Бейсенбі, 30 Қаңтар 2025
46 - сөз 1211 21 пікір 28 Қаңтар, 2025 сағат 16:28

Ресей - КСРО емес, ал Путин - Сталин емес...

Сурет: pikabu.ru сайтынан алынды.

Ескі мысалдар жарасыз: РФ - КСРО емес, Украина - Финляндия емес, ал Путин - Сталин емес

Ресей-Украина соғысын тоқтату туралы келіссөздер бірден нәтижеге жетуі екіталай. Бұл қақтығыс кеңестік империяның бұрыннан келе жатқан соғыстарынан әлдеқайда күрделі, оларды бейбіт жолмен шешудің классикалық һәм ықтимал схемалары қазір үлгі ретінде қарастырыла бастады.

Американың жаңа әкімшілігі Владимир Путинмен «украиналық» келіссөздерге дайындалып жатыр деу артық айтқандық,  іс жүзінде оларды сәтімен жүргізіп жатыр. Ресей билеушісіне, сөз ұққан жанға түсінетіндей етіліп бітімгершілік ұсынылады: ұрыс қазіргі майдан шебінде тоқтатылып, Украина оккупацияланған аумақтарды күштеп қайтарудан бас тартады. Осыған қатысты мәмілегерлер тарапынан Мәскеу мен Киев қарым-қатынасының өзара тиімді формуласы іздестіріле бастады.

Оның империялық (державалық) жеке логикасы

Саясат серкелері алға тартатын комментаторлық іс-әрекетке қазіргі әлемдік саясат тарихында көрініс тапқан екі ықтимал мысал кіреді: «кәрістік» (Украина аумақтың бір бөлігін жоғалтады, бірақ Батыстың бір бөлігіне айналып, оның қорғауына алынады) және «финдік» (Украина аумақтың бір бөлігін жоғалтады, бейтараптылықты ресейлік ыңғайда қабылдап, Батыспен әскери ынтымақтастықтан бас тартып, бірақ өз егемендігін сақтайды).

Украина дауына нүкте қоятын нақты шешімді осы екі нұсқа арасында табуға болады. Бірақ «финляндизацияға» бір табан жақынырақ, тағы да бір үлгі «австрияландыру» (яғни символдық қарулы күштермен біршама немесе біршама теңдестірілген бейтараптық туралы) туралы айтылып қалуда. Бұл Ресейдің КСРО сияқты басып алған өңірінен өз еркімен бас тартуы болып табылады.

Дегенмен, мұндай пайымдаулар бір жағы анық да, бір жағы бұлыңғырлау. Бұның себебі қазіргі РФ КСРО-ның құр сүлдер елесі, әрі Путин Сталиннің тау тұлғасының қасында  аласа төбешік қана.

Бірақ әлемге КСРО көзімен қараушылықты ешкім де жоққа шығара алмайды.

Жақында бірқатар басылымдардың колумнисі Ресейде қалған саясаттанушылардың ішіндегі ең білімді және объективті сарапшылардың бірі Владимир Фролов: "Мәселе мынада, әзірге келісетін ештеңе жоқ. Мүмкін уағдаластықтар тұжырымдамасы ғана емес, тіпті келіссөздер мәнін жалпы түсіну де жоқ. Вашингтон мен Киев Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты реттеу туралы айтады, ал Мәскеу Ресей мен Батыс арасындағы жаһандық қақтығысты реттеуге ұмтылады, онда Украина тек осы жосықтағы сюжеттердің бірі ғана болып табылады",- деп жазды.

Салқынқандылық құпиясы

Әңгіме аңысын ІІ Дүниежүзілік соғыс аяқталғанына 10 жыл толғаннан кейін Сталинсіз орын алған ең қарапайым австриялық мысалдан бастайық. Одақтастар басып алған Австрия КСРО-ның келісімімен 1955 жылы тәуелсіздігін қалпына келтірді. Демек, біздің бұрынғы империямыз өз иеліктерімен бірге жеткілікті дербес, бірақ, әрине, бейтарап және әскери тұрғыдан зиянсыз елдің бейбіт қатар өмір сүруіне төзуге өз еркімен келісті дейді Фролов.

Бірақ Сталин басынан бастап Австриядағы кеңестік оккупациялық аймақты өз иелігінің бір бөлігіне айналдыруға ұмтылған жоқ. Тіпті керек десеңіз, аймақтағы коммунистерді социалистермен біріктіріп, кейіннен оны билікке жетелеген де жоқ.

Айталық, Берлинде бұл бірігуді 1946 жылдың көктемінде Германияның Социалистік біртұтас партиясын құра отырып коммунистердің билікке келуін жүзеге асырды. Басқа да Шығыс Еуропа елдерінде де шамамен сол кезде билікке коммунистер билікті өз қолдарына алды.

