Жұма, 21 Ақпан 2025
Анық-қанығы 1183 22 пікір 19 Ақпан, 2025 сағат 12:56

АҚШ пен Ресейдің түпкі ойы: Зеленскийді кетіру

Cурет: tass.ru сайтынан алынды.

Кеше Сауд Арабиясының астанасында АҚШ пен Ресейдің алғашқы келіссөзі өтті. Кездесу 4,5 сағатқа созылған. Жаһан жұртының күткен үміті ақталмады.

Украина мәселесіне байланысты елең етерлік ештеңе айтылмады. Америка таратқан төр түйіннің біреуінде ғана Украинаға бейбітшілік орнату тілге тиек етілсе, қалған үшеуі де соғыс салдарынан үзіліп қалған Ақ үй мен Кремльдің қарым-қатынасын жақсартуға бағытталған. Ресей тараптан талқыға қатысқан Лавров та, Ушаков та, Димитриев те кездесудің ашық, тіке, қанағаттанарлық деңгейде өткенін айтуда.

Келіссөзден тыс қалған Еуропа мен Украина тараптың қарсылығы тіпті күшейді. Сауд Арабиясына шақырылмағандарын білгеннен кейін Франция басшысы Макрон бастамашы болып, Парижде Еуропадағы басты елдердің басын қосып, жиналыс өткізіп еді. Онысынан түк шықпады. Енді бүгін Макрон Ресейге жақын Румыния қатарлы Шығыс Еуропа және Балтық республикаларымен бейресми кездесу өткізбек.

Түркияда жүрген Зеленский болса, Украинаның тағдыры шешілетін басқосуларға Еуропа мен Түркияның сөзсіз қатысуы керек екенін тағы қайталап, Сауд Арабиясына жоспарлаған сапарын наурыздың 10-на шегергенін айтты. Ресеймен келісімге келудің жаңа үш шартын ұсынды:

Бірінші - орыс әскері басып алған жерлерінен дереу шығып кетуі керек.

Екінші - Путин Гага сотына жеткізілуі керек.

Үшінші - Украина НАТО-ға мүше болуы керек.

Зеленскийдің осынша тулауына не себеп?

Тәуелсіз ақпарат көздерінің сенімді мәліметінше, кешегі кездесуде Ресей тарабы АҚШ өкілдеріне соғыс тоқтатудың басты шарты ретінде Украинада президенттік сайлау өткізуді ұсынған. Көріп отырғанымыздай, Трамптың билікке келуімен Путинның Украинада баяғы Янукович сияқты қолбала үкімет орнату есек дәмесі қайта оянған тәрізді.

Бұдан 3 жыл бұрын Кремль қожайыны Киевті 24 сағатта алып, Зеленскийдің орнына өз адамын қою мақсатында Украинаға "арнаулы әскери операциясын" бастаған еді. Ол ойы іске аспай, Украинаның 4 облысын қосып алумен ғана шектелді. Енді міне, Зеленскийдің президенттік мерзімінің аяқталуы мен Америкадағы президент сайлауында "АҚШ мүдесі бірінші орында, қалған дүние күйсе күйіп кетсін" ұстанымындағы Трамптың билікке келуі Путиннің жерленген үмітін қайта оятқандай. Кремль стратегтері Украина да сайлау өткізіп, Зеленскийді биліктен тайдырып, орнына орысшыл біреуді қойып, басып алған 4 облысты ғана емес, күллі Украинаны перде артынан басқарып отырмақ. Бюджет шығынын желеу етіп Кеннеди заманынан келе жатқан Халықаралық даму агентін жауып, Ақ үйдің шетелдерде демократиялық иниститутты дамыту миссиясына шектеу қойған Трамп та оған үнсіз келісіп отырған сияқты. АҚШ пен Ресейдің кездесуінен кейінгі БАҚ өкілдерін қабылдаған Трамп: "Соғысқа жеткізбеу керек еді", - деп Зеленскийді кіналай сөйлеген.

Трамп қызыққан, Американың жоғары ғылым-техникасына аса қажет Украинаның сирек кезігетін металдар қосындысы қорының басым бөлігі Донбаста екені белгілі. Украина тараптың жазуынша, Ресей қосып алған бөлігіндегі шикізат қорын игеруге Қытайдың 10 компаниясы әлдеқашан кірісіп кеткен. Трамп ұсынған 500 миллиард долларлық келісімге Зеленскийдің қол қоймауы да тегін емес екен.

"Сезікті бұрын секіреді" дегендей, Трамптың Мемлекеттік хатшысы Рубио Ресейге салынған санкцияның Путин келісімге келгенше алынбайтынын айтып ақталғандай болды. Лавроптың да, Ресейдің БҰҰ-дағы өкілінің де, Песковтың да бірінің аузына бірі түкіргендей басып алған 4 облыстың орыс жері болып қала беретінін айтып жаһанға жар салуы жайдан жай болмай шықты. Ақ үй мен Кремль қожайыны Украина мәселесін екі елдің пайдасына шешудің ең тиімді жолы - Зеленскийді биліктен кетіру деп шешкен сияқты.

Abai.kz

22 пікір