Өз тарихын өзге тілде жазатын қай ел бар?..
Алдымен, бүгінгі Форум талқылауының басты нысаны – атышулы көптомды академиялық басылымға деген отандық ғылым, білім, жалпы алғанда, қоғам, мемлекет тарапынан туындап отырған мұқтаждық, сұраныс деңгейінің жоғарылығын атап өту қажет. Мектептен бастап жоғарғы оқу орындарында қолданыста жүрген, мәтіні бірінен біріне айнымай ауа көшіп, бүгінде жалаң да жаттанды дүниеге айналған Қазақстан тарихы оқулықтарының халі тым мүшһіл екені жақсы мәлім. Одан қалды, «жасанды» заман, «Адал азамат», «Жаңа Қазақстан», оның қазіргі жаһандық кеңістікте алар орны мен салмақ-абыройы, жаңа да жасампаз мазмұнды ұлт тарихын талап етері анық.
Дей келе, көптомдық құрылымы, концепциясы, ондағы ұстанылар басты қағидаттарға қатысты кезінде талай пікіралыс алаңдарына белсене араласып, бірқатар ойларымызды ортаға салдық. Ол аздай, жеке басым сол кездегі Білім және ғылым министрі А.Айтмағамбетов мырзаға арнайы хат жолдап, мақалалар бердім. Әрине, аяқталуға таянған жобаға қатысты қайтара сөз қоздырудың өзі артық. Дегенмен, сол ұсыныстарымыздың қайсібірінің еленіп, қайбірінің қолданыс тапқаны жөнінде бейхабармыз. Бейхабар демекші, мәселен өз есімім қазақ хандығының тарихына арналған төртінші томның редакциялық алқа құрамына енгізілгенімен, соңғы екі жыл аралығында, бірі дұрыс, бірі бұрыс таныған сансыз сараптамалардан кейін, мәтіндерімізге нендей өзгерістерге ұшырағандығы жайлы беймәлімбіз, тіпті томымыздың тұтасты мазмұн-қалпы қалай шыққандығынан хабарымыз жоқ. Кезінде жоба жетекшілері мен орындаушы екеуара қол қойған келісімізге сай, мәтіндерімізді уақытылы тапсырдық, қажетті деген түзетулер мен толықтыруларды енгіздік, ендігі жерде «сен тимесең мен тименің» керіне салып, бейқам отыра беруге кәсібиден бұрын, адами, азаматтық арымыз шыдатар емес. Осы бір Үлкен жобаға тартылып, қаламгерлер қатарынан бой көрсеткен қай-қайсымызды көптомдықтың әрі қарайғы тағдыры алаңдатып, қандай да бір ішкі үрей мен күдік сезімі мазалайды деп ойлаймын. Мұндағы алаңдаушылық, үрей мен күдік астарын басылымның болашағына деген сенімсіздіктен емес, керісінше, ұлтымыздың келешек ұрпағы алдындағы аса бір ауыр да мәртебелі жүк артынған тарихшылардың жоғары жауапкершілігімен байланыстыра қарастыру абзал.
Екіншіден, Форумға қатысушылар тізіміне назар аударсаңыз, жеті томды жазуға отандық және шетелдік 300-ге жуық ғалым тартылыпты. Бұл көрсеткіш – бір-біріне тәуелсіз 300 пікір, қыруар көзқарас, ұстаным, ғылыми әдіс, мектеп, аппарат ерекшеліктері, одан қалды, әр автордың қайталанбас стилі мен қолтаңбасын білдірсе керек. Осыншама өзара байланыссыз сануалуан қауым қаламынан шыққан қолжазбалалардан, бір кілемнің оюындай өзара үйлескен, әр бөлімі біріне-бірі икемделе, сабақтаса жалғасқан, бастан аяқ үзіксіз де сомды ойға баулыр, бірізді де бүтін кескінді ғылыми дүние шығару – аталмыш жобаға жауапты мекеме басшылығы мен әр том ғылыми жетекшілер құзіретіне жатар аса қиын да жауапты шаруа. Мәтініміз, қазақшалағанда «тігісі жатқызыла» бір шебердің қолынан шыққандай, бастан-аяқ өңдеуден өтті ме, бізге сол уайым.
Өйткені, әр тарауда айтылар кесек ой, келесі тарауға іргетас қаланып, тарихи сабақтастық қағидатына қазықталған басылым ғана, Қазақ Елінің тау-тасы мен құлан даласы куә болған тарихи үдерістер, саясиәлеуметтік институттар, мәдениәлеуметтік құндылықтар мен дәстүрлер, құқықтық мәдениет үрдістердің ішкі заңдылықтары мен тетіктері, олардың өзара үздіксіз генезисі, институциялану ерекшеліктері жайлы тұтасты таным қалыптастыра алады.
