Социализм әлде нацизм: Ресейдің таңдауы не?
Андрей Зворыкин Ресейдегі «Еуразия жастар қозғалысының» тең төрағасы. Төменде оның қытайдың «Бақылаушы» интернет басылымына берген сұхбатын аударып беріп отырмыз.
Тілші: Қытайда Александр Дугин Батыс либерализмін қатаң сынауымен танымал, оның «Путиннің миы» деген атағы да бар. Бүгінгі орыс зиялыларының арасында Дугиннің орны мен ықпалы қандай?
Андрей Зворыкин: «Путиннің миы» – батыс журналистері мен ойшылдары арасында өте кең таралған көзқарас. Адамдар Путин Дугиннің барлық идеяларын жүзеге асырса, бұл сөзсіз Ресей мен Батыс арасындағы күрделі қақтығысқа алып келеді деп қауіптенеді. Дугиннің 2005-жылы «Геосаясат негіздері» кітабы жарияланғаннан бері батыста сондай алаң көңіл күшейді.
Анығында, Дугин орыс зиялыларының ортасында өте белсенді, әріптестерінің арасында беделді болғанымен, бірақ ол саяси ядроға тым жақындай қойған жоқ. Өз көзқарасын әрдайым философ және ойшыл ретінде білдіріп келеді.
Қазіргі уақытта ол Ресейдің жетекші гуманитарлық университеттерінің бірі – Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің Саясаттану иниститутының ректоры. Дугин Ресейдің жоғары білім секторындағы оқытушылармен күнделікті байланыста. Университет оқытушыларына лекция оқиды, олар өз студенттеріне дәріс береді. Орыс студенттерінің патриоттық сезімін көтеруге жұмыс жасайды.
Александр Дугиннің бірнеше маңызды академиялық көзқарастары бар. Алғашқысы оның саяси саладағы ең маңызды көзқарасы – «еуразияшылдық».
20-ғасырдың басындағы ішкі соғыста большевиктер жеңіске жеткеннен кейін, босқын болған ақтардың арасында «еуразияшылдық» ұғымы қанат жайды. «Еуразияшылдықты» жақтайтындар Ресейді «еуропалық ел емес» деп есептейді, бұл көзқарасты бұрын да көп адамдар ұстанған, қазір де қолдаушылар қарасы басым.
Бұл көзқарас бойынша «Моңғол-Татар» дәуірінде моңғолдар орыстың мемлекеттік санасының қалыптасуына үлкен үлес қосты. Осы кезеңде орыс князьдіктері «Алтын Ордаға» тәуелді болып, Ресей өзінің даму жолында Еуропадан алшақтай бастады, содан бастап Ресей өзінің дербес өркениетін қалыптастырды. Сондықтан Ресейді жалаң еуропалық немесе азиялық ел деп қарастырудың қажеті жоқ. Ресей – Еуропа мен Азияның қосындысы.
Дугиннің екінші маңыздысы идеясы – Ресейге ғана қатысты «еуразияшылдық» тұжырымдамасын кеңейткен, бүкіл адамзат мүддесіне саятын «көп үйекті әлем» ұстанымы.
Оның пайымдауынша, батыстық даму моделі – әлемнің әр түкпірінде қолданылатын, баршаға сай келетін жалғыз даму моделі емес. Керісінше, Қытай өркениеті, Үнді өркениеті, Латын Америкасы өркениеті сияқты әрбір дамыған өркениет өзінің саяси, философиялық және мәдени идеяларына ие, батыстық үлгіге, батыс мәдениетіне сәйкес келуге міндетті емес. Бұл Дугиннің екінші негізгі көзқарасы.
Дугиннің үшінші негізгі идеясы – «Төртінші саяси теория». «Төртінші саяси теория» концепциясы іс жүзінде мен жоғарыда айтқан кейбір концепциялармен байланыссыз емес. Оның негізгі мазмұны қазіргі әлемде үш негізгі саяси теория бар: либерализм, социализм және ұлтшылдық, үшеуі де рухани тұрғы да «адамзаттың құтқарушы жұлдызы» болғысы келеді. Мысалы, «еркін дүние» деген либералдық концепция, социализмнің «әлемдік революциясы», нацизм мен оның ізбасарлары ұсынған «Жаңа дүние тәртібі» теориясы.
