Қазақ боксының – Бәйтерегі

Шоқыр Бөлтекұлы 1916 жылы 29 қазан айында Маңғыстау облысының Жармыш ауылына қарасты Сарықауақ деген жерде дүниеге келген. Оның есімі тұмсығы тасқа тимей қайтпайтын бекіре шоқыр атты балықпен орайлас болып қойылған. Кəрі Каспийдің жағасындағы балықшы әулетінде өмір есігін ашқан оның балалық шағы бақытты болмады. Ерте жаста əке-шешесінен айырылған сол бір қиын-қыстау шағында Шоқыр қарындасынан да айырылып қалады. Ашаршылық нəубеті қарсаңында Форт-Шевченкодағы балалар үйінде тәрбиеленіп сонда ержетеді.
Шоқыр Бөлтекұлы таудай талабынын арқасында екі жоғарғы оқу орындарын бітірген жан. Киевтегі Көркемсурет академиясын жəне Дене тəрбиесі институтында білім алып жүріп 1936 жылы бокспен айналысқан. Сөйтіп ол өз айналасына шəкірттерін жинады. Сол кездері құрылған «Темп» спорт қоғамының қабырғасында өзі де бокс қолғабын киіп үйреніп əрі өзгелерге де үйретті. Алғаш рет 1937 жылы Алматы қаласында ел біріншілігін ұйымдастырып қазақ боксының тарихын бастап береді.
Бокс спортының тарихында бұл қоғам кейін кең өріс алып «Динамо», «Спартак» т.б. аталып үлкен кеңістікке шығады. Шоқырдың жігіттік шағы соғыс уақытымен сай келіп майдан алдында «Жанкештілер», «СМЕРШ» мектебіне қабылданды. 1941-1945 жылдардағы Екінші жаһандық соғысқа қатысып одан жараланып оралған соң Алматы қаласында жаттықтырушылық қызметін жалғастырады. Ол еңбек еткен «Спартак» қоғамы КСРО біріншілігінде топ жарды. Қазақстанның 3 дүркін чемпионы болған оның өзі рингке 223 рет шығып соның 199-ын нокаутпен аяқтаған. Ол – «СССР спорт шебері» атағын иеленген тұңғыш қазақ.
Қытай еліне жасырын барған саяхаты үшін құқық қорғау орындарының бақылауында болған. Мемлекеттік тергеу орындарының қызметкерлері бірнеше рет жауапқа шақырып біраз тергеген деген деректер бар. Заманында Б. Момышұлы, Б. Майлин, Ш. Айманов, К. Кенжетаев және басқа да ұлт қаймақтарымен араласып тұрған. Ол соғыстың кезінде фамилиясына «ұлы» деп жаздыртқан.Тегін ұлы деп жаздыртқаны үшін талай жеңілдіктерден айырылып сан мәрте соққы жеген. Кабанов деген тергеушімен сөзге келіп қалғанда «Себебі мен қабанның емес Бөлтектің ұлымын» деп жауап бергені аңыз сияқты тарап кеткені болмаса бұл өмірде болған оқиға.
Шоқырдың талантты жан болғанын дәлелдейтін ерекшеліктердің бірі – суретшілігі. Бакудегі сурет училищесін тәмамдай алмаса да қабілетінің арқасында салған суреттерімен де айналасын тамсандырған. Атақты жазушы Бейімбет Майлин басқа емес осы Шоқыр атамызға қолқалап татар жазушы Ғабдолла Тоқайдың суретін арнайы салдыртқан. Сондай-ақ қазіргі Ғ. Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрының фойесі бұрынғы М.Горький атындағы демалыс паркінің аллеясы атақты боксшының суреттерімен безендірілген. Бөлтекұлының екінші бір қыры – 1940 жылдардың ортасынан бастап «Социалистік Қазақстан» секілді іргелі басылымдарға спорт теориясы мен практикалық нәтижелері жаттықтырушы әдістері мен баулыған шәкірттерінің шеберліктері хақында түрлі жанрда материалдар жазып отырған. Зерттеушілердің айтуынша оның бокс тарихынан жазған кітабы жоғалған.
Ал үшіншісі – батырлар жырын жатқа айтуы. Белгілі қаламгер спорт журналисі Сейдахмет Бердіқұлов «Бастау барын мұхит та біледі» деген мақаласында Шоқырдың әйгілі 1899 жолдық «Ер Қосай» жырын көз алдында зулата жөнелгенін сүйсініп жазады.
Шоқырдың да жомарттығы елге белгілі. Оның ерен еңбегін бағалаған бір кісінің өзіне сыйлаған су жаңа мотоциклін көзі жыпылықтап қарап тұрған қазақтың бір жеткіншек баласына ұстатып жіберген. Шоқыр Бөлтекұлы 1994 жылдың 6 сәуірінде Алматы қаласында қайтыс болды.
Шоқыр Бөлтекұлының елін шексіз сүйген ұлтшылдығы, асқан патриоттығы, өте қарапайымдылығы, қолы ашық жомарттығы, тағдырдың талай тауқыметін көрсе де қайыспаған қайсарлығы – бәрі жыр-аңыз.
"Ер есімі-ел есінде"
Мұрат Рахымжан
Abai.kz