Бейсенбі, 6 Наурыз 2025
Анық-қанығы 785 14 пікір 5 Наурыз, 2025 сағат 15:03

Зеленский Еуропаны емес, Трампты таңдады...

Сурет: report.az сайтынан алынды.

Трамптың сенімді өкілдері Еуропа мен Украинаны қатыстырмай, Сауд Арабиясында Путиннің адамдарымен келіссөз өткізгенен кейін, кәрі құрлықта күнде саммит. "Төл алу" үшінде жиналыс ұйымдастыратын кеңес заманын еске түсірді. Керісінше Трамптың сөзі мығым, күнде бас қосатын Еуропа басшылары сияқты емес, бәрін бір өзі шешіп алған бетінен қайтпауда.

Ақ үй қожайынының соңғы жарлығы, нақтылап айтқанда Украинаға әскери көмекті уақытша тоқтату шешімі - Еуропаға арқа сүйемек болған Зеленскийді де райынан қайтарып, тәубесіне келтірді. Жексенбі күні Канададан сырт, Еуропаның 17 елінің басшысы Лондонда бас қосып, Трампқа Еуропа мен Украинаның бірлескен соғысты тоқтату жоспарын ұсынуға келіскен еді. Трамп оны күтіп отырмай, Украинаға бара жатқан қару-жарақтың бәрін қаңтарып тастады.

Украина тараптың жариялаған ашық дерегінше Украина әскерінің қолынағы қарудың 50 пайызы өз өнімдері болса, 25 пайызы Еуропа қатарлы сырт елдердікі, қалғаны ішіндегі ең жойқыны АҚШ берген қарулар. Еуропа елдері 2023 жылы миллион дана оқ-дәрі беруге уәде бергенімен, оның жартысын ғана жеткізген. 2024 жылы да миллион емес, 600 мың дана жеткізген. Ал алдынғы шепке айына 200 мың дана оқ дәрі керек екен. Ресей тарабы айына 250 мың дана оқ-дәріні өздері өндіріп жатыпты. Одан бөлек Франция 2024 жылдың басында 2 миллиард еуроның қару-жарағын беруге келіскенімен, Ресейден 2,4 миллиард еуроға газ сатып алыпты. Зеленскийді қорғайды деген Түркия Ресейден 3 миллиард еуроға газ алыпты.

Нақты факт алдында Зеленскийдің Трампқа қайта қайырылудан басқа шығар жолы қалмапты. Бірінші болып Украинаның Жоғары Радасы Трампқа, АҚШ халқына қиын сәттегі көмегі үшін айрықша алғысын жариялады. Трамп пен Вэнс Зеленскийді "бізге рахметің жоқ" деп айыптап, оның соғысты тоқтату келісіміне қол қоюға әлі дайын емес деп шешкен еді. Украина парламенті халық атынан АҚШ-қа бірінші болып алғысын білдірді. Артынан Зеленский де жазба жариялап, жұма күнгі келіспеушілік үшін өкінетінін жеткізді. Трамп қана соғысты тоқтата алатынына келіскендей болды. Сонымен бірге Путинмен соғысты тоқтатуға дайын екенін, бірінші кезекте әуе мен теңіз шабуылдарын тоқтатып, өзара тұтқын алмасуды бастау керек екенін жеткізді. Трампқа жекеде хат жолдап сирек металл қорын бірлесіп игеру келісіміне қол қоюға келісетінін де жазған.

Трамп кеше кешке Конгрессте сөйлеген сөзінде Украинаға әскери көмекті тоқтату - Зеленскийді келісімге келуге мәжбүрлеу шарасы екенін атап өткен. Ресей тарабымен де қатқыл сөйлескенін, олардың да соғысты тоқтатуға пейіл білдіріп отырғанын айтқан. Сыртқы саясатына тоқталғанда Панама мен Греландияны иелігіне алуды қайталап айтқанымен, Газалықтарды көшіру жоспарын ауызға алмаған.

Трамптың баяндамасы кезінде демократия партия өкілдері қатаң қарсылық білдірді. Техас штатынан сайланған конгресмен Эл Грин Трамп сөйлеп 5 минут өтпей айқайлап сөзін бөліп, оның "табысы аздарға медициналық қосымша көмекті тоқтату" бұйрығына қатаң қарсылық білдіріп, залдан күштеп шығарылды.

Мичиган шатынан сайланған демократ Елисса Слоткин Трамптың жұма күнгі Зеленскийге жасаған мәмілесін сынап, оны "көз алдау, қойылым" деді. Ол "Трамптың сыртқы саясатының қандай екенін, Путин сияқты диктаторды көтермелеп, Канада сияқты достарымызбен жауласып отырғанынан-ақ білуге болады" деп, Трамптың сыртқы саясаттағы қадамдарын -  "жылжымайтын мүлік саудасынан басқа түк те емес" деп сипаттады.

Зеленскийдің Трамппен келісім үстеліне қайта оралу әрекетіне Бірінші болып Франция президенті Макрон қолдау білдірді.

Abai.kz

14 пікір