Сәрсенбі, 26 Ақпан 2025
Әдебиет 162 2 пікір 26 Ақпан, 2025 сағат 10:54

Абайдың үш өлеңінің тағдыры

СУРЕТ: МИР24 ТЕН алынды

(ойшылдың отаршыл билікті сынаған тәсілі жайында)

 Ұлы Абайдың поэзиясы жайлы зерттеулер ұшан-теңіз. Сөйтсе де, түгесіп болдық, түбіне жеттік деуге әлі ертерек. Жұмбағы мол, сырын ішіне бүккен шығарманың бірі – 1886 жылғы «Көжекбайға» («Бөтен елде бар болса») деген белгілі өлеңі. Сырын ішіне бүккен дейтінім, ол бір емес, бір-біріне тіркелген үш өлең. Зер сала оқысақ, оған көзіміз жетеді. Бірден айтайық, бұл 1909 жылғы тұңғыш жинақта орын алған олқылық. Олар неліктен бір-біріне тіркелген? Осыны анықтауға үш өлеңнің тарихы мен тағдырын сөз етпекпіз.

 Аталмыш өлеңнің айта қаларлық ерекшелігі – өте көлемді (168 жол). Оның бір адамға арнау делінуі күмән-күдік тудырады. Ең бастысы – «Бөтен елде бар болса» деп басталатын өлең тақырыбы, мазмұны бойынша үшке бөлінеді. Рас, ұйқасы, жазылу стилі ұқсас. Демек, мерзімдес жазылған шығармалар.

Сонымен, «Бөтен елде бар болса» – күштеп қосылған үш өлең деп тұжыруға дәлел-дәйектер қайсы?

Әуелгі өлең – 27 жолда ақынның сыйлас, тату, ежеттес болған ескі достары сыналған. 1884-86 жылдар Абай, бір жағынан, достары тарапынан сатқындық көрген, екінші жағынан, атағы тобықты асып, исі қазаққа алаң қайраткер тұлғаға айналған шағы. Атқамінер ортамен аңдысып, алысумен өткен осы үш жылды «ел мінезін сынау кезеңі» десек те болады. Әдебиет әлемін меңгерген оқымысты ақын кешегі күні «ежеттес, сыйлас, сыбырлас, сырлас» болған, осы күнде бүлініп, қу, пысықай топқа айналып бара жатқан   атқамінер ортаны шенеп, бәріне ортақ типтік  бейнені жасаған. Мұхтар Әуезов: «Өлең бір Көжекбай емес, көп Көжекбайдың психологиясынан жиынтық бейне туғызып, обобщение жасайды» дейді. Дей тұрсақ та, нақты кейіпкер де бар. Ол – Көжекбай Жамантайұлы (ел аузы оны Көжек деген).

Тұрағұл былай деп дерек береді: Әкем Абай «Сабырсыз, арсыз, еріншекті» жазып болып оқығанда, қасында атын ерттеп жүретін Қарасақау деген көкше табы – Балтай, сол айтыпты: «Көжекбай қалды ғой», – деп».  Сөйтіп, өлеңге себепкер –  Көжекбай (Абайда «Көжекбайға» деген бір ауыз өлеңі тағы бар) екені шындық.

1876-78 жылдары Абай өз елі Шыңғыста емес, көршілес Қоңыр-Көкше елінде болыс болған («Бөтен елде бар болса» дейтіні сол). Сол елдің тумалары – Байкөкше (ақын), Мұса, Жақсылық, Ағыбай және жаңағы Көжекпен де достасып кетеді. Ол – Тобықты Мамай руының «Кіші Орда» деген балақ тауды мекендейтін Еламан табының атқамінері. Әрхам сөзінше, Көжек ақынға туыс емес және Абай ауылында (Ақшоқы не Жидебайда) ешқашанда тұрмаған адам.

Оған дәлел мына бір оқиға: ағайынды Көжекбай мен Тезекбай жерге таласып қалып, ақыры Абайға жүгінуге мәжбүр болған (шамасы 1896 жылғы оқиға). Сонда Абай жиырма жыл бұрын  Қоңыр-Көкшеде өткен болыстық шағын есіне алып: «Әкелерің Жамантай сендерге жер бөліп жүргенде мен жолығып көрген едім, қар кетіп жер қарайғанда сол бөлікті тауып, жаңадан омақа (меже) қойып беремін», – депті (Абай туралы естеліктер. – Семей, 2010. -102 бет).