Дугин бір полярлы әлемдік тәртіп біртіндеп ауыстырылып жатқан қазіргі қоғамда үш теорияның да бұрынғыдай маңызды жоқ деп санайды. Ол Германияның Үшінші рейхінде бейнеленген әсіре ұлтшылдық, сондай-ақ маркстік мағынадағы дәстүрлі социализмің, ақыр соңында либерализмнен жеңілгенін атап өтеді. Алдымен фашизм құлады, кейін кеңестік коммунистік идеология құлап, ақыры либерализм жеңіске жетті. Бірақ либерализмнің орынын «Төртінші саяси теория» басады, оның бұрынғы үш саяси теориядан айырмашылығы жалпыға ортақ болмауында. Бұл «көп үйекті әлем» теориясымен тікелей байланысты, яғни әрбір өркениеттің өз үлгісіндегі «Төртінші саяси теориясы» болады, ол әр халықтың дүниеге өзіндік түсінігі негізінде қалыптасады.
Дугин Қытай Халық Республикасының «Қытайлық ерекшелікке ие социализмін», Үндістанның діннен жоғары тұратын «Хиндутва» идеологиясын және Ресей президенті Владимир Путин ұсынған «ресейлік дәстүрлі құндылықтарды» – «Төртінші саяси теория» қатарына жатқызады
Тілші: Александр Дугиннен басқа, орыс қоғамында тағы қандай ықпалды зиялылар бар? Қытайлықтар бұл туралы көп біле бермейді. Сіз қазіргі ойшылдардан бастап таныстыра кетсеңіз...
Андрей Зворыкин: Бақилық болса да, 1990-жылдары Дугиннің аға көмекшісі болған Эдуард Лимоновты айрықша атап өткім келеді.
Лимонов өзін «ұлтшыл большевикпін» деп атады. 1993-жылы қазанда Ельцин әскер шығарып Ресей Федерациясының Жоғарғы Кеңесін күштеп таратқаннан кейін, көп ұзамай ол «Ұлттық большевиктер партиясын» құрды. Лимонов бастаған партизан отряды Қазақстанның солтүстігінде бүлік ұйымдастырмақ болғаны үшін партияның барлық қызметіне тыйым салынып, Лимоновтың өзі қару контрабандасы үшін тұтқындалып, түрмеге жабылды.
Түрмеден шыққан соң жаңа саяси партия құрды, оған тыйым салынған жоқ. 2020-жылы Лимонов қайтыс болғаннан кейін партияның атауы «Эдвард Лимоновтың басқа Ресейі» болып өзгертілді. Лимонов социалистік теорияны ұлтшылдық идеялармен ұштастырған тұлға. Бұл тұрғыда ол жас Дугиннің ықпалына ұшырады. Екеуі 1990-жылдары «Ұлттық большевиктер партиясын» бірге басқарды.
Алайда 1990-жылдардың аяғында екеуінің жолы екі айырылды. Дугин жаңа келген Владимир Путинді қолдады, Лимонов Путин Борис Ельциннің либералдық жолын жалғастырады деп қолдаудан бас тарты. Бір қызығы, 2012-жылғы наразылықтар кезінде Лимонов либералдармен бірігіп, Путиннің басшылығын құлатуға тырысты.
Лимонов мәдениет пен сыртқы саясатта әсіре ұлтшылдық бағытты ұстанды және барлық орыстарды бір мемлекетке біріктіруді көздеді. Экономикалық салада ол солшыл көзқарастарды ұстанды. «Олигархтарды жою» – оның партиясының басты ұрандарының бірі болды.
Келесі таныстыратыным Александр Дугиннің тағы бір әріптесі, орыс жазушысы және журналисті Александр Андреевич Проханов. Ол күні бүгінге дейін Дугинмен жақсы қарым-қатынаста.
Кеңес кезінде Проханов әскери тілші болды, ол өз өмірінде әлемнің түрлі елдеріндегі 24 соғыс ошағына барып, кеңестік және ресейлік әртүрлі басылымдарға репортаж жазды. 1990-жылдары Проханов Ельцинге өте қарсы болды және 1993 жылы қазанда Ақ үйде өткен Ельцинге қарсы іс-шараны қолдады. Ол «Күн» деп аталатын газет шығарды, оны кейін «Ертең» деп өзгертті.