Әзірге қолмен ұстап, көзбен көрмегенмен, сырттай «ұзын құлақтан» естуімізше, бүгінде 7 томдық даяр, тіпті әрқайсы мың беттен астам, көлемді «сигналды» нұсқалар жарық көргендей. Құтты болсын! Қазақ Елінің бес мыңжылдық жылнамасы баяндалған көптомды академиялық басылымда, Ұлы Дала табиғатына бейімделе қалыптасқан Ботайдан бастау алар ат жалынындағы Алтын адамды өркениет негізінде Түркі Елі мен Ұлық Ұлыс дәстүрлерін жалғастыра орныққан ұлттық мемлекеттілігіміздің, кешегі Ақтабан шұбырынды, Зар заман, кеңестік дәуір сынағынан сүрінбей өтіп, Алаш арыстарының қайраткерлігі арқасында, бүгінде өз тәуелсіздігін жаңғыртқан жасампаз да тұтасты бетпейнесі қашалды деп сенеміз.
Көптомдыққа қатысты басы шалынар келесі шұғыл шаруа – басылым тілі, сапалы аударма мәселесі. Жоба орындаушылар құрамының тілдік, ділдік, ұлттық ерекшеліктеріне сәйкес, 7 томдықтың басым бөлігі орыс тілінде құрастырылғаны құпия емес. Мысалы, орыс тілінен қазақша аударылған өз материалдарымның аударма сапасы төмен екенін байқадым. Тарих ғылымының қыр-сырын тани бермес, өзге мамандық өкілі сөзбе-сөз аударған мәтініміздің мазмұны өзгеріп, көп тұста қисынсыз, қарама-қайшы мағына иеленген. Тарауыңыздың қазақша нұсқасы өзге түгіл, өзіңізге түсініксіз болғанда, одан болашақ оқырман не түсінер екен?.. Көпшілік тарапынан аудармаға қатысты әлі де туындар дау-дамайлар болары хақ. Бұл мәселенің шешімі қандай болмақ, ойланар жағдай? Жалпы, алыс-жақын елдерде өз тарихын өзге тілде жазып, өзге тілде оқыту тәжірбиесі бар ма екен деген заңды сұрақ туады...
Осы тұста ескерілер тағы бір аса маңызды сұрақ – болашақ басылымда ел, жер-су аттары, тарихи тұлғалар, тарихи оқиғалар аталымы еш аударылымсыз, таза қазақша төл атаулармен (бәлкім, латын ғаріпінде) ғылыми айналымға енгізу! Ең болмаса, сәті түскен сағатты тиімді пайдаланып, көптомдықта, эндоэтноним, этнотопоним төл-танымдарды: «Ұлы Дала», «Тұран», «Дешті Қыпшақ», «Ұлытау», «Қазақ елі», «Түркістан»; ұлтымыздың жадында сақталған тарихи дәуір атаулары: «Ақтабан шұбырынды», «Зар-заман»; тарихи тұлғаларымыз: хан, би, батыр, жыраулардың қазақша есімдерін, әсіресе, «Қазақ әлеміне» әлеуметтікмәдени құндылықтар төлтанымы және т.б. келешек ұрпақ түйсігіне саналы түрде қазір сіңдіре алмасақ, кейінгіміз кеш тірлік.
«Жаңа» тарихнама кеңістігінде орын алып отырған алуан әдіс, қилы көзқарастар мен қыруар ұстанымдар тарих ғылымына түбегейлі өзгерістер енгізіп үлгерді. Осылайша, бүгінгі тарихтың бағыт-бағдары іріден ұсаққа, қоғамнан адамға, саясаттан тұрмыс-тіршілікке, үдерістен үрдіске, «неліктеннен» «қалай» сауалына көшіп, тарихи жад пен адами сана-сезімге ауа бастады. Кезінде, болашақтағы тарихи зерттеулер нысаны махаббат, құмарлық, қорқыныш, ауру, өлім т.с.с. күнделікті өмірдің қарапайым ұсақ-түйегі боларын кім білген десеңізші?..
Күнара сансыз ақпарат қойнауында қалып, көз алдымызда өткенге айналған «бүгінгі тарих» атаулы зияткерлік ортадан ауылы алыстап, «тістегеннің аузында, ұстағанның қолында» кетіп бара жатқандай. Бүгінде не ғалым не ғылым санатына жатпас, хайп қуып лайк жинаушы, аузын айға білеген «жұлдызды» жұрттың қалың қарасы ұлттық құндылықтарымызға қол сұғып, Қарт тарихымызды жиі мазалауды ғадетке айналдырып барады.