Әрхамның естелігінен Көжекбай көрші елдің азаматы екенін, Абаймен ертеден таныс-біліс болғанын біліп отырмыз.

Міне, өлеңдегі «ежеттесің, сыйласың», «көптен тату қимасың» деген сөздер осымен өз түсінігін табады.  Әрі қарай ақын былай дейді:

Басыңа жұмыс түскен күн,

Татулықты бұрынғы

Не қылып ол ойласын:

Ашып берер жауыңа,

Өзі көрген қоймасын.

Сенсеңіз, бұл 1885-86 жылғы аты-шулы Тәкежан-Базаралы дауының жаңғырығы.  Абайдың жүйкесін жұқартқан оқиғаның бірі болған осынау зор дау-дамайдың тұсында сыралғы досы Көжек те жау жағына шыққантұғын. Соған ашынған ақын өлеңді:

Құдайдан қорықпай, антұрған,

Иман жүзін тоздырар.

Келіп-кетіп көп жүріп,

Мен досыңмын деп жүріп,

Дұспандығын оздырар, – деп ашу-ызамен түйіндейді (ел бұзылған тұста сөз тасығыш, уәдесіз кісінің залалы, әрине, зор).

Сонымен, ұзақ өлеңнің алдыңғы шағын бөлігі ғана («Кеселді болып бітеді» деген жолға шекті) Көжекке арналғаны хақ. Шолу жасалған алты шумақ пен ақынның «Жамантайдың баласы Көжек деген» деп басталатын эпиграмма түріндегі бір ауыз өлеңі мерзімдес, соның жалғасы болып табылады.

Енді ұзақ өлеңнің  келесі, ортаңғы бөлігін талқыға салайық. Ол – 82 жол. «Кеселді болып бітеді, жақсыға біткен жақындар» деп басталып, «Қай жерінен болады, Көңілге медеу, ол тыныс?» деген жолмен аяқталған. Бірінші бөлікте ескі сыралғы достар сыналған болса, бұл жолы сын найзасының ұшын Абай жақын туыстарына бұрған. Принциптік өзгешелік осы арада.

Бұл жолы өлеңнің кейіпкері – туған ағасы Тәңірберді (Тәкежан).  Абай Тәкежан мен оған ерген туыстарын не үшін аяусыз сынға алған? Оны туынды мазмұнынан алақанға салғандай көре аламыз. Оның басты себебі мынау:

Кеселді болып бітеді,

Жақсыға біткен жақындар.

Жау жағадан алған күн,

Өздері иттей тақымдар.

«Жақындар» деп көпше түрде айтса да, Абай қаһарын ағасы Тәкежанға төккені шүбәсіз. Мысалға:

Егер тілін алсаңыз,

Бірі қалмас кісіден.

Егер тілін алмасаң,

Бықсып шірір ішінен, – дегеніне назар аударайық. Жоғарыда елді шулатқан оқиға – «Тәкежан-Базаралы» дауы дегенбіз (Сібір тұтқынынан қашқан Базаралы Тәкежанның бір қос жылқысын айдап әкетіп, талан-таражға салған болатын). Даудың соңғы нүктесін Семей қаласында бес ояз өкілі қатысқан жиын қояды. «Малым» деп жаны шыққан Тәкежан Абайдан «Абыройың зор емес пе, сен мені жақтап, кесім шығар!» деп өтінген ғой. Бірақ Абай би болудан бас тартты, яғни тілін алмады (сол себептен дауға отыз жастағы Шәкәрім түскен-ді).  Міне, осы оқиғадан беріде Абай мен Тәкежан арасы қатты ашылып кеткені факт.

