Депутат әлеуметтік желіге қатысты заң жобасын әзірлеуді ұсынды

Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы ҚР Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, ҚР Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевтың атына депутаттық сауал жолдап, әлеуметтік желілердің өскелең ұрпаққа тигізетін зиянын жан-жақты сараптап, арнайы заң жобасын әзірлеуі қажеттігін айтыпты.
Біз аталған депутаттық сауалды қаз қалпында ұсынып отырмыз...
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Құрметті Роман Васильевич!
Құрметті Ермек Беделбайұлы!
Қазір әлеуметтік желілер адамның өміріне етене енгені соншалық, «Көп лайк жина – жетістікке жет, көпке пайдаңды тигіз – подпискаға қосыл», «Лайк – көңіл көтереді, бірақ мақсатқа жеткізбейді» деген қанатты сөздер қалыптасып үлгерді.
Бұл – төрткүл дүниеге дамыл қақтырып отырған мәселе. Әлемдік деңгейде белгілі психологтар Жан Твенге, Джонатан Хайдт, Шерри Теркл, Николас Карр, Адам Альтер әлеуметтік желі жастар арасында депрессияны күшейтіп, назар аудару қабілетін төмендетіп, тәуелділік тудырып, адамдар арасындағы шынайы қарым-қатынасты әлсірететінін дәлелдеп, авторлық кітаптарын жазды.
Әлеуметтік желінің рухани-мәдени зиян-залалын қазірдің өзінде сезініп отырмыз.
Халықаралық Kaspersky Lab компаниясы өткен жылы жүргізген сауалнамаға назар аударсақ, санаға салмақ түсіріп, көңiлге мұң әкеледi. Оның деректеріне сүйенсек, Қазақстандағы балалардың 88%-ында жеке смартфон бар. Ал оның 28%-ы барлық бос уақытын гаджетте өткізетіні белгілі болды.
Жасөспірімдердің 74 пайызы TikTok-ты, 59 пайызы – YouTube-ты, 57 пайызы – Instagram-ды белсенді пайдаланады.
Әрбір бесінші ата-ана өз баласының әлеуметтік желілердегі парақшасында қандай ақпарат жарияланғанын білмейді.
Ата-аналардың 62%-ы балаларының экран алдындағы уақытын бақылау үшін ешқандай арнайы бағдарлама мен шектеу қолданбайды.
4-6 жас аралығындағы балалардың 17 пайызы интернет арқылы сатып алулар жасайды. Бұл ата-аналарға қаржылық шығын келтіріп қана қоймай, бала үшін де қауіп төндіретіні айтпасақ та түсінікті.
Әлеуметтік желіге деген тәуелділіктің зардабы тым ауыр. Қазір Оңтүстік Корея мен Канада ондаған сауықтыру орталығын ашып, заманауи гаджеттерге тәуелділерді сауықтыруды қолға алды.
Желіге желіккендер психологиялық, физикалық, әлеуметтік қиындыққа тап келуде. Мысалы, Гонконг Қытай университетінің зерттеулері бойынша, интернетке тәуелді жасөспірімдер арасында психологиялық ауытқуларға тап болу көрсеткіші
2,5 есе жоғары. Депрессияға шалдығу ықтималдығы 3 есе көп болады екен.
Бүгінде әлеуметтік желіні шектеп жатқан елдер аз емес. Олардың қатарына Қытай, Оңтүстік Корея, Франция, АҚШ, Австралия және тағы басқа дамыған елдерді жатқызуға болады.
Атап айтсақ, Қытайда 2023 жылы кәмелетке толмағандардың мобильді құрылғыларды қолдануын реттейтін заң жобасын ұсынылды. Оған сәйкес, балаларға кешкі 22:00-ден таңғы 6:00-ге дейін смартфондарды пайдалануға тыйым салынды. Франция үкіметі 15 жасқа дейінгі оқушылар үшін мектептерде телефон пайдалануға тыйым салып, балалардың интернетке қолжетімділігін заңнамалық деңгейде реттеді.
Осындай ондаған мысалды келтіруге болады.
Елдің болашағын, өскелең ұрпақтың қамын ойласақ, онда қазірден бастап нақты шешімдер қабылдауымыз қажет. Яғни, жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді пайдалануын заңмен реттеу керек.
Ол үшін:
1. Еліміздің Оқу-ағарту министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ведомствааралық топ құрып, әлеуметтік желілердің өскелең ұрпаққа тигізетін зиянын жан-жақты сараптап, саралап, арнайы заң жобасын әзірлеуі қажет.
2. Әлеуметтік желілер мен онлайн ойындарды пайдалану бойынша жас шектеулерін енгізу, сондай-ақ, кәмелетке толмағандарға гаджеттерді пайдалану уақытын белгілеу бойынша тиісті ұсыныс әзірленуі керек.
3. Ата-аналар үшін балаларының интернет әлеміндегі іс-әрекеттерін, өткізген уақытын қадағалауға мүмкіндік беретін бірыңғай мемлекеттік бақылау жүйесін құруды ұсынамын.
4. Жасөспірімдер арасында физикалық белсенділікті дамыту – интернетке тәуелділіктің алдын алудың тиімді жолдарын қарастыру қажет.
Құрметпен, «AMANAT» партиясы Фракциясының мүшесі Жарқынбек Амантайұлы
Abai.kz