Еліміздегі шетелдік ұйымдарға тыйым салына ма?
![](https://abai.kz/content/uploads/2025/02/8713b4d6a7e9091bda6b4c3c6a9cc336_resize_w_1250_h_.jpeg)
Депутат Ирина Смирнова Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, еліміздегі шетелдік ұйымдардың қызметіне қатысты мәселелерді көтерді.
Оның айтуынша, USAID қызметіне қатысты өткен пленарлық отырыста айтылған депутаттық сауал қоғамда үлкен резонанс тудырды. Қазақстандықтар өздеріне сырттан таңылатын бөтен құндылықтарға, жастарды теріс жолға бағыттайтын идеяларға наразы екенін білдіруде.
Депутаттың мәліметінше, АҚШ-тың арнайы өкілі жақында "Азаттық радиосы" мен "Америка дауысы" секілді америкалық салық төлеушілер қаржыландыратын БАҚ-ты жабуды ұсынды. Бұл бастаманы Илон Маск та қолдап, аталған медиаресурстарды "қызықсыз, радикалды солшыл идеологияны ұстанатындардың диалог алаңы" деп сынға алды.
Ирина Смирнованың айтуынша, Қазақстанда шетелден қаржы алатын 200-ге жуық үкіметтік емес ұйым (ҮЕҰ) бар, олардың 70%-ы АҚШ-тың әртүрлі қорларынан қаржыландырылған. Үкіметтің ресми деректеріне сәйкес, елімізде 165 шетелдік донор ұйым жұмыс істейді. Олардың жалпы саны: 53 халықаралық ұйым, 31 шетелдік мемлекеттік ұйым, 81 шетелдік және қазақстандық ҮЕҰ.
Депутат Қазақстандағы көптеген шетелдік қорлардың қызметі саяси мүдделерді жасырып, "медиалық қолдау", "адам құқықтарын қорғау", "толеранттылықты арттыру" деген желеумен жүзеге асырылатынын атап өтті. Бұл ұйымдар қоғамға қаншалықты пайда әкелетіні немесе керісінше, зиян тигізетіні туралы нақты жауап беру қажеттігін айтты.
Ирина Смирнова бірқатар елдерде шетелдік ұйымдардың қызметін реттеу үшін арнайы заңдар қабылданғанын мысалға келтірді. Мысалы, Израиль (2016 ж.), Қытай (2017 ж.), Австралия (2018 ж.), Ұлыбритания (2023 ж.), Франция (2024 ж.) шетелдік агенттер туралы заңдарды енгізді. Бұрлардың қатарында Ресей де бар.
Сондай-ақ, АҚШ-та 1938-жылдан бері "Шетелдік агенттерді тіркеу туралы" заң қолданыста бар. Бұл заң саясат, ақпараттық қызмет, лоббизм және қаржыландыру мәселелерін нақты реттейді.
Депутат Қазақстанға да осындай тәжірибені енгізіп, шетелдік ұйымдардың қызметін айқындайтын ұлттық заңнаманы әзірлеуді ұсынды. Сонымен қатар, гуманитарлық және ғылыми ұйымдарды бұл тізімге енгізбеу қажеттігін атап өтті.
«Біздің басты мақсатымыз – ұлттық мүддені қорғау. Қазақстандықтарға сырттан таңылатын құндылықтарды толеранттылық деп көрсетуге, ал пропаганданы тәуелсіз журналистика деп атауға жол бермеуіміз керек, – деді Ирина Смирнова.
Депутат бұл мәселені заңды түрде реттеу қажеттігін атап өтіп, Үкіметтен депутаттық сауалға белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруді талап етті.
Abai.kz