«Бықсып шірір ішінен» демекші, Тұрағұл естелігінен бір мысал: «Бір күні... қасына Смағұл Шодыр баласы деген ұрыны ертіп Тәңірберді дейтін ағасы келді. Менің әкем: «Сіз неғып жүрсіз?» – деп сұрағанда, Тәңірберді: «Мына Смағұлдың пәленшемен дауы туралы Оспан саған билікке жіберіп еді, мынаны ертіп келдім» – деп еді, менің әкем: «Сіз атшабар болып па едіңіз?» деді. Менің әкем ағасының ұрыны сүйеп, ертіп келгеніне қатты ренжіп айтты». Ағасына ренжіген жайы «Абай жолы» эпопеясында да жиі кездеседі. Осыған Абай қатты күйзіліске ұшыраған Оспан өлімі тұсында Тәкежанның қарсы жақ – Оразбаймен құда болуын қосыңыз.

Сөйтіп, ортаңғы өлеңде Тәңірберді қылығы сыналғаны растық.

Оған «Өз үйінде кезексіз, Шешен келер сартылдап», «Білетін біреу кез келсе, Сөз таба алмас қалтылдап», «Қалжыңға келер шорқақтау, Жауға келер қорқақтау», «Біреуге өктем іс қылса, Өз күшім деп ойлайды», «Өз еркіне жіберсең, Еш нәрсеге тоймайды» деген өлең жолдары бұлтартпас айғақ. Ағасы мінезін Абай білмесе айта ма, шеней ме. Ал, аталған қылықтардың алыста жүрген бөтен елдің адамы Көжекке еш қатысы жоқ. 1878 жылдан әдебиет пен ғылым сарасын тапқан Абай мал құмар туыстан да, атқамінер орта – үзеңгі достардан да алыстап, жастарға бет түзеген болатын.

Енді  «Бөтен елде бар болса» өлеңінің соңғы бөлігіне көшейік. Ол – 60 жол («Жалығуды пәледен» деп басталған). Бұл өлеңнің орны шоқтықты, оған қатысты әңгіме де көп. Мен екі жәйтке назар аудармақпын.

Өлеңде Абай отарлық заң мен әкімшілікті сынға алған, Көжекбай, Тәкежан сынды жеке адамдарды емес, қаймана қазақ тағдырын өзек еткен. Оған  «Келелі кеңес жоғалды, Ел сыбырды қолға алды», «Ел жамаған билер жоқ, Ел қыдырып сандалды», «Қызығы кеткен ел бағып, Қисыны кеткен сөз бағып, Ендігі атқа мінгендер» деген өлең жолдары дәлел. Абай тек Тобықты еліне шүйліккен деп шолақ түсінсек қатты жаңылысқа ұрынамыз. Өз елінің кемшін-міндері – бүкіл қазақ қауымы бүлінуінің көрінісі, аргументі ғана. Басты пәле – отарлық саясатқа тіреледі. Қазақты әлеуметтік дерттер дендеуінің, елдің сиқы, нұсқасы бұзылуының басы сол деген ой тастаған. Туынды: «Жалығуды пәледен, Жұрт ұмытты біржола» деп басталып, соңында ақын: «Нанымы жоқ, анты бар, Ел нұсқасы кетті ғой» деп күрсінеді. Өлеңді жіті талдаған  Мұхтар Әуезов: «Ел бүлігі Тобықты, көп пысыққа молықты», – деген мәтел есепті жолдар да осы өлеңнен табылады», – дей келе, ой-пайымдарын: «Пәле басы әкімшілік құрылыста, қоғамдық жаманшылықта екенін аша түседі» деп қорытады. Міне, Мұхаң өлең тамырын тап басып, тереңге меңзеп отыр. Бұл-бір.

Екіншісі, Абайдың жарияланбай жүрген «Жаңа закон» өлеңі мен сөз болып отырған «Жалығуды пәледен» өлеңі арасындағы жақындыққа назар аударғым келеді. Екі шығарма үндес, үйлес.

Абайдың шамасы 1879-1880 жылы жазылған «Жаңа закон» өлеңі – қазақты анық бодан қылған патшалық Ресейдің 1868 жылғы заңы жайлы. Өзінің болыстық қызметі осы заң аясында өтті, сондықтан ол – бар бәленің басы екендігін нақты дәлелдеп шыққан.