Прохановтың идеясы жалпылама сипатта, бірақ ол социализмді православиелік консерватизммен біріктірді. Ол Ресей империясы – Рим империясының жалғасы деп санайды. Оның пайымдауынша, қазіргі адамзат тарихында Ресей де Иса сияқты қайта тірілуі керек; Ресей басында 1990-жылдары үмітсіздік құрдымына құлап, қайта ес жиып, еңсе көтерді, түбінде әлемдік державаға айналады.
Келесі айта кететін адам – Захар Прилепин. Захар Прилепин – оның қалам аты, Шын есімі – Евгений Николаевич Прилепин. Прилепин «Шешен соғысына» қатысып, «Арнайы мақсаттағы жылжымалы бөлімшенің» (ОМОН) құрамында болды. Оны бұрынғы полиция қызметкері деп айтуға да болады.
Соғыстан кейін ол Лимоновтың партиясына өтіп, орыс ұлтшылдығын дәріптей бастады. Сонымен бірге ол бұрынғы Кеңес Одағы мен социалистік экономикаға жаңаша құрметпен қарай отырып, публицистикалық жазбалар мен көркем романдар жаза бастады, олардың ішіндегі ең танымалы – орыс бозбаласының «Ұлттық большевиктер партиясының» құрамына қосылуын арқау еткен «Санкья» романы. Кейін ол Путиннің саясатын қолдап Лимоновпен байланысын үзді. Өзінің «Ақиқат үшін» қозғалысын құрды, кейін қозғалыс патриоттық социал-демократиялық партия «Әділ Ресеймен» бірікті.
Егор Станиславович Холмогоров – қазіргі орыстың ұлтшыл зиялыларының бірі, бірақ басқа тұлғалардан айрықша ерекшеленеді. Ол көпке танымал ғалым әрі блогер, әлеуметтік желіде өте белсенді. Өз ойларын үнемі ортаға салып тұрады.
Холмогоров орыс ұлтшылы, Ресей империясының жақтаушысы және бұрынғы Кеңес Одағымен байланысты барлық нәрсеге түбегейлі қарсы тұрушы. Моңғолдардың орыс мәдениетіне ықпалы мәселесінде ол Дугин сияқты «еуразияшылдық» көзқарасты ұстанушылармен жиі айтысады. Ол Ресейдің дара өркениет ретінде өзінің ерекше даму жолы болды деп санайды. «Алтын Орданы» ресей тарихындағы теріс фактор деп қарап, православиенің Ресейге Батыс католиктік елдерінен емес, Византия империясынан келгенін атап өтеді.
Владислав Юрьевич Сурков – жоғарыда аталғандардан мүлде басқа типтегі адам. Басқалардан айырмашылығы ол саясатпен тікелей айналысып, 2004-2008 жылдар аралығында төрт жыл бойы Ресей Федерациясы Президентінің көмекшісі болды, бірінші дәрежелі мемлекеттік кеңесші.
Сурков өзін орыс ұлтшылы санамайды, тіпті Орысты ерекше өркениет дейтіндермен де келіспейді. Саяси салада Сурков «егеменді демократия» тұжырымдамасын ұсынды, бұл Ресей үкіметінің ресми идеологиясы болды деп айтуға болады, дегенмен Ресей үкіметі оны ешқашан жария түрде айтқан емес.
Сурковтың пайымы бойынша, батыстық демократиядан айырмашылығы, «егеменді демократия» егемендіктің (яғни Ресей Федерациясы Президентінің) қарамағында жұмыс істейтін бекітуші-кеңесші органдар арқылы жүзеге асады, бұл жүйеде барлық билік Ресей Федерациясының Президентінде болады, бірақ ол халықтық сайлау арқылы сайланады, сондай-ақ Ресейдегі ықпалды элитаның пікірімен де санасуы керек.
