Сенбі, 22 Ақпан 2025
Аласапыран 679 6 пікір 21 Ақпан, 2025 сағат 15:42

«Трамп - әлемнің емес, Американың президенті!»

Сурет: bbc.com сайтынан алынды.

Күні кеше Зеленскийді "сайланбаған диктатор" деп айыптаған Ақ үй қожайыны Трамптың шулы мәлімдемелері әлі жалғасуда. Енді ол "Үлкен жетіліктегі" әріптестеріне шүйлігіп, әлемнің жетекші елдерінің орыс әскері Украинаға басып кіргелі бері 24 ақпанда жариялап келе жатқан үндеуіндегі Ресейді "шапқыншы ел" деп сипаттайтын айыптауларды алып тастауды талап етті.

БҰҰ-на мүше 50 ел ұсынған сондай мазмұндағы қарарды қолдаудан бас тартты. Басқа елдерді де солай істеуге шақырды.

Оңтүстік Африкада "Үлкен Жиырмалықтың" СІМ басшыларының басқосуы өтіп жатқаны белгілі. Халықаралық жиналысты алғаш өткізіп отырған Оңтүстік Африка Израиль басшысы Нетанияхуды "Газада геноцид жасады" деп Гага сотына бергені үшін Трамп Мемлекет істер хатшысын жібермей қойды.

Киевте Трамптың Украина мәселесі жөніндегі арнаулы өкілі Келлог пен Зеленскийдің келіссөзі өткен еді. Зеленский келіссөз нәтижесіне ризашылығын білдіріп, екі тараптың сирек металдар қоспасын игеру мен Украинаның қауіпсіздік кепілі жөнінде ортақ шешімге келгенін жеткізіп еді. Трамп оған да разы болмай, алдын ала жоспарланған екі тарап өкілдерінің БАҚ пен кездесуін күшінен қалдырыпты.

Трамптың әлемдік қауымдастықтардан шеттетілген Путиннің жаһандық абройын қайта қалпына келтіруге тырысуы - Еуропалық әріптестерін ғана емес, өзге де шетел басшыларын, ел ішіндегі партияластарының қатаң сынына ұшыраған.

Бразилия президенті Лула да Силва бейсенбі күнгі сұхбатында Трамптың әрекетін "әлемнің патшасы болудың есек дәмесі" деп сынап, басқа елдердің егемендігін құрметтеуге шақырып, "Сен әлемнің емес, Американың президентісің, әліңді біл!" деген.

АҚШ-тың демократиялық патиясы өкілдерінен бөлек, Сенаттағы азшылық партияның төрағасы Чак Шумер: "Трамптың біздің досымызды қаралап, сотқар Путинді көтермелеуі Америкаға ауыр зардаптар тудырады" деген.

Республика партиясынан сайланған сенатор Роджер Уикер Трамптың Путинмен кездесуін қолдамайтынын ашық айтып: "Халық сайлаған президент пен өзін сайлап алған диктатордың бір үстелде келіссөз жүргізуі -  барып тұрған сорақылық" деген.

Мюнхен Қауіпсіздік жиналысынан кейін Украинаға барып қайтқан Жанна Шахин, Том Тиллис қатарлы республикашылдар да Зеленскийді қолдап, Путинге сенім артпау керектігін айтқан.

Англиялық FT газетінің жазуынша, Сауд Арабияда өткен келіссөзде Ресей тарабы АҚШ-қа Шығыс Еуропадан НАТО әскерін толықтай алып кету талабын қойған.

Зеленскийдің "Ялта сценарийі қайталануы мүмкін" деп дабыл қаққаны бекер емес екен. 1945 жылы 4-11 ақпан аралығында АҚШ, Англия, Кеңестер одағының басшылары Унистон Черчилл, Франклин Рузвельт, Сталин Қырымда бас қосып, соғыстан кейінгі Еуразияны алдын ала бөліске салған еді. Келіссөзден кейін Шығыс Еуропа мен Қытайдың шығыс солтүстігін Сталин бақылауына алған.

Трамп Путинге Украинаны НАТО-ға мүше қылдырмаудан бөлек, НАТО әскерін бұрын Кеңес одағының бақылауында болған Шығыс Еуропадан алып кетуге де уәде беріп отырған сияқты.

Еуропаның 27 елімен кеңес құрған Франция басшысы Макрон сол мәселені талқылау үшін алдағы дүйсенбі Ақ үйге бармақ екен.

Abai.kz

6 пікір