кезінде Руслан Ысқақов өзіне тікелей Самат Әбіш нұсқаулық жасағанын, бұл іске Самат Әбіштің де қатысы бар екенін айтқан.
Қайрат Құдайберген
Танымал кәсіпкер әрі Алматы маслихатының бұрынғы депутаты Қайрат Құдайбергенге сот 8 жыл түрме жазасын кесті. Ол сондай-ақ, мемлекеттік қызметтен шеттетілді. Қайрат Құдайберген бұқаралық іс-шараларға қатысу мүмкіндігінен және мемлекеттік марапаттарынан айырылды.
СОТ ҮКІМІ:
Жұмагелдиев ҚР ҚК-нің 262-бабы 1-бөлігі, 268-бабы 1-бөлігі, 272-бабы 1-бөлігі, 272-бабы 2-бөлігі, 28 бабы 3-бөлігі, 125-бабы 3-бөлігі, 1-тармағы, 126-бабы 3-бөлігі, 1-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Р. Ысқақов ҚР ҚК-нің 262-бабы 3-бөлігі, 272-бабы 1-бөлігі, 362-бабы 4-бөлігі, 3-тармағы, 28-бабы 3-бөлігі, 125-бабы 3-бөлігі, 1-тармағы, 28-бабы 3-бөлігі, 126-бабы 3-бөлігі 1-тармағы, 268-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 15,6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Қ.Құдайберген ҚР ҚК-нің 272-бабы 1,2-бөліктері, 126-бабы 2-бөлігі, 1 және 7-тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, оған 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Жаппай тәртіпсіздіктердің басқа қатысушыларына – Жұмагелдиевтің қылмыстық тобының мүшелеріне (барлығы 13 адам) 10 жылдан 15,5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Қылмыстық топтың құрамына кірмейтін жаппай тәртіпсіздіктердің басқа қатысушыларына 1,5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Abai.kz