Сыртқы саясат саласында Сурков «Солтүстік Еуразия» концепцияның жақтаушысы болып табылады, оған сәйкес Ресей Еуропаның Еуразияның байтақ солтүстік-шығыс кеңістігіндегі жалғасы болып табылады. Сол себепті Ресей жеке дара өркениет емес, керісінше өшуге айналған Еуропаның демократия алауын қайта жағып, олардың көшбасшысы болуға лайықты. Оларды бастап өзге өркениеттермен (Қытай және Үнді өркениеттері) бетпе-бет келуге жол салушы.
Тілші: Сурковтың пікірінше, өркениеттер қақтығысы қандай форматта? Өркениеттер қақтығысының алдын алуға бола ма?
Андрей Зворыкин: Өркениеттер арасындағы қақтығыс әскери сипаттағы қақтығыс емес. Сурков бір кездері Ресей көптеген батыс елдерінің арасында көшбасшы болған жағдайда не болатынын мысалға келтірді.
Қазіргі уақытта АҚШ пен Еуропа елдері Қытайды объективті себептермен басты қарсылас санайды. Егер Ресей Батыс әлемінің көшбасшысы болса, Сурковтың пікірінше, Ресей де бүкіл Батысты Қытайға қарсы қояды. Қарсылық формасы қазіргі жағдайға ұқсас болады, сауда соғысы, немесе екінші жақпен соғыс, әскери шиеленіс. Қазіргі таңдағы Қытай мен АҚШ арасында шиеленіс сияқты, Ресей де Қытаймен тікелей әскери қақтығыс қаупіне ұшырауы мүмкін.
Әрине, егер екінші бір тарап кішпейілдік таныта алса, жағдайды жеңілдетуге және әскери қақтығысты болдырмауға болады. Кеңес Одағы ыдырағаннан бері Ресей Батыс әлеміне бағынышты рөл атқарып келеді.
Тілші: Сіз жоғарыда көптеген тұлғаларды атап өттіңіз, олардың идеясының маңыздылығын қалай бағалайсыз? Олардың қазіргі ресейдің руханияты мен саясатына қандай әсері бар?
Андрей Зворыкин: Бұл тұлғалардың ішінде Сурков ерекше, өйткені ол Кремльде жұмыс атқарған және әлі де солай. Оның Владимир Путинмен жеке қарым-қатынасы бар, кем дегенде ол Путинмен тікелей сөйлескен, кеңес берген адам. Путин мен Сурковтың қарым-қатынасы бұрынғыдай жақын болмаса да, Сурковтың әрбір жаңа мақаласы әлі де Путиннің үстелінде тұрады деп айтылады.
Басқа ойшылдарға келер болсақ, жағдай, әрине, күрделірек. «Арнайы әскери операцияға» дейін Ресей Батыспен тең дәрежеде қарым-қатынас орнатуға тырысты. Украинаға қатысты «Минск келіссөздері» кезінде Владимир ұлтшылдардың пікіріне құлақ аса қойған жоқ. Әсіре ұлтшылдар «бұл ресейдің назарын басқа жаққа аудару әрекеті, украина мәселесін шешудің жолы әскери күш қолдану» деп қарады. Ресейдің 2014-жылдан кейін басқа таңдауы қалмады.
Қазір ұлтшыл зиялылардың ықпалы тіпті де арта түсті. Оған телеарналардан түспейтін, өз алдына иниститут құрған Дугин мысалы дәлел. Әрине аты аталғандардың бәрі де саястқа ықпал еткісі келеді. Олардың әсері жоғарыдан төменге емес, төменнен жоғарыға. Олар қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар құру арқылы саясатқа ықпал етеді.
Александр Дугин Халықаралық Еуразиялық қозғалысын құрып. Ресей мен ТМД елдерінде және одан тыс жерлерде өзінің саяси теорияларын таратты. Захар Прилепин «Ақиқат үшін» қозғалысын құрып, ол кейіннен «Әділетті Ресей» патриоттық социал-демократиялық партиясымен бірікті.
Әрине, олардың барлығы ғылыми кітаптар жазу арқылы интеллектуалдық әлеммен араласып, кейде көркем әдебиет арқылы да қалың жұртшылыққа ой тастайды. Мысалы, Эдвард Лимонов мұны жасады. Сонымен қатар, Александр Проханов пен Захар Прилепин де роман формасын қолданып жүр.
Қытай тілінен аударған: Есбол Үсенұлы
Abai.kz