Қазақ әскері Кенесарының соғыс тактикасын үйренеді

Осы аптада өткен Мәжілістің жалпы отырысынан кейін Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев Кенесары хан, сонымен бірге басқа да қазақ батырларының соғыс тактикасы зерделеніп жатқанын мәлім етті.
- Бүгінде біз Кенесары ханның соғыс тәсілдерін зерделеп жатырмыз. Әр сарапшының өз ойы бар. Кенесары хан бейнесінің қазақ әскерінің алғышарты болатынын уақыт көрсетеді. Одан бөлек Сағадат Нұрмағамбетов, Бауыржан Момышұлы бар. Ерте тарихтағы, орта тарихтағы, кейінгі тарихтағы соғыс тактикаларын зерделеп жатырмыз, - деді Шайх-Хасан Жазықбаев.
Анығында Екінші дүниежүзілік соғыста ерекше қолбасшылық талантымен әлемге машөқр болған Бауыржан Момышұлы мен Сағадат Нұрмағамбеттың ұрыс тәсілдері таңсық емес, ежелден қолға алынған шаруа десек болады. Екі батырдың атында әскери оқу орындары бар.
Десе де Кенесарының жөні бөлек. Бас сүйегі әлі күнге Ресейде жатыр.
2023 жылы сол кездегі Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл Кенесары ханның бас сүйегін Ресейден елге қайтару мәселесін көтерген еді. Одан бері де екі жыл өтті.
Бұған дейін әскери қауіпсіздік жөніндегі сарапшы Эмин Джаббаров «Кенесары хан - қазақ армиясының символына айналуы керек» деген болатын.
- Кенесары ханның барлаушылары болған жоқ дегенге әскери маман ретінде сенбеймін. Ол қандай да бір ақпаратты жеткізу керек кезде нені қолданды? Қандай киіз үйде кездесті? Қандай да бір символы немесе бір ерекшелігі болды ма? Қандай құпиясөздерді қолданатын? Оның қоластындағы бөлімшелер қалай аталды? Қалай олармен хат алмасып отырды? Өзімізге керек символиканы неге сол кезден алмаймыз? Біздің тарих неге кеңес одағынан басталады? Соның бәрін көтеру керек”, дейді әскери сарапшы Dope Soz-ге берген сұхбатында. Министрлік өкілінің жоғардағы сөзі соған жауап ретінде айтылды.
«Қазақстандағы әскери жоғарғы оқу орындарындағы курсанттар бірінші курсқа келгеннен бастап орысша оқуға мәжбүр. Әскери оқулықтардың бәрі орысша оқылады. Ауыл балалары оны қаншалық игеріп жатқанын кім біледі. Қазақ армиясын қазақша оқыту қашан басталады?», деген тілші сұрағына:
- Қазақ армиясын қазақша оқыту басталып кеткен. Бүгінгі таңда барлық оқу орындарында 70 пайыз қазақ тілінде білім беріледі. Ал оқулықтарға келетін болсақ, әрбір техниканың пайдалану нұсқауығы бар. Ол әлі күнге дейін құндылығын жоғалтқан жоқ. Сондықтан ондай оқулықтар бар», - деп жауап берді Жазықбаев.
Кеңес кезінде «қарақшы» атанған Кенесары ханның ұрыс тактикаларының әскери оқулықтарға енуі халық күткен жаңалық болары сөзсіз.
Abai.kz