Әрине, Абай атамыз айтпақшы, «...ғылымға әркімнің-ақ бар таласы». Әр кезеңге өз «Геродоты», өз сюжеті мен кейіпкерлері сай келері де заңды. Дегенмен, XXI ғасырда өмір сүре отырып, жан-жақты ғылыми негізсіз, дәлелсіз, ақты қара, аңызды ақиқат, жоқты бар қылуға даяр сенсация құмар, «аты шықпаса жер өртеуге» белін бекем буған қауымға тоқтау айтып, доғартуды талап етер жан табылмағаны ма?!..
Тарихтың басты жасампазы да жазушысы адам болған соң, қай заманда тарих ғылымы субъективті көзқарастардан мүлдем арыла алмайтыны түсінікті, әрине. Дегенмен, болашақ ұрпақ үшін бүгін жазылар ұлт тарихы кез келген «көлденең көк аттының ермегіне» айналмай, шынайы да парасатты ғылыми көзқарас тұрғысынан насихатталар кез келді.
Заманауи ұлттық тарих ғылымының беталысы көңілге қонымды, айтарлықтай жаңалықтар, танымал ғылыми мектептер мен мықты ғалымдар, сауатты жас зерттеушілерден кенде емеспіз. Десек те, әлі де болса, ұлттық, аймақтық, тілдік, ділдік, жас ерекшеліктеріне сай өзара жіктеле, бір-бірімен байланыссыз оқшау дамуын жалғастырушы отандық тарихшы қауым басын біріктірер ортақ идея, айқын стратегия байқалмайды.
Жасыратыны жоқ, тарих ілімін, философиясын тиесілі дәреже жете меңгере бермеген қазақстандық зерттеушілеріміздің ақсар тұсы – әдіснама. Ғылыми ойдың озық үлгілері контексінен жұлынып алынған үзінділерді әдіснама, іргелі білімсіз, кәсіби мамандықсыз не арнайы ғылыми лабораториясыз жүргізілген формалды зерттеулерді пәнаралық ғылыми еңбек деп қабылдап, өз-өзімізді алдауды қашан доғарамыз? Ол аздай, әлі де «балалық ауру», бодандық санадан арыла алмай, ішкі жарамызды қозғап, «сезімді» тақырыптарды қоздырумен шектеліп қалып отырмыз. Қазіргі «атемпоралды тарих» заманында жаралы жадты артынып, «өткені мен мұрасын жалау» тұтқан, ұқсас көңіл-күй кешуші, бүгінде тек қазақстандық емес, өзге де қоғамдар жетерлік және оның ғылыми негізі де жеткілікті. Дегенмен, егер бұдан әрі әлемдік мәнтіннен тысқары, Л.Н.Гумилев пайымдауындағы «тышқан ініндегі» тар көзқарас шеңберінде, еңсе түсіріп, мысты басар мұңды да тарихымызды насихаттауды жалғастыра берер болсақ, болашақта өзіне толық сенімді, жасампаз ұрпақ қалыптасуы екіталай, ойланар мәселе. Әлбетте, жасампаздықты, керісінше, ұлт тарихындағы қайғы-қасіреттің бетін жылы жауып, тек ат жалынында ойнақтап, Батысы мен Шығысындағы елдерге қыр көрсеткен Еділ не Мөде сияқты тарихи тұлғалар ерлігін мадақтау, Шыңғысханды қазақ жариялап, Еуразия апайтөсінде алғашқы көпэтносты мемлекет болған Ұлық Ұлыс мұрасын меншіктеу, қазақтан асқан батыр, дара, еркін халық болмаған деген ұстаным деп қабылдау тағы да қателік.
Сондықтан, тарихымызды таразылауда, қызбалыққа бой бермей, пафосты басып, байыппен зерделей келе, тарихи оқиғалардың шынайы ғылыми бағаланымын беруге дағдыланған абзал. Басты мақсат – өз Сөзі мен Ата заңы, дәстүрі мен құндылығы, мазмұны мен табиғаты бөлек төл тарихымыз бен мәдениетімізді бүгінгі жаһандық шеңбердегі өзге елдермен терезесі тең Жаңа Қазақстан мемлекетінің деңгей-мәртебесіне сай, жеткеншек буын бойына мақтаныш пен ұлтжандылық сезімдерін ұялатар парасатты, ғылыми негізді, «құс жолы» көзқарасынанкең шеңберде зерделеу. Атақты Гегель, ойлы тарих философиясына бойлап, тарихтағы ақыл-сана құдіретін түйсіну, қоғам дамуының жалпы заңдылығын түсіну үшін, алдымен, бастапқы әрі рефлекторлы тарих деңгейін меңгеру қажет. Десек, әлемдік тарихи өлшем тұрғысынан, кенже дамып, кеше қалыптасқан қазақстандық тарих ғылымының, ес жиып еңсе көтерер шағы, алар шыңы әлі алда деп сенеміз.
Тарихшылар форумындағы баяндамасынан...
Алтайы Оразбаева
Тарих ғылымының докторы профессор
Abai.kz