Мәселе мынада, қыр қазағы болыс Абай 35 жасқа шекті «ақ патша әділ, әттең, шындық оған жетсе қазақтың хәлі түзелер еді» деп қалтқысыз иланған. Әрине, цензура дегеннен де хабарсыз болған. «Жасымда албырт өстім, ойдан жырақ» деп өзі айтқандай,  бұл таң қалдыратын жағдай емес. Бірақ істі болып, қалада тергеу өткен айлар ақынды шапшаң есейткен. Аңғалдықтан тез арылған.  Қайтіп, қалай? 1880-1883 жылдар аралығында Михаэлис бастатқан жер аударылған жаңа достарымен тіл табысып, саяси мектептен өтеді. Олар: «Ойыңды ашық айтуды доғар, әйтпесе итжеккеннен бірақ шығасың!» деп астарлау тәсілін мықтап үйретеді. Міне, сөз болып отырған өлең осының бір мысалы. Ойшыл ақынның:

...Орыс сыяз қылдырса,

Болыс елін қармайды.

Қу старшын, аш билер,

Аз жүрегін жалғайды, - дегені – бүркеулі түрде патшалық Ресейдің әкімшілік аппаратын сынға алғаны. Сол сияқты әйгілі «Сегіз аяқта» былай дейді:

Өтірік, ұрлық,

Үкімет зорлық

Құрысын, көзің ашылмас.

Сөйтіп, Абай қазақтың «қор болып, құрып бара жатқаны» үшін кінәні  – үкімет зорлыққа, яғни «Жаңа законға» артады. Бұл заң құрымаса, көзің де ашылмас дейді.

Бодандық заңына неліктен ерекше назар аударып отырмын?

Абай мұрасында қазақтың мінезін сынау үстіңгі қабат, ал тереңі – «Жаңа закон» деген бодандық заңына лағнет екені анық. Өскелең ұрпаққа Абай қолданған астарлы тәсілді ашып, түсіндірер болсақ, «орысшыл болған, ақ патшаға адал қызмет еткен» деген қаңқу сөзге орын қалмасы, қайта асыл мұра құндылығы арта түсері сөзсіз. Екіншіден, бүгінгі қазақ қоғамының құлдық санасы (жағымпаздық, жемқорлық, мейірімсіздік) салбырап аспаннан түскен жоқ, сол сойқанды заңның салдары екені хақ.  Өкінішке қарай, аталмыш заң жайлы кешегі кеңестік дәуірде ләм-мим демедік, осы күні де оны әшкерелеп, яғни «пәле басы әкімшілік құрылыста» (Әуезов) деп зерттеп жүргеніміз шамалы.

Үшінші өлең тағдыры жайлы сөзіміз осымен тәмам.

«Бөтен елде бар болса» өлеңіне жасалған шолудан шығар қорытынды: оны дербес үш туынды ретінде жариялаудың уақыты жетті. Қазіргі қалпында түсініксіздеу, әлбетте, әр нәрсенің басы бір шалынғандай әсерге бөлейді.

Оқырман қауымның «Үш өлең неліктен біріктірілген?» деген сұрақтың жауабын күтіп отырғаны белгілі. 1909 жылғы  Абайдың тұңғыш жинағын баспаға даярлаған Кәкітай, Тұрағұл туыстар арасы ашылмаса екен дегенге асқан сақтықпен қараған. Айталық, Абайдың қырыққа тарта арнаулары ішінен жинаққа тек үшеуі ғана (Әйгерімге, Ақылбайға және Көжекбайға) енгізілген. Тәңірберді сыналған өлең жарияланғаны үлкен олжамыз. Бірақ оның мұқият тұмшаланып, бүркемеленген (екі өлең арасына кіріктіріліп) жайына жоғарыда тоқталдық. Әлі күнге баяғы  Көжекбай сыналған болды, бітті деп малданып келеміз.

Сонымен, Абай қазақ халқын  билеп-төстеудің жаңа ережесі – 1868 жылғы «Жаңа закон» бар бәленің басы екенін көре білген, оны алғаш әшкерелеген ғұлама. Тағы айтайық, осы заманда да құлдық санадан арыла алмай, сорымыз қайнап отыр. Сондықтан ойшылдың «Жаңа закон» жыры, оның жалғасы «Жалығуды пәледен» өлеңі Толық жинағында ойып орын алуы керек. Оларға түсініктеме беріп, жарқыратып жариялау қажеттілік, заман талабы. Оған қылаудай да күмән келтірмейміз.

Асан Омаров,

абайтанушы.

Abai.kz

2 пікір