Путиндік «австрияландыру» Шешенстанда, Днестер бойында, Абхазия мен Оңтүстік Остетияда орын алды. Бұл орайда Шешенстанның орны бөлек һәм өзгеше. Енді осы кеп ДХР мен ЛХР басына түсіп отыр.

Осы себептер бойынша кеңес тарапы Австрия мәселесіне салқынқандықпен қарап, оның шешімін шынайы саясат аясында таба алды. Украиналық жағдай бірде-бір тармақта осыған ұқсамайды және АҚШ пен Қытай әлемге таңған қазіргі «нақты саясаттың» координаттарына сыймайды.

Сталин саяси өмірінің басты бәсі

Ал Кореядағы соғысқа келер болсақ, жағдайлардың ұқсастығы айтарлықтай сәйкес келеді, бірақ қазіргімен емес, Ресейдің Украинаға қарсы бірінші соғысымен ұқастығы аңғарылады. Өйткені, Ресейдің тасада тұрып соғысқанын әлем жұрты жақсы біледі.

Корей соғысын (1950-1953) Сталин өзі емес, өзінің солтүстік кореялық және қытайлық вассалдарының қолымен жүргізді. Және олардың пікіріне құлақ асып отырды. Бұл 2014-2015 жылдары ОРДЛО сепаратизмі мен Минск келісімдерімен аяқталған Шығыс Украинаға прокси-шабуылына тым ұқсас  болды. Ол келісімдер 1953 жылғы Корея бітімгершілігін еске түсіргенімен, украиналық тарапта Кореядағы сияқты, батыстық әскерлер тұрса, бұл соғысқа нүкте қойылар еді. Бірақ бұл мәселе тіпті талқыланбады. Сондықтан Украинамен бітімгершілік тек жеті жылға ғана созылғанына ғана куә болдық.

Қазір Батыстың «бітімгершілік әскерлерді» енгізіп, оны іске асыруға дайын екендерін Путин өзінің бүгінгі жағдайында мүлдем мүмкін емес деп есептейді. Өйткені Украина соғысы оның ішкі әлемінде Сталиннің ішкі әлеміндегі корей қақтығысынан әлдеқайда көп орын алады.

Жарты әлемдік империяның (державаның) құдіреті күшті иесі, нақтырақ айтсақ, өзінің вассалдарын жергілікті соғысқа жекті. Ал Путин Украинада бір «өзі» соғысып, ел-жұртын зеңбірек жеміне айналдырды. Бұл оның өмірінің басты мақсаты болғандықтан ол тек қазіргі Ресей-Украина майдандарының тоқайласқан шебі бойынша ғана Батыспен әскери шекараны тануға келіседі.

НАТО-ны қырық жыл бұрынғы шекараға дейін шегіндіріп тастау мақсатындағы оның реконкисті әрекеті іштей тұншығып, іске аспай қалды дегенді білдіреді. Сондықтан әлем келбетін қайта түзушілер арасында Украинаны белгілі бір «финляндизациялау» схемасы соншалықты зор мәнге ие болып отырған жайы бар. Бұл қадам Путинді де қанағаттандырады және Украина егемендігін сақтап қалады.

Бірақ бұл ұсыныстың орындалуы мүмкін емес. Финляндияның өзі «финляндизацияға» қандай жолмен келгенін қарап, Украина осы жолдан өте ала ма деген сауал туындайды.

Ессіздік елесінен кету мүмкіндігі

«1940-жылы Финляндияға қарсы болмашы табысқа қол жеткізген басқыншылық соғыстан кейін Сталин Германияның КСРО-ға шабуылын жақындатуға ықпал еткен сияқты» дегенді тарихшылар көптен бері сөз етіп келеді. Финляндия Сталин үшін екінші кезектегі мақсатқа айналғанымен, ал Путин үшін Украина бұдан әрі де басты империялық құштарлық нысаны болып қала береді.

1944 жылдың жазында КСРО  үлкен шабуыл жасағанымен, финдер оны тоқтата алды. Егер кеңестік шабуылды тоқтата алмаса, бұл мемлекет басып алынып, көп ұзамай «халықтық демократия елдерінің» біріне айналатын еді.

Сталин Путин сияқты ессіздікке бармай, КСРО бауырына басқан жерлерді қанағат тұтумен шектелді. Бірақ Путинді 2014 жылы қалыптасқан шекара қанағаттандырған жоқ.

Осы үш жолдың қайсы таңдалатыны Путин мен Трамп келіссөздері барысында аңғаратын боламыз. Бірақ Путин қанша траштанса да Сталин бола алмайды.

Abai.kz

21 пікір